Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 3435 0 пікір 19 Қараша, 2018 сағат 19:21

Медициналық сақтандыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде

30-қазан күні электронды үкімет порталы мен egov.kz Telegram-ботында балаларды емханаға тіркеу қызметі іске қосылды. Қызметті әзірлеген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлауынша, ол үшін пайдаланушы egov.kz порталына тіркеліп, электронды цифрлық қолтаңбасы болса жеткілікті. Бір айта кетерлігі, онлайн-қызмет 2007 жылға дейін туған балаларға көрсетілмейді.

Қызметті пайдалану үшін алдымен порталдағы «Денсаулық сақтау» бөліміне кіресіз. «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркелу» қызметін таңдап, балаға қызмет көрсету опциясын басасыз.

Содан соң жүйе баланың ЖСН ін енгізуді сұрайды. ЖСН негізінде туыстық байланыстарды анықтау үшін АХАТ бөлімінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде сауал жолдайды. Бұл көп уақыт алмайды.

Процесс аяқталғаннан кейін сіз онлайн-өтінімге тұратын аймағы, медицина ұйымы, тіркеу себебі, учаскелік дәрігер деген сынды тағы да басқа мәліметтерді толтыруға мүмкіндік аласыз.

Көрсетілген қызметтің нәтижесі өтініш жолдаушының порталдағы жеке кабинетіне жолданады. Қызмет көрсету мерзімі – бір жұмыс күнінен аспауы тиіс.

Аталған қызметті Telegram Bot арқылы алу үшін https://t.me/EgovKzBotсілтемесін пайдалануға болады. «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркеу» қызметін басып, чаттағы тиісті батырмаларды басу қажет. Қызметті бот арқылы алу үшін оған жазылу шарт (Чаттағы «Start» батырмасын басып, ұялы телефон нөмірін пайдалануға рұқсат ету).

Естеріңізге сала кетсек, қазір елімізде жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны жүріп жатыр. Екі айлық дәстүрлі компания 15 қарашада аяқталады.

Сондай-ақ, биыл елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген болатын. Өткен айда, бұл қорға  8,7 млрд теңгеден астам жарна түскен.

Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 қазанына дейінгі аралықта жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер төлеген жарнаның жалпы сомасы 113,8 млрд теңгеге жетті.

Оның 105,2 млрд теңгесі (92,4%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,6 млрд теңге (7,6%) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.

Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 2018 жыл басынан бері халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 599,3 млрд теңге төледі.

«7 қарашадағы мәлімет бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 599,3 млрд теңге төленді. Бұл жалпы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 76 пайызы», - деді МСҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова.

Естеріңізге сала кетсек, МСҚ ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады. Қор емдеу мекемелерімен мемлекеттік тапсырыс бойынша халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 785,8 млрд теңге.

«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Б.Жақселекова.

Бүгінгі таңда Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша 1374 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 638-і – жеке меншік. Биыл жеке клиникалар саны 2017 жылмен салыстырғанда 177-ге артқан. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы 2 есе өсіп, 125,1 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар, Қазақстанда тұрғындарды емханаға тіркеу науқаны аяқталды. 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өткен кампания барысында 300 мыңға жуық адам медицина ұйымын еркін таңдау құқығын пайдаланған.

«Науқан кезінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы, Алматы қаласы, Қарағанды және Алматы облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының тұрғындары белсенділік танытқан. Кампания нәтижесі бұл бастаманың Астана, Алматы сынды ірі қалалар үшін ғана емес, аймақтар үшін де маңыздылығын көрсетіп берді», - деді Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиева.

Науқанға қатысқан қазақстандықтардың басым бөлігі емханаға өздері барып тіркелсе, 13,5 мыңға жуығы онлайн қызметті таңдаған (egov.kz порталы арқылы).

Алдағы уақытта емхананың тіркеу бөлімдері арқылы тіркелу тоқтатылады. Бұл шешім жүйелі проблемаларды жойып, қызметін асыра пайдалану және фальсификация фактілерінің алдын алу мақсатында қабылданып отыр.

«Бұған ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ. Біріншіден, тіркелу үшін емханаға аяқтай барып үйренген азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне алады. Аталған орталықтарда Connection Point бөлімшелері бар, олар egov порталына қосылған. Сол жерде арнайы кеңесшілер отырады. Екіншіден, Egov.kz жуырда Telegram ботын іске қосты. Смартфонның көмегімен осы бот арқылы бірер минутта тіркелуге болады. Үшіншіден, қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде, автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді әрі артық құжат талап етілмейді», - деді З. Оразалиева.

МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, тіркеуге өтініш берген оңтүстік астаналықтардың бестен бірі egov порталы арқылы тіркелген. Бұл жұртшылықтың енгізіліп отырған жаңа бастамаларға дайындық деңгейі жоғары екенін көрсетсе керек.

Биылғы тіркеу науқанына 607 медицина ұйымы қатысты. Оның 82-сі – кампанияға тұңғыш рет қатысып отырғандар. Аталған емханалар келер жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсетпек.

Жалпы, тіркеу науқаны – емхана ауыстырудың жалғыз жолы емес. Қазақстандықтардың жылына бір рет емхана ауыстыруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, қоныс аударғанда, емхана жабылып қалса немесе МСҚ-мен келісімшартты бұзса, жақын маңнан жаңа емхана салынса, емхана қызметіне қатысты шығындарды жабатын ерікті медициналық сақтандыру келісімшартын бекіткен жағдайда басқа емханаға ауысуға болады. Тіркеумен айналысатын емханалардың толық тізімін Медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтынан табуға болады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар