Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5164 0 пікір 27 Сәуір, 2011 сағат 04:07

Омар Жәлелұлы. Ислам діні және ұлттық идентификация

«Аманат»  интеллектуалды пікірсайыс клубы кезекті отырысын «Ислам діні және ұлттық идентификация» тақырыбына арнады. Елімізде дін мәселесінің ушығып тұрғаны баршамызға аян. Бір отбасы мүшелері әр түрлі ағымның жетегінде кетіп тіпті, бір дастархан басына отырмайтын жағдайға жетті. Жауырды қанша жаба тоқығанымызбен қоғамда дін мәселесінің шектен шығып бара жатқаны жасырын емес. Осы мәселені ескере отырып «Аманат»  интеллектуалды пікірсайыс клубының жетекшісі Берік Уәли Астанада бірқатар қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен студенттердің басын қосты. Баяндамашы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ аға оқытушысы, Абайтанушы Омар Жәлелұлы.

 

«Алла - бір, пайғамбар -хақ», «Дінім - Ислам, кітабым - Құран» деп мақалдайтын қазақ, Ислам дінінің негізгі қағидаларын өлеңге бергісіз аудармаға айналдырған қазақ - бүгін өзінің мұсылман екендігін жұртқа  дәлелдеуге мәжбүр болып, трагикомедиялық күй кешіп жатқан түрі бар. Бұл - ащы болса да ақиқат, бүгінгі күннің шындығы. Осы ситуацияға, осындай пұшаймандық халге қазақ социуымы қалай ұрынды, қалай тап болды деген аш бүйірден қадалатын сүйкімсіз  сұрақтың туындауы да заңды. Енді осы жайттарды суық ақылдың сарабына салып, ой елегінен бір сәт өткізіп көрелік.

«Аманат»  интеллектуалды пікірсайыс клубы кезекті отырысын «Ислам діні және ұлттық идентификация» тақырыбына арнады. Елімізде дін мәселесінің ушығып тұрғаны баршамызға аян. Бір отбасы мүшелері әр түрлі ағымның жетегінде кетіп тіпті, бір дастархан басына отырмайтын жағдайға жетті. Жауырды қанша жаба тоқығанымызбен қоғамда дін мәселесінің шектен шығып бара жатқаны жасырын емес. Осы мәселені ескере отырып «Аманат»  интеллектуалды пікірсайыс клубының жетекшісі Берік Уәли Астанада бірқатар қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен студенттердің басын қосты. Баяндамашы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ аға оқытушысы, Абайтанушы Омар Жәлелұлы.

 

«Алла - бір, пайғамбар -хақ», «Дінім - Ислам, кітабым - Құран» деп мақалдайтын қазақ, Ислам дінінің негізгі қағидаларын өлеңге бергісіз аудармаға айналдырған қазақ - бүгін өзінің мұсылман екендігін жұртқа  дәлелдеуге мәжбүр болып, трагикомедиялық күй кешіп жатқан түрі бар. Бұл - ащы болса да ақиқат, бүгінгі күннің шындығы. Осы ситуацияға, осындай пұшаймандық халге қазақ социуымы қалай ұрынды, қалай тап болды деген аш бүйірден қадалатын сүйкімсіз  сұрақтың туындауы да заңды. Енді осы жайттарды суық ақылдың сарабына салып, ой елегінен бір сәт өткізіп көрелік.

Бәрі де жұмыр басты пендені құдайлық деңгейге көтеріп пұтқа табынған коммунистік Совет одағының ыдырауынан басталған. Еліміз егемендік алып, рухани аспанымызды торлаған құдайсыздық идеялары жоққа сайғанда, қазақы жамиғаттың рухани кеңістігі бір сәтке босап қалғандай еді. Ежелден «Имандының ісіне қарап бет берген, //Бір құдайдың дидарын» аңсаған (Бұқар жырау)  мың өліп, мың тірілген қазақ жұрты атеистік ауыр соққыдан, дінсіздіктің дойыр қамшысынан есін жия алмай жатқанда елімізге сырттан «шатақ діндердің» (Шәкәрім) лап қойғаны айдан анық, күннен жарық ақиқат еді. Шатақ діндер жері қүйқалы, халқы момын әрі діни сауатсыз,  асты-үсті қазына байлыққа мол қазақ жеріне батыстан да, шығыстан  да андыздап ат қойды. Батысты қойшы, олардың жарасы жеңіл, қазақ қауымының біраз бөлігі қызды-қыздымен Иса мәсіхті кеудесіне тағып, домбыраға қосып ән ғып айтып шоқынып кеткенімен, «Өзі сары, көзі көк, Бастығының аты боп, Күншығысқа қарайды, Шашын алмай, тарайды, Құдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жоқ, Затсыз, тексіз жөн кәпір, аузы-басы жүн кәпір» (Бұқар жырау) жұртты айырып үйреніп те қалды... Қиыны «өзіңмін» деп келіп, өңмеңдеп төрге ұмтылған, Ислам атын жамылып, дінге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әрекеттерге бара алатын, шектен шығып ата-баба моласын қирата бастаған  қауымда болып тұр. Басында шын дін осы екен ғой деп жапа-тармағай ұмтылған аңғал жұрт олардың осы әрекеттерін көріп, шошынып, діннен аяғын тарта бастады. Қазақ жеріне келіп қазаққа дін үйретуді бастап кеткен, өздерін уаххаби, таблиғ жамағат, хизбут тахрир, құраниттер  және біз білмейтін тағы да басқа сандаған «шатақ діндер» қазақтың бос қалған рухани кеңістігін жаулауға кірісті. Шыны керек, бұл рухани экспансияға қазақ руханияты, қазақ мемлекеті басында дайын болмай қалды. Олар Ата заңымызда жазылған діни сенім бостандығы мен дін туралы заңнамадағы әлсіз тұстарды шебер пайдаланып бүгінде Қазақстанда орнығып та үлгерді. Орныққаны былай тұрсын, тамырын тереңге жіберіп, күннен-күнге күшейіп ықпалды топқа айналу үстінде. Осының нәтижесінде осыған дейін біртұтас болып келген қазақ қоғамы діни негізде бөлшектеніп, жіктеле бастады. Бұл - өте қауіпті құбылыс, егер тап осылай кете беретін болса, Ата заңымызда жазылған мемлекетіміздің унитарлығына, біртұтастығына нұқсан келері сөзсіз. Осы қауіпті сезінген мемлекет, ҚМДБ дабыл қағып бұл құбылысқа қарсы тұра бастады.

Не нәрсенің де болса екі жағы бар: қазақ бұл өмір заңдыдығын «жаман айтпай жақсы» жоқ деп тұжырады. Бір жағынан қазақ жеріне «шатақ діндердің» келуі кесірін тигізіп жатса, екінші жағынан рухани жағынан әлсіреп, өзінің бары мен жоғын бағамдай алмай жатқан, медициналық терминмен айтқанда - терең прострацияда жатқан қауымның тез есін жиып алуына септігін тигізуде.

Кез келген дін, идеология белгілі бір қоғамға кірігіуі үшін өзіне рухани плацдарм дайындап алуы шарт. Ол үшін міндетті түрде осы қоғамның бұрыннан ұстанып келе жатқан құндылықтары жоққа шығарылып, жарамсыз етілуі қажет. «Шатақ діндер» де американы ойлап тауып бастарын қатырмай, осы дайын ежелгі сценарийге кірісті: қазақ қоғамын жаулап алу үшін олар ең алдымен дәстүрлі қоғамның дәстүрлі түсініктері мен идеяларын қирата бастады. Ең алдымен: «қазақта өзі дұрыс дін жоқ», «қазақ деген Алла тағалағы серік қосады, яғни мүшріктер», сондықтан да «ата-бабаларың адасқан» деген қазақ қоғамының іргетасын шайқалтып, тамырын қиятын, бастау бұлағының көзін бітейтін идеяларды жастардың санасына құя бастады. Табанды да дәйекті жүргізілген бұл рухани экспансияның нәтижесінде «шынында да ата-бабаларымыз адасқан екен» дейтін жастар пайда болды. Жастар ғана емес, қоғамның консервативті деп есептелетін орта жастағы контингенттерінің өздері бұл «тартымды әрі жаңашыл» идеяға бас шұлғыды. Ситуацияының ең сорақылығы сонда, өз қағынан өзі жеріген, ата-бабасын мансұқтап, қазақ мемлекеттігінің негізгі іргетасы - қазақ болмысына мұрнын шүйіріп, жеркенішпен қарайтын қауымның пайда болуы. Бұл басқыншылықты діни негізде жасалан неоотаршылдық, неоколониализм демеске еш лажымыз жоқ.

Ежелден мұсылман саналатын қазақ жеріне дендеп ену үшін де ұлттың қорғаныс қабілетін айғақтайтын үлттық болмыс пен ұлтшылдықты теріске шығару ауадай қажет еді. Сондықтан сырттан келген теріс ағым өкілдері «ұлт болу міндетті емес, мұсылман болсаң болды» деген сыңайдағы діникосмополиттік идеяларды таратуға кірісті. «Өзі шығайын деп тұрған көз еді, түртіп қалған соң не сорым» демекші, орыс отаршылдығынан есеңгіреп, ана тілінің асыл қайнарларына орала алмай, орысша шүлдіреп жүргендерге бұл идея майдай жақты. Осылайша бұл қауымның негізгі бөлігі орыс тілді қазақтардан құралып, бір-бірін «брат, сестра» дейтін жамағат дүниеге келді.

Қалай болғанда да бұл басқыншылық - қазақ қоғамына үлкен сын болып тұр: ағылшын ханзадасы Гамлеттің «не боламыз, не бордай тозамыз» деген атушулы сұрағы алдымыздан шықты.

«Жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары» бар деп мақалдайтын дана қазақ, басынан талай құқай мен басқыншылықты өткерген қазақ, бұл басқыншылыққа да төтеп беруге тырысып-ақ жатыр. Қазақ қоғамы ышқынып, бар рухани потенциалын жинап, әлсіреп кеткен дінін қалпына келтіруде. Бұл тарапта ҚМДБ -ның да атқарып жатқан игі істері баршылық. Басында өздері де осы басқыншылыққа бой алдырып, рухани ахуалды анық бағамдай алмаған олар бүгінде есін жиып, желдің қай жақтан соғып тұрғанын анық саралай бастады. Бұл істердің бір парасы - шет елдерге шәкірт жіберуді қадағалау, дін мамандарын өз елімізде дайындау мәселелері. Өйткені, жасыратыны жоқ, шатақ діндер мен теріс ағымдардың кеңінен таралуына осы шет елде оқып келген қазақ жастарының да үлесі аз болмағанын да айтуымыз керек. Бірақ, шет елден оқып келген қазақ жастарының бәріне бірдей күйе жағудан аулақпыз, олардың ішінде адал сүт емген нағыз дінтанушы мамандар да баршылық. Олар бүгінде өздерінің алған білімдерін тиімді пайдаланып, қалың жұртшылықтың діни сауатын ашып, жамағаттың ықыласына бөленуде. Олардың қатарына дінтанушы бауырларымыз Қайрат Жолдыбайұлын, Құдайберген Бағашарды және т.б. жатқызуға болады.

Шатақ діндер мен теріс ағымдарға қарсы тұрудағы елеулі көмекті бұл істе азуы шыққан, мол тәжірибелі түрік бауырларымыз көрсетіп жатыр. Олар шатақ діндердің шығу тегі мен мақсатын түсінуге көмектесетін «Ағылшын тыңшысының мойындаулары» сынды кітаптарды аударып басып, қазақ руханиятына көп септігін тигізуде.

Әрине, жалғыз ҚМДБ, немесе бізге тілектес дін қарындастарымыз көп болып жұмылуды талап ететін бұл істе жалғыз-жарым жүріп нәтижеге жетпек емес. Кейінгі кезде осыған дейін белгілі бір деңгейде бейтараптылық сақтап келген Қазақстанның БАҚ өкілдері де  дабыл қағып, бұл іске кәдімгідей атсалыса бастады. Өйткені қоғамдағы болып жатқан өрескел жағдайлар кімді де болса бейжай қалдырмасы анық еді.

Қазақстандағы діни-рухани ахуалды осылайша бір бағамдап алып, енді негігі мәселеге көшейік. Осы мәселеде күшіміз бен шамамыз жеткенше пікір қалыптастырып көрелік. Алдымен: «Қазақ өзі шынымен мұсылман ба?», «Қазақ» ұғымы мен «мұсылман» ұғымы бір-біріне тең бе? Әлде алшақ па? Әлде «кеше келген тоқалдар, шөміш алып қоқаңдар» демекші, басымызға әңгір таяқ ойнатып жүргендердің сөздерінің жаны бар ма? Бұл сұраққа біз жауап беруіміз керек, жауап бермесек болмайды...Әйтпесе, біздікі көп көпірме қызыл сөздің бірі болып қалмақ қаупі бар.

Осы сұраққа жауап беру үшін мұғалімдік тәжірибемнен байқаған мына бір жайтпен Сіздермен бөліскім келіп отыр: әдетте мен бірінші курсқа келген студенттерден: - Сендер мұсылмансыздар ма? - деп сұраймын. - Олар бірауыздан: - «мұсылманбыз» - деп жауап береді. Сұрастыра келс олар Исламның бірде-бір парызын орындамайтын боылып шығады. Тіпті ол жайлы олардың түсініктері де болмайды. Мәселенің қызығы да осында -  олардан: енді қалай мұсылмансыңар? - деймін ғой баяғы. - Олар еш іркілместен: - Ой, ағай, сіз қызық екенсіз ғой, өйткені қазақпыз ғой! - деп нық сеніммен жауап береді. Осы мысалдан байқағанымыздай, қазақ халқының санасында «мұсылман» үғымы мен «қазақ» үғымы әлдеқашан бірігіп кеткенін көреміз. Оларды бөле-жара қарастыру тіпті де мүмкін емес. Сондықтан қазіргі кейбіреулер айтып жүрген дін таңдау бостандығы да бос, күмәнді, негізсіз нәрсе деп ойлаймын. Өйткені дінін сатқан адам, автоматты түрде қазақ болудан да қала бастайды. Бұл - абсолютті ақиқат. Және де тағы бір айтарым, бүгінгі күні кейде қылаң беріп қалатын Қазақ пен Исламды бір-біріне қарсы қоюды тоқтату керек. Біздің мұсылман болғанымыз кеше емес, бүгін емес, аттай он үш ғасыр болды.  Сондықтан да «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегендей (Абай), Ислам қағидалары мен заңдары  біздің салт-дәстүрімізге кірігіп кеткен. Кірігіп кеткені соншалық, оларды айыру - сүттің құрамындағы су мен сүтті айыруға ұмтылған аңғырттық пен ақымақтыққа тең болады. Сол себептен де бүгінгі күні «қазақтың дәстүрінде былай, Исламда былай» деп, қазақ дәстүрі мен дінді қарсы қою де негізсіз деп ойлаймын.

Қазақ дәстүрінде Исламға қайшы бірде-бір элемент жоқ, олай болатын болса Ислам діні қазақ қоғамына ене де алмаушы еді. Әлбетте, қазақы исламның өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес: ол сол халықтың өмір сүру ерекшелігі мен менталитетінен туындаған ерекшеліктер; табиғи жағдайы мен шаруашылық түрлері, экожүйе өзгешелігіне  байланысты қалыптасқан ерекшеліктер. Ал осының бәрін ескермей өзге орта мен жағдайда қалыптасқан  шатақ дінді қазаққа тықпалау қаншалықты орынды? Қаншалықты ақылға, әділеттілікке сыйымды?!

Ашығын айту керек, кез келген ұлттың қалыптасуында белгілі бір дін ұйыстырушылық қызмет атқарады. Тіпті қазіргі шатақ діндер тарапынан сөгіліп жүрген ұлт ұғымы, олардың жолына кесе-көлденең тұрып алып, өз мақсаттарының кедергісіз іске асуына тосқауыл болып отырған  ұлттық сана - барлығы құдіреті күшті Алла тағаланың ісі. Өзгеше ойлап, әртүрлі өмір салтын ұстанатын ұлттар мен ұлыстардың болуы - Алла тағаланың теңдесіз шеберлігінің көрінісі. Қасиетті Құранда бұл туралы: «Әй адам баласы! Шүбасыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хаудан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» делінеді («Хұжрат» сүресі 49/13). Егер біз баз біреулер армандап жүргендей,  «мұсылман боламыз» деген желеумен ұлттық ерекшеліктерімізден бас тартып, ұлттығымызды жоғалтар болсақ, онда Алланың әміріне қарсы шыққан болар едік. Қазақтың игі жақсылары арттарында «мұсылман болайын десең, ең әуелі қазақ болып ал!» деген ғибратты асыл сөз қалдырған. Ислам дінінің қазақ ұлтының ұйысуында, ел болып етек жабуындағы қызметінің өлшеусіздігі сондай, ол оның болмысына, тіліне, діліне , әдет-ғұрпына сіңіп кеткенін аңғарамыз. Сондықтан қазір біздің алдымызда қазақтықтықты меңгеру, қазақтықты меңгеру арқылы ғана шын мұсылман болу перспективасы тұр. Сонда ғана біз жан-жақтан анталап,  ұлттық нәріміз бен барымызды шайып кетуге дайын тұрған  әлемдік жаһандану үрдістеріне қарсы тұра аламыз.

Біздің қазіргі ұлттық трагедиямыз - қазақтыққа қайта алмай жатырмыз. Бізді қазір не қадірсіз - қазақтық қадірсіз. Біз көп жылға созылған отаршылдықтың кесірінен қазақтықтын тым алшақтап кеттік, қазақтықты қадірлеп дәмін сезінуден қалдық; қазақтыққа тұшынбағалы қашан! Біздің бар іс-әрекетіміздің берекесіздігі де осыдан деп білу керек. Бұл проблеманы алғаш сезген Алаш арыстары ұлттық негізді ту етіп көтерді, оны бір жоғалтып алғаннан кейін оған оралудың қиынға соғатынын анық аңғарды. Қазақ жанының білгірі, жазушы Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Ұлтты сүю» атты мақаласында бұл жайында былай дейді: «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек» (Қазақ альманағы, №2, 2009 ж.). Шынында да қазақ болу қиын, қазақ болу - өнер: қазаққа қатысты қандай тірлік болмасын, тек қана қазақтықтың аясында ғана ашылып, баян таппақ. Осы қағиданың ішіне дін де кіреді. Әйтпесе құр Құран жаттағаннан, құр хадис жаттағаннан қазаққа еш пайда жоқ, Құран, хадистің өзі қазақтану ғылымы ғана өз өрісін тауып, жүйелі түрде ашылмақ. Бұл менің айтып отырғаным әсіре ұлтшылдық немесе әсіре астамшылық емес, сөздің шыны, ақиқат істің мәнісі. Сөзімізге дәлел ретінде қазақ ғұламасы Мәшһүр Жүсіпті тыңдайық, ол кісі не дейді екен: «Алла тағала ғалам жаратты. Оның ішінде адам жаратты. Адамнан асыл жаратқан еш мақұлық жоқ, ғылым мен ақыл адамның озығасы (озғаны - О.Ж) болды. Оның шындығына «Ағуз биламин ал ражим» - ұғлы адам «Ласма каһа» аятпен беріктелді. Жетпіс екі тіл бар. Сол жетпіс екі тілдің ішінде ғараб тілінен асыл тіл жоқ. Оның асылдығы: «Ағузу биламин ал шайтан ал ражим ана низалынан Құран ғарабина лығылкім тоқылын» - аят бірін дәлел келді.

Онан соңғы тілде қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабасының тілі болған қазақ тілін осы күнгі жүрген қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе еді: дін де осында, ғылым, білім де осында, әулиелшілік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті. Не үшін -  ақжүрек, ақкөңіл болғанлықтан. Бұған дәлел  болуға Мығной Мышнойдың (Мағнауи Мәснәуидін, Жалаладдин Румидің шығармасы - О.Ж.) бір сөзін тәбәрігіне сөйлейік. «Жаһыл Раббы ғылты ғалым кінд ғылым рағылт зыдлыһа біркіз»:

Оқымаған «Әліфті» - таяқ деп білмейтін наданды жүрегінің ғаллатсызлығы ғалым қылады. Қанша ғылым иесі болса да, жүректе ғаллат болса, ол ғыллат ғылымды жоқ қылып жібереді» - деген. «Жүректе болатұғын ғыллат не?» - десең: дүние махаббаты. Кімде кімнің көңілінде дүние махаббаты болса, онда ғылым-білім бар деп ойлама. «Кімде кімнің көңілінде дүние махаббаты болмаса, ғылым-білім сол көңілде», - деп ойла.

Жарқырап тұрған күннің көзі меңдей бұлт шықса, жоқ есебінде болмақшы емес пе?! Ғылым күннің көзі болса, дүние махаббаты бұлт есепті. Оның бетін алған соң, енесінің ...кетті де қой. Бұрынғылар көңілнде дүние махаббаты жоқтығы айдан анық, күннен раушан» (Мәшһүр Жүсіп, 11 т., 73-74 б.). Міне, бабалар ғибраты осындай. Мәшһүрдің бұл айтып отырған сөзінің мәнісін -  надан болу керек деп теріс ұғып қалмау керек, мәселе  - жүректі кірлетпей таза ұстауда. Жалпы қазақтың діні - осы Жүрек ілімі. Қазақ осы Жүрек ілімін жетік меңгергендіктен де діннің асылына, тазасына жете білген. Жүрек ілімін меңгермеген жан оқыды не, оқымады не -еш пайда болмайды; қайта білімін дүние табудың жолына жұмсап, шайтан лағынның темірдей қақпанына түседі.

Сөзіміз түсінікті һәм дәйекті болу үшін де енді діннің негіздері туралы біраз сөйлейік. Дін ілімі жалпы үш үлкен нәрседен тұрады. Біріншісі - иман ілімі - иман иғдиқат, немесе Ақида деп аталады. Екіншісі - амал ілімі - фиқх деп аталады. Үшіншісі - көңіл ілімі немесе жүрек ілімі - Ахлақ деп аталады. Баяғыда пайғамбарымыз сахабаларымен отырғанда бір кісі келіп сұрады дейді: Иман деген не, Ислам деген не, Ихсан деген не? Деп. Сонда пайғамбарымыз: иман ол Алла тағалаға сену, періштелерге сену, кітаптарға сену, пайғамбарларға сену, тағдырға, жақсылық пен жамандық Алла тағладан деп сену, ақіретке сену; ислам - ол иман келтіру, намаз, ораза, зекет, қажылық; ихсан - ол әрбір ісіңді Алла тағала көріп тұрғандай қыл, немесе Алла тағала сені көріп тұрғандай қыл деген екен. Сахабалар: бұл кісі кім дегенде? Бұл - Жебірейіл ғ.с. деп жауап беріпті. Ислам әлеміне мәшһүр бұл хадис осылай, Жебірейіл хадис деп аталып, Діннің үш асыл негізінен бізге хабар береді. Жоғарыда сөз болған діннің негіздерінің бірі болмаса, дін толық болмайды, дін онда дін болмай, шатақ дінге айналады. Бірақ барлық нәрсе ақидадан басталады, ақидасы дұрыс болмаған адам шайтанға ереді. «Ұстазы жоқтың ұстазы шайтан» деген қанатты сөз осыдан шықса керек. Арифтердің сұлтаны құл Қожа Ахмет Ясауидің жолын жалғастырушы  Софы Аллаярдың шағатай тілінде жазылған «Сабатул Ажизин» кітабына қазақ тілнде  түсініктеме ретінде жазалған «Рисалаи Азиза» кітабында бұл туралы былай делінеді: «Ал әһлүс сүнә уәл жамағаттың шарғи мәзхабы «шариғат жолы) төртеу. Олардан өзге барлық ағымдар мен топтардың сенімі батыл (азғындаған) екеніне дау жоқ. Ол адасқан мәзһабтардан сақтану үшін ақаид ілімін білу қажет. Мұны білмегенді Сопы Аллаяр ұялтпақ үшін мынадай деп дәріптеген.

Ақида білмеген шайтанға илдір.

Егер мың йыл амал деп қылса, елдір»

Қазақша;

Ақида білмеген шайтанға ел,

Егер мың жыл амал деп істесе - жел.

Біз баз біреулер айтып жүргендей дінсіз де, мүшрік те емеспіз. Құдайға шүкір, қазақтың ақидасы берік, амалы - кемел, ахлағы - көркем. Олай болатын себебі бізді осы айтылған үш негіз бойынша да ұстаздарымыз бар. Мін, он үш ғасыр болды, қазақ әһлі сүннә уәл жамағат қатарында. Ақида іліміндегі ұстазымыз - Имам Әбул Мансур Матуриди, амалдағы, яғни фиқх ілімі бойынша ұстазымыз - Имам Ағзам Әбу Ханифа, ахлақтағы, яғни жүрек іліміндегі, немесе мінез түзету іліміндегі  ұстаздарымыз - тасаввуф ілімінің өкілдері:Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Йүгінеки, Жүсіп Баласағұн, Хорезми, Сәйф Сарай, Бұқар жырау, Майлықожа, Дулат, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім және т.б.

Енді аз-кем қазақты дінсіз, мүшрік деп жүрген шатақ діндерге келейік. Бағана айттық, бәрі ақидадан басталады деп. Естеріңізед болар, Кетбұға жырау хан Шыңғысқа ұлы Жошының өлімін естірткенде: «Теңіз бастан бұлғанды, а ханым» демеуші ме еді. Ендеше, дін теңізін басынан былғайтын бастау бұлағы  - осы ақида ілімі. Егер ол былғанса, діннің барлығы былғанып, адамзатқа қатер төндіре бастайды. Бұл шатақ діндердің пайда болуы бүгін емес, әріректе, 18, 19 ғасырлардың үлесінде. Осы құбылысты дәл аңдап, өмір бойы шатақ діндерге бітіспес майдан ашып, таза дінді іздеп тауып, бізге соны ұсына білген Шәкәрім қажы айтады:

Арақ - ақыл, ой - мастық, жар - хақиқат,

Жан - нәпсі, шатақ - иман, дін - қиянат.

Маскүнем, әйелсүйгіш, дінсіз ғой деп,

Сырым білмей сыртымнан қылма ғайбат («Иманым»).

Діннің ғажайып білгірі Шәкәрім осыған дейін айтылған ойларымызды қуаттай отырып, мәселенің түп мәнісін - шатақ діндердің пайда болу жолын соқырға таяқ ұстатқанай қылып ашып береді. Барлығы, - дейді Шәкәрім, - шатақ иманнан, яғни ақиданың дұрыс болмағанынан дейді. Және бұл шатақ иманның пайда болуына тәпсіршілер (Құранды түсіндірушілер) кінәлы дей отырып, діннің қадірі қашып, адамзатты шошыта бастаған рухани ахуалды дәл бағамдап, түп-тамырын дөп басып айтып береді.

Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне,

Дін десе тұра қашты есті азамат.

Бар обалы олардың тәпсіршіде,

Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат.

Сондықтан, қадірлі қауым, жаман тәпсірдің негізінде шатақ иманның пайда болып, шатақ иман - қиянатшыл дінді тудырғаны бүгін ғана емес екен. Біз бүгін тек осы әріден басталған үдерістің ащы жемісін татып отырмыз. Бүкіл әлемге бейбіт сүйгіш дін - исламның қадірін кетіріп, ислам дінін лаңкестік ұғымымен теңестіріп, шендестіріп қойған да осы шатақ дін өкілдері.

Енді шатақ діндердің бірі уаххабилікке тоқталайық. Түрік ғалымы Осман Қарабиықтың «Ислам діні» атты кітабында аталмыш ағымды «Негізі бұзылған діндер мен секталар» деп аталатын үшінші бөлімде қарастырыпты. «Уаххабиліктің негізін салған Мұхаммед бин Абдулуахаб хижраның 1111 (м.1699) жылы Нәждте Хураймилә мекенінде дүниеге келіп, х. 1206 (м.1791) Дарийада өлді. Бұрын саяхат және сауда үшін Басра, Бағдат, Иран, Үндістан және Шамға барған. Хижраның 1125 жылы Басрада ағылшын тыңшысы Хемфердің тұзағына ілініп, ағылшындардың Исламды жою мақсатындағы әрекеттеріне құрал болған. Ахмет бин Таймийаның әһлү сүннетке қайшы келетін кітаптарын оқып, «Шайх-и-Нәжди» деген атпен танымал болған. Оның идеялары ағылшындардың ақшасы мен қарулары арқылы сауатсыз ауылдықтар және Дарийа халқы халқы мен басшылары Мұхаммед бин Сауд тарапынан қолдау тапты. Оның пікірін қабылдаған адамдар «Уаххаби» және «Нәжди» деп аталады.

Уаххабилердің бұзық сенімдерінің үш негізі бар:

  1. Амал, ғибадат - иманның бөлшегі деп санайды. Бір парызды орындамаған адам кәпір болады дейді. Оны өлтіріп, мал-мүлкін тәркілеу керек дейді. Олар туралы «Фатх-ул-мәжид» кітабының түрлі беттерінде жазылған.
  2. Пайғамбарлардың (алейһимуссалам) және әулиелердің (қаддасАллаһу тағала асрараһумул азиз) рухынан шапағат сұраған адам, олардың мазарына барып, оларды себеп етіп, дұға еткен адам кәпір болады деп санайды.
  3. Уаххабилердің үшінші бұзық сенімдері - мазардың үстіне кесене салуды, кесенелерде намаз оқуды, онда қызмет істейтіндер мен намаз оқығандарға шырақ жағуды, өлгендердің рухына садақа нәзір етуді (атау) жаиз емес (дұрыс емес) санауы. Уаххабилердің айтуы бойынша Харамайн (Мекке-Мәдина) халқы бүгінге дейін күмбездермен дуалдарға табынып келген екен. Әһлү сүннет пен шиит тобындағы мұсылмандар сол үшін мүшрік болып саналады екен. Оларды өлтіріп, мал-мүлкін тәркілеуге болады екен. Олардың сойған малы арам болып есептеледі екен».

Міне, құрметті ағайын, түрік ғалым Осман Қарбиықтың «Ислам діні» атты кітабында шатақ діндердің бірі уаххабилік туралы осындай мағлұматтар берілген. Қазақ руханиятына жасалып жатқан шабуылдардың түп-төркінін енді түсінген боларсыздар. Енді осы кітапты және Қайрат Жолдыбайұлының «Дін мен Діл» атты кітабын негізге ала отырып бұл сенімдердің шынында да бұзық екеніне көз жеткіздік. Біріншіден, біздің ақидамызда иман мен амал ажыратылған. Бір парызды орындамаған адам күнәһар болады, кәпір болмайды. Тәубесіне келсе Алла тағала күнәларын кешіруі мүмкін. Өйткені пайғамбарыммыз с.ғ.с. : «Лә иләһә илла алла» деп айтқан адамға кәпір деп айтпаңдар деген. Екіншіден, тауассул ету, яғни бір құрметті адамды (Пайғамбарды, әулиені немесе өзіңнің істеген бір жақсылығыңды) негіз етіп, себеп етіп Алладан дұға тілеу пайғамбар сүннеті. Ол туралы көптеген хадистер бар.

Үшіншіден, «кесене» - «бөлме» дегенді білдіреді. Кесенеге тыйым салынса, сахабалар Расулулаллаһты, Әбубәкір және Омрады бөлме ішіне жерлемес еді. Кесене өлген адамға табыну үшін салынбайды, Оған кұрмет көрсету, дұға етуге келгендерді күннен, жауыннан қорғау үшін салынады. Су-и-зан ету - харам. Бүкіл мұсылмандар туралы жаман ойлауға болмайды.

Енді қазақтың тағы бір шарасы ас беру, жетісін, қырқын, жылын беруіне тоқтала кетейік. Бұл мәселе де кейінгі кезде шатақ діндер тарапынан ысырап ретіде бағаланып жүр. Бұл туралы Райымбек бірлестігі шығарған «Құран-хатым» кітабында былай дейді: «Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) садақаға берілетін сауаптың мөлшері туралы айтқан: «Бір садақа бар - бірге бір болып саналады. Бір садақа бар -  бірге он; бір садақа бар - біріне жетпіс; бір садақа бар - біріне жетпіс мың; бір садақа бар - біріне қанша екенін бір Алладан басқа ешкім білмейді», - деп.

Сахабалары: «Иә, Расулулалла, олар кімге», - деп сұрағанда айтақан: «Бірге бір садақа -ниеті нашар адамдарға берген садақа; бірге он - дені сау дәруіштерге берген садақа; бірге жетпіс - жоқ, кедей тұратын адамдарға берген садақа; ал жетпіс мың - ілім іздеген талапкерлереге берген садақа; ал есебін Алла білетін көп мөлшердегі садақа  - ғалымдарға және қайтыс болған адамды атап берген садақа», - деген (хадис Мүслімнен жеткен).

Сонымен, ағайын, өздеріңіз де көріп отырсыздар, қазақтың дінінде дінге қайшы келетін, шариғатқа томпақ келетін бірде-бір дәстүр жоқ екен. Және қазақты мұсылманнан, мұсылманды қазақтан бөле-жара қарастыруға әсте болмайды екен.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1487
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1339
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1089
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1133