Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Талқы 3594 12 пікір 22 Қараша, 2018 сағат 10:54

Жайбергенге жауап. Өзіне -өзі қарсы...

Құрметті оқырман! Күні кеше ғана «Abai.kz» ақпараттық порталында қостанайлық авторымыз Жайберген Болатовтың «Қостанайдың «қожасы» Архимед не дейді, ел не дейді?» атты мақаласы жария болды. Осыған орай, бүгін редакциямызға Қостанайдағы облыстық «Қостанай таңы» газетінің Директор-Бас редакторы Жанұзақ Аязбековтың жауап хаты келіп түсті. 

«Abai.kz» ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға әркім құқылы. Осы мақсатпен біз Жанұзақ Аязбековтың мақаласын жариялап отырмыз.

Редакция

2018 жылғы 21 қарашада жарық көрген Жайберген Болатовтың «Қостанайдың «қожасы» Архимед не дейді, ел не дейді?» мақаласын оқып, бізге қатысты болған соң үндемей қалудың ретін таппадық.

Мақалада автор облыс әкімінің Астанаға барып, орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында есеп беру кезінде әкім өзінің атына бір топ адамның атынан  өтініш-хат келгендігін,  сол үшбу  хатта  облыс  атауын Қостанайдан Торғайға ауыстыру  жайы  айтылғандығын, бірақ облыс басшысы   өзінің  бұл  өзгеріске қарсы екендігін қадап айтты дей келе: «Мұнысын, біз әрине, теріс уәж деп айта алмаймыз.  Шындығында да  Қостанай да  ежелгі Торғай секілді тарихи атау, қасиетті өлке, қазақтың да тағы бір киелі жері. Бір қазақы атты екіншісімен ауыстырғанда не ұтамыз?» -дей келе: «Алайда осы орайда біздің көкейімізде талай сауал қалды. Біріншіден, біз осы хат туралы неге Астанадан естиміз? Бұл енді күнде айтылатын өсегіміз емес, облысымыздың белгілі-белгілі тұлғалары қол қойған аса маңызды дүние десек, артық айтпаспыз. Енді неге оны облысымыздағы маңдайымызға біткен жалғыз ғана қазақ тіліндегі «Қостанай таңы» газетіне басып, дүйім жұртты хабардар етпеске? Мүмкін, сонда біз аталмыш хаттағы айтылған уәждерді өзіміз ұғынып, талдау жасар ма едік?  Мұны сонша құпия ұстап, жұрттан жасырудың астарында қандай сыр жатыр?» деген  айыптауларын көлденең тартады.

Біздің таңқалғанымыз – Жайберген Болатов мырзаның бұдан әрі өз мақаласында  біздің газетімізді  тілге тиек ете отырып, жаңсақ айтып, әділеттен аттап өтетіні және  өз ойына өзі қарсы шығатыны.

Айтайық, жаңсақ дейтініміз – біз де көрдік, әкім Астанадағы брифингте  өтініш-хат хақында модератордың қойған сұрағына бола жауап берді. Әйтпесе бұл сауалды Астана отырып қозғауды мақсат тұтпағаны анық.  Бұл бір.

Екіншіден, мұндай үшбу хат сол күні біздің редакциямызға да келіп түсті. Тәртіп-тәжірибе бойынша мұндай ұжымдық  хат  рас- өтірігін тексеріп алмай  жарыққа шықпайды. Көңілге секем алғанымыз компьютерде терілген хатта адамдардың аты-жөні, лауазымы  жазылғанымен, бірде - бірінің  қойған  қолы жоқ.  Сұрастырдық,  тексердік. Қол қойғандардың жартысы хатты естігені болмаса, қуаттап қол қоймағаны, олар әңгіме етілгенмен  хат жазуға келіспегенін айтты. Хатта осындай шикілік бар.

Оның үстіне біз де Жайберген ағамыз жазғандай «Шындығында да Қостанай да ежелгі Торғай секілді тарихи атау, қасиетті өлке, қазақтың да тағы бір киелі жері. Бір қазақы атты екіншісімен ауыстырғанда не ұтамыз?» деген секілді ойда болдық.  Ендеше, жоқ  жерден мәселе ойлап тауып, өнбейтін дау тудырып, сүттей ұйып отырған ағайындардың арасына жік салудың қандай  қажеті бар?

Бірақ Жайберген мырза мұны әңгіме етудің артық екенін, әкімнің ұстанымын дұрыс дей отырса да,осы өтініш- хатты  қайта түртпектей жөнеледі. Жол-жөнекей әкімді «өзі құрылтайшы болып табылатын жалғыз газетіміз— «Қостанай таңына» бас сұғып, есігін ашпайды» деп кіна тағады. Басқа облыстан мысал келтіріп, онда газет басшысын шақырып алып, жағдайына  қанығып, қандай көмек қажеттігін сұрап отырады дегенді  айтып күйінеді. Бұл – қате пікір.

Облыс әкімі А.Мұқамбетов келгелі 3 жылдан асты, басқа-басқа, бізді, облыстық газетті назардан тыс қалдырған емес.  Жай-күйімізді  үнемі сұрастырып, қажет кезінде көмек көрсетіп, қолдап отырады. Бас редактор ретінде облыс әкіміне кіргенімде шешусіз қалған бірде-бір газет мәселесі жоқ. Бұл маған ғана емес, жалпы өңірдегі баспасөз басшылары үшін облыс әкімінің есігі қашанда ашық екені аян.

Жалпы мақала авторының «Мұны сонша құпия ұстап, жұрттан жасырудың астарында  қандай сыр жатыр?» деуі де артық. Біле білсе,  брифингтен бұрын-ақ бұл үшбу хат әлеуметтік желілерді шарлап, түрлі сайттарда, кейін республикалық «Қазақ», «Айқын», «Түркістан» басылымдарында жарық көрді.  Халық көзі көреген, мынау қисынды дүние болса осы күнге дейін-ақ дес бермей кетер еді. Әлеумет оған мән берген жоқ. Мән бермейтіні, Жайберген мырза: «Хатты ұйымдастырушылардың әлгілермен телефон арқылы хабарласып, келісімін алуы мүмкін. Сосын сыртынан  қол қойып жіберген де  болар»- деп өзі  жөнсіздікке итермелеген, асығыс туған шалағай тұжырым.  Әйтпесе Торғай да, Қостанай да қазақ үшін тарихи құндылығы бар атау.  Бірін өсіріп,  бірін өшіргеннен ұлтымызға тигізер пайда жоқ.

Алайда  бұл атау  ауыстыруды жөнсіз деген әкімге, Жайберген әріптесіміз «теріс уәж деп айта алмаймыз», «Шешімі онсыз да белгілі осынау қисынсыз мәселе» деп доғара салудың орнына, дәл осы ойдың төңірегінде тәптіштеп,  әкімнің аузынан шыққан  әр сөздің астарынан «сыр» іздеп, өзіне-өзі қарсы шыққанын біз де түсінбей қалдық.

Жанұзақ  Аязбеков

Қостанай облыстық «Қостанай таңы»

газетінің Директор-Бас редакторы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1425
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1264
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1023
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1080