Жұма, 17 Мамыр 2024
Әне, көрдің бе? 6453 16 пікір 6 Ақпан, 2019 сағат 12:06

Шаханов жырындағы мазмұнсыз музыка жайы...

XXI-ғасырдың рухани реформаторы атанған алаштың азамат ақыны Мұхтар Шаханов қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінеде өзіндік орыны бар дара тұлға. Кез-келген тақырыпта жырласа да өзгеше ой айшығымен, өзіндік жаңашыл легімен жырлайтын ақын қоғамдағы проблемаларға азаматтық үн қатып, оны өлеңінде де өзгеше өректей біледі. Шаханов поэзиясы шыншылдығымен ат үстінде ақсарбастап ұран тастап тұратын рухтығымен де ерекше. Бүгінде қоғамдағы әр түрлі ұлтымыздың болмысына, руханиятымызға доғал келетін  проблемалардың барлығы дерлік ақын шығармашылығынан сырт қалған емес.

Өлеңдерінің даралығының себебі ұйқас қууға немесе сыртқы жылмағай сәндігіне емес, ішкі мазмұнына мән беруінде деп ойлаймын. Себебі Шаханов өлеңдерінің құрылымы да, мазмұны да басқа ақын-жазушыларға мүлде ұқсамайтыны белгілі. Ұлт, отан, тіл, адам бойындағы ізгілік пен қазіргі заман адамының бойында мінез болып қалыптасқан мінезсіздік қасиеттерін кестелі жырында келістіре жырлайды.

Шаханов поэзиясындағы көтерілетін тақырыптардың бірі кейіңгі кезде қатты белең алып бара жатқан батыстан келіп  жатқан  немесе өзге ұлттың арзан әуендеріне еліктеушіліктің кесірінен шығып жатқан өз ішіміздегі жеңіл музыкалар. Қоғамдағы кез-келген проблемаларға үн қату ақынның азаматтық міндеті. Ақынның осындай тақырыпқа қалам тартуы орынды нәрсе. Себебі Мұхтар Шахановтың қазақ вальсінің каролі атанған Шәмші Қалдаяқовпен бірігіп жазған әндері ұлтымыздың музыка саласындағы өміршең әндері дүниеге әкелуге себепкер болды. Ақынның сазгерлік қыры да елімізге өте жақсы таныс. Оның «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» атты әндері жұртшылық жатқа білетін әндер саналады.

Музыка адамның жан дүниесін емдейтін ерекше сиқылы күшке ие екені белгілі. Ал егер ол тым жеңіл ойнақы, ойландыруға мұрша бермейтін болса, адамды адамдық қалыбынан шығарып жіберер қара күшке ие екені де даусыз.  Бұл өз кезегінде сол ұлттың ұлттық болмысын әлсіретіп елін сүю, отбасын қала берді адам бойындағы ізгілік атаулы сезімдерін  төмендетіп жібереді. Ал адам мемлекеттің басты байлығы болса осындан-ақ  ол мемлекеттің күш-қуатының қандай екенін байқау қиындық тудырмайды. Себебі адам рухының күшті болуы сол мемлекеттің тәуелсіздігінің бірден-бір баяндылығы десек артық айтпаспыз.

Қазіргі ақпарат ағымы заманымен заңдылықтай жарыса қаптаған жеңіл әндер ақын өзі айтқандай: «Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға» деуі қазір мазмұнды нәрселердің азайғаныда, жасандылықтың көбейгеніде белгілі жағдай.

Үшінші сынып талғамы көлемінде

Өзі жазып әнінің өлеңін де,

.....................................................

Сырттай Ақан сері дерсің,

Сәл тыңдасаң зерігесің...

Телеарнада, радиода зор батылдық білдіріп,

Ертелі-кеш ыңырсиды,

Ерке әншідей қылымсиды,

Сазды үн жоқ, мазмұны жоқ талай бидай-былдырық,

Әуенінің табиғилық бет-болмысын сындырып.

Мәнсіз әндер қайталанар таңертең де, кеште де.

Ақша берсең жетіп жатыр,

Мүгедек ән өтіп жатыр,

Қазір бізде қалмаған ғой сатылмайтын ештеңе?![1, 179]

Иә, шындықты қабылдау үшінде адамның адамилық мінезі алға тартып тұру керек шығар. Әйтпесе ақынның бұл өлеңінің қанат жайғанына да біраз уақыттың жүзі болғанымен құлақ асар жандардың табылмай тұрғанын қоғамдық көріністерден күнде байқаймыз. «Сазды үн жоқ, мазмұны жоқ талай былдыр былдырық» расымен де турасын айтқанда қазіргі талай заманауи әндерге берілген дәл баға осы.

Бұл заманның мақтанышы, басты даңқы аталған,

Жеңіл әндер орын алды ең бірінші қатардан.

Жұрт қуана тамсанатын,

Билеп жүріп қол соғатын,

Тіпті «Зың-зың» және «Зу-зу» деген атпен ән шықты.

Мән-мазмұнға құлықсыздық,

Шектен шыққан құлыпсыз рухсыздақ,

Қалың елдің ой-санасын құлдыратты төменге,

Ессіз әндер қасіреті шықты дара кемерге...[2]

Қазіргі қоғамда мойындамасқа болмайтын шындық болса, ол арзан әндердің, жеңіл өнердің қоғамға жоғары деңгейде өтіп тұруы. Бұл өз кезегінде ұлттың сапасын түсіруге бағытталған бірден-бір салынған сара жол. Себебі музыка адам тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Күнделікті өмірде, қоғамдық орындарда болсын көлік ішінде қосылатын әуендер болсын   70-80%  өте мазмұнсыз әуендер екені белгілі. Бұл біздің қазіргі рухани деңгейіміздің көрсеткіші. Даңғаза әндер сәнге айналып тұрған заманда адамның ойлау қабілетінде тежелу болады. Уақыт өткен сайын арзан музыканы жарнамалау көбейуде. «Кез-келген ұлтты жаулап алу үшін алдымен музыкасын қара»  деген тәмсіл бар емес пе?. Тіпті әлемге белгілі саясаткерлер, өзінен әлсіз елдерді жаулап алған соң, олардың қайта бас көтермесі үшін, сол ұлтты құрайтын адам мінезін мәңгүрттендіру үшін жеңіл ойландырмас әуендерді күнделікті жиі тыңдату арқылы жан байлығын саяздандыру саясатын ұстану керектігі жайында ой ұстанған. Бұл жөнінде ақын:

Енді қайттік, даңғой күштер ұлт мазмұнын кесе ме?

Осы арада бұғып жатыр бір қауіпті мәселе:

– Ұлы әміршім, жеңіс жеңіс болар ма екен жеңгенге,

Егер біздер бағындырған жауымызды аясақ?

Шығыстағы жаулап алған елдерге,

Қолданамыз қандай дара саясат? –

Деп Гитлерден сұрағанда,

Ойдан мазмұн құрай кеп,

Оған Гитлер жауап берген былай деп:

– Ол халыққа күндіз-түні тек музыка берілсін,

Жан тынысы жеңіл ырғақ, жеңіл әнмен өрілсін.

Ойлануға және кітап оқуға,

Ойдағысын санасына тоқуға,

Жол бермеудің мүмкіндігі жан-жақты қарастырылсын,

Бар қимылы пайымсыздықпен таластырылсын...

Біздерге тек рухани саяз күштер қолайлы,

Рухани саяз адам, –

Өзін ылғи бақытты адам санайды!

Міне, қызық, Гитлердің осы арман – талғамы,

Үлкен жеңіс иеленіп, күллі әлемді шарлады. [1,180]  деген өлең жолдарында ұлттың рухын әлсірету үшін тілден бөлек жеңіл әндердіңде зардабы орасан зор екенін байқауға болады. Бұны әлемге әмірі жүріп тұрған елдерде өзінен әлденеше әлсіз, шағын мемлекеттермен, ұлттарға жымысқы саясатпен іске асырып отырғанында әр кез ел ағаларымен, белгілі саясаткерлердің аузынан естіп қалып жататын жайымыз бар. Ақын осы өлең жолдарында ҰОС бас жауызына айналған Гитлер егер жарты әлемді жаулап алғанда, қол астын да бодан болар ұлттарды музыканың қиратқыш, сиқыр күштерін пайдалану арқылы саяз ойланатын, ұлт қамынан қарын байлығын жоғары қоятын мәңгүрттерді шығару туралы ойын өлеңінде өрнектеп береді. Бұл әрине үстем ұлт үшін әлде қайда пайдалы екені белгілі. Себебі рухани саяз адам мемлекеттік мүдеден қарағанда мінезсіздікті артық көретіні анық жай.

Бүгінгі замандағы есер әнді есірте жырлаған  жастардың көбейуі ақын жанын алаңдатпай қоймайды. Себебі ел ертеңі жастар десек "болашағымыз қандай болады?" деген  күдік аралас заңды сауал туындайтыны анық. Бұған ақын ғана емес қоғам болып тосқауыл қоймаса ұлтымызға тиетін кесапаты үлкен.

Жеңіл әуен адам мінезінің көрсеткішіне айналып жеңіл киінетіндер сол арқылы қоғамға имансыздықтың таралып бара жатқаны жасырын емес. Әдепсіздіктің белең алуы бұл біздің қазіргі рухани мінезіміздің қай дәрежеде екенін көрсетеді. Ойлап қарасақ барлығы тек жеңіл әуеннен шығып тұрғанын байқауға болады. Осындайда ұлы Абай айтқандай: «Әнніңде естісі бар, есері бар» деген сөзі заманымызға сай айтылғандай. Себебі «Супер келіншек», «Пах-пах...», «Зың – зың», «Қайда», «Айыптама мені», «Аспанға қараймын» сынды әндердің шамандан тыс көбеюі бүгінде ұлт рухын шаршатты. Мәтіндеріне қарасақта:

«Анда барам жоқ, жоқ,

Мында барам жоқ, жоқ» деген сынды  ешқандай мән-мағынаға, ешқандай ой түйетін емес, жалаң сөзге құрылған әуендер адамның ойын ұрлау да. Ақын жырларында осындай жеңіл әндердің шамадан тыс көбейуі ұлт рухын әлсіретіп кететін жайында ой түйеді.

Жеңіл ырғақ, жеңіл әндер болып дара мақтаны,

Жердің бетін «рухани саяз адам» қаптады.

Біздің ел де музыкалық қиратқыш күш торында,

Ойсыз, мисыз жеңіл әндер шықты басты орынға.

Жүрміз бе біз Гитлер айтқан,

Халық сорын күйттеп айтқан,

«Рухани саяз адам» көбейтудің жолында?

Бұдан елді алып шығу, кәне, кімнің қолында? [2]

Ақынның әр сөзі өлеңіндегі ішкі мазмұн барлығы дерлік ащы да болса бүгінгі қоғам бет-бейнесі. Саясаттың өзі жылмаң жүріспен жүретінін ескерсек, қоғам ішінене қайралып шығар қайраткерлердің артар жүгі ауыр болмақ. Өгізді де өлтірмей, арбаныда сындырмай осындай бір қарағанда түкке тұрғысыз болғанымен зардабы орасан болатын шимай-шатпақ істерге министірлік мінбеден, үкімет үнімен «әй тәйт» деп тиып тастар бір көкенің керек болып тұрғаны жасырын емес. Қой дейтін қожа болмағасын шоу бизнес деп шала әндерді жазып халық санасын арзан дүниемен алдап, рухани білімінің әлсіреуіне тікелей жол ашуда. Музыкаға қарап сол елдің мінезіне баға бергенін ескерсек қазіргі біздегі мінездің «Зың-зыңға» қарап салмағын да айтуға  болғандай. Тіпті болмысы қазаққа ұқсамайтын әншілер мен жартылай жалаңаштанар өнер иелерінің  көбейе түсуі бұл  ұяттың деңгейінің көрсеткіші.

Музка күш қуатын тексеріп бүгінде алпауыт елдер ғылым жүзінде дәлелдеп қойғаны қашан. Адам денесінің 70-80% судан тұратынын ескерсек, ал су дыбысты жоғары деңгейде қабылайтын зат. Осыдан-ақ музыка мазмұнды болса адамға берер тағылымы мол, ал даңғаза музыка адамды адамилық арнасынан алыстатып, мәңгүрттік мәнсіздікке қарай сүйрейтіні белгілі. Тіпті жан-жануардың өзі музыкаға елеңдейтінін, қарапайым ат бәйгелерде жылқының өзі қосылып тұрған әуеңге тыпыршып билеп тұрғанын сан көрдік. Ақын айуанның өзін де даңғаза музыка табиғи арнасынан алыстатып жіберетінін өлеңін де:

Грецияда, Пелопоннес аралының қасында,

Қанша ғалым зерттегенде, яғни сынып көргенде,

Музыкалық қиратқыш күш алға шыққан сол жерде.

Әр ырғағы рухсыздыққа, ойсыздыққа тәуелді.

Дабырлата қойған кезде кілең жеңіл әуенде,

Дельфин біткен шалқып билеп, бар күшімен секіріп,

Табиғи өз қозғалысын санасынан кетіріп,

Жүзден астам дельфин мәңгі босаңғандай шідерден,

Өзін тастақ жағалауға лақтырып жіберген...

...........................................................................

Даңғыр әуен өрекпісе сан дыбыстан құралған,

Адам түгіл дельфинді де ол арнасынан шығарған.[1,180] иә орынсыз музыка тәрбиесіздікке, табиғи арнасынан кез-келген жан иесін қайтарып, рухани таяздыққа  бастау болатынын осы өлең жолдарынан көрініп тұрғаны анық.

Тұтас бір дәуірді әнімен тербеген саңылақ сазгер Шәмші Қалдаяқов  сынды  өнер майталманының әніне қоғам шөлдеп тұрғандай.  Бүкіл қазақ жұртының вальс каролі атанған Шәмші әндері өміршеңдігімен заманын  тербегені белгілі. Әлі маңызын жоймаған есті әндер естір құлаққа естілігімен жүрек пернесінің нәзік қылдарын шертетін, сезімге толы сыршылдығымен ерекшеленген, нағыз қазақ халқының мазмұнды музкалар қатарынан орынан алған өнер туындылары. Әйтпесе бүгінде ақын айтқандай «сәл тыңдасаң зерігесің» демекші ертеңге жетпей ұмытылар жеңіл әуендер мөлшерден тыс көбеюі қоғам руханиятының төмендеуіне жоғары деңгейде әсер етуде.

Ақынның «Жеңіл өнер, ол да өзінше қаскүнем» [3,53] деуі жеңіл әуен жайлы ойы одан сайын бекіте түскендей. Иә ақын музыка саласына мүлде опозициялық көз қараста емес.  Мұхтар Шахановтың:

Халық әні –

Азаттық пен қиялдың

Самалы ғой......... [4,98] деуі біздің ұлттық музыкамыздың тереңдігіне сүйсінетінін ұлттық музыкамыздың мазмұнына берілген анық баға. Халық әні деп сол халықпен жасайтын өміршең әндерін айтса керек. Ендеше мәнді мағыналы әндерді көбейтіп олардың мәңгілік жасауы үшін министірлік тарапынан белгілі дәрежеде тексеріс қажет.

Қорта келгенде Елбасы жолдаған «Рухани жаңғыру», немесе «Ұлы даланың жеті қыры» деген бағдарламаларына қарама-қайшы келетін ел ішіндегі осындай руханиятымызды жүдеттетін жайттарды алдымен жою керек деп ойлаймын.  Елдің рухын көтеру үшін қазіргі шығып жатқан музыкаларымызға да мән бере кетсе артықтық етпес. Тіпті, әуен сапасын тексеру арқылы ғана тыңдармен тарапына  өткізсе құба-құп. Олай болмаған жағдайда ессіз музыка қиратқыш күш жағынан ел талғамын таяздатып құрдымға тарта бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұхтар Шаханов. Сүймегендер сағынбайды. Алматы, 2014.
  2. https://qazaquni.kz/2018/05/05/
  3. Мұхтар Шаханов. Жұрт жатқа айтып жүрген жырлары. Алматы, 2011.
  4. Мұхтар Шаханов. Дәуір дастандары. Алматы, 1993.

Медет Қайырғазыұлы Рақымбаев

Abai.kz

 

16 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2119
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2234
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1634