Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Сұхбат 5162 5 пікір 13 Қараша, 2018 сағат 10:43

Жабайыл Бейсен: Қиюы қашқан жылдарым көп болды

 

Күллі қазаққа таныс «Ауылым» әні туған жерге арналған гимн болғалы қашан! Қазір Алматы облысының Үржар ауылында тұратын 83 жастағы ақын Жабайыл Бейсенді сөзге тарттық.

- Жабайыл аға, сіз арғы бетте туғанмен, бар ғұмырыңыз Тарбағатайдың күнгейінде, қасиетті Алакөлдің маңында өтіп жатыр. Қазір денсаулығыңыз қалай?

- Рахмет. Халім жаман емес, тек екі көз бұлдырап, көру нашарлап барады. Міне, өзіңнің сұлбаңды ғана шамалап отырмын. 1991 жылы-ау деймін, апатқа ұшырап, бір көзім зақымданған еді, соның зардабы екінші көзіме тиіп, соқыр болуға айналдым. Бұл, ең алдымен шығармашылығыма кесірін тигізетін болды. Не баспасөзді қарай алмай, не кітап оқи алмай пұшайман халге түстім. Қазір қалыңдығы бір елі көзәйнек тағып, маркермен жазған болам. Оның өзі анда-санда.

- Сіз жайлы жұртшылық аз біледі. Өмір жолыңыз туралы оқырмандарға айтып беріңізші.

- Мен Қытайда, Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Жайыр деген таудың  етегіндегі Дәм өзені маңында дүниеге келдім. Сол жақта жастық шағым өтті. Әке-шешем әжептәуір малды адамдар еді. Толы ауданында орталау мектепте оқыдым. Сосын Шәуешек гимназиясында оқып жүргенімде оқудан шығарылдым.

- Неге?

- Біз өзі Шәуешек гимназиясына қарақұлақтанып бардық. Онда қазақ, татар, өзбек, ұйғыр т.б. ұлттардың ұл-қыздары дәріс алатынбыз. Етек-жеңімізді жиып, бозбала болып қалғанбыз, ептеп қыздарға қырындағымыз келеді. Қалада өскен олар қырдан келген бізді менсінбейді. Елтірі шапан мен елтірі тымақ шынында да сөкеттеу көрінетін болса керек. Аманжан, Төлеубек үшеуміз бірігіп, қайтсек те сол қыздардың мысын бассақ-ау деп жүргенде ойымызға мынадай бір жайт сап ете түсті.

- Ол кісілер кімдер еді, кейін бері өтті ме?

- Аманжан Жақыпов бірнеше кітаптың авторы, талантты ақын, жазушы еді. Төлеубек Жақыпбаев жұртқа кең тараған «Кездессем ұрлана қараймын, Асаудай тулайды жас жүрек» деп басталатын атақты ән мәтінінің авторы, «Лашын» деген атпен прозалық кітап жазған. Екеуі де бақилық болды.

- Содан?

- Бұларды өлеңмен, мазмұнын келістіріп түйреу қажет. Қазақтың бір көркем жігітіне барша әдемі қыз ғашық болып, ұмтылады. Ол жігітті қалай жасадық де? Біреуміздің бойымызды, біреуміздің шашымызды, мойнымызды, тағы біріміздің қасымызды алып, бір келісті жігіт жасадық. Оны мектептің қақ ортасына ескерткіштей тұрғызып, әлгі бізді жаратпай жүрген қыздардың аттарын атап, соның алдынан бір-бірлеп жүргіздік. Біз жасаған кейіпкер олардың бірін де менсінбейтін болып шығады.

- Өлеңмен ғой?

- Әлбетте, өлеңмен. Мәселен, былай енді:

...Жарайды Жабайылдың бойын алдық,

Ал, енді мойын іздеп кімге бардық.

Аманжан алма мойын жігіт еді,

Қоймастан бермесіне сұрап алдық, - осылай басталып, кете береді, арғы жағын ұмытып қалдым. Осыны әдемілеп жаздық та, көп дана етіп көшіріп, түнде гимназияның ішіне шашып тастадық. Таңертең сабаққа келсек, балалар у-шу, бәрінің қолында біз жазған «Сыр –дәптер» деген өлең кітапша. Аты аталған татар, өзбек, ұйғыр қыздары екі көздері бұлаудай болып, жылап жүр. Содан қойшы, сол күннен бастап, татар, ұйғыр, өзбек мұғалімдері бізге қырын қарайтын болды. Олардың да шамына тиген сыңайлы. Үшеуміздің бұл қылығымызды ерлікке балап отырғам жоқ. Жастықтың бір желігі ғой. Алайда, осы желік басыма кейін қара бұлттай үйірілді де отырды. Олар мұны ұлттық алауыздыққа айналдырып, ұлғайта түсті. Мектепті қойып, қалалық сақшыдан адамдар келіп, сұраққа ала бастады. Іс насырға шапты. Алма бағында бір топ болып отырғанымызды, жанымызда А.Фадеевтің «Жас гвардия» кітабы жатқанын біреулер жеткізіпті. Тергеу кезінде суреті де бар екенін айтты, бірақ көрсеткен жоқ. Сөйтіп, оқудан шығарылдық. Үш аймақтың қалаларында (Алтай, Тарбағатай, Іле) ешқандай оқуға алынбасын, жұмыс берілмесін деген жарлығы қоса шықты. Сонда да оқу іздеп үшеуміз Үрімжіге келдік. Аз күннен кейін Аманжан Шәуешектегі жалғыз шешесіне алаңдап, қайтып кетті де, Төлеубек екеуміз Шыңжаң институтының сурет факультетіне тапсырып, сынақтан өттік. Жазушы Қажығұмар Шабданұлының үйінде жаттық. Жеңгеміз сол тұста түсіріліп жатқан «Хасен-Жәмила» көркем фильмінің эпизодында ойнайтындықтан, Шанхайда, түсіру алаңында еді. Қажекеңнің үйінде тұрып жатқанымыз бір есептен дұрыс болыпты, ол «Шұғыла» журналы бастығының орынбасары. Өлеңдерімізді кезексіз басып, қаламақыға қарық қылып тастады. Алайда, бұл тірлігіміз де шолақ болды, жергілікті билік құрығынан көп ұзай алмадық, екі-үш айдан кейін артымыздан қағаз келіп, тағы оқудан шығарылдық.

- Не кінә тағып отыр сонда?

- Баяғы сол әуен. Ұлтаралық дүрдараздық тудыратын іс жасаппыз. Айрандай ұйыған жастардың арасына іріткі салып, алатайдай бүлдіріппіз. Кітаптағы Олег Кошевой сияқты ұйым құрмақ болыппыз. Негізгі әңгімеден сәл ауытқып кеттім-ау деймін. 1955 жылы Кеңес үкіметі «Тың және тыңайған жерлерді игеру» деген ұран тастап, біраз азаматтар атамекенге бет бұрды. Солардың арасында достарым Аманжан мен Төлеубек те кетті. Олардан менің де қалғым келмей, әкемнен рұқсат сұрадым. Жарықтық далада түйеге тұз салып жүр екен, үндемей жүріп алды. Бірсыпыра уақыттан кейін жаныма таяп келіп: «Әй, балам, біз бұл жерде көп ауылмыз. Олардың бірі де қозғалған жоқ. Біздің де жылы орнымызды суытқанымыз жарамас. Оның үстіне жаңа түйеге тұз беріп жүргенде байқасам, барлығының көзінен жас парлап жүр» деді. Әке сөзі біз үшін заң, сөйтіп, ешқайда шыға алмай қала бердім. Қалғанымды қайтейін, ешкім, ешқайда не жұмысқа, не оқуға алмайды. Елде бір саяси науқан басталса-ақ, алдымен мені шақыртып, тергеуге алады. Жас өмірім қызыққа емес, қиянатқа белшесінен бата бастады. Арада екі жыл өткенде достарыма ілесіп Кеңеске өтпегенім, жастығым ескеріліп, Үрімжі педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетіне баруыма рұқсат берілді. Құдай қолдады, жоғарғы оқу орнына түсіп, зая кеткен жылдардың есесін қайтарғандай, білімге бас қойдым. Дегенмен, қуанышым тағы ұзаққа созылмады. Жаңадан ашылған 3 жылдық институттың 2 курсында жүргенімде Қытайда «Стиль дұрыстау» деген саяси науқан белең алып, ел ішінен ұлтшылдар мен оңшылдар іздестіріле бастағанда, тағы атым аталып, құрыққа іліндім. Бір ай бойы ел алдына тұрғызып қойып, қоғамға қарсы істеген істеріңді өздерің әшкерелеңдер деп әлек салды.

- Сонда не сұрайды, қандай талап қояды?

- Не десін? Сендер Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде «Сыр-дәптер» деген өлең жазып, ұлт арасына іріткі салғансыңдар. Кеңес жазушысы Фадеевтің романын көтеріп жүргенсіңдер. Ол романның кейіпкерлерін біз жақсы білеміз, олар көтерілісшілер. Сендер де соған еліктеп Жуңгоға (қытайға) қарсы ұйым құрмақшысыңдар дейді. Одан қалса, Жағда Бабалықұлы бастаған «Үш түтіннің басын қосу» (онысы моңғол, қытай және Қазақстанның қазақтары) ұйымына да кірген шығарсыңдар деп әурелейді. Біз ақталған боламыз. Ақыры бізді қара жұмысқа кесті. Оны айтасың, Қытай үкіметі сол 1959 жылы кеңес елінде оқуда жүрген қазақ жастарын қайта шақырып алды да, түгелдей қара жұмысқа айдады. Олардың ішінде қазіргі атақты жазушы Қабдеш Жұмәділов, дәулескер күйші Бекен Уәлиев, баяғы досым Төлеубек Жақыпбаев та бар.

- Сонда сіз де Қабдеш Жұмәділов секілді болат қорыту пешіне жұмысқа айдалдыңыз ба?

- Жоқ. Мені осы күнгі Достық - Алашонькоу теміржолының алғашқы линиясы жүргізіліп жатқан құрылысқа салды. Қара күзге дейін сонда болып, оқуымды ары қарай жалғастыруға рұқсат алдым. Келесі жылы институтты бітіріп, Шәуешекке мұғалімдікке бөліндім. Бірақ, мұғалім болып алаңсыз істей алмадым. Ол елде оқтын-оқтын адамдарды тексеріп тұратын саяси науқан болады. Міне, сол кезде өзгеден бұрын көзге мен түсе кетем. Осылайша ырың-жырыңмен тағы 2 жыл өтіп, 1962 жылдың қысында жұбайым Бәукеннің кеңестік паспортына тіркеліп, Қазақстанға өттім.

- Бір «уһ» деген шығарсыз?

- Иә, бірақ алдымда ұзақ шырғалаң күтіп тұр екен. Дегенмен, Атамекеннің жөні бөлек. Менің артымнан жазғытұрым шекара ашылып, ел бері қарай жөңкіліп өте бастады.

- Ағайын-туыс, дос-жаран, тамыр-таныстарыңыз келіп көзайым болдыңыз ғой.

- Әлбетте. Ол келгендер бірден Кеңес паспортын алып, мәре-сәре болып жатты. Ал, тағдыр мені не олардың, не осы жерлік қазақтардың тобына қосқысы келмей біршама әуре-сарсаңға салды.

- Неге бұлай дейсіз? Атамекенге өттіңіз, артыңыздан еліңіз келді. Әлде басқа себептері бар ма?

- Ол кезде Кеңес одағы өз паспортына адам тіркесе, қытай паспорты қоса беріледі. Маған Қытай паспортын беріп тіркегендіктен, Кеңес паспортын ала алмай әлегін көп көрдім. Ол кезде екі мемлекет арасындағы қатынас нашарлап тұрған кез. Маған жылышырай таныту былай тұрсын, күдікпен қарайтын секілді. Оны ішім ептеп сезеді. Әйтеуір, мұғалімдік қызметке іліндім. Мақаншы ауданындағы Жарбұлақ селосы шекара түбінде, Алакөлдің жағасында. Сол жерде Б.Майлин атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. 80-90 шақырымдық аудан орталығына келгенше бірнеше постыдан өтеміз. Автобуста қалың елмен келе жатып, жаңағы тексерулерге келгенде, мені талай ұстап алып қалған жағдайлар болды. Өйткені, бұл жердің азаматы емеспін.

- Қамап тастай ма сонда?

- Жоқ. Постыда тұрған солдат бастықтарына телефон шалады. Оны былайғы жұрт сарылып тосады. Жолаушылардың мазасы кетеді, жас балалар қыңқылдап жылай бастайды. Жауап келгенше күтеміз. Осыдан менде көңіл күй де болған жоқ, денсаулығым да сыр бере бастады. Бала күнімнен кәсіп еткен өлеңді де тастап кеттім. Оның үстіне ұстаздық аса үлкен жауапкершілікті талап етеді ғой.

- Жалпы, сол тұста «Бұл Қытайдан бітірген, дипломы жарамсыз» деген  сияқты әңгімелер туындаған жоқ па?

- Басында болды, кейін бәрі дәлелденді ғой. Жетпісінші жылдардың басында Жарбұлақтағы Б.Майлин атындағы орта мектепке КРУ келіп, тексеру жүргізді. Нәтижесінде менің Қытайда, Үрімжі педагогикалық институтынан алған дипломым жоғары білімге жатпайтын болып, он жылдай алып келген еңбекақымның бір бөлігі мемлекетке қайтарылсын деп шешіп кетті. Енді не істеу керек? Кімнен көмек тілемекпін?

- Бұл кезде Кеңес паспортын алып па едіңіз?

- Ия, 1968 жылы арғы беттен өткеніме 6 жыл болғанда әрең алғанмын. Сонымен, бала кезден бірге өскен Қабдешке (Жұмәділов) бардым. Ендігі мақсат, дипломның жоғары білімге жататынын дәлелдеу ғой. Ол бірден КазПИ-дің ректоры Құлахметов деген кісіге алып барды. Дипломды ұйғыршадан қазақшаға аударатын бір ұйғырды тауып, аударттық та, сол кездегі оқу министрі Роза Есенжоловаға кірдік. Ол министрліктің жоғарғы оқу бөлімін басқаратын Лениншіл Рүстемов деген адамға жіберді. Рүстемов мұны шеше алмайтынын, соңғы сөз тек Мәскеу тарапында екенін айтты. Енді мұны орысшаға аударту үшін Қабдеш екеуміз Жазушылар одағындағы аударма бөліміне, Азат Сүлеевке алып келіп едік. Азекең коньяк ішеді екен, әлгісін алып шықты. Бір-бір рөмкеден кейін, кабинетке ақын Мұқағали Мақатаев кірді. Қабдешпен жолдас көрінеді, екеуі құшақтасып амандасты да, мені таныстырды: «Әй, Мұқағали, 1954 жылғы «Әдебиет және искусство» журналындағы сенің өлеңіңді жатқа айтатын жігіт бар деп едім ғой.  Міне, өзі алдыңда тұр», деді. Енді ол бөлек әңгіме. Сонымен, құжатымды аудартып, Мәскеуге жібердік. Тамыз айы туды, балалардың демалысы аяқталып келеді, бірақ Мәскеуден хабар жоқ. Айдың аяғына таман сағындырып, сарғайтқан жауап хат та келді-ау. «Сол кезеңдегі Үрімжі педагогикалық институтында сабақ берген кадрлардың түгелге жуығы Ташкент қаласынан білім алғандар, бағдарлама ортақ, сондықтан диплом жарамды деп танылсын», депті. Қол қойған СССР оқу министрлігі жоғары оқу орындары басқармасының  бастығы Усанов деген. Сөйтіп, қайтадан дәріс беруді жалғастырдым.

- Поэзияға қашан қайта оралдыңыз?

- 1972 жылға дейін бірде-бір өлең жазғам жоқ. Бұрын төте жазумен оқығандықтан, кириллицаға үйреніп, қазақ оқулықтарында кездесетін орыс терминдерін дұрыс ұғынудың өзі жеткілікті болды. Күндер зулап, айлар жылжып өтіп жатты. Біршама есімді жиғаннан кейін енді ескі кәсіп - өлең жазуға көңілім шапты. Сол өлеңнің біреуі өздеріңіз айтып жүрген «Ауылым» болатын.

- Аға, ауылым дегенде біздің көз алдымызға кәдімгі  осы күнгі шатырлы үйлер елестейді. Сіз қай ауыл келбетін жырладыңыз? «Ауылым» әні қалай туды? Бұл өлең Теміржанның қолына қалай түсті?

- Әрине, “Ауылым” деп туып-өскен мекенімді жырладым. Әлі есімде, Жайыр тауының қойнауында жұмыртқадай әппақ киіз үйлер тұратын, көк түтінін жібектей созып. Күркіреп өзен ағып жатады, әудем жердегі тепсеңде бие байланып, желіде құлын тұрушы еді. Жерошақта от лаулап, кешқұрым жастар алтыбақан ойнап, мәре-сәре болып жататын... Жалпы, ауыл дегенде ата-бабаларымыз ғасырлар бойы мекен еткен, ұлтымыз өсіп-өнген киіз үй көз алдыңа келеді ғой. 1995 жылға дейін табаны күректей 36 жыл бір мектепте ұстаздық еттім. Бір сәт қол босағанда артта қалған елімді, жастық шағымды еске алып, сағынып жүргенде туған өлең ғой. Бірде үйге белгілі әнші, атақты «Хасен-Жәмила» көркем фильмнің басты кейіпкері Абылай Түгелбаев келді. Өткен-кеткенді айтып, шер тарқатыстық. Бір кезде ол: «Жабайыл, сен Шыңжаңда жүргенде әжептәуір ақын едің. Осы жаққа келгелі үнің шықпайды ғой», деді. Мен: «Оның рас, денсаулығым да, көңіл күйім де болмай жүр. Бір елден бір елге көшу оңай дейсің бе!? Көңілім ойпыл-тойпыл», дедім. Үстел үстінде жатқан қағаздарды қарап отырғанда көзіне төтеше жазылған осы өлең түскен ғой. «Япырай, Жәке, мына өлеңің әнге  сұранып тұр екен. Мен осыны бәленше деген (атын ұмыттым) композиторға берейінші», деп алып кеткен. Кейін әлгі айтқан композиторы емес, Теміржан  Базарбаев ат-түйедей қалап алыпты. Бұл 1972 жыл еді. Келесі жылдан бастап, Ришат Абдуллин радиодан айта бастады.

- Әнді алғаш естігенде әжептәуір толқыған шығарсыз?

- О не дегенің! Бұл өзі Қытайдан көшіп келіп, осы жерге сіңісе алмай жүрген кез ғой.

- «Ауылымның» әнін жазған Теміржан Базарбаевпен жолыға алдыңыз ба?

- Иә, жетпісінші жылдардың ортасында Жарбұлақ совхозының директорына айтып, Семейден Теміржанды шақырттық. Қасында марқұм әнші Дауыл Хайруллин бар, келді. Бірақ, Теміржаннан дәріс тыңдаған шәкірт мұншама көп болар ма? Ауылға кіре берістен күтіп алып, қаумалап, Темкең кездесуге келе алмады. Кейін Семейде әлденеше рет жолығып, әңгімелесудің сәті түсті.

- Соның бірін айтып беріңізші.

- Алғаш көргенімді айтайын. 1974 жылы мұғалімдердің бір айлық білім жетілдіру институтына оқуға келдім. Жатақханадан орын алғаннан кейін, Теміржанды іздеуге шықтым. Таптым, бес қабатты үйдің екінші қабатында тұрады екен, өзімді таныстырғаннан кейін, қалбалақтап қалды. Әйелінің аты Әлфия екен. Темкең бір коньякты әкеліп қойып, пианиноға отырды. Сосын, «Жәке, өмірімнің бірсыпырасы Семейде өтті. Сондықтан, Семей туралы ән жазсам деп жүруші ем, соны сіздің «Ауылымыңызға» жазғаным қандай дұрыс болған. Егер, Семей туралы болса аясы тарылып, бір-ақ уыс болып қалғандай екен. Ауыл бүкіл иісі қазақтың шыққан жері, анасы. Баршамызға ортақ тақырып болғандықтан дүр етіп, шарықтап кетті ғой. Оның үстіне сіз Алакөлдің бергі бетінде болсаңыз, менің ауылым арғы бетінде еді. Ымырт түсісімен жерошақтың оты жылтылдап көрініп тұрушы еді. Ауылды сағынып, сезімім сергелдеңге түсіп жүрген шақта осы өлең қолыма келіп түсті. Бұл әннің екі нұсқасы болды. Сіздің естіп жүргеніңіз, ел аузында жүрген сәл күрделілеу, екінші нұсқасы. Бірінші нұсқасы мынау», деп бастай жөнелді. Маған, әрине, өзім үйреніп қалған нұсқасы ұнады. Кеш батқанша әңгіме-дүкен құрдық. Ән Алматыда көркемдік кеңестен өткеннен кейін Ришат Абдуллиннің: «Әкел нотасын, сен біреуге беріп қоясың. Алдымен, мен радиодан айтамын», деп қолындағы қағазды алып қалғанын айтты. Содан кейін-ақ Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқа арасын, тіпті дүниежүзіндегі қазақтарды шарлап кете барды бұл ән.

Темкең өте талантты бірақ жуас адам еді. Қалжыңдап: «Әй, Теміржан, осы әннің елдің аузынан түспеуіне қайсысымыз көп еңбек сіңірдік?» деуші едім. Ондайда: «Сөзі келіспей жатса, қандай жақсы ән болса да жұрт арасына кең тарала қоймайды. Әрине, сен жазған өлеңнің қуаты», деп жымиятын.

- Кейін Семейде жолыққан жоқсыздар ма?

- Әлденеше рет жолығып, сырлас болдық қой. 1978 жылы ғой деймін, мен жеңіл автокөлік алмақ болып Семейге бардым.

- Ол кезде екінің біріне мұндай бақыт бұйыра бермеуші еді ғой...

- Рас айтасың. Оның тарихын айтып берейін. Біздің Жарбұлақ ауылы төл алудан облыс бойынша алдыңғы орынға шығып, шілде айында ауылымызда облыстық семинар өтті. Семей облысының бірінші хатшысы Жақан Смағұлов, ауданның бірінші хатшылары, кіл дөкейлер келді. Совхоз директоры Рақымғали Төлеубеков қонақтарды күтуді маған тапсырды. Мен білек сыбана кірістім. Екі күннен кейін семинар аяқталды. Той біткен соң бірінші хатшы маған: «Жәке, бәрі жақсы өтті, мен сіздің талантыңызға, адамгершілігіңізге тәнті болып аттанып барамын. Не тілегіңіз бар?», деді. Жөпелдемеде сасып қалдым: «Жоқ, еш тілегім жоқ», дедім. Сосын ол: «Үйің бар ма?» деді. «Бар» дедім. «Машинаң бар ма?» деді. Жоқ нәрсені қалай бар дейін. «Жоқ», дедім. «Ендеше кезексіз машина аласыз. Ертең өтінішіңізді жазыңыз», деді. Осылайша «Жигули» автомашинасын алмақ болып, сол жылы қараша айында Семейге келдім. Теміржан бірге жүріп, машинаны қоса таңдасты. Балаша мәз болып, керемет қуанып еді сол жолы.

- Жүргізуші куәлігін не қылдыңыз, бұрын болып па еді?

- Жоға. Бұрын тұрмақ, қазір де жоқ. Сол машинаны тоғыз жыл жүргізуші куәлігінсіз теуіп, кейін сатып жібердім.

- МАИ қызметкерлері ұстаған жоқ па?

- Біріншіден, мен алысқа ұзап шыққан жоқпын, екіншіден осы «Ауылым» әнінің құдіреті шығар, тоқтатса да бәрі сыйлайтын. Бір күні бір МАИ қызметкері ұстады. Нөмірімді, барлық құжаттарымды сыпырып алды. Әлі күнге дейін есімде, аты Бейсенбай еді. Содан күндердің күнінде генерал Бапсанов келе қалды, айтып едім, әлгінің өзіне нөмірімді қайта таққызды. «Сен бұл адамның кім екенін білесің бе өзі?», деп бірсыпыра ұрысты. «Бүгіннен бастап 12 - 72 нөмірлі «Жигулиді» ешқайсың тоқтатпайсың», деді, бітті.

- Аға, сіздің есіміңіз көп кездесе бермейді. «Жабайыл» деген сонда не мағына береді?

- Менің азан шақырып қойған есімім - Жабайыл. Анам 16 құрсақ көтерген жан еді. Сұлтан, Рахымбек деген балаларынан кейін шетіней берген соң мен туғанда есімім жайлы әжептәуір талас болғанға ұқсайды. Біреу Бейсенбай, Сейсенбай болсын деп, енді біреуі ажал жаңылып қалсын деп Жаңылбай деп қоймақшы болады. Содан сол жердегі Заман деген қажыға қойғызған екен. Қырық қазанның құлағын тістетіп, киіз үйдің жабығынан шөмшекке «сатып алған» көрінеді. Кейбіреулердің айтуынша, Меккеде ме, Мәдинада ма бір қасиетті тас бар-мыс. Соны «Жабайыл-Нұр» деп атайтын көрінеді. Бір қызығы, қытайдағы паспортымда есімім мүлде қате, «Жабаир» болып, кейін осы жақта оның алдына «Д» әрпі қосылып, «Джабаир» болып жазылған.

- Әлі күнге дейін солай ма?

- Әлі күнге дейін солай. Араб әліпбиінде де, Ахмет Байтұрсынұлы енгізген төте жазуда да «л» мен «р» әрпі ұқсас. Соңғы әріптің өзгергенін өз басым содан көремін.

- Аға, ән мәтінінің жекелеген жолдары, сөздері өзгерген сыңайлы. Осының төрелігін өзіңіз айтыңызшы. «Ауылым» әнінің сөзі дәл өзіңіз жазғандай айтылып жүр ме?

- Жалпы, ән мәтіні келіспесе анау айтқандай жұрт арасына тарала қоймайды. Сондықтан, әннің сөзі түпнұсқадан ауытқымауы тиіс. «Ауылымның» толық, дұрыс мәтіні былай:

Кіндігімнің жас қаны

Тамған жерім, ауылым.

Шабытымның асқары

Самғау жерім, ауылым.

 

Жастығымның куәсі

Шұрқыраған ауылым.

Жусаны мен жуасы

Бұрқыраған, ауылым.

 

Биік-биік шың-құзға

Құмар қылған, ауылым.

Бүлдіршіндей бір қызға

Сыңар қылған, ауылым.

 

Тоймен таңды атырып

Ән салдырған, ауылым.

Сары қымыз сапырып

Тамсандырған, ауылым.

 

Көк түтіні шұбалып

Жібек созған ауылым.

Ай көрмесем құмартып

Жүрек қозған, ауылым.

 

Көк торғындай көктемде

Сағым буған, ауылым.

Алыс сапар шеккенде

Сағындырған, ауылым.

- Енді кейбіреулердің бұзып айтатын жекелеген жолдарына тоқталсаңыз.

- Мәселен, бірінші шумақтағы «Самғау жерім» деген тіркес «Самғаушы едім» болып, үшінші шумақтағы «Тоймен таңды атырып» деген жол «Әнмен таңды атырып», болып, төртінші шумақтағы «Жібек созған» «Желек созған» болып, соңғы шумақтағы «Көк торғындай» деген теңеу «Көк торғайдай», «Сағым буған» деген етістік «Сағым қуған» болып айтылып келеді. Осы көңілге кірбің ұялатады. Оны айтасың, «Ауылымды» бүтіндей басқа ақынның қанжығасына байлап жібергендер де бар. Мәселен, ана бір жылдары «Той жыры» деген жинақ шығып, соны шығарушылыр «Ауылым» әнінің сөзін жазған Қадыр Мырза әлі» деп басып жіберіпті.

- Кейін басқа әндерге сөз жаздыңыз ба?

- Иә, Қытайда аймақтық композиторлар одағының басшысы, белгілі композитор, Ерболат Қызыкенов “Күнгейім менің” деген өлеңіме, осындағы  жергілікті сазгерлер Амантай Әліпов “Достық толғауы”, “Үржар вальсі”, Ахметхан Алпыспаев “Кезіп кеткім келеді”, Кентау Назарбек «Үржарым –құтты мекен», күйші Қизат Сейітқазин «Қайран, Дәм», «Шопанай сазы» деген өлеңдеріме ән жазды. Жұрт арасында айтылып жүр. “Ауыл әндері”, “Алтын бесік - ауылым”, “Алакөлім аяулым”, “Күнгейім менің” атты 4 жыр жинағым шықты.

- Барлық кітаптарыңыз арғы беттен бері өткен соң шыққан болар?

- Әрине, ол кезде біріншіден, жас болдық. Екіншіден, алмағайып бір заман туды ғой. Үрімжідегі педагогикалық институтта жүргенде үш альманахқа топтамаларым шықты. Ал, төрт кітабым осында жарық көрді.

- Аға, кімдерді сүйіп оқисыз? 

- Өз басым Сұлтанмахмұт пен Қасым ақынды пір тұтам.

- Әңгімеңізге рахмет, Жабайыл аға!

Сұхбаттасқан Берікхан Тайжігіт

Дереккөзі: "Қазақ әдебиеті" газеті. (№43 (3625) 2-8 қараша, 2018 жыл

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1453
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1300
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1056
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1107