Сенбі, 18 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5965 0 пікір 6 Маусым, 2011 сағат 08:59

Мұрат Әуезов. Әкемнің соңғы хаты туған жеріне жазылды…

Мұрат Әуезов,
Мәдениеттанушы-ғалым:

- Әкеңіздің ерекшелігі неде?

- Әкемнің қаламгер ретіндегі ерекшелігі не жазса да адамның ойын қозғайтыны. Абайдан тараған әсері бар. Ол кісі сөздің қадірін білген, ешуақытта қор қылмаған. Өзіндік ойы болған. Үлкен арманы бар еді, 10 миллион қазақ арасында сөйлесем деген. Ол кезде қазақстанда үш жарым миллион шамасында қазақ болған.

- Әкеңіздің соңғы демі Мәскеуде, Кунцевский ауруханасында үзілді. Өмірінің соңғы сәтінде қасында болдыңыз ба?

Мұрат Әуезов,
Мәдениеттанушы-ғалым:

- Әкеңіздің ерекшелігі неде?

- Әкемнің қаламгер ретіндегі ерекшелігі не жазса да адамның ойын қозғайтыны. Абайдан тараған әсері бар. Ол кісі сөздің қадірін білген, ешуақытта қор қылмаған. Өзіндік ойы болған. Үлкен арманы бар еді, 10 миллион қазақ арасында сөйлесем деген. Ол кезде қазақстанда үш жарым миллион шамасында қазақ болған.

- Әкеңіздің соңғы демі Мәскеуде, Кунцевский ауруханасында үзілді. Өмірінің соңғы сәтінде қасында болдыңыз ба?

- Әкем қайтыс болғанда жасым он сегізде, 1961жылы қайтыс болды. Мәскеуде «Кунцевский» ауруханасында операция үстінде үзілді. Ол кезде нархоз нашар, үлкен адамға қиын, нархозға әкемнің жүрегі шыдамады. Әкеме қылтамақ деген диагноз қойылды. Содан асқазандағы қылтамақты алып тастайтын болды. Соның барлығына 6 сағат уақыт кетті, жүрек шыдамады. Аяқ астынан кетіп қалды. Мен күніге қасында болдым. Әкем маған арнайы ақша бөліп, сен күніге келіп тұр дейтін, арамыз 30 шақырым Мәскеу мен аурухананың арасы. Содан күніге барып тұрдым.Сол кездері осы Алматыдағы жазушыларға көптеген хаттар жазатын. Маған жазып беріп жібереді. Мен Мәскеудің орталығына барып почта арқылы салып жіберіп отырдым. Әкеміз 1960 жылдың маусым айының 27-сі күні қайтыс болды. 26-сы күні қасына ешкімді жолатқан жоқ, операцияға дайындады. Мен оған 25 күні түстен кейін бардым, сол кезде әкеме ұсыныс айттым. Жазғы демалыс кезінде Семейге барып келсем деген ойымды жеткіздім.  Бұл ұсынысымды ол сондай жылы қабылдап, көңілі көтеріліп қалды. Содан екі хат жазды. Ол хаттары сақтаулы.  Семеймен Қарауылдың арасында «Бөрі» дейтін жер бар, әкемнің туған жері, сонда мұражайда сақтаулы тұр. Әкемнің ең соңғы рет қолына қалам алып жазған хаты туған жеріне арнап жазған хаты болды.   Негізінде әкем екеуміздің жоспарымыз былай еді:  мен сол жерден күнделік жазуым керек. Бұл маған үлкен тапсырма еді. Есімде 18 жастан асқаннан кейін әкем маған басқаша қарап, салмақты сөйлейтін.

Сен сол тапсырманы бітіргеннен кейін, Ыстықкөлде кездесеміз деді. Сонда сенің жазған күнделігіңді оқимыз деді. Әкем менің жазуға икемім бар ма, жоқ па тексергісі келген болар. Содан Ыстықкөлде кездесетін болдық. Бірақ әкем ол күнге жете алмады. Иә, әкем  менің туған жеріне баруымды қолдады. Ауылдың жағдайын, әлеуметтік жағдайын білсін дегені ғой.   Келесі жылы мен  Мәскеуде жора жолдастарыммен Болатхан  Тайжан Әнуар, Алтай «Жас тұлпар» ұйы­мын құра бастадық.

 

- Аға, әкеңіздің ақыл-кеңесі, берген тәрбиесі, сіздің қаламгер ретінде бар қырыңызбен жарқырап көрінуіңізге өз әсерін тигізді ме?

- Әсері өте зор. Әкем өте мықты тәрбиеші болды. Өзінің балаларының сауатты болуына, өмірде абыройлы болуына ерекше мән беріп, әкелік борышын атқарып кетті. Әкем пайғамбар жасында, яғни 63-інде қайтыс болды. Соған байланысты, жақында «Мұхтар Әуезов» қоры, «Әуезовтың ата-тегі» атты кітап шығардық. Әкем қожа руынан тараған. Сопылар, қожалар туралы кезінде әртүрлі түсініктер болған. «Біздің арғы аталарымыз араб шөлдерінен» деген бір-екі ауыз сөзі болмаса, заман оған өзінің бабалары туралы айтуға мүмкіндік берген жоқ. Сондықтан да сол қожалардың тарихын жақсылап көрсетуге тырыстық. Сегізінші ғасырдан бастап «ислам», «арша» дейтін қозғалыс басталды. Алдымен арабтар,  пайғамбармен оның сахабалары, ізбасарлары, оның ішінде Хазірет Әлі Орта Азияға, соның ішінде қазіргі қазақ жеріне келіп қоныстануға ұмтылды. Сол кезде осында кеткен жауынгерлер атамекеніне қайта алмай  қалған. Содан олар қылыштарын тастап, қолдарына қалам алып құранның сөздерін насихаттауға кіріскен. Ол кезде араб елі тез тараған және Гректің философтарын өте жақсы білген. Жалпы Шығыстың білімін санасына сіңірген. Осында келген қожалар сол білімді 1500 жылдай сақтаған десем қателеспеймін. Олар Қаратау, Түркістан жағын мекендеген және қаламның адамдары болған, тек жаза білген. Өздерінің рухани ізденістері болған. Аталған кітапта Хазірет Әлі және одан тараған ұрпақтар қазақтың тарихына үлкен үлес қосқан адамдар жайында жақсы жазылған. Оның ішінде Х.А.Яссауи де бар. Мұны айтып отырғаным, өзге елдер арасында да қожалар бар.Мысалы, өзбектердің арасындағы қожаларда дін жағынан кім күшті болса, сол беделді орын алған. Қай үйден шықса да білімі болсын деген негізгі принцип болған. Ал енді Қырғызтанның, Қазақстанның арасына келген қожалардың жағдайы басқаша болды. Өйткені кең  даланың мінезі бөлек еді. Сондықтан біздің бабаларымыз өзінің балаларын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлген. Менің әкем де бұл заңды қатты ұстаған адам еді. Өз басыма келсек, әкемнің көрегендігі сол, мені осы Алматыдағы қазақ мектебіне алғашқы сыныпқа қолымнан жетектеп алып барды. Ол кезде Алматыда 10-ақ пайыз қазақ тұрушы еді. Зиялы қауым, чиновниктер, басшылықтың ішінен бірде-біреуі балаларын қазақ мектепке берген жоқ. Мені әкем сол №18 қазақ мектебіне апарған. Ол кезде қазақ тілінде екі-ақ мектеп болатын. Бірі қыздарға арналған, екіншісі ұлдарға. Мен алғашқы сауатымды қазақ мектебінде ашып, алғашқы әріпті қазақша танып, үш жыл сол мектепте оқыдым. Қазір қарасам, менің білім әлеміндегі негізім сол мектепте қаланды деуге болады екен. Бірақ, 4 сыныптан бастап орыс мектебіне ауысуға мәжбүр болдым. Өйткені, ол кездері қазақ мектебінің деңгейі төмен еді. Сондықтан да әкем 3-сыныптан, 4-сыныпқа ауысар кезде 2 мұғалім жалдап біреуі орыс тілінен, екіншісі ағылшын тілінен сабақ берді. Ол кезде 9 жастағы ойын баласымын, достарымның барлығы далада ойнап жүреді, ал мені әкем көп оқытты. Соның арқасында 4 сыныпқа жақсы дайындықпен бардым. Ол кездері қазақ тілі жоқтың қасы - басылым беттерінің көпшілігі орыс тілінде. Солай бара-бара қазақшадан алыстай бастадым. Бірақ, әкем менің тілімді қатты қадағалады. 1956-1958 жылдары үш жыл қатарынан Ыстық көлдің жағасына әкеммен бірге және бауырым Ернар үшеуміз барып демалатынбыз. Әкемнің арманы сол Ыстықкөлдің жағасынан үй салу еді. Ол жерге бара қалсақ, қырығыздар бізді өте жақсы, жылы қарсы алатын. Себебі, әкем 1952 жылы үлкен ерлік жасады деп мақтанышпен айта аламын. Қырғыздардың ұлы эпосы «Манасты» сақтап қалуға оның қауіпті екенін білсе де, саналы түрде жұмыс атқарды. Сондықтан да Алматыдан кетуге мәжбүр болды. Өйткені қуғын басталды және қолға түсіреміз деген ордер жазылған екен. Сондықтан жақын достары құпия түрде Мәскеуге жіберуге ат салысты. Қандай жағдай болсада қырғыздардың эпосын сақтай білді. Жақында ғана сол кезде сөйлеген сөзі жарық көрді. Біз осы «Мұхтар Әуезов қоры» қырғыз бауырлармен қосылып, біз қаржылай көмектесіп, олар «Мұхтар Әуезов және Қырғызстан» деген үлкен кітап шығарды. Сонда әкеміздің 1952 жылы сөйлеген сөзі толығымен шыққан. Қырғыздар жақсы құрметтеп, үлкен ілтипатпен қарсы алған, әкеміздің «Манасқа» деген көңілі ешуақытта да суыған емес. Қайта білімін тереңдетуге көп әрекеттер жасаған екен. Сол кезде біз қасында жүрген кішкентай бөлтірікпіз, бауырым Ернар екеуміз. Бірде әкеммен қырғыздардың ұлы Манастарын іздеуге бардық. Сонда мына Саяқбай Қарабалаев ең мықты манасшылардың бірі, соның ауылына болдық. Ол кезде Қазақстанда бүркітшілер жоқ. Аң аулау мәдениетін қырғыздар жақсы сақтай білген. Сол Саяқбайдың ауылында біз сол аң аулаудың кереметтерін көрдік. Содан кейін Саяқбай қобызын алып «Манасты» жырлады. Біз Ернар екеуміз тыңдап жырды ептеп түсіне бастадық. Сонымды білдіргім кеп әкемнің құлағына барып сыбырлап «мен түсініп отырмын» дедім. Сол бала кезімде қырғыз тілінің  қазақ тіліне өте ұқсас ті екенін, қырғыздардың бізге етене жақын халық екенін сезіндім.  Оның үстіне қырғыздардың тілін түсінсең, мәдениетін бағалай білсең және өзіңнің не білетініңді жеткізе білсең, ол әкеме ұнайды деген сөз. Біз әкемізге ұнағымыз келді: менің де, Ернардың да. Ернардың құстардың өмірін зерттеуге құштары тым зор болды. Жақында ғана қазақ әдебиетіне  әйгілі Алакөл туралы мақаласы шықты. Ол мақаланы оқысаңыз үлкен жазушылық шеберлікпен, үлкен ғылыми білімділікпен жазылған. Демек, әкем оның құстарға, табиғатқа жақын екенін білген. Алла тағаланың әр адамның бойына беретін  ерекше дарыны болады. Сондықтан өзіңді жас кезінде неге бейім екеніңді тауып алуың керек және соны дамыта білуің керек. Өйткені, жеке басыңның табиғатыңның өзі соған жақын. Ал сол дарынды таба білсең өмірден адаспайсың . Сондықтан әкеміз Ернардың табиғатқа неше түрлі жәндіктерге бейім екенін сезген. Сол жағынан әкеміз көп көмектесті. Ернар бауырым дүние жүзіне аты шыққан ғалым, құстарды зерттеуден жаңалық ашқан орнитолог. Ол дүниежүзі ғалымдары мойындаған адам.

- Әкеңізбен әңгіме-дүкен құрғанда, сыр бөлісіп, шер тарқатқанда көбінесе не жайында әңгімелесетін едіңіздер?

- Мен мектепті орыс тілінде бітірдім. 9-сыныптан бастап әкеммен болашағым туралы көп әңгімелесетінмін. Бірде әкеммен ақылдасып мен химик боламын деп шештім. Өйткені мектепте химия пәнін өте жақсы оқыдым. Соған дайындалып жүрдім. Бұл туралы әкемнің хаттарында да бар. Бірақ оқуды аяқтауыма жарты жыл қалғанда өзгердім. Өйткені әкем мамандықты  қателеспей таңдай біл дегенді үнемі ескертіп отыратын. Сондай сөздер әсер еткен болу керек (мен мектепке ертерек барғандықтан 16 жасымда бітіріп шықтым), сонда 15 жастағы баламын әкеме айттым: «Маған химиядан гөрі тарих пен әдебиет көбірек қызықтырады» деп. Енді бұл шындығым болды. Ол кісі риза болып, маған ақыл кеңесін айтты. Бұл гуманитарлық салаға үлкен білім, терең ізденіс керек деді. Солай бел буып кірістік. Сол кезде Мәскеу университетінде «Шығыстану» факультеті ашылды. Онда қытай тілі, араб тілі бар екен, тағы басқа біршене корей, ветнам тілдері бар екен. Соған Қазақстаннан баруға бірінші рет мүмкіндік туды. Әкемнің тілегі араб тілі болды. Мен осы жерде емтиханды жақсы тапсырғанмын. Сол жаққа барғанда араб тілін оқуға болмайды дейді. Араб тілінде оқу үшін мектепте ағылшын тілінде оқу керек екен, мен неміс тілінде оқығанмын. Сонымен мені ветнам тіліне кіргізіп қойды. Әкем мұны естіп тулап, «бұл не деген сұмдық» деді. Содан бір-бірімізге күнде телеграмма жіберіп күнделікті жағдайымызды біліп отырдық. Әкем ректорға хаттар жіберіп, араб тілі болмаса қытай тіліне ауыстырылсын деп өтініштер айтыпты. Осы жерде қараңыз қандай тәрбие, өйткені қытай тілінде қазақтардың тарихына байланысты көптеген деректер бар екен. Содан менің қазақ екенімді тағы есіме салып, «қазақсың қазақ екеніңді ұмытпа» дегендей, қытай тіліне ауыстырды. Сонымен Қытай тілі менің өмірімде үлкен орын алды, шығыстанушы болдым. Осында орыс мектебіне ауысқанда қазақшамнан алыстап бара жатқандай болдым. Бірақ әкемнің тәрбиесі жақсы болды. Егерде қазіргі уақытта кімде кім баласының болашағын ойласа қай тілде оқытса да, балабақшадан бастап немесе кемінде 3-4 сыныпқа дейін қазақ тілінде оқыту керек. Бұл өз өмірімдегі тәжірбием және әкемнің ақылы. Бұл мәселеге әкем қатты мән берген. Жақында немерелі болдым, төртінші немерем дүниеге келді. Келініме талап қойдым, қазақ әуендерін тыңдат, немеремнің құлағына сіңсін дедім.

- «Абай жолы» романы сияқты тағы бір тұғыры биік туынды жарыққа шығады деп ойлайсыз ба?

- «Абай жолы» сияқты роман жазу ешкімнің қолынан келмейді. Ол көшпенділер дәуірінің соңғы көрінісі, соңғы тынысы. Әкеміз соның бәрін көріп қалды.    Бұл мәңгілік шығарма. Енді ешқашан қайталанбайды. Үлкен алып ескерткіш біздің көшпелі бабаларымыздың тарихынан.

- Осы «Абай жолы» романы жайында әкеңіз қандай әңгімелерді айтатын еді? Яғни аталған романды жазуға ұлы қаламгерді не итермелеген?

- Әкемнің роман жазам деген ойы болмаған, шәкірт кезінде атасы Әуездің әңгімелерін тапжылмай, ұзақ тыңдаған. Соның әсері болу керек. Ол кісі Абай жайында материалдар жинағанда тарихи романдар авторларының талайы-ақ біле бермейтін өзгеше бір жәйттерге тап болған. Өйткені, Абайдың өмірі мен еңбегі, түр-түсі мен сипаты жайында қағазға түскен немесе жарияланған бірде-бір дерек, өзінің жеке архиві мен күнделігі, хаттары мен мемуарлары, тіпті замандастарының ақын жайында хатқа түскен естеліктері сақталмаған. Ақынның өміріне байланысты деректер мен романның бүкіл оқиғаларын Абайды көзімен көрген, жақын білген жандардан ұзақ уақыт бойына ауызба ауыз сұрау, әңгімелесу арқылы жинауға тура келген. Олардың көбі кәрілік меңдеген шалдар екен. Сондықтан олар өткен күндердің белгісін де, адамдардың бейнесі мен сөйлеу мәнерін де, оқиғаларды да ұмытыңқырап қалған. Тіпті, Абайдың шәкірті Көкбаймен де әңгімелескен. Көкбай 1927 жылы қайтыс болған. Ол Абайдан аттай он алты жас кіші еді. Сондықтан ақынның жастық шағы жайында мандымды ештеңе айта алмаған. Сонымен қатар, материал жинай жүріп, Абайдың достарымен, сыйластарымен, бұрындары қастастық жасаған жауларымен де әңгімелескен. Міне, осындай ізденудің арқасында болашақ қаһарманы жайында аса көп материал жинақтаған. Тағы айтатыны, Абайдың балалық және жастық шағы жайындағы романды аяқтаған соң да сол кітапқа кірмей қалған материалдары мейлінше көп болған. «Материалдың мейлінше молдығы менің еңбегімнің сәтті боп шығуына аса көп септігін тигізді» деп айтып отырушы еді өзі де.
Бірақ материал жинауда талай-талай қиындықтарға тапа болған. Дегенмен, әкем қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болған көп нәрселерді қайта естеріне түсіртіп, айтқызып алған. Әкем, Абаймен бірге сол халықтың жан-жүрегін ұғуға және соны бір абзал қалпында ашып беруге, жайып салуға барынша тырысқан.

- Жалпы, Мұхтар Әуезовтың жазған шығармалары, еңбектері жайында білмейтін адам кемде-кем шығар. Дегенмен, әкеңіздің қаламынан туындаған еңбектері мен зерттеулері жайында бір үзік сыр айтып берсеңіз?

- Семейде әкем өзінің пъесалары арқылы тұңғыш мәдени-ағарту «Ес аймақ» үйірмесінің қалыптасуы мен өсуіне баға жетпес көмек көрсетті. Шығанақтағы жұмысшылар үшін «Сібір бурлактары» клубында «Ел ағасы» пъесасы қойылды, пьесаның қолжазбасы, кейіннен өкінішке қарай, жоғалып кетті, 1921 жылдың бас кезінде «Бәйбіше-тоқал» төрт актілі драма жазып, оны өзінің тікелей басшылық етуімен 1921 жылы 23 наурызда Свердлов атындағы клубта сахнаға қойған. 1922 жылы 20-шы желтоқсанда Луначарский атындағы театрдың көрермендері қазақ драматургиясының інжу-маржаны, дала Ромеосы мен Джульеттасы туралы «Еңлік-Кебек» пьесасын көрген. Қызылорда өңіріндегі тұңғыш кәсіби театрдың шымылдығы 1926 жылы әкемнің «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылғандығының өзі кездейсоқ құбылыс дей алмаймын. Әкем ұзын ырғасы жиырмадан астам пьеса жазған, бірақ олардың әрқайсысының тағдыры әртүрлі болған. Сонымен қатар, әкемнің жетістіктеріне тоқталсам 1957 жылы шілдеде Ташкентте өткен шығыстанушы-ғалымдардың бірінші конференциясында, 1958 жылы Ташкенттегі Азия және Африка елдері жазушыларының конференциясында, 1960 жылы қарашада Душанбеде өткен Азия және Африка халықтары ынтымақтастығының бірінші конференциясында және 1960 жылы Мәскеуде өткен Шығыстану жөніндегі XXV Халықаралық конгрессте аса тұщымды, әрі тартымды сөз сөйлеген. Өйткені, әкемнің сөйлеген сөздері қашанда қалың көпшіліктің жүрегіне жол тауып жататын.

- «Жас тұлпар» ұйымын құрған кезде сіздер 18-20 жастағы бозбалалар екенсіздер. Сол кезде бұл қадамға саналы түрде бардыңыздар ма, әлде бастап жүрген немесе бағыт-бағдар берген үлкендер болды ма?

- Бірде Мәскеуде оқитын қазақтармен бас қосып, шәй ішіп отырғанбыз. Кеш батып, шам жағып отырғанда біреу Абайдың  өлеңдерін оқыды. Содан ойландық: біз қазақтан алыстап бара жатқандаймыз деп уайым айта бастадық.  Сонда отырған бәрімізге Абайдың әндері, әсіресе «Көзімнің қарасы» қатты әсер етті. Ол кезде жаспыз ғой.Жас адам ғашық бола біледі, ақиқатқа ұмтылады. Сол күннен бастап қазақтың әндерін пластинкамен тыңдай бастадық. Сөйткенде ой келді.Қазақстанға барып келсек, нақты жағдайды білсек, не болып жатыр екен дестік. Ал енді оған қаражат керек. Сол кезде конкурс болды. Ол кезде Қазақстанды 2-ші тың өлкесі деп атайтын. Ты игерушілер бір конкурс жариялаған екен, соған барып жеңдік. Соған біз бүкілодақтың комсомолдардың атынан бардық. Ол кезде уақыттың өзі ұлттар мен ұлыстарға серпін беріп, осындай ұйым құруға мәжбүрлеп, ынталандырып тұрғандай еді.  Мәскеуде, Кеңес одағының кеңістігінде біраз өзгерістер жүріп жатқан. Мысалы Евгений Евтушенко,  Андрей Вознесенский сияқты ақындар алаңға, халықтың алдына шығып өлең оқитын. Олардың кең ауқымды, батыл ойларына көптеген ұлт өкілдері де үн қата бастады. Әлі есімде, сібірдегі аз халықтардың бірі  - чукча жазушысы Юрий Рытхеу «Біз кімбіз?» деген сұрақ қойып, тереңнен толғады. Әр ұлттың өзінше бой көрсетуінің тарихи себептері көп еді. Әсіресе, бұл  жаңаша көңіл күй Мәскеуде анық байқалды. Бүкіл интеллигенция бас қосқан үлкен орталықта озық ойлы адамдардың ықпалы күшті болды. Бұл қоғамдыға жағдайдың жалпы көрінісі,  негізінде әркімге  әртүрлі себептер әсер етті.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Әсел РЗАЕВА

http://www.qazaquni.kz/7446.html

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2143
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2548
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2340
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1654