Сенбі, 4 Мамыр 2024
Өмірдің өзі 4641 0 пікір 30 Қаңтар, 2019 сағат 08:55

Шарасыздық пен бейқамдық

Бәкеннің Астанадан келгені бүгін ғана еді. Түні бойы жолда жүріп шаршағанын жанындағыларға көрсеткісі жоқ. Керісінше, «Қалай да өсем, болам» деген намысын одан сайын қамшылайтындай. Кейде өз бетімен оңаша қалғанда маза бермейтін арман ойлар, кино лентасындай сырғып өткен жарқын естеліктері отағасын қиял түкпірінің алыс бұрышына жетелеп, құс төсекке шалқая бергені сол еді қалта телефоны безілдеді... Әр жағынан шарасыздықтан баз кешкен мұның жайына алаңдаған бәйбішесі шырылдап жатыр:

- Сол баяғы өлген сиырдың жыры ғой... Албасты басқырды қыңқ дегізбей, Байекеңнің есігінің алдына байлап кеткенің аз болған екен. Не еселері кетті деп ойлайды осы біздерде, не істе дейді екен сонда?! Өй, мына бір жүгірмектер де тыңдаусыз кеткен, бала құсап бір ойнауды білмейді. Бер деймін телофонын әкеңе!...

Бұл ептеп орнынан тұрды да «Қоя қойыңыңдаршы, бір нәрсе қылып шығармыз, мен тұрғанда саспаңдар» дегендей кеудесін тік көтеріп, келгендегідей емес, әп-сәтте кейпін өзгертіп алды.

Таң бозарып атып келеді. Бәкен жолсапарға дайындық үстінде. Күн тәртібінде шаруа қожалық өкілдері мен жергілікті тұрғындардың жылдағы кездесуі. Мұның негізгі қызметі малдәрігері болғанымен ептілігін байқаған қожалық иесі – Баймырзаның  араластырмайтын шаруасы жоқ. Ақыр аяғында ауылдық кеңеспен бірлесіп шешетін жиналысты да бұған жүктеп қойды.

Ептеп орнынан тұрды. Жуынып-шайынып, асүйге беттеді. Жатар алдында сары бәйбіше қамдаған оны-пұныны жәукемдеп, жолға дайындалған киім-кешектерімен әуре боп жатқанда қалта телефоны безілдеді. Жиналыс өтетін Киров ауылының инженер-электригі екен:

- Бәке, клубқа тоқ тартылды, жаңа трансформаторды ана жерге апаруға бастық рұқсат бермеді. Баяғыша ептеп жалғаған болдық...

- Дұрыс болмады, бастысы жарық бар дейсіңдер ғой. Жылы болса бопты онда. Малшылар кешегі сиырды не істейтін болды?

- Мал болмайтынын өз көзіңізбен көрдіңіз (Электрик болғанымен мұның да араласатын жері осы боп тұр. Бәкеннің бастығынан алған тәжірибесі-ау).

- Енді... көз байлана соя берерсіздер... Байланыс аясы үзілді. Әйткенмен, жағдайдың шет жағасы біршама пысықталып қалған сияқты болды.

Сағат ондардың шамасы. Ауыл алқасы әлдеқашан шақырылған. Төрде ауыл әкімі Қопаш пен Баймырза. Оларға жағалай жанай жайғасқан Бәкен мазасызданып бет орамалына қол жүгірте береді. Ойынан кешегі қара сиырдың халі кетер емес. «Қап, обал болатын болды-ау бейшара жануарға!» - деді іштей күбірлеп.

Түс қайта бастаған шақ еді. Бұлар жанында ауылдың агрономы бар шөп науқанын қалайда аяқтап, орақтың жағдайын ақылдасып тұрған. Есіктің алдында самаурын бұрқырап қайнап жатыр. Отағасы Оралханның келіншегі Жамал үй мен жер ошақтың арасында зыр жүгіріп жүргенін аңғару қиын емес еді. Ана жақта бір топ бала алаңсыз доп қуып әлек. Оралхан  шекпенінің төс қалтасынан  «Қазақстан» сигаретінің қорабын алып шықты да ішінен екі тал темекі алды, бірін бұған ұсынды. Үсті басы абажадай боп, тісі ақсиып, тілі салақтап үй иесінің жанынан бір елі қалмайтын сары төбет құлағын тіктеп әлденеге елеңдеді. Қақпа сыртындағы шу естілген жаққа абалап жүгіре жөнелді. Бұлар дуалдың есігінен Жарқынның сұлбасын көз шалды. Үшеуі  мал базасына барып, қара сиырдың зорға тұрғанын сонда көрген еді...

Кеше ғана көз алдында орын алған осы жайды еске алып  отырған Бәкеннің ойын жиында жарыссөз алғандар бұзды:

- Мектептің жайы не болғалы тұр екен, оқу жылы болса басталып кетті? Қойма біткен отын-судан бос тұр...

Мектеп директоры Сағидың уәжіне үйреншікті әдетпен самарқау қарап, ел ағаларының пысқырмай келе жатқанын осы тұстан тағы да аңғаруға болатындай еді:

- Қашанғы түсіндіре береміз сіздерге? Болады дедім ғой, болады. Байекеңнің амандығын тілеңдер одан да...

Әкімнің жауабы әлгіндей қысқа да нұсқа. Сары уайыммен баз кешіп отырған Бәкеннің жиналыстан есінде қалғаны осы жай. Ауыл кеңесі таратылып, қожалық мүшелері жеке қалған кезде Баймырза өршелене түскен:

- Мал-мүліктің қамын осы бастан ойластыра беріңіздер. Бастан келер жылға мол шығын болмауын қадағаларсыздар. Уақытында мал азығын  қамдап алған сияқтымыз, так, жаман емес... Әлгі есепші қайда жүр. Жұмсап жібере қойсаң ылғи осы...

Қараптан-қарап көңіл-күйі сілтідей тағы бұзылған тәрізді. Жоқ, сабырға келе бастады:

- Алдағы орақ науқанына дайын шығармыз деп ойлаймын, - деді бұған енді тесірейе қарап.

- Әрине дайынбыз, тек ауа-райы құбылмаса науқанды ертерек аяқтауға техникамыздың қауқары жетеді...

Шаруа барысын одан әрі жалғай бергенде ішке аласа бойлы, арықша келген ауылдың маңдайалды механизаторы Төкен кірді. Іле-шала техника торабының бір-екі маманы мен шаруашылықтың есепшісі Ғалым да жетті. Шикіл сары, қоңқақ мұрынды Асқар бригадир рұқсат сұрағандай ишара білдіріп, қолын көтерді. «Айтарымды айтып алайын» деп осы үзілісті пайдаланды ма екен ептеп орынан түрегелді:

- Басеке, рұқсат болса жол жүргелі жатыр едім...

- Ойбай-ау, не болды бүгін бәріңді қара басып?

- Қара басқаны сол, ауылда енем қайтыс болып...

- Осындай қара таласқанда неге қайтады екен...? Қалай барасың қыруар шаруаны тастап?

Бәрі шарасыз қалған бригадирдің жүзене бір, мысы еліре басып отқан басекеңнің бетіне бір қарап түк түсінбегендей болды. Сөз осымен бітті. Жағдай пысықталды. Жиналыстан шығып бара жатып Бәкеннің қалта телефоны тағы безілдеді. Хабарласып тұрған манағы ауылдың электригі:

- Жарқын, сенбісің? Қазір барамын союға дайындай беріңдер, - деді бұл мән-жайды тез байқатып. Жиналыстан шығып діттеген жеріне бұл да жетті, Баймырза да бұлардың үстінен түскендей болды. Бурадай буырқанып екі көзі атыздай боп кеткен:

- Менің рұқсатымсыз не істегелі тұрсыңдар?

- Жігіттер ескерттік деп еді сізге. Бұдан хабарыңыз жоқ па еді, аға?!

- Өздерің менімен жұмыс істейсіңдер ме, жоқ істемейсіңдер ме?  Ақылдасып шаруа істеуді қойғансыңдар түге... Кетем десеңдер рұқсат. Ұстамаймын...

Ашуға бой алдырғанда Байекеңнің осылай аузы басынан түкірігі шашырап не айтып, не қойғанын білмей қалатыны бар. Көңілді сәтінде бұдан уәдешіл адам жоқ шығар. Басыңды қу сөзбен алтынмен қаптап қоятынын қайтерсің?!

Сөйтіп кәрі қара сиыр сойылмаған күйінде арам қатты, таң ата алыс ауылдағы жиынға өз көлігін тастап Бәкенмен келген Баймырза біреудің атына мінгесіп үйіне жетті. Ендігі ерегіс-тартыс Бәкенмен болмақ...

Айбек Жүзбай

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1090
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 987
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 726
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 841