Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
2490 0 пікір 21 Ақпан, 2019 сағат 13:21

«Отандастар қоры» қандастарды қолдау мақсатында қарқынды қызмет істеуде

Ел­басы Дүниежүзі қа­зақтарының V құрылтайында  «Отандастар» қорын құрып, осы қор арқылы Дүниежүзі қа­зақ­­тары қауымдастығына шетелдегі ағайынмен байланыс жасауды мін­дет­­теген болатын. Қордық негізгі мақсаты - шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдап, қол үшін беру.

Осы тапсырмаға сай 2017 жылы 13 қазанда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің «Отандастар қоры» мемлекеттік коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы» №644 қаулысына қол қойды.

Құжатқа сәйкес, қоғамдастық Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтар мен шетелдік ағайындарға қолдау көрсетуді қамтамасыз ететін болады. «Отандастар қоры» мемлекеттің толықтай қатысуымен құрылып отыр. Мемлекеттік акция пакетінің  50% иелену және қолдану құқығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне берілсе, қалған жартысы - ҚР Сыртқы істер министрлігіне бекітілді.

«Отандастар қоры» құрылғаннан бері алыс-жуықтағы ағайынды қолдап-қуаттау үшін көптеген жұмыстар атқаруда. Қор президетін болып тағайындалған Нұртай Әбіқаевтың бастауымен қолға алған жұмыстарын өз ретімен жүзеге асыруда.

Мәселен, «Отандастар қоры» өткен жылдың соңында Түркияның  қос бірдей мекемесімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Оның бірі Шетелдік түріктер және туыстас халықтар басқармасы болса, екіншісі – Юнус Эмре институты. Құжат мекемеаралық диаспора саясатына қатысты тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Тараптар кездесуде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды. Сондай-ақ шет елдерде өмір сүретін түрік және қазақ диаспоралары арасында байланысты арттырып, өзара ынтымақтастықты арттыру жолдары сөз болды.

- Мұндай меморандумға бірінші рет қол қойылып отыр. Өзінің отандастарымен түркі жағы о заманнан бергі қарай түрлі іс-шаралар жасап жүрген. Сондықтан солардың қай дәрежеге жеткенін білеміз, - деген еді «Отандастар қоры» КЕҰ президенті Нұртай Әбіқаев.

Ал биыл ақпан айының ортасында «Отандастар қоры» Павлодар облысының әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойғанын хабарлады. Екі жақты келісімге сай, тараптар шетелде тұратын қандастарға және Атамекенге қоныс аударған этникалық қазақтарды қолдау бағытында бірлесіп жұмыс атқаруға келісті.

Екі жақты келісім құжатына қол қою шарасына «Отандастар» Қорының Аймақтармен және мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі департаменттің басқарушы директоры Әлия Әбелдинова, облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалы төрағасы Болат Зауыт қатысты.

«Отандастар» Қорының Аймақтармен және мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі департаментінің басқарушы директоры Әлия Әбелдинованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қордың мақсат-міндеттері жайлы айқын, жоспарлары анық:

- Біздің отандастарымыздың көбі Қазақстанмен шекаралас аумақтардатұратынын ескере отырып, қазақ диаспорасын қолдау мақсатында Қор облыстық әкімдіктермен тығыз ынтымақтастық орнатып отыр. Бұл, өз кезегінде, ерекше маңызға ие. Бүгінде «Отандастар» Қоры түрлі бағыттар бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Олар білім, спорт, мәдениет, ана тілін үйрету, бизнес-бастамалар және т.б. салаларды қамтиды. Сондай-ақ, Қордың басты міндеттерінің бірі тарихи Отанына оралған қандастардың елде бейімделуі барысында оларға ақпараттық, ұйымдастырушылық және консультациялық көмек көрсетіп, олардың жеке құқықтары мен заңды мүдделерін қолдау болып табылады, - деді Әлия Сапабекқызы.

Ал өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев облыстық «Ана тілі» орталығында шетел қазақтарын оқыту курсы басталғанын, оған Ресейдің Нобосібір, Омбы және Алтай өлкесінің тіл мамандары шақырылғанын айтты. Павлодар облысына жұмыс сапары аясында «Отандастар» қорының өкілдері Этникалық қазақтарды уақытша орналастыру орталығына барып, ондағы жағдаймен танысып қайтты.

Шеттегі және елдегі қандастарға көмек қолын созу үшін тынбай еңбек етіп жатқан «Отандастар қоры» мемлекеттік коммерциялық емес акционерлік қоғамы өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта Павлодар облысы әкімдігімен жасалған келісімшарт негізінде өзге өңір әкімшіліктерімен де меморандум жасауға үмітті. Атап айтқанда, жақын арада Астана қаласы әкімдігімен де дәл осындай келісімшарт жасалады деп күтілуде. Сонымен қатар шетелдегі қандастар арасында шығармашылық байқау жариялауды да жоспарлап отырған көрінеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2006
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2429
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1993
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1581