Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жөн-ақ 4608 21 пікір 15 Сәуір, 2019 сағат 08:55

Назарбаев мектептері қазақ тіліне неге басымдық бермейді?

ҚР Білім және ғылым министрі  

Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова ханымға

АШЫҚ ХАТ

Құрметті Күләш Ноғатайқызы!

Сіздің саналы өміріңіз ғылым-білім саласында өтіп келеді. Қазір аталмыш министрліктің тізгінін ұстап отырсыз. Бұл саланы біліміңіз бен тәжірибеңізге сүйеніп, табысты нәтижелерге бастайтыныңызға сенеміз.

Ерлан Сағадиев мырза бір сөзінде: “Үш тұғырлы тілділік жүйе ішінде қазақ тіліне басымдылық беріледі. Біз, жалпы азаматтарымыздың мемлекеттік тілді білуін қалаймыз,” - деген еді. Бұл ұстанымды Сіздің де құп көретініңізді айтқан сөздеріңіз бен ұстанымдарыңыздан түйіп отырмыз.

Алайда, осы үш тұғырлы тілдік жүйенің ішінде мемлекеттік тілге деген басымдылықты биіктен көргіміз келетіні жасырын емес. Әлі де “әттеңнен” айыға алмай келеміз. Оның бір дәлелі ретінде, басқа емес, өзіңізге етене таныс «Назарбаев Зияткерлік мектептеріне» 7-сыныпқа қабылдау тестінде  қазақ тілінің баллдық көрсеткішінің өзге екі тілмен бір деңгейде тұрғанын айтуға болады. Ашалап айтсақ, осы емтиханның тілдік тест бөлімінде қазақ, орыс және ағылшын тілдері үшін бәріне бірдей 200 баллдан, жалпы 600 балл берілген. Әлемде бізден өзге, балаларының басын үш тілдік емтиханмен қатарып қойған ел жоқ! Өзіңіз де білесіз дамыған елдерде азаматтық алушылар мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Біздің елде президентік қызметке де келудің бір шарты ретінде мемлекеттік тілді білу талап етіледі. Демек, мемлекеттік тіл - қазақ тілі, өзге екі тілден, әлемдегі тұтынушылар саны мен аясы жағынан әлде қайда аз болғанымен, еліміз үшін мәртебесі биік тіл. Сондықтан мәртебесі жоғары тілге берілетін балл да жоғары болуы заңды құбылыс.

Нақты әрі шешуші жағдайларда ешқандай артықшылық берілмеген мемлекеттік тілдің өскелең ұрпақ санасындағы қадірі мен қасиеті қай деңгейде болмақ? Олар үшін үш тілдің құны бірдей болып қалмай ма? Содан соң, қалай ұлтжандылықты, патриотизмді күтеміз? Оның үстіне мектеп бітірушілердің 70 пайызынан астамы қазақ мектептерінің түлектері. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ тілінің баллдық көрсеткіші өзге тілдерден жоғары және математикаға берілген баллмен тең немесе қарайлас болуы, болмағанда, сандық сипаттамаларға берілген баллмен тең болуы керек. (Қабылдау емтиханында математика 400, сандық сипаттамаларға 300 балл, жалпы 700 балл берілген. Қазақ тіліне берілген баллдан үш жарым есе артық болған). Әрине математиканың маңызы жоғары, бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы: “Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады”-деген емес пе?. Біз осы бір салмақты сөздің мәнін ескере бермейтн секілдіміз.

Тіл ол - тек, қатынас құралы емес, бастысы ол - халықтың мәдениеті, философиясы, өмір сүру салты, әдебиеті мен өнері, тарихы мен келешегі. Осынша бай дүниені қамтыған ана тіліміз қалайша үшінші орынға сырғып кеткен? Оның орны төрде болуы керек. Ал орыс және ағылшын тіліне де бірдей қарауға болмайды. Орыс тілінің еліміздегі мәртебесі де, қолданыс аясыда ағылшын тілінен жоғары, сондықтан ол ағылшын тіліне қарағанда көп баллдық көрсеткіште тұрғаны дұрыс. Мәселен, математика 400 балл болса, соған сай, қазақ тілі де 400 балл, ал орыс тілі 300, ағылшын тілі 200 баллдық деңгейде болғаны орынды. Сонда ғана сұраныс пен қамтамасыз етілудің ара салмағы әділ бағасын алатын секілді.

Құрметті, министр ханым, Сіз бұл жұмысқа келгелі, азаматтар жаңа, жақсы бастама күтуде. Сіз: “Баланы, дайын білім беруден гөрі, білім іздеуге, сараптама, қорытынды жасауға үйретіңіздер, оның маңызы әлде қайда жоғары” - деп ұлағатты ой айттыңыз. Біз бұл ұсынысыңызды толығымен қолдаймыз. Осындағы сараптау мен қортынды жасау үшін де тіл білімі керек қой. Әсіресе, өз ана сүтімен келген тілмен сараптау, қорытындылау ана тіліміздің ғылымға енгенін көрсетпей ме?. Сонда “қазақ тілі - ғылым тілі емес” дегендердің аузына құм құйылар еді ғой. Елбасының бастамасымен әлемдік білім мен ғылымның жауһарлары біразы қазақ тіліне тәржімаланып, қазір қол жетімді болды. Біздің университетте шәкірттеріміз оларды оқып, пайдаланып жатыр. Демек оны меңгерген жастар, болашақта әлемдік білімге өз үлестерін қоса алатын болады. Ана тілімізді ғылым - білім тіліне айналдыру өзіміздің қолымызда екен.

Сіз бір сөзіңізде: “Мектеп пен ұстаз қалай болмасын, отбасы мен ата-ананың орнын баса алмайды. Әр қайсысы өз қадір-қасиетімен бағалы” дедіңіз. Рас айтасыз, мен ұстаз және әке ретінде сөзіңіздің мәнін жақсы түсінемін. Мен отбасымда да, аудиторияда да ұлтжандылықты дәріптейтін жанмын. Сондықтан болар, кезінде қызымның қалауына қарамай,  ана тіліміздің болашағы мемлекетіміздің тағдыры екенін айтып, оны қазақ тілін тереңдетіп оқытатын сыныпқа баруына көндірген едім. Қызым мектептің үздік оқушысы болды. Биыл көктемде Алматыдағы химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебіне» емтихан тапсырды. Жалпы бағасы мың баллға жуық болғанымен, қабылданатын 50-60 баланың қатарына ене алмады. Қазақ тіліне берілген 200 баллдың 194 баллын (97 %) жинады. Егер математикаға берілгендей қазақ тіліне де 400 балл берілгенде ол қабылданар еді. Өкінішке орай, өзінің қабылданбай қалғанын білген қызым қатты қамықты әрі менен:

- Әке, Сіз еліміздің болашағы қазақ тілінде деп едіңіз, мен Сізді тыңдап, ана тілімді беріле оқып жоғары нәтиже алдым. Бірақ, өзім армандаған мектепте, биология пәнін тереңдеп оқи алмайтын болдым. Сонда, қазақ тілін жақсы меңгергенімнің пайдасы болмағаны ма? -деді. Мен не деп жауап берерімді білмедім....

Әрине, мен бұл жазбамда өз қызымның жағдайын айтып отырғам жоқ. Оқушы үшін қайсы мектепте оқуынан гөрі, білімге деген қандай ұстанымда болғаны маңызды. Елімізде айтулы мектептер де, жоғары оқу орындары да бар. Біреуіне қабылданып, еліне еңбек етер азамат боларына сенімім кәміл. Алладан амандығын ғана тілеймін. Алайда, қызымның осы бір ауыз сұрағы, бұрын - соңды назарымды аудармаған, жай қараған жанға сезілмейтін, бірақ, астарында аса үлкен мән, мағына жатқан ойға мені жетеледі. Сонымен қолыма қалам алып, Сізге осы үшбу хатты жаздым. Айтар ойым сол – ана тіліміздің қадірін бос сөзбен емес, осындай шешуші, нақты тетіктер арқылы арттырсақ, сол арқылы тіліміздің ерекше бай, мол жасырын әлеуетін білім мен ғылымның арнасына бағыттасақ “Рухани жаңғыру да”, “Мәңгілік ел де” өзі-ақ салтанат құрмай ма?

Құрметті Күләш Ноғатайқызы, Сіз: “қазір білім беру мекемелері мен ата-аналар арасы алшақтап барады, екеу-ара қатынас баянды болуы шарт”  деген едіңіз. Баянды болу үшін, екі тарап арасында үйлесімді диалог қалыптауы керек. Мен әке ретінде, қаршадай қызымның жүрек сөзін Сізге жеткіздім. Бәлкім осы секілді сұрақ қаншама ата-ана мен түлектердің көңілінде көміліп жатқан болар, кім білсін? Енді, Сіздер тараптан жауап боларлық игі бастама күтеміз.

Құрметпен: Қастер Сарқытқан, Абай атындағы ҚазҰПУ ұстазы, ҚР журналистер одағының мүшесі  

Abai.kz

 

21 пікір