Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 5297 14 пікір 27 Қараша, 2018 сағат 11:26

Қасымов басқаратын министрлік НКВД-ның мұрагері ме?

24-қараша күні Tengrinews сайтында “Министры МВД Казахстана: Кто запомнился на этом посту” атты мақала жарияланды. Сайт қазіргі Ішкі Істер Министрлігінің атқарып жатқан істерімен қатар сонау 1920 жылдан бергі тарихын мақтанышпен түзіп шығыпты.

Сол мақтаулылардың арасында Андрей Платев, Григорий Князев, Михаил Берсенов атты орыс генералдары да бар. Кеудесін орден-медальдарға толтырған бұл үштік кім десеңіз, олар – кешегі Желтоқсан көтерілісінде қазақ жастарын қудалап, мүрделерін қала сыртындағы қоқыстарға тастауға тапсырма берген Горбочев пен Колбиннің шолақ белсенділері. Сайттағы мақалаға сенсек, қазіргі біздің тәуелсіз ҚР ІІМ сол органдардың жалғасы екен. Сонда Қасымов бастаған министрлік Алаш арыстарын қудалаған НКВД-ның заңды мұрагері болып шыға ма?

Біздің тарихымызда НКВД-ның жендеттері жасаған қылмыстар аз емес. Бірақ, оларға тарихи баға әлі де берілген жоқ.

Егер, біздің ІІМ шын мәнінде реформа жасағысы келсе, өзіне дейінгі шенділердің қателігіне әділ баға беруден және соны қайталамаудан бастау керек еді. Бірақ, Қасымов мырза реформаны сырт киімнен бастауды жөн көріпті.

Мұрат Әбенов:

-Тәуелсіз Қазақстан полициясы осы уақытқа дейін Құрмет Тақтасында ғана емес, оқырманы көп порталда осындай арнайы мақала жазып,  қазіргі Министірлік басшылары Кеңес Үкіметіндегі НКВД және милицияны басқарған генералдардың "ізгі ісінің жалғастырушысы" деп мақтанады.

Біздің полиция "Мақтаныштары" 1986 жылы жастарымызды Алматы Орталық Алаңнан әскер күшімен қудалап ұрып соққан , қыздарымыздың басын күрекпен жарған сол кездегі ҚазССР ІІМ министірі Платаев Андрей.
Тағы бір біздің полицияға "құрметті" "қазаққа еңбегі сінген" генерал Князева Григорий . Бұл Колбинмен бірге Свердловск қаласынан келген , Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды соттатып, түрмеге қамауға себепкер болған қылмыскер.

Тәуелсіздігіміз үшін күрестің құрбаны Қайрат Рысқылбековтің өліміне тікелей қатысы бар Рессей генералдары әлі төрде тұрғандары қалай?

Бұл сатқындық па әлде саяси қателік пе? Түсініксіз...

Түйін. Біз кеңес одағының қазақ халқына жасаған барлық қылмысын әшкерелеуге тиіспіз. Ал, сол қылмыстар осындай кейбір шенділердің қолымен жасалды. Демек, тәуелсіз Қазақ полициясы сол қылмыстарға әділ баға беру керектігін және сол кездегі қателіктерді қайталамау қажеттігін тағы қайталап айтамыз.

Бірақ, өзі де Жаңаөзен қырғынын жасап, “Халық алаңға тағы шықса, тағы да оқ атамыз” деген Қалмұхамед Қасымовтан әзірге мұндай ерлік шыға қоймайтын сияқты.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

14 пікір