Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 3248 2 пікір 9 Қараша, 2018 сағат 11:23

Қызылжарда XV өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр

Кешелі бері  Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Қызылжар қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы XV өңіраралық ынтымақтастық форумы және «Қазақстан-Ресей туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» атты көрме өтуде.

Бүгін аталған форум аясында Қазақстан және Ресей Президенттері кездесіп, бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізеді  деп күтілуде. Атап айтқанда, Қызылжар қаласындағы Теннис  орталығында орналасқан Халықаралық көрмені аралайды деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен «Қазақстан-Ресей туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» атты XV өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйлейді. Кейін, бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтеді.

Сондай-ақ, екі ел президенттері «Бәйтерек» ғарыштық кешеннің жүзеге асырылу барысын талқыламақ.

Айта кетейік, кеше Қызылжар қаласында Қазақстан мен Ресейдің туристік әлеуетін танытатын Халықаралық көрме өтті.  Көрмеге Қазақстанның 18 аймағы, 4 ұйымы, 4 туроператоры, 1 ұлттық компаниясы қатысса, Ресейдің 11 аймағы. 3 туроператоры өз павильондарын орналастырған.  Шара барысында бірқатар екіжақты коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Көрмеге Қазақстан мен Ресейден 200-ден астам БАҚ, 2000-нан астам делегат келген.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

2 пікір