Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Алаш арысы 5513 1 пікір 23 Сәуір, 2019 сағат 10:59

Ілиястің шынайы түр-тұлғасы қандай болған?

«Ілияс өмірінде көзәйнек тақпаған» деген сараптама материал «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланғаннан кейін көп арасында біраз пікір тудырғаны мәлім. Бірі жақтады, бірі даттады. Осылай ой түюге ең алдымен ақынның ұлы Саят Жансүгіровтің: «Құлагер» поэмасы бірнеше күн қатарынан басылған «Социалистік Қазақстан» газетін алуға кезекке тұрған кісіде есеп жоқ болды», – дейді көргендер. Әкем сонда бойындағы күш-жігері тау суындай булықсыған, сенімі мен дүниеге деген махаббатында шек жоқ 42-дегі от жүректі ақын еді» – деген сөзі де қамшы болды. Расында, жүзінен нұр төгіліп, көзінен от ойнап тұрған 43 жасында өмірден өткен Ілиясқа көзәйнек таққызып қою ұят сезілді. Сонымен қатар, өзімен қатарлас (басқасын айтпағанда) Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезовтың көзәйнек таққан суретін көрмейміз. Сонда: «Ілиястың көзі нашар көре ме? Жоқ, сәнқой ма?». Мүлде олай емес.

Осы тұста тағы бір қызық жағдайды қыстыра кетейін:

«Бір суретші танысы Пушкинді іздеп келіп, оның портретін салуға рұқсат етуін өтінеді. Пушкин мақұлдық береді. Сонымен ертесі кездесетін жерін келісіп алған танысы кетерінде:

­– Мен сіздің бұйра қара шаштарыңызды нағыз шабыттың бейнесіндей етіп бейнелеймін, ­–  деп аттанады.

Ертесі келіскен жеріне келген Пушкиннің шашын тықырлап алдырып тастағанын көрген танысы жатып кеп ашуланады.

Сонда Пушкин.

­­­–  Менің шашымда тұрған түкте жоқ. Оны әспеттеп көрсету керісінше мені жұрттан алыстатып жібереді. Шабытым жан дүниемде, ­– деген екен».

Сол сияқты Ілияс өмірінде қандай биікте жүрсе де, ала бөтен сәнқойлыққа салынбаған, топқа, жікке, ұлтқа, руға бөлінбеген. Қазақ, қырғыз, орыс, татар, башқұрт, ноғай, ұйғырдың бүгінгі күні мақтан етіп жүрген талай талантты тұлғасы Ілияспен жора-жолдас болып, алдынан өтіп, тәрбиесін көріп, тәлімін алған. Бұл жайлы көзін көрген аға буындардың жазып кеткен неше түрлі дерегі бар. Оны алдағы уақытта асықпай айтып береміз. Олардың естеліктерінде Ілиястың тым қарапайым болғаны жазылады. Керісінше, біз жұрттан даралап көрсеткіміз келеді.

Бірақ қозғалыс бар. Қазір көрнекі құралдарға Ілиястың жан-дүниесін жайып салатын, азаматтығын айшықтайтын нағыз бейнесі бейнеленген, көзінен нұр тамып, жастық жалыны есіп тұрған суреті салына бастады. Сөзіміз дәлелді болу үшін оның бір, екеуін көрсете кетейік.

Бұл да жетістік.

Дей тұрғанмен, «Қайдағы пәлені қайдан шығардың?» деп реніш білдіргендер болғанымен, куана қолдап, еліміздің түпкір-түпкірінен хабарласып жатқандар да көбейіп келеді. Олардың дені суретшілер қауымы. Бәрінің қоятыны бір сұрақ: «Ілиястың портретін салмақшы едік. Мына мақала ойландырып тастады. Ол кісінің шынай бейнесі қалай болғанын сипаттап бересіз бе?» дегенге саяды. Басқасы емес, Ілиясқа деген жұрт ықыласының оянғаны қуантты.

Әрине, тұлғалардың портретін қолмен салудың өзіндік тәртібі, ғылымилығы, заңдылығы, жауапкершілігі, қиындығы бар. Мұны жете түсіне қоймайтындардың «Ілиястың қолда бар фотосуреттеріне қарап, портретін сала беруге болмай ма?, ­– деп жеңіл ойлап қалуы мүмкін. Біріншіден, қазіргі интернетте тарап жүрген суреттер түп нұсқа емес, көшірме суреттер. Жарық, апарат, көшірме құралдардың себебімен тұп нұсқаның өзінде түрлі ауытқулар болатыны белгілі. Портрет салатындардың шеберлігіне сай талғамының болатынын сол мамандық иелерінен артық ешкім білмейді.  Сондықтан олар фотосуреттен гөрі тұлғаны көрген адамдардың сипаттамасына көп жүгіненді. Екіншіден, фотодағы әрбір сурет тек бір сәттік бейнені ғана көрсетіп бере алады. Тұлғаның балашағынан болашағына дейінгі бейнесін салып шығу үшін суретші алдымен оның барлық бітім-болмысын, жан-дүниесін, мінез-құлқын толық меңгеріп, ойында пісіріп алуы керек. Ал ешқандай фотосуреті жоқ адамның портретін салып шығу  аз еңбек кетпейтіні де анық. Ол үшін нақты сипаттама керек. Бір тарихи тұлғаның портретін  салу үшін сол туралы жазылған бірнеше кітапты оқып шыққан жігіттерді көргенмін. Суретші болмасам да, студент кезімде қазіргі интернетте тарап жүрген талай тарихи тұлғаны салған суретші жігіттермен араласып-құраласып, кейбір еңбегінің куәсі болдым. Соның біреуін төмендегі сілтемені ашып көрсеңіз түсінесіз. (https://web.facebook.com/photo.php?fbid=1110868919080145&set=a.134184446748602&type=3&theater).

Айта кетерлігі, қазіргі фотоапарат, телефонмен сыртылдатып түсірілген суреттер көрініс қана, ешқашан портрет есептелмейді. Өкінішке орай, технологияның дамуы сурет өнеріне деген сүйіспеншілікті әлсіретіп жіберді. Нәтижесінде, талғампаздықтан айырылып қалдық. Бұрынғы суретшілер салып, мұраға қалдырған мыңдаған, миллиондаған долларға бағаланатын портреттердің  бүгінгі таңда өмірге келмей жатқаны осындай себептерге байланысты деп ойлаймын. Бірақ, түбі адамдар жеңіл әуесқойлықтан жалығып, сол талғампаздыққа қайта оралатын болады.

Расында, қазір Ілиясты көрген-білген адам жоқ. Түрі-түсін, келбетін сипаттап беретіндер де табыла бермейді. Бар деген күннің өзінде Ілиястың портретін салуға ынталанған жастардың олармен кездесуі де қиын. Сол үшінде Ілиястың нағыз портретін салмақ болып, ізденісін бастаған азаматтарға қазірше алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осы істі бастағаннан кейін олардың сұрағына жауап бермек ниетте тағы да көз майын таусып, том-том кітаптарды жалықпай ақтаруға тұра келді. Ақыры біраз дүние табылды. Манағы ынталы жастарға көмек болса игі еді деген оймен соларды өз қалпында көшіріп жазуға тұра келді.

Академик Мұхамеджан Қаратаев: «Сырт көзге Ілиястың тұйық, тұнжырақ адам көрінуі әншейін білместік. Ол барлық асылын, әдемісін ішке жинайтын, тереңге сақтайтын ардагер екеніне осы жолы көзім жетті. Шынында ақынның сырттай «тұйықтығы» оның ішкі бай рухани дүниесінің қақапағы сияқты ғана беріктік пен бекемдік екен. Бір сенген, бір шешілген адамның алдында Ілекең ғажап сыршыл, әңгімешіл, сөз тапқыш, әзілдегіш адам екекн».

Академик Қажым Жұмалиев: «Шайға отырғанда ілекең Фатима екеуімізді күлдірумен болды. Жайшылықта көп шешіліп сөйлей бермейтін, тұйықтау көрінетін Ілекең сондай күлдіргі, қалжыңқой, тіпті, мысқылшыл да кісі болып шықты. Шай дастарған жиналып, ас келгенше, Ілекең өнер мен әдебиет жайлы мәселелер қозғады. Әсіресе, есімде қалғаны халқымыздың музыкалық өнері жайлы болды».

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаев: «Ілиястың дене мүсініне бет әлпеті сай еді: ол биік, кең маңдайлы, қою қара қасты, жар қабақты, шүңірек қара көзді, үлкен қыр мұрынды, жазық бетті, сүйір иекті қара торы еді. Осы сиықтарымен, шоқша қара мұртымен ол – қавказдықтарға біраз ұқсайтын.

Жүрген кезде Ілияс бірдеңеге құлақ салып келе жатқан тәрізді басын оң жағына қисайтып, жайбарақат сәл салқам жүретін. Жүрісі дене мүсіні мен дене бітіміне жарасып тұратын. Ілияс аз сөйлейтін, бірақ қу тілді болатын. Сөзді тауып, ақылды, дәлелді, жүйелі, жатық, өткір, көп ретте күлкілі етіп, келісті етіп айтатын. Ол қандай қызық, күлдіргі әңгіме айтып, жұрт қарқылдап күліп жатса да, өзі күлмейтін. Тек үстіңгі ернінің бір бұрышын ерекше бір бүлік еткізіп қойып отыра беретін.

Ілияс тегі ауыр мінезді, сабыр иесі адам еді. Жүріс-тұрысы байсалды, салмақты, ұстамды сөйлейтін.

Ілиястың дене құрылысы мен бет-әлпетіне сай келмейтін бір жері – үні, дауысы болатын. Өзі ұзын бойлы, алып денелі, жазық бетті, үлкен қыр мұрынды бола тұрып, оның үні кейде шіңкілдеңкіреп шығатын. Бірақ, Ілияс әнші еді. Ол ән салғанда дауысына ерекше бір қасиет болатын: ол әрі сылдырлы, әрі созылмалы, өте таза, сонысымен құлаққа жағымды болып шығатын. Жазғы қоңыр желдей есетін, қоңыраулап, таудан асқан тас бұлақтың суындай сылдырлайтын.

Ілияс жора-жолдастар бас қосып отырған жерде, қонақта ән салуды жақсы көретін, жұрт өтінсе, іркілмей ән сала беретін, қазақтың көптеген інжу-маржан әндерін әдемі айтатын. Әсіресе, Әсеттің әнін, «Сұршақыз», «Қаракөз», «Құлагер», «Жайдарман», Екі жирен» секілді әндерді әрі көп, әрі келісті шырқайтын. Жұрттың құлақ құрышын мейлінше қандыратын.

Әлі есімде Әсеттің әнін кейде өзі жазған «Әнші» деген өлеңінің сөзімен айтар еді. Оның кей шұмағы былай келеді:

Ән салсаң өзіндей сал, аңыратып,

Жайлантып, қоңырлантып, жамырлатып.

Аққудай аспандағы әнді өрлетіп,

Қондырып, қоңыр қаздай мамырлатып.

Жүгіртіп, жүрдектетіп, жорғалатып,

Қаусырып, қағып-түйіп, төгіп әнді,

Қайырып, қалтылдатып, қылтыратып...»

Филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев:

«... Сол жылы мен Тәшкенттегі қазақ газетінде Ілияспен бірге қызмет істедім. Онда Ілияс 20-25 шамасындағы, мұрты жаңа тебіндей бастаған жас жігіт еді. Қазақы қыр қиімді болатын. Басында үш құлақ тұмақ, сыртын ақпен тыстаған шолақ тон, аяғында жұлықтаған сәнді киіз етік, қолында қысқа мойын ақ домбрасы болушы еді. Сол домбырамен ән салатын. Сол күндерден бастап, Ілияс менің өз ағамдай болып кетті. Қазақ баласында мұндай кішіпейіл, ақылды, ақкөңіл, адамды мен сирек көрдім...»

Ақын Саду Машақов: «1930 жылы көктемі. Ол кезде мен Семейде шығатын «Қызыл дала» газетінің қызметкері едім. Редакцияда журналистер Мұқсын Қордабаев, Мұсатай Ақынжанов, Ахметжан Тұрғанбаев, тағы басқа 5-6 адам бар болатын. Бір күні түс кезінде кеңсеге ат жақты, өткір көз, қыр мұрын, орта бойлы адам келді... Бұл келген адам ақын Ілияс Жансүгіров, қазірде «Еңбекшіқазақ» газеті әдебиет бөлімінің меңгерушісі екен...»

Қысқасы, Ілиясты көзі көрген тұлғалардың естеліктеріндегі оның түр-тұлғасы туралы пайым осылай өріледі. Осы тұста қаламгердің көркем әдебиеттегі кейіпкерлерінің түр-тұлғасы туралы суреттемелерді ақтарып көрмек едім, уақыт тым тапшы болды. Өйткені, автор көп жағдайда кейіпкердің портретіне өзінің бейнесін сіңіріп жібереді. Бұл әлем және қазақ әдебиетінде болған, бола беретінде жағдай. Десе де, осы тапқандарымыз жоғарыдағы талапшыл жастарға сәлде болса көмек болса нұр үстіне нұр болар еді. «Ел іші алтын кеніш» дегендей, Ілиястың, тіпті оның айналасындағы адамдардың түр-тұлғасының басқа да қырын сипаттап беретін адамдар ой қосып, ортақ іске қолдау танытып жіберсе тіпті жақсы.

Қазірше, Ілиястың ең өлшемді суреті осы болар деп түйдік.

Былай қарағанда, бұл тым қарапайым нәрсе. Бірақ, Ілияс айтқандай: «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» дегендей, елі ескеріп жатқан Ілияс Жансүгірұлы туралы әлі талай құжатты фильм, кино, сериал, тіпті, одан да зоры түсірілетін шығар. Сол кезде режисселер актер таңдау, ән таңдау, киіну үлгісін айқындауда жоғарыдағы айтылғандарды ескереді деген үміттемін.

Айту бізден, атқару сізден, ағайын!

Қажет Андас

Abai.kz

1 пікір