Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3371 0 пікір 27 Сәуір, 2011 сағат 04:44

Айдар Беков. Жылжымайтын Жылқайдаровтың жылы орны талдықорғандықтарға қымбатқа түсті

Талдықорған қаласын  басқарып жылы орнынан жылжымай отырған Сәкен Жылқайдаровтың биылғы жұрт алдындағы есебінде үлкен талқыға салынар жағдай болды. Сонымен бірге соңғы жылдары қыс болса дірдектеп шығатын қалалықтар соның себебін білгендей болды.

Талдықорған қаласын  басқарып жылы орнынан жылжымай отырған Сәкен Жылқайдаровтың биылғы жұрт алдындағы есебінде үлкен талқыға салынар жағдай болды. Сонымен бірге соңғы жылдары қыс болса дірдектеп шығатын қалалықтар соның себебін білгендей болды.

Бұл жолғы есеп беру де бұрынғы жаттанды қалпынан арылмаған күйінде басталды. Арыз-шағымын жеткізгісі келгендердің көбі сыртта қалды. Әкімнің есеп беруін мәслихаттардың сессиясына айналдырып жібергендер, басшы жұмысына сын айтады-ау дегендердің орнын бюджеттік мекемелердің қызметкерлерімен, жылдар бойы жағымпаздықтың жай-жапсарын меңгеріп алған жандармен толтырды. Жиынға қатысып отырған облыс әкімі мен басқалардың алдында облыс орталығының өткен жылғы азды-көпті жетістігін желпінте айтып, кейінгі кездері жиілеп кеткен жағымсыз көріністер мен бақырайып көрініп тұрған кемшіліктерді айналып өткен қала әкімінің жып-жылмағай баяндамасынан соң мінберге шығып сөйлегендердің дені облыстың бұрынғы әкімі Серік Әбікенұлы мен қаланың экс- әкімі, қазіргі облыс әкімінің орынбасары Сәкен Егінбайұлын сыпыра мақтаумен болды. Олардың сөзіне қарасаң, Қызылағашты тұрғызған - облыс әкімі, Талдықорғанды түрлендірген - қала әкімі. Бүгінде шиі шығып жатқан жұмыстардың барлығы мемлекет қазынасын құрайтын қарапайым салық төлеушілердің қаржысына емес, әкімдердің жеке қаражатына істелген сияқты көрінеді екен мұндайда.
Осындай жаппай жағымпаздықтың жігін, мінберге шыға саласымен қала әкіміне шүйліккен «Нұрза» ЖШС-ның директоры, кәсіпкер Нұралы Жанықбаев бұзды.
- Құрметті Серік Әбікенұлы, маған дейін сөйлеушілердің барлығына жуығы қала басшысының жұмысынан мін таппай қиналды. Ұсақ-түйек проблемаларды ғана айтқансыды. Менің пікірім бойынша, қала әкімінің жұмысы өте нашар. Қазіргі кезде онда жаңалыққа ұмтылыс, тың идея жоқ. Қаланың тазалығы да сын көтермейтін халге жетті. Көшелер айлап тазаланбайды. Күн сәл жылып еді, қар астында қалған жыртық-тесіктер андағайлап шыға келді. Жылуға қатысты да жыл сайын проблема болады. Оны айтасыз, мен әкімнің айналасын сыбайлас жемқорлар жайлап алған дегенді батыл жеткізе аламын. Сөзім дәлелді болу үшін өз басымнан өткен жағдайды баяндайын. Былтыр облыс орталығын жылумен қамтамасыз етуге қажетті көмірді мемлекеттік сатып алудың тәртібі бойынша конкурсқа қатысуға бел будым. Өйткені бұл салада тәжірибем де, мүмкіндігім де жеткілікті екенін осында отырғандардың барлығы біледі. Сонымен, конкурсқа екі үміткер қатыстық. Оның бірі - Талдықорған қаласында орналасқан менің серіктестігім болса, екіншісі - Семей қаласында тіркелген «Горняки Прииртышья» компаниясы. Мен көмірді Қарағандыдағы «Бөрлі» кенішінен жеткізбек болып, тоннасын 3700 теңгеден, семейліктер тоннасын 5500 теңгеден ұсынды. Алғашында конкурс өтпеді деп танылды. Арада үш күн өткеннен кейін мен «Горняки Прииртышья» компаниясының жеңіске жеткенін білдім. Осылайша, талдықорғандықтарға бір жылыту маусымына қажетті 150 мың тонна көмірдің бағасы бірден 1800 теңгеге қымбаттап шыға келді. Соның кесірінен көмір бірден 280 миллион теңгеге қымбаттап қана қоймай, Алматы облысында қалуға тиісті 100 млн теңгеге жуық қосымша құн салығы шығысқазақстандықтардың бюджетіне түсті. Мәнісін сұрағанымда, қайдағы бір сылтауларды айтады. Егер, мен жеткізетін көмір жаман болса, Ресейдің Кемеровосы сынды көмірлі өңіріндегі «Виктория», Томскідегі «Геомакс» сынды компаниялар менімен келісімшарт жасап, әр тоннаға 4 мың теңгені қиналмастан ұсынар ма еді? Мен ештеңеден ұтылғаным жоқ. Қала тұрғындарының қалталары жұқарып, жылудың өз деңгейінде болмауынан жапа шегуде. Мұны - сыбайластықтың көрінісі демеске амал жоқ», - деген «Нұрза» ЖШС директоры қажет болған жағдайда сөзін дәлелдейтін барлық құжаттарды көрсете алатынын жеткізді.
Қала әкімі өзіне тағылған айыпқа қарсы уәж айта алмады. Оның бар дегені, Қарағанды көмірінен күлдің көп шығатындығы болды. Ал Семейден тасылған көмірдің ұшқындылығы тым артық екендігі және соған сай қауіпті болып саналатындығына тоқталмады. Жалпы, қалаға қажетті көмірге қарастырылған 662 799 600 теңгенің мақсатты жұмсалуына және тендердің заңдылығына қатысты айтылғандар құқық қорғау органдарының құлағына жетер деген үміт бар. Оның нәтижесін де уақыт көрсетер. Қалай болғанда да, облыс орталығының жылуы биыл ілда-алдамен әрең шықты. Қатып қалмасақ та, қоңырсалқын пәтерлерде бүрсеңдеп жүрген жайымыз бар. Ал алда-жалда ұсақ-түйек апат бола қалса, апаттық қызметті апталап күтуге тура келеді. Ол кездегі сенің жағдайың ешкімнің басын ауыртпайды. Жөндеушілердің айтуынша, «Талдықорғанжылусервисте» дәнекерлеу аппараты мен мықты мамандар жетіспейтін көрінеді. Көптеген үйлердегі элеваторлардың дұрыс жұмыс істемеуінің салдарынан ыстық су айналымы дұрыс болмағандықтан, жылу жүйесінен шығатын ыстық су  су ағатын кәріз құбырларына жалғанған. Күніне мыңдаған текшеметр ыстық су осылайша айдалаға кетіп жатыр. Бұл да айналып келгенде қарапайым тұрғындардың қалтасына салмақ түсіреді.
Дегенмен осының барлығын көрмейтін бас шұлғығыштар қала әкімінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, облыс басшысы да осыны қостады... Сөйтіп қала әкімі Сәкен Жылқайдаров облыс әкімнің орынбасары қызметіне, ал Серік Үмбетов Президент кеңсесінің басшысы болып өсіп кетті.

Айдар БЕКОВ,
Алматы облысы

«Абай-ақпарат»

P.S. Құжаттардан  «Нұрза» ЖШС директоры Нұралы Жанықбаевтың шағымын құзырлы орындар Жылқайдаровтың пайдасына жығып бергенін көреміз.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1521
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1372
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1121
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1148