Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3865 0 пікір 28 Сәуір, 2011 сағат 05:04

Чернобыль апатын залалсыздандырушылар қазақстандық ғалымдар шығарған «Лепесток В-1» атты респираторды қолданды – профессор С. Рузуддинов

АЛМАТЫ. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Биыл Чернобыль электр стансасында болған апатқа 25 жыл толды. Осы апатты залалсыздандыруға қазақстандықтардың көптеп атсалысқаны  белгілі.

Алайда бұл жұмыс адам денсаулығына кері әсер ететіндігі де бар. Осы тұста Чернобыль апатын залалсыздандырушылардың ағзасына химиялық улы заттарды жібермей, ұстап қалатын респиратордың дүниеге келуі үлкен жаңалық болды.  Бұл құнды құралдың авторы өзіміздің отандасымыз екендігі үлкен мақтаныш.  Химиялық заттарды сүзгіден өткізіп, адам ағзасын уланудан қорғайтын респираторды ойлап тапқан ғалым, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, КСРО-ға еңбегі сіңген өнертапқыш, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Ортопедиялық стоматология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сауырбек Рузуддинов еді. Ол кісінің ойлап тапқан құралының мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін, адам денсаулығына әсерін білу мақсатында, сонымен қатар тағы қандай игі ғылыми жаңалықтармен бөлісер екен деген мақсатпен өнертапқыштың өзімен сұхбаттасқан едік.

-   Сауырбек Рузуддинұлы, ағзаға химиялық улы заттарды жібермей, ұстап қалатын респираторды ойлап табуға не түркті болды? Осы жайында айтып берсеңіз.

АЛМАТЫ. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Биыл Чернобыль электр стансасында болған апатқа 25 жыл толды. Осы апатты залалсыздандыруға қазақстандықтардың көптеп атсалысқаны  белгілі.

Алайда бұл жұмыс адам денсаулығына кері әсер ететіндігі де бар. Осы тұста Чернобыль апатын залалсыздандырушылардың ағзасына химиялық улы заттарды жібермей, ұстап қалатын респиратордың дүниеге келуі үлкен жаңалық болды.  Бұл құнды құралдың авторы өзіміздің отандасымыз екендігі үлкен мақтаныш.  Химиялық заттарды сүзгіден өткізіп, адам ағзасын уланудан қорғайтын респираторды ойлап тапқан ғалым, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, КСРО-ға еңбегі сіңген өнертапқыш, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Ортопедиялық стоматология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сауырбек Рузуддинов еді. Ол кісінің ойлап тапқан құралының мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін, адам денсаулығына әсерін білу мақсатында, сонымен қатар тағы қандай игі ғылыми жаңалықтармен бөлісер екен деген мақсатпен өнертапқыштың өзімен сұхбаттасқан едік.

-   Сауырбек Рузуддинұлы, ағзаға химиялық улы заттарды жібермей, ұстап қалатын респираторды ойлап табуға не түркті болды? Осы жайында айтып берсеңіз.

- 1980 жылдары «Фосфор» зауытындағы жұмысшылардың тістері зақымданып, «фосфорникроз» деген ауруға шалдығып, мүгедектікке айналып жатты. Содан «адамдардың тістерін қалай сақтау керек?» деген мәселе туды. Сол кездегі Қан потологиясы институты, Органикалық катализ институты және Ғылым академиясы ғалымдары кеңесіп мұндай зауытта жұмыс істейтін қызметкерлердің тістерін, өкпесін, жалпы денсаулығын аман сақтаудың, емдеудің жолдарын іздестіре бастадық. Сөйтіп Шымкент қаласындағы «Фосфор» зауыты жұмысшыларының денсаулығын тексеріп, аурудың неден туындағанын зерттедік. Нәтижесінде зауыттардағы қызметкерлердің ағзасына зиянды газды жібермей сүзіп қалатын, ауыз жапқыш, яғни респиратор ойлап шығардық. Біраз уақыт өткен соң жұмысшылар оның денсаулыққа пайдалы екендігін түсініп, кеңінен қолдана бастады.

- Зауыт жұмысшылары бұл құралдың денсаулыққа пайдасын сезгеннен кейін, оған деген сұраныс артты ма?

- Әрине, 1986 жылғы Чернобыль атом электр стансасында болған апаттан радиактивті иод көп бөлінді. Бұл адам денсаулығына зиянын тигізді. Радиактивті иодтың кесірінен адамдардың қалқанша бездері жарылып, мерт бола бастады. Содан ғалымдар бұл қайшылыққа қарсы әрекет іздеді. «Радиактивті иодқа не кедергі болады?» деген сұрақ өзекті болды. Сонда алдында фосфорға арнап шығарған отандық респираторды қолданып көріп едік, ол иодтты 100 пайызға сүзіп қалатындығына көзіміз жетті. Біз жасаған зерттеулеріміздің нәтижесін Мәскеуге хабарладық. Олар бір түннің ішінде 5 миллион дана респиратор жасап, Чернобыльге жеткізді. Екі күннен кейін апат аймағында зиян шеккендердің біз жасаған «Лепесток В-1» атты респираторды қолданғанын көрдік. Оны халық «розовый лепесток» деп те атап жүрді. Ол туралы сол кезде медицина саласындағы басылымдар да жазып жатты. Тәжірибе көрсеткендей, бұл респиратор тек фосфор сияқты химиялық заттарға емес, радиактивті заттарға да қарсы тұра алатын құралға айналды.

- Ал бүгін бұл құралды түрлі зиянды заттарға қарсы қолдану жағы қалай?

- Жапонияда жер сілкінісінің салдарынан «Фукасима-1» атом электр стансасында апат болды. Сол аймақта улы заттардың таралып жатқандығы анық. Бұл жағдайды ескеріп С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Айқан Ақановқа радиактивті аймақта жұмыс істегенде киуге арналған арнайы ойлап тапқан құралымыз бар екендігін айтып, соны жапон еліне жеткізсек деген ұсынысымды жеткіздім. Ректор жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен елге көмек қолын созып, оқу орны қызметкерлерінің бір күндік жалақысын жинап ол елдің елшіге ұсынды. Сол кезде мен респираторды көрсетіп, мүмкіндіктерін баяндадым. Елші мемлекет басшыларына жеткізетіндігін, өздері байланысқа шығатындығын айтты.  Мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне де бұл құралды хабарладым. Министрлік егер Жапониядан тапсырыс түссе, міндетті түрде көмек көрсетуге дайын екендігімізді жеткізді.

- Респиратор қалай жасалынды?

- Дүниежүзінде пайдаланып жүрген респиратор шаң-тозаңды, аспандағы буды ұстап қалады. Біз осы респиратордың бетіне арнайы химиялық заттар қосылған бір қабат мата қоямыз. Келген қышқыл заттарды, газды химиялық заттар ұстап қалады, сөйтіп зиянды заттар адам ағзасына өтпейді. Сондықтан ол өндіріс орындарында жұмыс істейтін адамдардың денсаулығына  өте пайдалы. 

- Мұндай респираторлар басқа қандай елдерде шығады? Елімізде таралу деңгейі қандай?

- Кеңес өкіметі тұсында мұндай құралдарды Тәжікстан республикасындағы Табошар қаласындағы «Заря Восток» зауытында шығарып тұрды. Кейін әр мемлекет өз алдына егемен ел болып тарап кеткенде, бұрынғы байланыс үзіліп қалды. Қазір Шығыс Қазақстандағы Серебрянск зауыты оның нұсқасын шығарып, оны кеңінен таратуға мүмкіндіктері жететіндіктерін айтты. Ендігі кезекте еліміздегі зиянды қалдықтар шығаратын зауыттар тапсырыс берсе болғаны. 2006 жылы Өскемендегі Титан-Магний комбинатына нұсқалық партиясы берілген кезде олар тексеріс жасап, бұл респиратордың артықшылығына көз жеткізіп, қолданысқа пайдалануға болады деген рұқсат қағаз жіберген.

- Содан өндіріске шығып, құралдың таратылуы жағы қалай болды?

- Қалаларда, зауыттарда экологияға, адам ағзасына кері әсерін тигізетін газдардың, түтіндердің, зиянды заттардың бар екендігі анық. Сол орайда  зиянды заттарға қарсы күресуде бұл құрал таптырмас құндылыққа ие. «Магнитогор», «Балхаш», «Теміртау» сияқты қышқыл газ шығатын өндіріс орындардың барлығында жұмыс істейтіндерге кидірсе, бұл зиянды заттарға тойтарыс бере алады. Алайда бізге респираторды шығарып беруге келіскен Серебрянск зауыты дағдарысқа түсіп, оны БТА банкі сатып алыпты. Мен құрал авторы ретінде БТА банк басшыларына хабарласып, құралды шығарып, халыққа таратуды айтқан едім. Бірақ олар «кіріс әкелмесе, оның қажеті жоқ» дегенді айтып шығарып салды. Содан оны шығару ісі тоқтап тұр. Егер мемлекет өзі қызығушылық танытып, оны шығаруға құлық танытса, бұл респиратор баяғыда Қазақстанға тарап кетер еді. Соны шешетін адамдарға жете алмай жатқан түріміз бар. Егер арнайы мекемелер «не істеп жатырсыңдар, құр сөз бе, әлде нағыз жұмыс істейтін құрал ма?» деп сұраған жағдай болса, оның қажетті құрал екендігін дәлелдеп берсем деген арманым да бар. Жоғары жақ оны өндіріске кіргізбесе, біздің қолдан оның тек сапасын жоғарылату, мүмкіншіліктерін арттырудан басқа ештене  келмейді. Ал өздеріңіз байқағандай, бұл құралдың адам ағзасының зиянды заттармен уланбауына үлкен әсері бар.

- Респираторды қалай қолдану керек?

- Оны жұмысшы тек бір мезгілде ғана пайдаланады, яғни 6-8 сағатқа жарамды. Бұл респиратордың болашағы зор. Егер үкімет осы респиратордың қажеттілігін түсініп, оны қолданысқа енгізсе, ол өндіріс орындарында жұмыс істейтін және соның маңайында тұратын адамдардың денсаулығын сақтауға көп септігін тигізеді. Оған менің күмәнім жоқ. Зауыт зиянды зат шығармайды дегенмен оның айналасын көк түтін торлайтындығы жасырын емес.

- Сонда респиратор кез келген улы затқа қарсы тұра алады ғой?

- Семей полигонына байланысты түсірген тарихи фильмдерді көрсең ішің қынжылады. Ракетаны жарып жатса, жұрттың бәрі ауыздарын ашып таңғажайып нәрсе көргендей қарап отырады. Бұл адамдардың өлімге өзін-өзі итермелегенімен тең. Егер ол кезде мұндай респираторды қолданғанда, қаншама халық аман қалар еді. Медицина саласында оқып жүргенде атом бомбасы жарылғанда, апат жағдайында алдымен «гамма, ветта, альфа» сынды радиактивті заттар шығады дейтін. Алайда радиактивті иод, радиактивті цезис шығады деген бертін пайда болып жатыр. Алғаш Чернобыльде радиактивті иод деген шықты. Қазір Фукусимада да елдің мән беріп өлшегені де, қиындық көріп жатқаны да радиактивті иод болып тұр. Егер ондай иод көбейіп кетсе, адам денесіндегі қалқанша без ісініп жарылады, яғни адам өледі. Жарылмаған күннің өзінде радиактивті иодтың көптігінен оның қызметі бұзылады, ол адам денесін үлкен өзгерістерге әкеледі. Ал бұл зиянды заттан осы респиратор қорғайды.

- Авто көліктен бөлінетін улы газдарға қандай қауқары бар?

- Авто көліктерден шығатын зиянды қалдықтардың сипаты бөлек. Олардан нейтралды газ бөлінеді. Ол арнайы зерттеуді қажет етеді. Қазір қала әкімі қала ауасын тазартумен күресіп жатыр ғой. Егер нақты тапсырма беретін болса, ғалымдар 1-2 жылда көліктен шығатын газды сүзіп, ұстап қалатын құрал ойлап шығара алады. Оған біздің ғалымдардың пәрмені де жетеді.

- Улы заттардан қорғайтын құралды өмірге әкелгеніңізбен қатар тағы қандай ғылыми жаңалықтарға мұрындық болдыңыз? Мәселен стоматолог ретінде қандай жаңалық айтасыз?

- Қазір тарихшыларымыз Қазақстан аумағын мекен етіп келе жатқан адамдардың тарихы 2 мың жылдықта жатыр деп айтып жатыр. Сол рас па? Біз сол халықтың ұрпағымыз ба? Міне оны тек тіс арқылы білуге болады. Себебі мың жылдан кейін адамның сүйегі еріп кетеді, тек тісі ғана қалады. Сол тісті зерттеу арқылы біз сол адамдардың ұрпағымыз ба және ол адамдар немен ауырды, қандай ем қолданды соның бәрін зерттеуге болады.

Тіс дәрігері болғаннан кейін көбінде көне заманда өмір сүрген адамдардың тісіне, пайдаланған протездері қызықтырады. Осыдан екі жыл бұрын Семей өңіріне барып, Жидебайдағы мұражайдан Абай Құнанбаевтың тіс протезін тауып алдым. Ол жайында мағлұмат жинап, мақала да жаздым. Сол кісінің тіс протезі мені тарихи заттарға көңіл бөлуге итермеледі. Біз Алтын адам жасаған халықпыз және алтыннан түрлі әшекей, бұйымдар жасаған қазақпыз. Міне осындай керемет нәрселерді жасай білген халық, неліктен тіс емдеуді білмеді, неліктен тіске протез салмады деген ойда болдым. Содан ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің         Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтындағы академик Оразақ Ыс­мағұловпен кездесіп, сол жайында сөйлестім. Ол кісі 60 жылдық еңбегінде еліміздің бірде бір дәрігері келіп, бұрынғы қазақтар немен ауырды деп сұрағанын бірінші рет көріп тұрғандығын жеткізді. Қазір сол кісімен бірлесіп этно адантология ғылыми жұмысын жүргізсек деген ойдамыз.

Оразақ Ыс­мағұлов: «Қаншама қазба жұмыстарында жұмыс істегенімен, тіс протездерін көрген жоқпын, бірақ оған көңіл бөлмеуім де мүмкін. Егер өзіңіз қарасаңыз мүмкін ажырата аларсыз», - деген ойлар айтты. Өз басым қолөнері дамыған, бағалы металдарды игере білген халықта тіс протездері болған жоқ дегенге сенбеймін.

Мәселен Фараондардың, Рим империясы тұсындағы ауқатты адамдардың қандай тіс протезін салғанын білемін. Мысалы көне Грецияның тұсында б.э.д 3 мың жыл бұрын Сидон деген мемлекет болған. Сондағы адамдар зақымданған тістің орнын алтын сыммен байлаған. Мәселен, сүйекті адам тісіне ұқсас қылып жасайды да, оны алтын сыммен басқа тістерге бекітіп қойған.

- Абайдың тіс протезін тауып алдым дедіңіз, қандай тұжырымдарға келіп отырсыз?

- Менің пайымдауымша, тіс протезін Абай 1885-1890 жылдары салдырған. Ол бұл протезді Семейге барып, бір өгізін беріп салдырған екен. Қазір орталық мұражайдан «сол протезді кім салды?» деген сұраққа дәрігерді іздестіріп жатырмын. 1860 жылдан бастап Семейде Ресейден келген үш дәрігер жұмыс істепті. Оның бірі әйел болса, екеуі ер адам болған екен. Ол кісі протезін әйеліне тастаған, кейін Кәмила деген келініне беріліп, ол 1944 жылы сол мұражайға өз қолымен өткізген.

- Отандық ғылыми жаңалықтардың тәжірибеге ену жағы, ғылыми жаңалықтар деңгейі  қандай деп ойлайсыз?

- Біздегі ғалымдардың еңбегі, жаңалығы қолға алынбай, тәжірибеге енбей жатады. Егер ондай жаңалықты шетелде ойлап тапса, біздікілер оған қызығушылық танытады. Отандық ғалымдар ойлап тапқан жаңалығын анаған бір, мынаған бір барып мақтап көрсетіп жатса да оған ешкім дұрыс мән бермейді. Бұрын ғылыммен айналысқан адамдар болашағынан үміт күтетін және сенетін. Бүгін болмаса, ертең еңбегі ақталатындығын білетін. Қазіргі жастар ғылымға бүгін келсе, ертең ол нәтижеге қол жеткізу керек, одан арғы күні қызметке алу керек деген мақсат қояды. Егер ол мақсатына тез арада қол жеткізе алмаса, ғылымға деген қызығушылығы төмендейді. Бұл нарық заманының кері әсері десе болады. Бұрын ғылыми жұмыста бір тақырыпты алып, оны  20 жылдай жалғастырып, зерттейтін. Сөйтіп соның шынайына жететін, әрі ол нақты, айқын еңбек болып шығатын. Қазір біз сондай ғылыми мектептерді құра алмай жатырмыз деп ойлаймын. Мәселен, бір тақырыппен 40 жылдай айналысып, жетістікке жетсең әлемдік деңгейдегі ғылым сол деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 356
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 187
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 193
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 198