Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 5779 24 пікір 29 Қараша, 2018 сағат 07:53

Елбасының мақаласы еліміздегі туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктер туғызады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде оның жаңа қырларын айқындап, тарихи сананы жаңғыртудың жолдарын көрсетеді.

«Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» деп аталатын екі бөлімнен тұратын мақалада Мемлекет басшысы ұлттық тарихымызды ежелгі заманнан қарастырып, оның тұжырымдамасын нақтылауға шақырады. Бұл күрмеуді шешу үшін тарихымызға ғылымның бүгінгі жетістігі тұрғысынан қарап, бұрынғы еуропоцентристік көзқарастардан арылып, біздің ұлтымыздың арғы даңқты тарихын талдап оқытуға шақырады. "Мәдени мұра", "Тарих толқынында", "Рухани жаңғыру" бағдарламалары басталғалы жастарды ұмытылып бара жатқан өз халқымыздың әлемді таң қалдырған рухани және материалдық мәдениетіміздің үлгілері қызықтыруда. Осының барлығы жастарға эстетикалық және патриоттық тәрбие берудің құралы.

Тарихтың тәрбиелік рөлін ерте түсінген елдің бірі – Германия. ХІХ ғасырдың басында бұл саяси жағынан бытыраңқы, шаруашылығы мешеу ел болатын. Аз уақытта саяси топтасып, Еуропаның  алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылуы неміс халқының ұлттық санасының оянуына байланысты еді. Ұлттық идеологияның қалыптасуына неміс халқының ұлттық санасының оянуына байланысты еді. Ұлттық идеологияның қалыптасуына бірде-бір әсер еткен фактор әрине неміс тарихшыларының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Неміс мектептеріндегі ұлттық тарихты оқытуды жолға қою, университетті тарихи білімді реформалау іс-шаралары өз жемісін берді. ХІХ ғасырдың орта шенінде немістің тарих ғылымы бүкіл Еуропадағы алдыңғы қатардағы ғылымдар қатарына көтерілді. Ал енді келесі ХХ ғасырдың 30-40 жылдары неміс ұльшылдығы шектен шығып, бүкіл өркениетке қауіп төндіргені мәлім. Сондықтанда тарих пәнінің тәрбие берудегі мүмкіншілігін реттеп отыратын тиімді механизм қажет. Тарих пәнінің бағдарламасы да, оның оқулығы да, бұл пәннен сабақ беретін мұғалім – оқытушылардың біліктілігі, білім деңгейі, ұлттық көзқарасы мемлекеттің қамқорлығында, бақылауында болуы қажет.

Дәстүрлі қазақ қоғамында жас ұрпаққа тәрбие беру процессінде оларға тарихи білім беру негізгі міндет болып есептелді. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген қанатты сөз осы уақытта туса керек. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ болмысының келесі бір ерекшелігі – оның тарихшылдығы. Қара халықтың тарихтан хабардығы мейлінше жоғары болған. Керек десеңіз, білім институттарының дамыған жүйесі бар бүгінгі бүгінгі күннің өзін бұрынңы қазақтардың санасындағы жаппай тарихшылдықпен салыстыруға болмайды» деп жазды.

Тарихи білімі бар азаматтың мәдениетті, білімді, жан-жақты адам болып өсетіндігі белгілі. Өз халқының тарихын білген жас өскін елін сүйген, халқының қамын ойлаған, жерінің жаңаруы, гүлденуі жолында күрескер болып қалыптасады.

Қорыта айтқанда, тарихи білім қоғам мүшесінің  азаматтық көзқарасының қалыптасуына әсер етеді. Жаңа жағдайда тарих ғылымының алдындағы мақсаттар мен міндеттер шаш етектен. Осы жерде академик М.Қ. Қозыбаевтың: «Тарихшыдардың өз халықың алдындағы қарызы белшеден»– деген сөзі еске түседі. Ал тарихшылар қоғам алдындағы қарызын да парызын да толығынан өтері анық.

ХVIII ғасырда қазақ елі екі бірдей жаудан қорғанды. Дәл осы дәуірде халықты отан сүйгіштік рухта тәрбилеу, оған тарихи мағлұмат бері күрестің негізгі формасына айналды. Өкінішке орай орыстың, жоңғардың, қытайдың ықпалында қалған аймақтарда халық өзінің тарихи жадынаң айырыла бастады. Жат жерлік ғалымдар қазақ тарихын бұрмалап, оған түзету енгізіп, халқымыздың өткені жөнінде өз нұсқаларын жазды. Сөйтіп халық арасында жалған тарихшылық пайда болды.

Ендеше, біздің төл тарихымызға оң көзқарас қажет. Көп қырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Президент атап көрсеткендей, бұл басқа халықтардың ролін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсету үшін жасалмайды. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз роліміз бен орнымызды байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.

Президент аталған мақаласында тарихтың түйінді мәселелерін көпшілікке түсіндіру мақсатында Ұлы даланың жеті қырына тоқталады. Бұл айтылғандардың барлығы да біздің жеріміздің материалдық мәдениетінен бастау алады, ендеше бізге жат емес.

Мысалы, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихи ақиқат. Біздің өткеніміздің барлығы да атпен байланысты. Қазақтың осындай үлкен территориясын ұрпақтарына сақтап қалуда салт атты батырлардың маңызы ерекше зор емес пе?! Мақалада айтылғандай, біздің Ұлы далада ежелгі металл өндірудің ошақтарының бірі болды. Сөйтіп, тарихтың жаңа дәуірінің жаңа парақтары ашылды.

Көне қазақ жерінің ғылым үшін де, өркениет үшін де ауыз толтырып айтатындай жетістіктері баршылық. Оның жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі — «аң стилі» өнері. Сонымен қатар — 1969 жылы Есік қорғанынан табылған — Алтын адам. Кейін байтақ даламыздың басқа өңірлерінде де осындай жәдігерлер көптеп табылды. Түркі қауымы ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшылық өркениетін қалыптастырды. Өнер мен ғылымның, сауданың орталығына айналды. Мақалада Елбасы жетістіктерді айта келіп, бұл түркі әлемі дүниежүзілік өркениетке Әбу Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, тағы басқа ұлы ойшылдарды қалыптастырғанын атап көрсетеді.

Көшбасшымыз Ұлы даланың тағы бір мақтанышының қатарына – Ұлы Жібек жолын қосады. Ол ұлыстар мен елдер арасындағы әлемдік өзара тауар айналымы мен халықтар ынтымақтастығын дамытуға негіз болғандығын айтады.

Елбасының аталған мақаладағы ең басты көңіл бөлген мәселесі – тарихи сананы жаңғырту. Президент  оны бірнеше ірі жобалар арқылы дамыту қажет деп санайды. Ол жобаларды төмендегіше көрсетіп берген: Архив – 2025; Ұлы даланың ұлы есімдері;  Түркі әлемінің генезисі; Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі; Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы; Тарихтың, кино өнері мен телевизиядағы көрінісі.

Бұл аталған жобалар біздің еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан 2003 жылы жарияланған «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасы болып табылады.  Елбасының жолдауымен қабылданған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің дәлелі.

Сондай-ақ, ол Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылып, бүгінгі күні кезегімен, ретімен жүзеге асырылып жатқан руханият саласындағы игі істеріміздің де жалғасы. Осы бағдарламалар жүзеге асқан уақытта Түркі жұртшылығының, түркі әлемінің дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесін сезінеді, тарихтағы біздің Ұлы тұлғаларымызды басқа ұлттар мен ұлыстар халқы да білетін болады. Сондай-ақ, біздің жас ұрпаққа отан сүйгіштікке тәрбиелеуге, тарихи білімді дәріптеуге, Қазақстанда туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасайды. Бағдарлама халықтың гуманистикалық курсы және потенциалын көрсетіп, оның тарихи тәжірибесін байытып, болашақтың сенімді тірегі болмақ.

Жоғары білімді әрі рухани бай адамдар ғана заманның жаңа талаптарына дер кезінде жауап қатып, дұрыс шешім қабылдай алады. Мемлекет басшысының бұл мақаласы ұлтымыздың өз рухани құндылықтарын құрметтеуге, сыйлауға, аялауға және танып-білуді дамытуға бастама болатын бағдарлама.  Бұл мақалада тарихи, тәрбиелік, қоғамдық-саяси және мәдени ағартушылық бағыттағы маңызды жобаларға қатысты қабылданар нақты қадамдар көрсетілген. Олардың әр біріне үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз.

Самат Есқалиев, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеті, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Abai.kz

 

 

 

24 пікір