Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5506 0 пікір 10 Мамыр, 2011 сағат 04:14

Әсет Пазылов. Мәшһүр Жүсіп жазбаларындағы қазақ тілі және сөз ғибраты

Әсет Пазылов

Мәшһүр Жүсіп мұражайы, Баянауыл ауданы

Әсет Пазылов

Мәшһүр Жүсіп мұражайы, Баянауыл ауданы

Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Тіл адамзат болмысының қайнары, ұлттық тарих пен әдебиетіміздің шамшырағы. Қазақ тілінің байлығы, көркемдігі ауыз әдебиетімізден, ХV-ХVІІІ ғсырлардағы жыраулар поэзиясынан, би-шешендердің сөздерінен бастау алары хақ. Тіліміздің жаңа көркемдік деңгейге жетуіне Абай Құнанбайұлы мен Мәшһүр Жүсіп елеулі үлес қосты. Мәшһүр Жүсіп сөз өнерінің құдіретіе терең бойлап, нақышын келтіріп, сөз әлеміне еркін самғай білген дана тұлға. Қазақта «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген аталы сөз бар. Ұлы сөзге бас иген қазақ халқы сөз шеберлерін үлгі тұтқан. Халқымыздың сарқымас қазынасы - ауыз әдебиеті мұралары мен ел арасындағы қолжазбалар қоры болмақ. Осы екі арнаның басын қосып, жазба әдебиетінің негізін қалаған Мәшһүр-Жүсіптің бай мұрасы, артында қалған саналы ұрпақ­тың зерделеп оқуына, зерттеуіне, мақ­тан тұтуына әбден лайық. Мәшһүр-Жүсіп халықтың сана-сезімі мен ұлтжандылықты ояту үшін алдымен ұлттың тілі мен тарихын, әдебиеті мен болмысын өрістету керек екенін сезініп, ұлт мұрасын уағыздауды мақсат тұтты. Мәшһүр Жүсіптің жинақтаған мұралары мен өмірбаяндық өлеңдері, өзі өмір сүрген дәуірдің бет пердесін аша түсері анық. Ол тарихты жазуда жер тарихын, ел тарихын, жеке адам тарихын біртұтас сипатта қарастырып, өзара тығыз қараым қатынастар жүйесінде баяндайды.  Мәшһүр Жүсіп: «Алла тағала адамға ғақыл сықылды нұр берді, көңіл сықылды гүл берді, ой сықылды жазушы берді, тілді көңілге переводчик қылды. Көз сықылды шамшырақ берді, мұрын сықылды екі демалысқа жол берді. Құлақ сықылды тыңшы берді, аяқ сықылды ат берді, қол сықылды қанат берді. Бауырға міһір шағқат, талаққа күлкі, бүйрекке қулық айла, өкпеге желпуіш, құрсақты қазына, жүректі күллі дүниеге тұтқа қылды», деп Алланың әмірімен, діни түсіністіктермен баланыстыра келе тіл мен жүректің маңыздылығын ашып көрсетуге тырысады. Демек тіл өте қажетті құрал. Тіл жүректің сөз көңілдің тұтқасы болса керек.

Кеңестік дәуірде Қазақстан тарихы таптық тұрғыдан зерттеліп, түсіндіріліп келеді. Ұлы Қазан төңкерісіне дейін қазақта жазу-сызу болмаған, ауыз әдебиеті үлгілерімен ғана өмір сүрген деген тектес ой-тұжырымдар жасалды. Тек еліміз тәуелсіздікке ие болған соң ғана тарих тозаңында көміліп жатқан асыл қазынамыз жарқырап көрінді. Бұған дейін беймәлім немесе толық айтылмай келген, даналарымыздың өмірімен және еңбектерімен жете танысуға мүмкіндік туды. Қиялына қанат бітіріп, өнер-білім биігіне қол созған ұлт көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышбаев, Тұрар Рысқұлов, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Санжар Аспандияров, Мәшһүр Жүсіп тіл мен сөз құдіретін дәріптеп, тілдің дамуына жол ашты. Зиялы қауымның тілге деген құрметі мен жанашырлығы, асыл мұралары бүгінгі ұрпақтың шамшырағы болмақ. Даналарымыздың сөз маржандарынан құралған шығармаларында, ұлттық рухтың темірқазығы - тіл екені көрсетілген. Сондықтан мемлекетіміз қазақ тіліне айрықша көңіл бөліп, ерекше қолдау көрсетуі, «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде!» - деген ұрымтал да ұғымтал ұран қалыптасқанын көрсетеді. Мәшһүр Жүсіп «Нәпсі, рух туралы» деген еңбегінде: «Онан соңғы тілде қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен юай тіл жоқ. Сол ата бабасының тілі болған қазақ тілін осы күнгі жүрген қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе еді: дін де осында, ғылым, білім де осында, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті», деп қазақ тілінің  көне әрі өміршең екендігін ескертіп, тілді құрметтеуге, білімді дәріптеуге шақырады. Ахмет Байтұрсынов: «Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауымыз тиспіз», деп тіл мен сөздің құдіретіне көңіл бөлсе, Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес», деп ана тілінің ұлттық маңызы бар қару екенін көрсетеді. М.Әуезов: «Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды», деп ана тілінің қажеттілігі мен тәрбиелік мәнін ашып көрсетуге тырысса, Ғұмар Қараш: «Тiл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтiндей өлген, жоғалған ұлт болады», деп тілдің өркениеттің айғағы екенін ескертеді.
Өз кезегінде Асан қайғы: Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.

Сұлтанмахмұт Торайғыров: Сүйемін туған тілді-ана тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім!
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнін, деп сөздің орны мен мәнін, талабын, қажеттілігі мен даралығын өрнектеген.

Сөз өнерінің шыңынан нәр алған Мәшһүр Жүсіп «Сөз жүгі» деген еңбегінде: «Көңіл бір жатқан кен. Сөз онан шыққан гауһар. Ауыз бір садап. Сөз онан шыққан гауһар. Тіл бір болат метін. Оның майдалап, уатып, жасап шығарып жатқанының бәрі сөз жүгінің хамалы», деп сөздің халықтың даналығы, танымы мен талғамын тауып айтатын шыншылдығын көрсететін, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес қазынасы екенін паш етеді. Ұлтты ұлт ретінде ұстап тұратын төрт қазық бар. Олар тілі, діні, саны және салт-дәстүрі. Осы төрт қазықтың ең маңыздысы-тіл.  Ахмет Байтұрсынов: «Сөзі жоғалған халықтың өзі жоғалады» деп көрегендікпен айтып кеткен болатын. Ал Мәшһүр Жүсіп: «Сөз өзі не нәрсе? Сөз адамның өнері. «Өнер алды қызыл тіл» деген адамның ғазиз шариплік сөзбен болды», деп тіл мен сөздің егіз екенін аңғартып, бізге ана сүтімізбен бірге сіңетінін ескертеді. Енді бірде Мәшһүр Жүсіп: «Хайуан сөз өнері болмағаннан, хайуан болды. Бұ дүние бір қараңғылықтай нәрсе. Оны жанды қылатұғын абхаят сөз. Кәлім хафис: «Өліп қалған көңілді тірі көрір. Сәздің ләзатын адамның жаны рақат алұр...», деп сөз құдіретіне бас иеді. Мәшһүр-Жүсіп: "естігенін ұмытпайтұғын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан ауыз алып айтумен үлгі-өсиет қалдырған" /7/,-деп көне тарихтың сыр-сипатын, шынайы болмыс-бітімін ашып, рухани құндылықтарды терең тануға тырысқан. Мәшһүр-Жүсіптің мұрасы ғажайып құпия мен сырға, тылсым тазалыққа, ақиқатқа және адалдыққа толы. Ең бастысы ол өміршең. Академик М. Қаратаев та ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақындардың творчествосын саралай келіп: «М. Көпеевтің қазақ әдебиетінде әрі ақын, әрі жинаушы ретінде алатын орны ерекше» - деп бағалапты.

Ал екінші бақытым- Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де

Қасиетті тілімнен түңілмедім,-деп Мұқағали ақын жырлағандай ана тіліміз ешқашан ұмытылмайды. Себебі Қазақ тілі - қазақ халқының ана тілі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.  Қазақстан тілі XV ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден қалыптасып болған еді. Ол 1989 жылдан бастап Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болды. Тіліміздің көпқырлылығы мен икемділігі баспасөз тілінен, ғылыми, іскери стильдерден анық байқалады. Қазіргі кезде қазақ тілінде көптеген салалық сөздіктер, синонимдер, фразеологиялық, түсіндірме сөздіктер көптеп жарық көруде. Осылардың барлығында тіліміздің тереңдігі мен мазмұндылығы, жалпы байлығы көрініп жатыр. Тіл - әрбір ұлттың тарихы, мінезі, болмысы, кәсібі, дүниетанымы, ойлау қабілеті сақталатын асыл қазына. Ол ата-анадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Сондықтан әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауы, оның орынсыз шұбалануына қандай жағдайда да жол бермеуі керек. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» аясында Үкіметтің бағдарламасы қабылданады. Соның негізінде облыс, аудан, ауыл әкімшіліктерінде курстар ұйымдастырылып, қыруар шаралар атқарылуда. Сондай-ақ Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауында тіл мәселелеріне баса назар аударылды. Дегенмен де алып кәсіпорындар мен компаниялар тіл заңын өрескел бұзуда. Аталмыш заңда заңбұзушыларға байланысты қолданатын шара көрсетілмеген. Көптеген кәсіпорындарда қазқ тілі курстары жоқ. Тіпті мәдениет саласында да айлық немесе жылдық есептерді орыс тілінде сұратқанжа, амалсыздан жағамызды ұстап, елбасының сөздері тек қарапайым халыққа ғана керек пе екен деп ойлап қаларыңыз анық.

Мәшһүр Жүсіп: «Әкесі-қазақ, шешесі-қазақ тілін өзі білмейді, өзінің  білмейтұғындығын тағы білмейді. Жаһил мүр-а каббе болып жүріп: «Сарт тілін, араб тілін білемін!»- деп, әуре болады екен де, «Ит жаманы-  аңда жоқ, даңда да жоқ»- дегендей, екі орта бос қалады екен. Бұл ойлады: «Бұл  оқу оқымақтан  мақсат - мұнымен дүние тауып алмақ, бай болмақ, қатын алмақ,  ағаш үй салмақ, мал малданып, жал жалданбақ екен!»- деп, тілдің болашағына алаңдап, құран оқу үшін арап болу шарт емес екенін ескертеді. Сондықтанда үйде және мектепте қазақ тіліне көп көңіл бөлген абзал. Елдің ертеңіне кепілдік болар жас буынның бойына сіңіріп, ойына руханиялықтың дәнін дер кезінде егу біздің парызымыз. Сөзіміз дәйекті, ойымыз нақты болу үшін Мәшһүр Жүсіптің  «Ана тілі»  туралы деген еңбегін мақаламыздың қортындысы ретінде ұсынуды жөн көрдік.

«Қазақта екі сөз шешілмей жүр: бірі- «Ана тілі»- деген, бірі- «Әдебиет»- деген. Шешілмегеннің себебі: «ана тілі»- деген қазақтың  бұрынғы қазақ болған күніндегі ескі тілі. Ол ескі тіл кімде қалды?! Жалғыз-ақ қатындарда қалды. Қазақтың ең алғаш көрген молдасы: сарт-сауан, ноғай-нопай.

Олар өзі қазақ тілін дұрыстап білмейді. Өтіріктен оқытқан тілі мынау: «Әліп кез біра ләмға сәкін әл хи ғаз бір ха мумға сәкін алхам дәл пайың ду алхам дү». Бала бұл айтып отырғанының оқу[ы] қайсы, оқу емес[і] қайсы екенін айыра алмай миқата болды. Құдай онымен қоя ма?! «Менің айтқанымдай айта алмасын»- деп: «Қызыңа секей күнет бекем»,- деп, тарс еткізіп басқа салып қалады.

Ноғай үйреткенде: «Бит әлі алай түгел бит»- бұл бұлай, түгел деп сабайды.

Сарттан оқығаны сарт тіліне еліктеді. Ноғайдан оқығаны ноғай тіліне еліктеді. Анан сұратқан орыстан оқығаны орыс тіліне еліктеді. Өзінің жергілікті тілінен айрылып қалды.

Қатын ешқандай, ешкімнен оқыған жоқ. Бұрынғы ескі қазақ тілі қатында қалды. Осы қатын тілін дұрыс білетұғын қазақ жоқ демейін, саналмаса, нама қалған шығар.  «Ана тілі»- дегеннің мәнісі- осы.

Әдебиет деген кейінгіге үлгі-өнеге үйрететұғын, ғылым-білім беретұғын, құлық-мінез түзететұғын сөз дегені. Рас, бұрынғының өлеңі, жыр, тақпағы- бәрі әдебиет. Қай-қайсысы болсын, сыртын таңдайды, ішімен, мәнісімен жұмысы жоқ. Егер мәнісін білуші болса, мың кітаптың сөзінен бұрынғының айтқан бір ауыз сөзі асыл.

Бұрынғы шайырлардың бір ауыз өлеңінің мәнісін шешіп сөйлеп, көп ортасына салғым келді. Қарқаралы дуанына қараған он екі қазылық Ойтүндікте тұрақ-жай қылған Шаншар ұрпағы Қаз дауысты Қазыбек немересі Қанай деген бай болыпты. Қалдыбай қожаның өлеңінде бар:

Қазымбеттің баласы- -Қанай, Жанай,

Ортаншысы-Атымбай, кенжесі-Анай.

Қара Ұзақ пен Сары Ұзақ, Қарақалпақ

Құлтекесін сұраймын әлдеқалай.

Сол Қанай байдың кенжесі Бәзіл деген бай болыпты. Байлығы Арқадағы үштің бірі болыпты. «Үш Бәзілдің бірі болған Бәзіл»- атаныпты. Бәзілдің баласы Жылқыбай Шаншардан шыққан төрт мырзаның бірі болып, «Жылқыбай мырза» атаныпты. Нұрбикеде- Балықбай, Айбикеде- Жылқыбай тұстас та болыпты, бастас та болыпты. Екеуі тізе қосып, ел... Қаракесек ішінде Қалдыбай қожа деген ақын қожа болған.  Бір аяғынан бір аяғы шолақ, жергілікті ақсақ екен. Кемпірдің шабаданындай қораш кісі екен. Жылқыбай мырзанікіне келіп қонып аттандырып тұрғанда, Жылқыбай мысқыл қылып күліп:

- Қожекеңнің үзеңгі бауы ұзарайын деген екен. Текті аяғы ұзын-ау,- дегенде, қожа айтты дейді:

Бұл сөзді не деп айттың, жаным, ботам?!

Аяғым ұзын емес, бір-ақ тұтам.

Аяғым күннен-күнге қысқарады,

Тұрған соң жұртты билеп күң мен құтан.

Қожа құл-құтан деп Жылқыбайды айтты. Жылқыбай құл-құтан емес, Қаракесек сауыры Шаншардың нығызы, толығы, Болатқожаға барғанша ата-бабасында бір кемдік жоқ. Сұрастырып, қағыстырып келсек, Жылқыбайды тапқан анасы күң болып  шықты. Елді құл мен құтан билеп тұр дегені сол екен. Қаз дауысты Қазыбек немересі болған Қанай бай сүт кенжесі Бәзілге атақты бір байдың қызын алып бермей, күңді қалай алып береді?! Осы адам нанарлық сөз бе?! Миға салып ойлау керек. Сөзді түгел айтамын деушілер атасының көз құны қалғандай жоқтайды, зерттейді.  Сонан соң табылады.

Бұл сөздің мәнісі бұлай болады. Көтеш ақынның бір ауыз өлеңі болған. Өзін жау тонап жатқанда айтқан:

Ау, балам, танымаймын, не ел боларсың?!

Не дәулет, не перзентке кем боларсың,

Көтешті жүзге келген  тонаймын деп

Айдабол мен Күлікке жем боларсың,- делінген.

Дерек көздері

  • М.Ж.Көпейұлы. Шығармалары. 11-том, Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, -2007 жыл.
  • М.Ж.Көпейұлы. Шығармалары. 12-том, Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, -2008 жыл.
  • «Қайта қарауды қажет ететін мәселе», «Қазақ әдебиеті», 1956-жыл.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1790
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1780
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1499
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1397