Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Талқы 10219 38 пікір 22 Ақпан, 2019 сағат 12:17

Отпен ойнауға болмайды, Әуке!

Жуырда белгілі ақын Ауыт Мұқибек өзінің Facebook желісіндегі жеке парақшасында түркі халқының бірлігі жөнінде жазба жариялап, онда ұлтын өз еркімен «қазақ» деп жазған түркі ұлтының әр өкіліне азаматтық беру керек деген мәселе көтерді. Біз бүгін сол тақырыпты қаузамақпыз...

Әуелі Әукеңнің пікірін оқып көріңіздер, мархабат...


Ауыт Мұқибектің жазбасы

Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Мағжан Жұмабаев

Сондықтан, Түркінің қара шаңырағы болған біз қандастарымыз ғана емес, бүкіл түрік текті ұлттарға болысуымыз, қол ұшын беруіміз керек.
Түркі баласы бір-біріне үрке қараса, алды-алдына шыққан антұрғанның сақалы құсап, бытырап жүрсе, баяғы сол "Бөліп ал да билей бердің" құрбаны болып қала бермейміз бе?!

Керек болса, ҚР "Азаматтық туралы" заңына толықтыру енгізіп, өз еркімен ұлтын ҚАЗАҚ деп жаздырғысы келетін Түркі тектес ұлттар мен олардың ұрпақтарын жеңілдетілген тəртіппен Қазақстан азаматтығына қабылдауға қорықпай жол ашуыға тиіспіз.

Қазіргі таңда Шыңжаңда саяси қысым астында қалған Түркі баласына Түркі тектес Тəуелсіз Мемлекеттердің мемлекеттік емес ұйымдары тізе қоса отырып, "Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын" негізге ала отырып, болысса, Қытайдың аяғы аспаннан келер еді деп ойлаймын.
Қашанғы бұғып, жалтақтай береміз?!

Мемлекеті бар ұлттың ешкімнен именетін, өзін қор санайтын жөні жоқ! Құлдық сана - құдыққа құлатады.

Қазаққа дүниеге ескі советтік, қытайлық көзқараспен емес, бүкіл түркілік биіктен қарайтын мезгіл əлдеқашан жетті!


Шекарадағы шынжыр сымның бергі бетіндегі біздің басты уайымымыз арғы беттегі ағайынның, ағайын болғанда да қазақтың хәл-тұрмысы, олардың бас амандығы. Уайым шегуімізге себеп те жоқ емес. Қытай билігінің, онда да Шыңжаңдағы шолақбелсенді басшылардың этникалық аз ұлттарға, қазаққа, ұйғырға, дүңгенге, қырғызға, тибетке т.б. жасап жатқан репрессиялық саясаты туралы ақпаратта айтылып та, жазылып та жатыр. Қайталап жатпайық...

Солақай саясаттың салқыны Қытайдағы қазақтарға да тиді. Рас. «Саяси-үйрету лагерлері» деген орталықтарға қазақтардың жаппай қамалып жатқаны туралы деректер, ондағы қамалған ағайынның мұндағы сұраушыларының жанайқайы «Abai.kz» ақпараттық порталында жазылды, жазылып келеді де. Есебіне жетсек кәне?..

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен тартып, құзырлы органдар бұл мәселеге білек сыбана кірісті. Ақырында мемлекетаралық келісімдер жасалып, былтырдан бері Қытайда қамалған ағайындар бірте-бірте босатыла бастады. Оны да көріп-біліп отырсыздар...

Дегенмен, соңғы бір-екі аптада Қытайдағы қазақ мәселесін ұйғыр проблемасымен ұштастырып шешкісі келетін әлде бір топтардың ақпараты пайда болды. Бұл тақырып әлеуметтік желіде әжептәуір талқыға түсті. Пікірлер екіге жарылды.   Ауыт Мұқибектің әлгі жазбасы да дәл осы тақырыптың шуы өршіп тұрған тұста жария болды.

«Платон менің досым, бірақ ақиқат одан қымбат»

Ауыт Мұқибек ол – ақын, қоғам қайраткері. Ауыт Мұқибек ол – қазақ көшінің бозторғайы. Дәл осы шеттегі қазақтың, онда да Қытайдағы қазақтың тағдыры үшін шын мәнінде шыр-пыр болған бір адам болса, ол – Ауыт Мұқибек десек өтірік айтпаған болар едік. Дәл осы «Abai.kz» ақпараттық порталының бетінде «Нағышыма хат» деп мақала жазып, шеттегі қазақтың жанайқайын Президенттің құлығына жеткізген  де осы – Ауыт Мұқибек.

Басқасын айтпағанда, «Көші-қон туралы» Заңның қайта жазылуына бір кісідей-ақ жұмыс жасаған адам. Ауыт Мұқибек ол – «Abai.kz» ақпараттық порталының тұрақты авторы. Ауыт Мұқибек біздің «Abai.kz» порталында көші-қон мәселесі мен шеттегі қазақтың тағдырына қатысты жүзден аса мақала жазды.

Дейтұрғанмен, Ауыт Мұқибектің жоғарыдағы жазбасы жұрттың қызу талқысына себеп болды. Пікіршілердің бір тобы Әукеңнің жазбасынан «Қытайдағы ұйғырды Қазақстанға шақыртудың» астарын көрді. "Қытайдағы ұйғырды құтқару неге қазақтың есебінен жасалуы керек" дедік, бізде. Енді біреулері қолдап жатты.

«Платон менің досым, бірақ ақиқат одан қымбат» деген бар ғой. Иә, Әукең өз пікірін жазды. Пікір болған соң, талқының болуы да заңдылық. Сондықтан біз бұл мәселеге қатысты есім-сойы елге танымал сарапшылардың пікірін сұрап білдік.

Отпен ойнауға болмайды!

Әміржан Қосанов, саясаткер:

- Қазақстан – шартарапқа тарыдай шашылған барша қазақтың ортақ Отаны. Әрбір қазақ Қазақстан азаматтығын алуға құқы бар. Бұл – саяси әрі өркениетттік аксиома. Өзге ұлттар да осындай ұстанымды басшылыққа алып отыр. Бірақ, түп төркініміз бір, тегіміз бір екен деп, азаматтық беру мәселесінде жалпақшешейлік, әсіре кеңшілік танытуды қолдамаймын!

Әлемде бір-бірімен тектес, тілдес, генеалогиясы ортақ халықтар бар. Бірақ олар өз тектестеріне жапа-тармағай, ешбір елеп-екшеусіз азаматтық беріп жатқан жоқ. Түркі әлемі бірлігінің идеясын ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ ол өркениеттік ұстанымды тым тұрпайы қабылдап, осыншама саясиландырудың қажеті жоқ деп санаймын. Отпен ойнауға болмайды! Ұлттық қауіпсіздік, тарихи жауапкершілік деген талаптарды да естен шығармау керек болар!

Қазақ халқы өзі ассимиляцияға ұшырайды, мұндай «болысу» қауіпті

Алмас Жұмағали, заң ғылымдарының кандидаты, PhD:

- Бұл пікірдің екі қырына тоқталғым келеді. Бірінші, «ҚР «Азаматтық туралы» заңына толықтыру енгізіп, өз еркімен ұлтын ҚАЗАҚ деп жаздырғысы келетін Түркі тектес ұлттар мен олардың ұрпақтарын жеңілдетілген тəртіппен Қазақстан азаматтығына қабылдауға қорықпай жол ашуымыз тиіс» - деген пікірге қатысты.

Қазақстан заңы бойынша құжатына кез келген ұлт жазыла салмайды, тек әкесінің немесе шешесінің ұлтын алу керек. Дегенмен, Өзбекстаннан, «қазақ» деп құжат алған қарақалпақ азаматтар бар, сол сияқты дәл осындай жолмен Қытайдан келіп жатқан «ұйғыр» ағайындар бар. Олар да «оралман» мәртебесін иеленіп, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алып жатқаны аян.

Бірақ осы екі оқиға Қазақ елі үшін екі түрлі сипатта: алғашқы Өзбекстаннан келіп жатқан лектен қауіп жоқ. Өйткені, қарақалпақ өзі бір кезеңдерде Қазақстанға қарағанынын, екі елдің тұрмысы мен тілінде айырмашылық жоққа тән екенін, сол сияқты қатты нөпірмен келіп жатпағанын ескерсек, ештеңе бүліне қоймайды. Келген топ табиғи ассимиляция жолымен өздері сіңіп кетеді. Ал Шығыстан күтілетін лек Қазақстанның өзін жоқ етуі мүмкін. Себебі, 21 млн. ұйғыр көтеріле көшсе (мүмкін емес болса да, ықтимал нұсқа), қазақ халқы өзі ассимиляцияға ұшырайды. Қазақ мемлекетінде кіндік ұлт азшылыққа ұшырайды. Мұндай «болысу» өте қауіпті, бұл таза көзсіз альтруизм.

Осы ретте, қытайға жаппай азаматтық берудің салдары туралы «Жас Алаш» газетінің, 2002 ж. 30 наурыздағы санында дабыл қаққан болатынмын. Мына лек келсе, қаупі одан бір мысқал да кем болмас еді. Ал автордың «біз қандастарымыз ғана емес, бүкіл түрік текті ұлттарға болсуымыз, қол ұшын беруіміз керек»  деген пікіріне келсек, оған келісем, бірақ басқаша болыспақ ләзім. Біз, қазақ елі, өзге түркі тектес халықтар, ұйғырдың автономия алуына жәрдем етуіміз керек. Себебі, ол ішкі Қытайдан келетін қытай нөпіріне сүзгі болады. Автономиялық аудан ба, республика ма, аты ғана емес, шын заты бар, шылбыры қолында болмаса да, екі тізгіні қолындағы автономия керек.

Қытайдағы ұйғырлар неге «Қазақстан азаматтығын алуға, қазақ атануға құлықты бола қалды?

Аманқос Мектеп-тегі, төрүктанушы ғалым:

- Ауыт Мұқибек ініміздің пікіріне өзімнің ойымды білдіргім келеді. Төрүктекті ұлыт пен ұлысты рухани біріктіруге мұрындық болып, тарихта аты қалған тұлғалар аз емес. Алысқа бармай-ақ, Қырым татары Ысмағұлбек (Исмаилбей Гаспринский) Ғаспрәлінің «Тәржіман» газетін (1883-1918) шығарып, «Тілде, істе, пікірде бірлік!» ұранын көтеріп, төрүк әлемін рухани жақындастыруға ұшан-теңіз еңбек сіңіргенін тарих ұмыта қойған жоқ. Қызыл империя орнасымен Ысмағұлбек Ғаспрәліні «пантөрүкшіл, панисламшыл» деген жала жауып, Бақшасарайдағы мәңгі байыз тапқан зиратын трактордың шынжыр табанымен таптатып, ұлы тұлғаның сүйегін жер бетінен сүріп тастады.

Күллі төрүктің басын қосып, дұшпанынан қорғануды Алаш арыстары да мақсат етті. Бірақ олардың ұлы мақсатын төрүктекті ұлыт өкілдері қолдау жасауға ол дәуірде де батылы жетпеді. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының мақсат, мүддесін қырғыз ағайындар қолдап, бір сапта болды. Егер сол тұста төрүктекті басқа ұлыт өкілдері арасында бір-бірін қолдау жасайтын саяси-экономикалық одақ болғанда, бәлкім, өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ халқының басына түскен зор апаттан аман қалар ма еді?!

Мұстафа Шоқайұлы да Ұлы Түркістан мемлекетін құруға бүкіл саналы ғұмырын сарп еткені мәлім. Бұл ретте қазақ ұлыты өзінің төрүктекті ұлыт пен ұлыс алдында ары таза.

Ал енді басына іс түскенде Қытайдағы ұйғырлар неге «Қазақстан азаматтығын алуға, қазақ атануға құлықты бола қалды?».

Неге өзбек, неге түрікмен, неге түрік, неге қырғыз азаматы болуға ұмтылмайды?! Бауырлас халық болғанмен «еңбек ет те - міндет ет» дегендей ол үшін де тарихи еңбегі сіңуі тиіс. Бұл - бір.

Екіншіден, Төрүктекті ұлыт пен ұлыстың мызғымас бірігуі бірден бола қалатын үдеріс емес. Ол үшін төрүктекті мемлекеттер арасында бұл бағытта кешенді саяси-мәдени бағдарлама қабылдануы лазым.

Үшіншіден, төрүктекті ұлыт пен ұлысқа ортақ ежелгі руникалық жазу дәстүрін қалыптастыруға күш салу ауадай қажет. Бұл арқылы төрүктекті ұлыт пен ұлыс өзінің тарихи-рухани тамырынан нәр алып, Тәңір берген этникалық табиғи болмыс-бітімін, тарихын қалпына келтіреді. Өйткені төрүктекті ұлыт пен ұлыстар бірнеше ғасыр бойы жат жұрттың ықпал-әсерінде өмір сүрді.

Мемлекеттігін жоғалтпаған Түркия түрүктерінің өзі шектес мемлекеттердің рухани әсері мен ықпалына ұшырады. Сондықтан күллі төрүктекті ұлыт пен ұлыстың «араб лигасы», «евроодақ» сияқты саяси-экономикалық, әскери-қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, рухани-мәдени жақындасуы мен дамуына біртұтас кепілдік беретін мемлекетаралық одақ құрылса, төрүктекті ұлыт пен ұлысқа қатысты бар мәселе шешілер еді деп ойлаймын.

Төртіншіден, Қытайдағы өзінің атажұртында мекен еткен қазаққа мемлекет тарапынан ашықтан-ашық қысым жасап, нақақтан қуғын-сүргінге ұшыратып, зәбір көрсетіп отырғанда Қазақстан билігі мемлекеттік стратегиялық нысандарды, кен орындарын, мұнай-газ кеніштерін, сирек кездесетін металл қорларын Қытайдың ұзақ мерзімге игеруіне беріп салықтан босатуы ұлыттық қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздігімізге үлкен қауіп төндіреді. Ең сорақысы біздің еліміздегі жұмыс таппай, шаққа жүрген азаматтарды салық төлеуге міндеттеуі ешбір ақылға қонбайтын іс. Сөйтіп, мемлекетінің байлығы өз халқына бұйырмаған, ұлан-ғайыр жерінен әр азаматқа тиісті телім жер үлесін алуға мүмкіндік бермеген, баспанасы жоқ, әлеуметтік тұрмысы өте төмен қазақ халқының Қытайдағы қандастарымызға қол ұшын беруге шамасы келмей отырғанда, ұйғыр бауырларға азаматтық берейік деуді қалай түсінеміз?.. Қазақстан билігінің дәрменсіздігі мен ұлыттық ұстанымының солқылдақтығы мұндай мемлекетаралық іске тәуекелдік етуі екіталай. Өз халқына жасай алмаған жақсылығын біреуге жасайды дегенге сенім шамалы.

Сондай-ақ, Қытайдың төрүктекті азшылыққа жүргізіп отырған зұлым саясаты мен озбырлығын көзімен көріп, басынан кешкен Сайрагүл Сауытбай қарындасымыздың бөлініп қалған бала-шағасы, отбасына қосылу үшін жанкештілікпен шекара сызығын кесіп, атажұрты, отанына жеткенде кеудесінен итергендей биліктің Қазақстан азаматы балалары мен некелескен күйеуіне қосылуына құлықсыздығынан да түсінгенге астарында не сыр барын аңғару қиын емес.

Патриотизм дұрыс, бірақ ол үшін де құр демагогия емес, мемлекеттік қолдау болуы шарт. Қысқасы, біздің биліктің саяси ұстанымы бай мемлекет бола тұра біреуге саяси-экономикалық кіріптарлыққа алып келуі, халықаралық деңгейде мемлекеттік ұлыттық беделімізге зор нұқсан келтіріп тұр.

Пкірлерді топтастырған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

38 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1274
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1164
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 905
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1032