Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 10943 9 пікір 1 Сәуір, 2019 сағат 16:20

Ілияс қолжазбасын төте жазумен жазған

Бірден бұлай кесіп айту оқырманды ойландырып қоятыны анық. Тіпті, «ақын қолжазбасының тұлға тануға қаншалықты қатысы бар» деген сұрақтардың да жылыт ете қалары анық. Бұл қарапайым мәселе болғанымен өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген қайраткерлер өмірін зерделеу үшін осындай қадамға баруға тұра келді. Алдымен қолымда бар нақты дәлелдер арқылы көтерген тақырыпты дәлелдеп алайын. Сосын осындай ойға неліктен барғанымның  себебін түсіндіре жатармын.

Төменде көрсетілген қолжазба көшірмесі Ілиястың 1928 жылы Мәскеу мемлекеттік журналистика факультетінде жүрген кезінде жазған «Өмірбаяны». Жоғарыдағы пікірімді дәлелдейтін қолда бар бірінші дәлелім осы еді. Ең бастысы, бұл Ілиястың өз қолымен жазған дүниесі.

Мұның аудармасы:

«Өмір таңы балалық қой, Оны еске алсам өскен жерім ойыма түседі. Боз дала, құла құм. Оларды қақа айыра аққан иір өзен. Өзен өлкесі түлкі жүн құла қамыс. Тал, жаңғыл. Жиде. Қыры – теріскен, қара жусан. Ойы – ши, ұсақ құрақ. Құмы – сағыз, селеу, қылша,. Қырда – құм ішінде, өлкеде – өзен бойында шоқ-шоқ қыстау, шошайта үйген қамыс. Сарғайған мая. Міне, менің өскен жерім. Бұл Жоңғар (Жүңге) Алатауынан аққан, Балқашқа құятын Ақсу өзенінің бір бойы. Әзіргі атақпен 4-ші ауыл, Ақсу болысы, Талдықорған уезі, Жетісу губерниясы. Ел жөнінен: Орта жүз, найман, Матай, Аталық, Қайнар деген рудан әкем 9-ата.

Жансүгір әкем. Көзі тірі. Жылы – жылан. Биыл 71-де. Жарым көшпелі, жұқана шаруа. Қолында бір шаруа баласы бар. Өмір жүзіндегі сүйенгені сол. Нмазды «дұрыс оқырлық» мұсылманшасы бар. Ескі пікірлі адам.

Менің жылым «жылқы» дейді. Онысы 1894 жыл болады. Жазға салым туыппын. Ел ішінде туған ай, күніңді, сағатыңды қайдан табарсың! Анамды аз білем. 4 жасымда жетім қалдым.

Шүу дегенде әліп-биден әкем өзі оқытты. Иман шарт, Әптиектің ежік-суресінде сүйретін жүріп, Құранға түсірді. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді.

Оқудан мақсат – «Бұл дүние үшін қолында қой-серкештік хаты болса, ол дүние үшін аузында иманы болып, бес мезгіл намазы болса» – сол еді...» Қолжазбаның бұдан кейінгі толық нұсқасын  2006 жылы Алматыдағы «Үшқиян» баспасынан шыққан «Ілияс Жансүгіров құжаттары, хаттары, күнделіктері, дала хикаяттары» және Әбілхан Әбіласановтың Ілияс Жансүгіровтың архивтерден табылған төте жазумен  жазылған қолжазбалары негізінде кирилицияға түсіріп, құрастырған «Жетісу» атты кітаптардан оқи аласыздар. Бірақ, қолжазба Ілияс Жансүгірұлының қолжазба нұсқасын алдыңғы адымда анықтап берді. (КРОММ, 1368-қор. 1-тізімдеме. 1-іс. 28-20 пп.)

Айта кетерлігі, 1920 жыл Ілияс өмірінде маңызды оқиғаларға толы болды. Солардың бірі әлі күнге дейін зерттеушілер назарына ілінбеген 1920 жылғы Жетісу экспедициясы еді. Сол экспедицияда Ілияс ел әдебиетін жинайтын комиссияның хатшысы болып қызмет атқарды. Бұл туралы «Өмірбаянда:

«1920 жылдың жазға салымында атаман Анненков жеңіліп, қашты. Кеңес өкіметі орнады. Мен оқуға талпындым. Алматыдағы қысқа мезгілді оқушылар дайындайтын қазақ-қырғыз курсына келіп кірдім. Бұл уақытта Түркістанның Оқу комсиссарияты тарапынан ел әдебиетін жинауға айрықша бір комиссия келген. Осы комиссияға жоғары жазған «Балдырған» атты кітабымды ұсындым. Комиссия кітабымды алып, мені әдебиет жинасуға қызметке алды...» – деп жазады.

Жоғарыдағы қолжазба Ілиястың ел әдебиетін жинайтын экспедиция құрамында жүргенде жазып қалдырған дүниелері. Оның да төтешемен жазылғаны, көшірілгені білініп тұр.

Аталған экспедисиядағы Ілиястың ең керемет олжасы – ақын Мәди Бапиұлының өлеңдерін хатқа түсіріп, жеке мұрағатында сақтап қалғаны болды (төмендегі сурет). НКВД жағынан ақын мұралары тәркіленгенде бірге қолды болып, арада талай бұралаң жолдан өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен бұл қолжазбаны да жауынгер жазба деп атауға тұрарлық. Міне, осы қолжазба бір ғасыр өткеннен кейін ақын жайлы іздене бастаған біз үшін үлкен олжа болып отырғанын несін жасырайын.

1921 жылы Түркістанда өткен бірінші съезден бастап, ел ішіндегі түрлі топтық, таптық жағдайды сөз ететін Мади ақынның ұзақ өлеңі кирилшеге көшіріліп, оқырманға ұсынылған-ұсынылмағанын білмеймін. Бірақ бұл қолжазба ақынның халық ауыз әдебиетіне тән мұраларды да төтеше нұсқада хатқа түсіргенін айғақтайды.

Жоғарыдағы суреттер Ілиястың дала хикаяттарын жазған кездегі қолжазбасы. Осы қолжазбалар арқылы Ілиястың өзі жазған материалға қаншалықты деңгейде назар аударып, мұқият қарайтынын ұғындырады.

Жоғарыдағылардың бәрі заттық дәлел. Ал Ілияс Жансүгіровтың өмірбойы жазған шығармаларының бәрін төтеше жазып, кирилше мен латыншаға машинка арқылы тергенін өзімен бірге жүрген, ыстық-суықты бірге өткізген, сырлас дос, сыралғы жолдастарымен жазысқан хаттарынан да кездестірдік. Сол қатарда,  1929 жылы 22 мамырда Бейімбет Майлиннің Қызылорда қаласынан Ілиясқа жазған хатында (КРОМ 1368-қор. 1-тізімде. 2-іс. 47-п, 47-қайырма., 48-п, 48-қайырма):

«...Түстен кейін ұйықтап тұрып, сағат 8-де жұмысқа кірістім. Түнеугіден бергі жинаған материалымды ақтардым. Сен бірсыпырасын «әзірлеп» кеткен екенсің, көп «рахмет» айттым. Сен сияқты ердің ерлігін бағаламауға болама...

Ашу бар. Қабағым жабық. Бұрқылдатып жазып жатырмын. 5 сағат отырып жазып едім, 17 қағаз шығарыппын. Күн сайын осы өлшеуден танбасам, июньнің 1-не бітіріп те беруіме болады.

Бір қиын жері – жаңа әліппен жазуға тұра келді. Жазу өнбейді, адамның зығыры қайнайды. Ана сенің «әзірлеп кеткен» материалдарыңды бүгін қарастырып едім, тым ұзақ екен, ішінен бірнеше республикелерді ғана алып, киноның бір баласына латынша көшіруге бердім», – деген жолдар бар. Мұндағы Бейімбеттің: «Жаңа әліппен жазуға тұра келді. Жазу өнбейді» дегені 1928 жылы қабылданып, 1929 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енген латынша әліпби айтылып отыр. Ал «Ана сенің «әзірлеп кеткен» материалдарыңды бүгін қарастырып едім, тым ұзақ екен, ішінен бірнеше республикелерді ғана алып, киноның бір баласына латынша көшіруге бердім» дегені Ілиястың Бейімбетке жазып берген материалының төтешемен жазылғанын аңғартып тұр.

Ойды ойға жетелеген тағы бір деректі сексеннен асып барып өмірден өткен ақын Оразақын Асқар ағамыздың «Жансүгірұлының жарияланбаған жырлары» деген мақаласынан таптық. Онда:

«Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Мұрағаттағы Жансүгіров мұрасы қол тимеген қазына сияқты» деген мақаланы оқып, сол жоғымызды табудың сәті түсетіндей сол аталмыш қазынаның бетін асыға ашқанымызда Ілияс Жансүгіровтың өз қолымен араб әрпінде жазылған өлең, поэмаларына кездестік», – деп басталып, асыл қазынаның маңызы мен құндылығын айтылып, елге жетпеген өлеңдерінің аудармасы беріліп, ұрпақ ұлағатына жол сілтер ұлағатын байыптап жеткізеді.

Ілияс Жансүгірұлының мұрағаттағы құжаттарын ақтарып отырғанда қолымызда тағы да бір тың дерек іліне кетті. Бұл құжат ақынның тұтқындалар алдында, яғни, 1937 жылдың тамыз айында жазған ең соңғы қолжазбасы. Алдымен сол құжаттың көшірмесін көріп, аудармасын оқып, ойымызды ары қарай сабақтасақ дұрыс болатын сияқты.

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ
ИСАТАЙ  – МАХАМБЕТ
Үш әктілі, алты суретті,
тарихи күйлі халық
трагедиясы

 

Қатынасатындар

Исатай

Махамбет

Жақия – Исатайдың баласы

Несібелі – әйелі

Болат – Исатайдың балдызы

Махамбет

Борық – Махамбеттің әйелі

Қарлыға –  жиені

Құрманғазы – Қарлығаның күйеуі, күйші.

Қалдыбай – қарт батыр.

Таңатар – үш баласы.

Батыр балалары:

Жүсіп,

Науша,

Қожахмет

Бірсары

Ерсары

Үбы

Тәни

Шекшекей

Суниқара

Есет

Маселей – қашқын орыс

Шайбақ – қашқын татар.

Ескендір – сыбызғышы.

Қуат – жырау.

Бабат – ел адамы.

Пішенші, жасақ, халық.

 

Жәңгір – хан

Батима, Айымжан – ханымдар.

Қарауыл – қожа

Билер:

Шомбал

Шолтыр

Қонажай

Сауғабай

Балқы

Жүзбай

Мұса

Алтай

Дөнен

Бос

Шошақ

Бармақ

Сұлтандар:

Шимат

Медет

Өтепқалы, басқалар

Бегжан – сұрқылтай

Геніс – Шекара комиссиясының бастығы.

Геге – атты казак полковнигі.

Байеке – сұлтан песрабител.

Бикков – Астрахан көпесі.

Сағит – Қазан саудагері.

Ахун – орда имамы.

Кемпір Кынагина – Астрахан гобернаторының шешесі.

Хайзақ жырау

Дәулеткерей – күйші.

Сарай қызметшілері, жария қыздар, салдаттар, меймандар,..

Оқиға мұнан жүз жыл ьұрын болған.

Бірінші акт

Бірінші сурет

Шерлі, кекті күймен шымылдық ашылады.

Күн батар. Теңіз бойындағы қамысты өлке. Қарауыл қожайындар, пішеншілер. Қарақостың алдында Қалдыбай қарт шалғы шыңдап отыр. Жігіттер миямен, шөппен желпінісіп өздерін сарт-сұрт ұрады.

Екі жігіт өлеңі:

Дует:

Қай заман, қасқыр заман азабы көп,

Қаулаған масадан да мазамыз жоқ.

Халықты қамысқа айдап қамағандай,

Қалыппа-ек қарауылға жазалы боп!

Хор:

Барма маса тұласын,

Қуаласақ қонасың.

Хан мен қожа сықылды,

Қанамызды сорасың.

Ей, жігіттер желпи соқ!

Дует:

Қай заман, хан заманы, мынау заман,

Көп безгек көзден жасын бұлаулаған.

Ел едік қамыс қиып, шөп жимаған,

Жолықтық бір пәлеге ылаулаған.

Хор:

Барма маса тұласын,

Қуаласақ қонасың.

Хан мен қожа сықылды,

Қанамызды сорасың.

Ей, жігіттер желпи соқ!

Осы тұста ойымызға Ілияс Жансүгірұлының газет-журналдарда жарияланған мақалалары мен жиналыстарға сөйлеген баяндамаларын ақтарып көрсек деген әуестік туды. Сол ұмтылыспен көз майымызды тауса отырып тағы біраз дерек таптық.

«Тілші» газеті, №12, 1923 жыл, 16 январь, сейсенбі күнгі нөмірінде «Партия тұрмысы» деген тақырыппен Ілияс Жансүгіровтың облыстық партия жиналысында сөйлеген сөзі берілген. Сол баяндамада Ілияс қазақ тілді баспасөз мәселесін көтеріп, оны өркендетудің жеті түрлі жолын ұсынады. Соның екіншісінде: «Жетісуда мұсылманша хәріп тізушілер курсын ашу керек», – деген ұсыныс айтады. Мұндағы мұсылманша хәріп деп отырғаны әрине төтеше  екендігі айдан анық. Осыдан-ақ Ілиястың төте жазуға деген құрметін аңғаруға болады. Ал «Тілші» гәзетінің №106,  1924 жыл, 24 апрель, бейсенбі күнгі санында жазған «Емле жайында» атты мақаласында Ахмет Байтұрсынов реттеген араб әліп-биінің жазылу тәртібіндегі олқылықтарды айта келіп, жалпы қазақ жұртшылығына емлені бірлікке келтіру туралы төмендегі ескертпесін жазады: «...Былтырғы қабылдаған һам жазып жүрген емлені өзгертіп, жазуды оңайлану керек деген жоба кіріп отыр. Мұны қозғаушы Ж. Аймауытұлы (Бұл қазақ газеттерінің бәрінде басылды). Осы күнгі емлені қорғап отырған Елдес. Әзіргі емле мәселесі туралы басты пікір осы екеунікі. Мұны Қазақстанда болатын жалпы қазақ білімпаздарының жиналысы шешеді-ғой деп үміттеніп отырмыз. (Бұл жиналыс осы жазда шақырылмақ. Егер бір көлденең кезікпесе). Сол съезге шейін баспасөз жүзінде емле мәселелері көтерілуі, әркім өз пікірін газетте, журналда жарияламақ. Біздің Жетісудың әр жеріндегі мұғалімдер де емлені негіздендіру, жеңілдету жақтарынан қармап, өз пікірін «Тілшіге» жазғаны жөн болар еді».

Демек, бұл жерде Ілиястың төтеше жазудың жазылу емлесіне деген жанашырлығы мен Жүсіпбек, Елдес сияқты Алаш зиялыларымен пікірлес екенін де аңдап қаламыз. Әрине, Ілияс Жансүгірұлының газет-журналдарда жарық көрген еңбектерінен төтешеге қатысты жазған талай жалынды ойын оқырманның ақыл таразысына салуға болар еді. Осы ретте жоғарыдағы бірнеше дәйекті келтіруді жөн көрдім. Бұл да айтар ойымыздың, алға қойған мақсатымыздың орынды екендігіне жеткілікті.

Ендеше, «Ілияс Жансүгіровтың қолжазбасын анықтаудың қандай маңыздылығы бар» деген сұраққа жауа бере кетейін:

Біріншіден, Ілияс Жансүгірұлының қолжазбаларын төтеше жазумен жазғанын айқындау – біздер әлі аша қоймаған архивтердегі Ілияс мұрасын нақтылауға жол ашады. Өйткені, қазірге дейін Ілиястың көркем әдебиеттегі мұралары жинастырылғанымен, оның әр түрлі қызмет барысында атқарған жұмысы, жиындарда оқыған баяндамалары, жазған хаттары толық жинастырылған жоқ. Бұл алдағы уақыттың еншісіне қалып отыр. Басқасын айтпай-ақ қояын, алғаш рет қазақ (қырғыз) ағарту институтының және қазақ даласындағы бастауыш мектептердің құрылуы үшін Ілияс Жансүгіров көп тер төкті. Бұл жайлы әлі де ешқандай іздеу, зерттеу жұмысы жүргізілген жоқ. Егер әр деңгейдегі архивтерде шаң басып жатқан сол дүниелер ақтарылар болса, Біләл Сүлеев, Қажым Білсінұлы, Шамғали Сарыбайұлы, Қасымәлі Баялыұлы, Рақым Омарұлы, Ауған Ниязбекұлы, тағы да басқа қазақ зиялыларының мұралары жарқырап алдымыздан шыға келері анық. Олардың жазған-сызған дүниесінің арасынан Ілияс Жансүгіровке тән дүниелерді қағып-сілкіп алу үшін Ілияс қолжазбасын тұрақтандырудың бәсі басым.

Екіншіден, Ілияс «Қазақ», «Кедей еркі», «Тілші» газеттерінде Біләл Сүлеев, Шәмей Шынасылов, Сара Есова, Қажым Білсінұлы, Шамғали Сарыбайұлы, тағы да басқа тілшілермен қанаттаса жұмыс атқарды. Осы аталған тілшілердің еңбегі де әлі жинастырылған жоқ. Демек, солардың архивте сақтаулы жатқан мұраларының арасында Ілиясқа тән дүниелер жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Керісінше, олар жазған дүниелердің Ілиястың мұрасының арасында жүруі де мүмкін. Осылардың ішіндегі Ілиясқа тән дүниені талдап алу үшінде ақын  қолжазбасын анықтау керек деп есептедім.  Тіпті, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтың шығармашылық қарым-қатынасы біте қайнасып кеткендігі белгілі (бұл жайлы алдағы уақытта арнайы айтылды). Демек, қос қаламгердің мұраларын қолжазба нұсқасы бойынша қайта қарастыру кезек күттірмейтін жұмыс.

Үшіншіден, қазіргі таңда өткен ғасырдың 1930-1940 жылдар арасындағы қазақ зиялылары туралы «Бірі-бірінің үстінен шағым жазып, қаматыпты, соттатыпты, атқызыпты» деген сияқты неше түрлі жаманат тағылып жүр. Тіпті, бесіктен белі шықпаған жас білгіштер істің байыбына бармай  алыптарға кінә таққыш болып алды.  Мүмкін болса, сол арыздарды солардың қолжазбасы бойынша тексеріп шығу керек. Атышулы арыз бен қойылған қол солардыкі болмай шығуы мүмкін (өз ойым).

... Осы мақаланы жазуға түрткі болған басты себептер осы еді. Қысқасы, Ілияс Жансүгірұлы қолжазбаны төтеше жазумен  жазып, кирилше мен латынға машинканың көмегімен терген деген пікірге тоқтадым. Менің соңғы түйінім осы. Бірақ, бұл туралы зерделі оқырман не дер екен «Ел іші алтын кеніш» дегендей, менің қолыма түспеген қолжазба нұсқасы басқалардың жеке архивінен табылып та қалар. Болып жатса, ортақ іске ой бөліссе, құба құп дер едім.

Осы ретте, Ілиясқа қатысты көрнекі суреттер мен плакаттарға оның төтеше жазумен жазылған қолжазбасының көшірме суретін қосымша қолдануды сұраймын.

Айту бізден, атқару сізден, ағайын!

Жалғасы бар...

Қажет Андас

Abai.kz

9 пікір