Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
2336 0 пікір 15 Қараша, 2018 сағат 12:22

Түркістан облысы Жетісай ауданында Испандық кәсіпкерлер зәйтүн егеді

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында ауылшарушылығы саласына ерекше мән бергені белгілі. Сол саладағы еңбек өнімділігін арттыру үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау болып отырғаны да рас. Енді, осы бастаманың негізінде өңірлерде түрлі жұмыстар жасалып жатыр.

Мәселен, жуырда Түркістан облысы Жетісай ауданында алматылық «Прометей» және испаниялық «Корбелл» компаниясының өкілдері 25 гектар жерге тәжірибе ретінде зәйтүн ағашын егу мәселесін талқылады. Қос компания алдағы уақытта Жетісай ауданынан зәйтүн және бадам бағын өсіруді жоспарлап отырғанын, ол үшін осындағы егістік жерлердің топырағын зерттеп көруге ниетті екендіктерін жеткізді.

Испаниялық агрокомпанияның өкілі Фауистино Корралбелбельдің айтуынша, зәйтүн егуге Жетісайдың топырағы мен климаты өте қолайлы көрінеді. Шетелдік компания бұл қорытындыға зерттеу жұмыстарының нәтижесінде келгенін айтты.

– Біз осыдан бірнеше ай бұрын Жетісай ауданының топырағын сараптамадан өткізу үшін Испанияға жолдаған болатынбыз. Нәтижесінде зәйтүн егуге ыңғайлы деген қорытындыға қол жеткізіп отырмыз. Ендігі мақсатымыз – осы ауданнан зәйтүн ағашын егуге қолайлы жер тауып, қосымша сараптама жұмыстарын өткізу. Бізге жергілікті басшылар егін егетін жер телімін тауып беруге көмек қолын созса, жоспарымызды іске асыруға ниеттіміз. Алғашқыда біз 25 гектар жерге эксперимент ретінде егіп, егер табысты болып жатса, оның көлемін жыл санап ұлғайту жоспарымызда бар, – дейді «Прометей» компаниясының өкілі Қанат Құдайберген.

Аймақ басшысы қонақтарға бірнеше жер телімінің топырағын сараптамадан өткізіп көруге кеңес берді. Сондай-ақ, егер жоба іске асып жатса, ауданымыздан зәйтүнді қайта өңдейтін кәсіпорын ашуға болатынын да атап өтті.

– Біз сіздердің бұл ұсыныстарыңызды қуана қолдаймыз. Ауданымыздағы егістік жерлердің бәрі дерлік суармалы. Оның үстіне жеке шаруа қожалықтарының иелігінде. Біз сіздерге бұған дейін игерілмей жатқан жерлерді де ұсынып отырмыз, – деді Жамантай Қанайұлы.

Айта кетейік, зәйтүн ағашы егілгеннен кейін үш жылдан соң өнім бере бастайды. Егер күтіп-баптауы дұрыс болса, 150 жылға дейін өнім береді. Шамамен 1 гектарынан 10 тоннаға жуық өнім алуға болады. Ал, зәйтүннің бір келісі елімізде 35 доллардың шамасында болса, одан алынатын майдың бір литрі 450 теңгеге бағалануда.

Кәсіпкерлер егер топырақты зерттеу нәтижелері оң қорытынды берсе, алдағы ақпан айында Испаниядан көшеттерді әкеліп отырғызуға әзір екендіктерін жеткізді. Олар тамшылатып суару әдісін қолданбақ.

Айта кетерлік бір жайт, зәйтүн ағашы субтропикалық белдеуде өседі. Негізінен Испания, Португалия, Грекия, Түркия, Сирия, Марокко, Тунис, Мысыр, Ливан елдерінде өсіріледі. Үнемі жасыл түсін сақтайтын көпжылдық өсімдік жылына 30-35 келі өнім береді екен. Бұл ағаштың жемісінен дайындалатын май халық медицинасында көптеп қолданылады. Тіс, тері, асқазан ауруларына пайдасы өте мол өсімдік. Оның жемісі дәрі ретінде қолданылса, сығындысы мал азығына жарайды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2094
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2510
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2179
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1617