Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
1930 0 пікір 15 Қараша, 2018 сағат 15:06

Қызылжарда "Түркістан жауһарлары" атты көрме ұйымдастырылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында жаңадан құрылған Түркістан облысына ерекше мән беру қажеттігін ескерткен болатын. Осы бағытта облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың басшылығымен бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Солардың бірі жуырда Қызылжарда ашылған  Түркістан өңірінің көрікті жерлерін насихаттауға арналған  көрмені айтуға болады.

Ол Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығына арналған «Қазақстан мен Ресейде туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен тенденциялары» тақырыбында XV форумның негізінде ұйымдастырылған.
Халықаралық шара аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қоры-музейінің «Түркістан жауһарлары» атты көрмесі ашылды.

Көрме әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясcауи мұрасы мен Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерге арналған. Қожа Ахмет Яcсауидің артында қалған баға жетпес мұралары — ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба нұсқасы, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Насабнама» шежіресі, ХІV ғасырдан жеткен түпнұсқа кесене кірпіштері, аспалы, айдаһар басты шырағдандары, Тайқазан, Лауһа, Қақпа есігі, Қожа Ахмет Ясcауи кесенесі мен мөрінің макеттері, Түркістан өңіріндегі қасиетті жерлер мен сәулет ескерткіштердің фотосуреттері экспозициядан орын алды.

Сондай-ақ, қазақтың атақты Тәуке, Қайып, Барақ, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Кенесары сынды хандарының Ресей, Қытай патшалығына дипломатиялық байланыста жазған хаттары экспозицияда көрініс тапты.
Қорында 25 мыңға жуық жәдігері бар еліміздегі іргелі қорық-музейдің Петропавл төрінде көрмені өткізудегі мақсаты — Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, туристер тарту болып табылады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы республикамыздағы іргелі музейлердің бірі. Қорық-музей ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Ясcауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап ХIV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған кесене негізінде Түркістан қаласында 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Яcсауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» ретінде ашылды. 1989 жылы тамыздың 28 күні Қазақ ССР Министрлер кеңесінің №256 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 24.07.2015 ж. «ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы» №585 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» РМҚК болып қайта құрылды.
Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қорғау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Қорық-музей аумағында мемлекеттік акт алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы жер көлемі 2306,383 га. Құрамында 9 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың ішіндегі 1 халықаралық, 21 республикалық, 7 жергілікті маңызға ие.

Музейлердің экспозиция алаңдарында жылына түрлі тақырыптағы 60-тан астам көрме ұйымдастырылады. Республика бойынша көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, еліміздің барлық облыстары және оңтүстік өнірінің аудандары түгел қамтылып келеді.

Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде қорық-музей 2015 жылы халықаралық ICOM одағының «Жыл музейі» дипломына ие болса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық бизнес-рейтинг бағдарламасының «Өрлеу қарқыны» номинациясында Қазақстан музейлері бойынша «Сала көшбасшысы» атағына, «Алтын» рейтингісіне ие болып Халықаралық сертификатпен және арнайы «Алтын қыран» медалімен марапатталды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1998
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2423
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1979
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1577