Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 10243 43 пікір 21 Қаңтар, 2019 сағат 04:42

Чжан Сяо. "Бүкіл Қазақстан қытай тілін құлшына үйреніп жатыр"

Өткенде ҚХР-дың еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо «Бейжің сарайы» қонақүйінде Қытайда білім алған қазақстандық студенттерге арналған жиында: «Президент (Нұрсұлтан Назарбаев – автор) қытай тілін үйренуге кездейсоқ шақырған жоқ» (Елшінің бұл ақпаратты қайдан алғаны түсініксіз. Елбасы қытай тілін үйренуге ешкімді де шақырған жоқ. Тек стратегиялық тұрғыда бұл тілдің маңызы бар екенін атап өтті) дегенін жазып, елшінің бірді екі деп қоса сөйлегеніне наразылық білдірген едік. Сөйтсек, біздің білгеніміз бер жағы ғана екен. Елші мырза өз елінде көлдей мақала жазып, бүкіл Қазақстанның қытай тілін құлшына үйреніп жатқанын айтып, сүйіншілеп тастапты.

Алдымен Чжан Сяо мырзаның қазақстандық студенттермен кездесуде айтқан сөздерін еске ала кетейік. Дипломат ол кезде «Президент (Нұрсұлтан Назарбаев - автор) қытай тілін үйренуге кездейсоқ шақырған жоқ. Енді Президент тапсырмасын орындау мақсатында біз Қазақстанда алтыншы Конфуций институтын ашу жағын ойлауымыз керек. Қазіргі уақытта Қазақстанда бес институт жұмыс істеп жатыр. Қызығушылық жоғары және бес институт әлі шегі емес. Институттар қазақстандық жастар арасында сұранысқа ие және танымал», - деп соққан болатын.

Енді Қытайдағы «халық торабы» атты ірі ақпарат агентігінде Чжан Сяу елшінің күнделігі ретінде жарияланған «Қазақстанда қытай тілін үйрену жалпылық ауқымға айналды» деген мақалаға назар аударайық. Елші-автор мақаласында Қазақстан президенті Назарбаев жергілікті мектептердің бірінде "барлық оқушыларды қытай тілін үйренуге шақырды" деп жазады. Әрі мақалада Президент сөзін "Қытай тілі Қазақстан жөнінен өте маңызды. Қазақстанның ҚХР-мен сауда-саттық көлемі — 20%. Қытай тілін үйрену арқылы 1,5 миллиард адаммен сөйлесуге болады" деп келтіреді.

Түсінікті болу үшін Елбасының қытай тілі жайлы қайда, кімдерге, не айтқанын жазайық. Өткен жыл желтоқсан айының басында Назарбаев университетінде «Ұлы дала мұрагерлері» атты оқушылар мен педагогтардың форумы өткен. Осы форумға қатысқан Елбасы «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» оқушыларына қазіргі таңда әлемдегі ең маңызды халықаралық тіл ағылшын мен испан тілі екенін айта келіп, стратегиялық тұрғыда еліміз үшін испан тіліне қарағанда қытай тілі маңыздырақ екенін айтқан. Бұл жерде Елбасы "барлық оқушыларды қытай тілін үйренуге шақырып" отырған жоқ.  Елші жазғандай Қытай сыртқы саудадағы басты серігіміз. Қытаймен сауда-саттық көлеміміз шынымен 20%-ға жетіп отыр. Екі елдің сауда-саттығы өткен жылы алғашқы он айдың өзінде 16 миллиард долларға жеткен. Десе де, бұл жалпы қазақтың жаппай қытай тілін үйреніп жатқанын білдірмейді.

«Халық жүрегінің тоғысуы – екі ел қатынасының дамуындағы маңызды негіз. Тілдің тоғысуы – халық жүрегін тоғыстырудағы маңызды алғы шарт» деп дәріптеген Чжан Сяу елші Қазақстан халқының қытай тілін үйренуге қызығуы аса жоғары екеніне өз елін барынша сендіріпті. Тіпті «Қазақстанның ел ішіндегі әрқайсы салада қытай тіліне сұраныс артып келеді» дейді. «Қазақстанда қытай тілін үйрену жалпылық ауқымға айналды» деген Елші өз сезіне дәлел де келтірген. Оның айтуынша, елімізде 5 Конфуций институты ашылып, онда 14 мың студент білім алып жатыр екен. Автор мақаласын «адамдар арасын жалғайтын тіл көпірін жақсы салып, Қазақстан мен Қытай халқының жүректерін тоғыстырайық» деген ұранмен аяқтаған.

Қытайдың елімізге ықпалы жылдан-жылға артып келеді. Шығыстағы көршіміздің экономикалық және саяси шырғасына шым-шымдап батып бара жатқанымыз шындық. Ресми және бейресми деректерде Қытайдан алған қарызымыздың аз емес екені айтылады. Бұған қоса қазба байлықтарымыздың да қызығын қысық көздер көріп жүр деген сөздер бар. Қысқасы, құдайы көршіміздің қазақ даласы дегенде құлқыны кеңіп, араны ашылып келеді. Бұған дәлел еліміздегі бас елшісінің қазақ пен қытай халқының жүрегін тоғыстыру керек деген сөзі.

Сөз соңында айтарымыз, Қытай болсын Ресей болсын кез-келген көршіміз Қазақстанды бес саусағындай біледі. Тіпті көршілеріміз ғана емес, алыс-жуық шетел ақпарат құралдары елімізді алақанындағыдай аңдып отыр. Ел не дейді, Елбасы не дейді бәрін көзбен көргендей жазып-сызады. Ал еліміз ақпарат құралдары алыс шетелді айтпағанда стратегиялық маңызы бар көршілеріміздің күй-жайына көз салмайды. Басқаша айтсақ, «Путин аю мініп, аң аулайды» немесе «Қытайда ұрлық жасаған адамның саусағын кеседі» деген аңыз-әңгімелерден аса алған жоқпыз...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

43 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1231
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1130
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 870
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1010