Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5404 22 пікір 20 Ақпан, 2019 сағат 14:01

Өмір сүру сапасы бойынша 71 мемлекеттің ішінен 69 орында тұрмыз

Қазақстан өмір сүру сапасы бойынша 71 мемлекеттің ішінен 69 орында тұр. Бұл туралы бүкіләлемдік Numbeo деректер жүйесінің сараптама мамандары жариялады. Олар рейтинг жасау барысында халықтың сатып алу индексі, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, өмір сүру сапасы тағы басқа бірнеше критерийлерді назарға алған. 

Мамандар зерттеуіне сәйкес, өмір сүру сапасы ең жоғары мемлекеттердің үштігіне Дания, Швейцария, Финляндия кірген.

Бүгінде бұл мемлекеттердің экономикалық өсімі бүкіл әлемді қызықтырып отырғаны белгілі. Мәселен, Данияда жан басына шаққандағы ЖІӨ  57 070,3 АҚШ долларын құрайды. Сөйтіп, ЖІӨ бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Ондағы 100 отбасының жартысынан астамы өз меншігіндегі үйлердің егесі.

Ал, Швейцарияда жұмыссыздық деңгейі 2,9% -ды құрайды. Ондағы ЖІӨ-нің 70% і қызмет көрсету саласынан келетін көрінеді. Сондай-ақ, олар бүкіл әлемге ең төменгі пайыздық мөлшерлемеге ие Ұлттық Банктерімен белгілі.

Салыстырмалы түрде қарасақ, аталған екі мемлекетте де табиғи ресурстар мен минералдар  жоқ. Соған қарамастан, олар экономиканы сауатты жүргізудің нәтижесінде осындай көрсеткішке жетіп отыр. Ал, Финляндия білім беру мен денсаулық сақтау саласында ең көшбасшы елдер санатында.

Numbeo жүйесінің сараптама мамандары ең төмен сатыдағы үштікке  Қазақстан, Иран, Египет мемлекеттерін орналастырған. Иран мен Египеттің экономикалық ахуалы қандай екені қайдам, бірақ, біздегі жағдайдың мәз емес екені рас. Мәселен, Еуразиялық экономикалық комиссиясының мәліметінше, 2018 жылдың мамыр айында Қазақстандағы жұмыссыздар саны 65 % болған. Яғни, біздегі тіркелген жұмыссыздар саны  1 млн адамды құрайды.

Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан экономикасы өте қиын жағдайда қалғаны рас. Мәселен, 1994 жылы өндірістің құлдырауы 28% болса, бір жылдан кейін 45% ке дейін жеткен. Бұдан соң, Қазақстан Үкіметі 1996-1998 жылдарға арналған бағдарлама қабылдайды. Алайда, ол бағдарлама нәтиже берген жоқ. Себебі, ондағы жекешелендіруді аяқтау, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, ауылшаруашылығында қосымша шаруашылықтар құру деген жұмыстар орындалмаған.

Бір жылдан соң, Президент Н.Назарбаев “Қазақстан - 2030” атты жолдауын жолдайды. Ол бағдарламада ел экономикасын дағдарыстан шығару мен Қазақстанды  дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы мемлекеттер тізіміне қосу жоспары болды. Бұл бағдарламаның нәтижесінде тек 2000-2002 жылдары ЖІӨ жиынтық өсімі 35,5 құрайды. Айтпақшы, сол жылдары “Қазақстан барысын” қалыптастырудың да жаңа бағдарламасы ұсынылған болатын.

Одан кейін де мемлекет тарапынан бірнеше бағдарламалар қабылданып жатты. Бірақ, солардың нақты нәтижесі халыққа әлі белгісіз. Мәселен, 2002-2005 жылдары «Ауыл жылы» атты бағдарлама қабылданды. Алайда, ауыл жұрты оның да оң  нәтижесін көре алмады. Керісінше, бүгінде әр өңірде бірнеше ауылдар жойылып, жойылмағаны өлместің күнін кешіп отыр. Былтырғы жылдың өзінде министр Әбілқасымова солтүстіктегі 40-қа жуық ауылдың жойылатынын айтты. Ал, жойылған ауылдардағы жердің тағдыры не болатыны тағы белгісіз?

Сондай-ақ, шалғай елді-мекендерді ауыз сумен қамтуға тиіс «Ақ бұлақ» бағдарламасының да соңы не боп кеткені түсініксіз...

Түйін.

Әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін қанша бағдарлама қабылданып, оларға қанша қаржы  жұмсалғаны белгісіз. Және, нақты нәтижесі де айтылмайды. Сондай-ақ, Қазақстанның сыртқа экспортталған өнімдерінен халықтың қазынасына қанша пайда түсіп, қандай мақсаттарға жұмсалғаны да жұмбақ. Алайда, мұның барлығының есебі берілу керек. Және, кеткен кемшіліктер де ашық айтылып, қоғам талқысына салынса, қателіктерді түзетуге мүмкіндік болады. Ал, халықтың жағдайын жақсартамыз деген құрғақ уәденің уақыты әлдеқашан өткені анық.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар