Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Тарих 7398 28 пікір 13 Қараша, 2018 сағат 08:11

Өтебойдақ – Давинчи: Ғалымдар айқасы

Бұрындық бастаған қазақ әскері Сығанақ пен Аркөкті бағындырып Шайбаниді Маңғыстауға қуып жіберген жылы Еуропада шекесі торсықтай бір сәби дүниеге келді. Бұл сәби қылышпен емес, қаламмен әлемді өзгертуге болатынын дәлелдеген Коперник болатын. Кейін бұл сәби корольдердің өзі табанын сүйген Рим папасын қалтыратқан жаңалық ашып, айды аспанға бір-ақ шығаратын болады. Ал әзірге ол белгісіз бір поляк шаңырағында іңгәлап жатқан нәресте ғана. Коперник Күнді  тоқтатып, Жерді айналдырса, қазақ ауылан шыққан елеусіз бір шипагер өздерін медицинаның отаны санайтын Қытайды мойындатар кітабын жазып жатты.

Әз Жәнібек қанша жұрттың ішінде Өтебойдақтың көзінде от барын жазбай тани білгені қайран қалдырады. Ол тұста ел ішінде палшы, ем-дом жасайтын шипагерлер көп болатын. Олардың бірі мерейі асып хан сарайында, енді бірі қара халық арасында күн кешті. Тумысы бөлек, шипагерлік тағдыр маңдайына жазылған дарынды әз Жәнібек өз ордасына шақыртты. Мұның өзі бір хикая.

Бірде Жәнібек ханның ақылшысы Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалса керек. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтебойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге риза болып, бірнеше сұрақ қойды.

- Қандай ауруды емдеу қиын?

- Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын.

- Ал, оның алдын алуға бола ма?

- Болады. Жеті Атаға дейін туыс адамдар қыз алыспау керек. Жеті қазақ үшін қасиетті сан.

Халықты емдеп күн өткізуге болатынын, бірақ пенденің ғұмыры өлшеулі екенін айта келіп өзінің қара сақалын ақ қырау шалған жасына дейін оқып-тоқығанын, көріп көңілге түйгенін, бәрін-бәрін жинап бүкіл халықтың игілігіне арналған кітапты жазуды тапсырды. Осы кезге дейін сан аурудың емін тапқан, алайда халық оны пәлсапашы деп білетін Өтебойдақ мойнына атан түйе ыңыранатын міндет алғанын сезді және жасы жетпіске келген қария ғұмыры жеткенше осы кітапты жазып ханға табыстауға уәде берді. Әз Жәнібек жүз жадырап, қарияға ризашылығын білдіреді.

Алланың қалауымен Өтебойдақ жасы 85-ке келген шағында 15 жыл бойы тер төгіп, осы кезге дейін ешбір халықта жоқ кітапты қойынына қыстырып хан ордасына келді. Бұл кезде Флоренцияда болашақ гений Леонардо бар болғаны 26 жастағы жігіт, ал Өтебойдақ бабамыз жасы 80-ге келген қария шағы. Хан ордасында емшінің әкелген кітабын парақтап әрі-бері аударыстырған сұлтандар кейін бұл кітап әлемді мойындатарын білмеді. Бұл кітап кейінгі да Винчидің анатомиясынан асып түспесе кем соқпайтын туындыға айналды. Қазақтың қарапайым шалы ілім іздеп Стамбул, Бағдат шарлағанда Авиценнадан кем емес даңққа бөленер еді.

«Шипагерлік баян» кітабы былай басталады:

 «Өтейбойдақ Тілеуқабылдың ұлымын. Ата тегім Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде Албан. Мекенім Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жанымда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым – иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын».

Еуропада қарапайым жұрт шешектен қырылып жатқанда біздің бабамыз мұның емін ағылшын ғалымы Э.Женнерден 320 жыл бұрын жазып тастаған болатын. Бір қызығы шешекке қарсы ем 1796 жылы ғана табылды.

Кітапта өсімдіктерден алынған 854 түрлі, жануарлардан алынған 455 түрлі шипалық қасиеті бар емдік дәрілердің тізімі, адам мүшелерінің 430-ға тарта атаулары, мыңнан аса дәрі және 4577 рецепт берілген.

Медицаның отаны саналатын Қытай 1997 жылы «Шипагерлік баянның» құндылығына бас иіп «Мемлекеттік бірінші кітап» деп жариялады.

Рысбек Рамазанұлы

Abai.kz

 

28 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1463
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1312
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1066
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1118