Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Алаң 4877 39 пікір 6 Наурыз, 2019 сағат 14:06

Қытай бізге шекара үшін 2 миллиард юань қарыз бермек

Қазақстан үкіметі Қытайдан екі ел шекарасындағы қазақстандық өткізу пунктін жетілдіру үшін 2 миллиард юань, яғни, 100 миллиардқа жуық теңге қарыз алуды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Айлы күннің аманында шекараны бекемдеу үшін көршімізден қарыз алу қаншалықты дұрыс?

2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 164,4 млрд АҚШ доллары болған еді. Енді оған 100 миллиардқа жуық теңге қарыз жамалмақ.

Бүгін Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы Мәжілісте қаралды. Осы келісім бойынша Қытайдың экспорт-импорт банкі Қазақстан үкіметіне Қытай және Өзбекстанмен шекарадағы қазақстандық өткізу пункттерін жетілдіру және техникамен жабдықтау үшін 2,062 миллиард қытайлық юаньді жеңілдетілген несие түрінде бермек.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қытай 20 жылға 2 пайызбен 100 миллиардқа жуық теңге қарыз береді. "Еуразиялық экономикалық одақтағы ішкі шекаралардың қазақстандық учаскелеріндегі өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылымын дамыту қажет. Қазіргі инфрақұрылым өсіп келе жатқан адамдар легін бірқалыпты әрі жылдам өткізуге мүмкіндік бермейді. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы жағдайды айтуға болады. Қазақстан жағындағы өткізу пункті алдында күн сайын 70-300 автокөлік жиналады, олар үш күнге дейін кезекте тұрады", - дейді Смайылов Мәжілісте.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген министр қарызға алынған соманың 70 пайызы өткізу пункттерін техникалық жабдықтау үшін қытайлық құрылғыларды сатып алуға кететінін айтты. "Несиеге байланысты қытайлық Nuctech компаниясынан құрылғылар аламыз. Бұл - өз құрылғыларын 122 елге ұсынған әлемге танымал қытайлық компания. Олардың кеден саласындағы құрылғылары америкалық және еуропалық аналогтардан кем емес, ал бағасы - арзандау. Таңдауымыздың себебі осы болды", - деді ол.

Әлихан Смайыловтың сөзіне сенсек, Қытайдың алдында мемлекеттік қарызымыз жоқ екен-міс, тек кепілдендірілген қарыз 1,2 миллиард долларды құрап отырса керек.

Түйін

Қош! Өткен жылдардағы жерді шетелдіктерге жалға беру дауы тұсында қазақ халқының Қытай экспанциясына деген қарсылығы қатты күшейіп кетті. Ол аз болғандай былтыр Қазақстанның мемлекеттік қарызы соңғы бір жыл ішінде 21,9 пайызға артып кеткенін жазған едік. Жағдай осынлай шиеленісіп тұрған тұста тағы Қытайға алақан жаюымыз ел арасын бүлдіруі мүмкін емес пе? Бізді алаңдататыны осы!

Әділ Берікұлы

Abai.kz

39 пікір

Үздік материалдар