Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3219 0 пікір 9 Мамыр, 2011 сағат 23:29

Дихан Қамзабекұлы. Париждегі Олжас ақын «Мамырды» неге жек көреді?

Ақсақал жасындағы адам негізінен қателеспеуі керек. Өмірдің ащы-тұщысын татқан мұндай кісілер бір-ақ жағдайда қателеседі. Аса қартайып, шау тартып - алжығанда ғана қателеседі.

Қазақ өзінің алжыған шал-шауқандарын да жақсы көреді. Өйткені, олардың шау тартқандағы «артықтау сөзі» отбасы ішінде ғана айтылады. «Күлсең - кәріге күл» деген содан қалса керек. Бұйырса, бәріміз де қартаямыз. Сонда, ғылым тілімен айтқанда, биологиялық-анатомиялық жүйелердің сыр беруінен «біртүрлі» сөйлеп кетуміз де мүмкін.

Бірақ олай болмауға тырысуға талай мысал бар емес пе? Айталық, академик Салық Зиманов ағамыз. Бүгінде ол кісі 90-ға шықты. Ой-жүйесі тастай, ақыл ауқымы кең әрі мығым. Сөзіне риза болып тыңдаған сайын тыңдағың келе береді.

Кешегі Бәйкен Әшімов те сондай еді. Қазір 90-ға жуықтаған Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Мұзафар Әлімбаев, 80-нен асқан Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішұлы, Шерияздан Елеукенов, Мекемтас Мырзахметұлы т.б. тың, сөзі мен ойы жағынан ұлтқа үлгі болардай.

Ал, 75-ке келген ақын, қайраткер, ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов туралы, өкінішке қарай, олай айта алмай тұрмыз. Неге?

Ақсақал жасындағы адам негізінен қателеспеуі керек. Өмірдің ащы-тұщысын татқан мұндай кісілер бір-ақ жағдайда қателеседі. Аса қартайып, шау тартып - алжығанда ғана қателеседі.

Қазақ өзінің алжыған шал-шауқандарын да жақсы көреді. Өйткені, олардың шау тартқандағы «артықтау сөзі» отбасы ішінде ғана айтылады. «Күлсең - кәріге күл» деген содан қалса керек. Бұйырса, бәріміз де қартаямыз. Сонда, ғылым тілімен айтқанда, биологиялық-анатомиялық жүйелердің сыр беруінен «біртүрлі» сөйлеп кетуміз де мүмкін.

Бірақ олай болмауға тырысуға талай мысал бар емес пе? Айталық, академик Салық Зиманов ағамыз. Бүгінде ол кісі 90-ға шықты. Ой-жүйесі тастай, ақыл ауқымы кең әрі мығым. Сөзіне риза болып тыңдаған сайын тыңдағың келе береді.

Кешегі Бәйкен Әшімов те сондай еді. Қазір 90-ға жуықтаған Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Мұзафар Әлімбаев, 80-нен асқан Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішұлы, Шерияздан Елеукенов, Мекемтас Мырзахметұлы т.б. тың, сөзі мен ойы жағынан ұлтқа үлгі болардай.

Ал, 75-ке келген ақын, қайраткер, ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов туралы, өкінішке қарай, олай айта алмай тұрмыз. Неге?

Адамзат тарихындағы тілдік құбылыстардың «жілігін шағып, майын ішіп» жүрген Олжекең, неге екенін білмедік, қазақ тілін шеттетуге, кемсітуге өте әуес. Бұл жерде «ана тілін» деп айтуға аузымыз бармайды. Себебі, ол кісі «қазақ тілін - ана тілім» деп есептесе, мұндайға бармас еді. Бұған - тәуелсіздіктен бергі оқтын-оқтын «жарқ ете қалатын» оқшау ойлары мен сөздері мысал. Айталық, «Алма-Ата дейік», «Алма-Ата іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіреді деген не сөз?» т.б. сияқты түйеден түскендей сөздері қазір ел аузында тырнақшаның ішіндегі мәтелге айналып кеткен.

Жақында Олжекеңнің бір атқосшысы - Валерий Толмачев Қазақстанды жерге қаратып, елші-дипломат атына кір жағу түгіл, нәжіс жағу қадамына барғанын әлем естіді. Бұған оның әкесімен дос-жар О.Сүлейменов қаншалықты кінәлі екенін бір Алла ғана біледі. Ыңғайсыздау жері, елші-ақын мен оның «семей-невадалық» достары дап-дардай Валерийді 3 жасар бала бірдеңені бүлдіріп қойғандай жатып келіп қорғағаны болып тұр. Біз ойлаймыз: жасынан обал-сауапты санасында жаттап өсетін ауылдың кез-келген мұрынбоқ толерантты баласы «рак» болмай, дорақ болып кетсе де мұндай қиямпұрысқа бармас еді... Әрине, оның дұрыс-бұрысын әділет орындары шеше жатар (Өткенде ол кісі Хромтаудың кембағал шахтерлеріне сырттай 700 мың теңге айлық «қойып», артынан «ЭК» арқылы кешірім сұрағаны есте шығар).

Біздің айтпағымыз ол туралы емес. Таяуда бұзақылық жасаған В.Г.Толмачевті қорғап, өзінің туған күнін әспеттеп «Казахстансая правда» газетіне (7.05.2011) берген сұхбатында «баяғы жартас - сол жартас» Олжекең қазақтың кемі мың жылдық тарихы бар «мамыр» сөзіне қатты шүйлігіпті. Ақын бүй дейді: «Всегда, когда наступает этот цветущий месяц, чувствую обиду, что в казахском словаре нежное слово «май» заменили на грубое «мамыр», более подходящее для какого-нибудь свирепо-морозного месяца. Мамыр-р-р...».

Қазақстанның мемлекеттік тілінен, саны 65 пайыздан асқан этникалық қазақтың ана тілінен хабарсыз, қайран Олжеке-ай! Қазақтың жанын, тілінің мәнін түсінсе, орыс тілінде жазатын ақын осыны айтар ма еді? Мамырдан көктемнің жылылығын емес, қара суықтың ызғарын сезінер ме еді?..

Тура осы сөзі арқылы 70-тен асқан Олжас Сүлейменов өз елін - өлең-төсегін, қазақ тілін - өзін туған ұлттың болмысын қаншалықты танитынын көрсетіп тұрған жоқ па?

Ал, енді ана тілімізді жербауырлататындар шықпасын деп, қазаққа Құдай сыйлаған «мамырды» тамырсыз адамдарға түсіндірудің әліппесін бастайық.

Бірінші, Олжекең жақсы көретін (немесе ол Олжекеңді жақсы көретін) адамдардың шығармашылығына қарайық. ҚР Парламенті сенатының депутаты, композитор Төлеген Мұхаметжанов ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне әп-әдемі ән жазған болатын. Еуропаны жайлаған ақын бұл әннің сөзін естімеуі мүмкін емес:

Сағындың ба, дедің-ау, жаным, маған,
Бұлт көрдің бе тауларда мамырлаған?

Ол менің саған деген сағынышым,
Аулақта ауылыңнан дамылдаған.

Осы тұста бір қызық үрдісті (тенденция) айтпасқа болмайды. Парижден қазаққа қатысты оқта-текте орайсыздау пікір білдіріп қалатын ақынымыз аңғармайтын да шығар, бірақ сөзі терең де қуатты осы ән дәл қазір орыстілді қазақтардың да жүрегін жаулап алған. Бұған интернеттегі деректер, пікірлер куәлік береді. Сенатор Ғани Қасымов та осы әнді айтуға әуес...

Енді сөздіктерге үңілейік. Өйткені Олжекеңнің үстелінде санскритпен бірге қазақтың да (яки ежелгі түріктің) сөздігі жатуы тиіс қой. Мамыр, мамыра, мамыржай, мамыражай, мамырла, мамырлан, мамырлану, мамырлат, мамырлату, мамырлау, мамырлық, мамырстан т.б. Ғаламтор-интернет заманында бірер ноқатпен осы сөздің бірін түртіп қалсаңыз, мың сан дерек шыға келеді.

Сонымен, басып жібердік. Олжекең бала күнінен танитын ақын Қалижан Бекқожиннің бір өлеңі шыға келді:

Қазақстан - гүлстан, мамырстан...

Шаңырақ,  биіктей бер күнді құшқан.

Ал, бұдан артық қандай жылылық, қандай сүйкімділік керек?..

Әрі қарай жүреміз. Олжекең тарихты жақсы көреді. Жеті атасын да ептеп біледі. Біз ол кісінің Олжабай батырға, академик Әлкей Марғұланға сүйек жағынан жақындығы барын оқығанбыз. «Қарға тамырлы қазақ!». Қазір жұрт қолында жүрген кез-келген шежірені ашып қалыңыз, Мейрамсопыңыздан бері қарай түскенде, әр атаның арасынан Мамырбек, Мамырби, Мамырбай, Мамыртай, Мамырай, Мамыржан, Мамырхан, Мамыралы, Мамырқұл т.б. аттар шыға келеді. Соның біразы - Олжекеңнің тікелей аталары. Шежіреге кірмейтін әйел балаларынан Мамыркүл, Мамыраш, Гүлмамыр, Аймамыр, Нұрмамыр, Бимамыр т.б. шешелеріміз тағы да бар (Әйгілі «Қалқаман-Мамырды» да ұмытпалық).

Олжекеңше айтқанда, ол аттардың этимологиясы, жарайды тіпті дыбысталуы «свирепо-морозный» (үскірік аязды) болса, әке-шешесі яғни ақынның ата-бабасы бұларды қандай ниетпен, тілекпен қойған?.. Бұған есі дұрыс қазақ жауап бере алмайды. Себебі бұл өте ұят, өте қисынсыз, өте жетесіз сұрақ болар еді.

Осыдан кейін О.Сүлейменовке тым бейтаныс емес қазақ фольклорына жүгінеміз. Мамыр айының маңызы мен мәнін бір ауыз сөзбен сипаттап кеткен мың сан жыр, мың сан эпостың мың сан сәті есімізге түседі. Ал, мақал-мәтелдерге келсек, олар да қазақтықтан жерінгендерді ойлантуы керек.

Көкек айы - көк ішек,

Мамыр айы - май ішек.

Айтқандайын, осы «көкек» атауынан да 80-жылдардың соңында амалсыз айырылғанбыз. КСРО бас хатшысы М.С.Горбачев 1985 жылы апрельде (қазіргіше сәуір) үлкен «бастама» көтеріп, содан қазақтың атқамінерлері жабылып «ол айды «көкек» десек, жеңілтектеу болады» деп, жаттың әуселесіне қиған да жіберген.

Көктемнің үшінші айының мәртебесіне қатысты тағы да мынандай әдемі мәтел бар:

Мамырда туғанның мәйегі тоқ.

Біреу осыны Олжекеңе аударып берсе ғой, шіркін! Сонда қазақ сөзіне дыбыстық тұрғыдан ғана қарап, мамырды - «мымыра» деуге бар ақын ойлана ма екен дейміз ғой. Әрі қарай жүрейік. Қазір елші шеніндегі Олжас бүгінгі Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевты сырттай ғана танымаса керек. Әрине, Әбекеңнің жазғанын (қазақшасын) оқыды деп ойламаймыз. Біздің Әбіш ағамыз «Бесоқты» шығармасында бүй дейді: «Енді сәл шыдағанда итаяғың алтыннан, ұлтарағың барқыттан болатын мамырстан жерге жеткізетін едік депті». Мұндай әдемі суреттеулер мен бейнелер жазушы Оралхан Бөкей мұрасында да жеткілікті. «Қамшыгеріне» үңілсек, ә дегенде «Ай астында: марғауланып ер мен елдің осыншама еркелігін, осыншама қасіретін мамырстан кеудесіне сыйғызып, қазақтың күреңселі даласы жатты» деген жолдарды табамыз.

Шеткерірек жүрсе де әдеби үлкен ортадан жырақтамаған Еркінбек Тұрысовтың тарихи прозасына қарайық. Бұл кісінің кейіпкері де: «Олар да мына біз сияқты ат мініп, түйелі көштерін тізіп, құба бел, айдын көлге мамырлай қонған аталы қазақ жұрты ма?» дейді.

Кез-келген жас қаламгердің шығармашылығын алайық. Мысалы, бабасының ныспысы сөз болып жатқан айға бөтен емес Абылайхан Мамырайханның өлеңін. Жас ақынымыз да былайша шабыттанады:

Мен жеттім мамырлаған жазыма анық.
Және ғажап күй таптым қазыналық.
Табыстырған қу тағдыр ойда-жоқта,
Ендігі,
Кетпесе екен,
Әжуа қып.

Бұдан қандай қорытынды шығады: қазақ ақын-жазушысының 100 пайызы мамыр айының қасиетінен, сипатынан, болмысынан туатын ұғымдар мен сөздерді (туынды сөздерді) өте жақсы көреді. Неге? Өйткені олар - қазақ! Қазақ тілі мен мәдениетінің шырағын жаққандар! Құдай оларды ата-анадан жаратты, белгілі бір ұлттың өкілі етіп өмірге келтірді. Сондықтан олар мың жылдық тарихы бар қазақтың әрбір сөзін көздің қарашығындай сақтайды. Сақтауға тиіс! Оны ақын-жазушы ғана емес, қарапайым адам да қорғап-қолдануы, сақтап-сабақтауы қажет.

Сонда... Қазақстанда туып-өскен, осы елдің биік астауынан жылы-жұмсағын жеп, осы елден шен-шекпен алған Олжас Сүлейменов кім болды?..

Дәл қазір ол өзінің қарамағында істеп, халықаралық дәрежеде ауыр бұзақылық жасаған Валерий Толмачевтің қорғаушысы ғана ма?!..

ЮНЕСКО жаһан мәдениетінің, дүниежүзі тілінің, әлем тілдеріндегі әрбір сөздің қорғаушысы емес пе?!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1797
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1791
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1508
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1404