Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Өнер 5850 2 пікір 19 Сәуір, 2019 сағат 13:02

Дәуір қасіретінің айнасы

Қазақ киносының дамып келе жатқаны туралы көп айтылып жүр. Халықаралық кинофестивальдердегі жетістіктер, касса­лық табыс, жыл сайын түсірілетін фильм­дер санының арта түсуі – бәрін тізіп көрсе­туден жалықпаймыз. Бірақ бұлар киноның дамығанын дәлелдейтін көрсеткіштер ме? Шет елден жүлде әкелген, көп көрермен жинаған картинаның бәрі керемет деп кім айтты? Фильм барша халықтың сүйіспен­шілігіне бөленіп, ел өміріндегі елеулі оқиғаға айналса ғана оны нағыз табысқа жетті деуге болатын шығар. Кеудесінде ұлттық намысы, бойында қазақы қаны жоқ адам, неше жерден әрекеттенсе де, қазаққа ұнайтын туынды жасай алмас. Мұндай фильм өз ұлтын сүйетін, оның жүрек қала­уын дөп басатын және сол ел көруге ұмты­латын дүние жасауға тырысушы режис­сердің ғана қолынан келеді. Осындай фильмдер көптеп шыққанда ғана нағыз халықтық кино түбегейлі тұғырына орнығады.

Кейінгі жылдары, Құдайға шүкір, әрі оқиғалы, әрі тартымды, әрі кәсіби, әрі қазақы фильмдер түсіріле бастады. Олар әзірге аз, бірақ қазақ киносының ендігі бағытын осылар айқындайды дей аламыз. Соның бірі – «Талан».

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» хикаятының желісімен түсірілген «Таланда» белгілі режиссер Болат Қалымбетов халқымыз басынан өткерген ең бір қиын-қыстау кезеңді арқау етіп алады. ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы қазақтың әлеуметтік те, экономикалық та, рухани тұрғыдан да талауға түскен тағдырын бейнелейді.

Халықтың ғасырлар бойына жалғасып келе жатқан тұрмыс салты мен тіршілік ету қалпын қолдан бұзып, негізгі күнкөріс көзі – малдан айырып, біреу ұғып, біреу ұқпайтын жасанды ұжымдастыруды алып келіп, ақырында қазақтың азып-тозып кетуіне, мың-миллиондап аштан қыры­луына, амалсыздан елін, жерін тастап, шетке босуына ұласқан зұлмат жылдар – тари­хымыздағы қаралы парақтар. Қашсаң – қашқын атандырып, қырып салатын, қалсаң – талғажау етер талқаныңа дейін сыпырып, қақтап сауып алатын, сәт сайын желкеңнен жаза қаупі төніп тұратын сол бір сұрқия заманның суық лебі фильмнің өн бойынан өкпек желдей уілдеп, жан-дүниеңді қалтыратады. Оқиғалардың өтер орны ретінде қысы ерте түсіп, көктемі кештеу шығатын таулы өлкенің бірі таңдап алын­ғандықтан, қалың қар басқан атырап­тың түнере мүлгуі де, көлік біткенді кібіртік қақтырған жол азабы да, адамдардың қырық орау боп қымтанып, бүрсеңдеуі де күн райының салқындығынан ғана емес, заманның бет қаратпас ызғарынан да екенін түйсікпен сезесіз. Адамның сондай аласапыран зобалаңда да адам болып қала білуі – оның ішкі өзегіне, рухани жігеріне сын екені сөзсіз. «Талан» кейіпкерлерінің ішінде адамдық қалпын сақтағандар да, сақтай алмағандар да бар.

Жалпы, қазақтың тәлейіне тап келген дүрбелең дәуірдің қасіретін сыртқы сипат, сюжеттік оралым арқылы тап басып көрсете алуынан бөлек, «Талан» фильмі оны кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастың көмегімен де әйгілейді. Елдің басына түскен ауыр ахуалдың салдарынан арғы бетке өтпек болған Таласбек ағайын-жұртын бастап, шекараға келіп жеткенде, бұларды аңдып келіп, аңдаусызда дөп басқан қызылдар қырып салады. Әупірім­мен аман қалған әулеттің қос құлыны – Керім мен Тағай – екеуі екі бөлек өседі. Қасқырдың апанына тығылып, аман қалған Керім сол күйі адамдарға жоламай, тұмса табиғаттың өзімен біте қайнасып, оңаша тірлік кешеді. Әке-шешесінің, ағайын-туысының қынадай қырылғанын қаршадай күнінде өз көзімен көрген Керім (актер Жасұлан Әйтенов) үшін адамдар­дың ортасы – соншалықты қатыгез әлем. Тұлымшағы желкілдеген титтей бүлдір­шіннің өзін оққа байлаудан шімірікпейтін адам баласы – ол үшін азу тісі ақсиған жырт­қыштан бетер. Оған жабайы табиғат­тан артық қоғам, ағаштың жуан бұтағынан асқан жайлы орын, айналасындағы жан-жануардан жақын дос жоқ. Ол осы шы­найы ортада ғана өзін толыққанды тіршілік иесі сезіне алады. Шынайылық, әділдік, мейірім секілді ізгі қасиеттерді табиғаттан үйренген, табиғаттан бойына сіңірген Керім өзінің ізгі болмысын сақтап қалған.  Ал адамдардың жуан ортасында өмір сүріп жатқан Тағай (Асан Мәжит) ше? Оның тағдыры тіптен бөлек. Қанша жерден адамдар қоғамында тіршілік етеді десек те, оның болмысынан адамилықты аңғара қою қиын. Рас, аңғырттық бар, бірақ адамилық жоқ. Өйткені, сол адамның қолымен жасалып жатқан қоғамның өзі адамилық­тан ада, ізгіліктен жұрдай. Пенде баласы қоғамнан сырт, ортадан тыс өмір сүре алмайды. Мұндай ортада кісілік келбетін сақтап қалу тек адамның нағыз адамының ғана қолынан келеді.

Күйеуінен жастай жесір қалған жал­ғыз­басты келіншек Бибісара (Шынар Жанысбекова) – тағдырдан қаншама теперіш көрсе де, таза жанын кірлетпеген, жүрегінің түкпіріндегі мейірімін сақтап қала алған адам. Жар құшағының қызуы тәнінен тарамаған оның бойын билеген нәпсінің уытын қос қолындағы қайың сабаумен түтілмеген қой жүнін аспандата, екпіндете, екілене сабауы арқылы басатын көрініс – режиссердің тапқыр шешімде­рінің бірі. Екеуінің арасындағы сезім бұл­қынысын бейнелейтін тоғайдағы эпизод­тарды да сол қатарға жатқызуға болады. Жалпы, «қасқыр-адам» Керім мен Бибісара арасындағы махаббат – фильмдегі шиеле­ніске қосымша қатпар үстеп отыратын тартымды арна. Қос мұңлықтың аянышты тағдыры да, Керімнен айырылған, өмірінің мәнінен айырылған Бибісараның сәл білініп қалған ішін өзеннің сыз қабағына төсеп, алақанымен су есіп жатуы – жүрек толқытарлық сәт. Картинаның өзекті өртер өкінішке толы финалы онсыз да ойлы туындының зілмауыр салмағын ауырлата түскен.

«Талан» – халқымыз бастан кешкен нәубетті жылдардың еңсе езер қиындығын табиғаттағы құбылыстармен қиюластырып, жекелеген адамдар тағдырымен шендесті­ріп, шебер көрсете білген фильм. Бұл – Болат Қалымбетовтің аяусыз жараланып, тілгіленген қазақ жерінің мұңын шерткен «Айналайынынан», режиссер ретінде тарихи тақырыпқа батыл бара алатынын байқатқан «Сардарынан» кейінгі шыққан бір биік белесі. Әрі терең, әрі тартымды осындай картиналар ғана қазақ киносы­ның беделін биіктетеді.

Әлия Бөпежанова,
сыншы, әдебиеттанушы:

Рухани тазаруға бастайтын фильм

Тарихы көркем түгендеуден толық өтіп болмаған ұлттың өнерінің, оның ішінде кино өнерінің де алдында тұрған міндеттер орасан. Болат Қалымбетовтің де режис­серлік идеялары ұлттың тарихи тағдыр-талайынан, көкейкестісінен туындайтын­дай көрінеді. Бұл ретте ол Ә.Сүлейменовтің сценарийі бойынша түсірген алғашқы «Айналайын» фильмінен бастап, жазушы Ж.Қорғасбек шығармасының желісімен түсірген, кейінгі жаңа «Талан» көркем фильміне дейін жеке тағдырлардан жалпы­ға шығады. Әдетте мұндай көркем фильм­дердің, мүмкін саналы түрде, мүмкін еріктен тыс идеологияланатын, әсірелеуге ұшырайтын жағдайлары кездесетіні бар. Режиссер Қалымбетовтің суреткерлік-азаматтық болмысынан туындаған, көркемдік өлшем, үйлесім сақталған «Талан» бұдан ада.

Фильмде тоталитарлық идеология диірменіне түскен бір ұрпақтың әлеуметтік, саяси, психологиялық, дүниетанымдық ахуалдары режиссерлік мән-мазмұнды интерпретация мен актерлерік шебер ойындар (Ш.Жанысбекова, А.Мәжит, Ж.Әйтенов, Е.Жолжақсынов, Ұ.Нүсіпәлі, Е.Нұрымбет, О.Бесікбасов, т.б.) арқылы шынайы зерделеуден өтеді. Уақыттың, қоғамның бет-бейнесі символдармен, көркем детальдармен де ишараланған фильмнің  бейнеқатары бай және өте жанды (оператор С.Қойшыманов). Көркем­дік түйсік қателеспейтін туындыда көркем талдау көркем жинақтауға ұласып, бүтін бір кезеңнің келбетін ашады. «Ұжымдық бейсаналықтан» арылуға, рухани тазаруға бастайды…

Түпнұсқа: "Алматы ақшамы"

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2095
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2514
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2180
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1617