Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Өнер 7281 5 пікір 8 Қараша, 2018 сағат 23:05

Бұл "Қарагөз" қазақтың "Қарагөзі" емес...

Жаңашылдық, жаңа бағыт, жаңа көрініс – бүгінгі театрдың алға қойған мақсаттарының бірі. Дей тұрғанмен, асыра сілтеп, артық қыламын деп тыртық қылғандар, классиканы бүлдіріп жүргендер баршылық. Өкінішке қарай, бұл «жаңашылдықтың» қарқыны қазақ драматургиясының классигі Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзін» де шарпыды. Бірақ, дәл Фархад Молдағали сияқты көшпелі дәуір мәдениетін заманауи стильде қоямын деп мұраны бүлдірген режиссер жоқ-ау, сірә!..

Жуырда Талдықорған қаласында Астананың 20 жылдығы мен көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың 120 жылдығына арналған ҮІІ Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі өткені белгілі. Оған Қазақстанның бірқатар өнер ордасымен қоса Түркия, Өзбекстан, Башқұрстан, Қырғызстан, Түркменстан сияқты түбі түрік ағайындар үздік деген қойылымдарын Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа ғимаратында кезек-кезек сахналады. Өнер жарысында әттеген-ай дейтін тұстары жоқ емес. Мәселе фестивальдің қай деңгейде өткізілгеніне қатысты емес, кей театрлардың қойылымдары шетелдіктерге қазақтың мәдениетін теріс танытуында.

Мысалы, ең соңғылардың бірі болып өнер көрсеткен Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театры классиктің ең үздік туындысын батыстың стилінде қоймақ болған. Ерсілігі сонда, Қарагөз бен Сырым қазақтың емес батыстың баласындай сорақы мағынада би билейді. Қыздың жеңгесі Ақбаланың да сол арада бұрынғы сүйгені кездесіп, ол да жігітке жақындап, ұлттық киімде биледі кеп. Күйеуі бола тұра басына ораған орамалын бөтен жігітке тарқатқанына не дерсің?.. Режиссер мұнымен не айтқысы келеді? Не де болса, өнегелі нәрсе емес-ті. Кәрі енесі ауылдың өсекші әйелдерінен келіні мен жас жігіттің арасында болған жайтты естіп, Ақбаланы ұрғаны осыны айғақтап тұрғандай.

Үлкеннің алдын кеспейтін, аса құрметтейтін халық едік. Бірақ, осы қойылымдағы әже обрызындағы Мөржан сахнада ерсі қимылдар жасап, құдалық кезінде жас қыздай секіріп билегені тағы бар. Қазіргі тойлардың өзінде жасы үлкен апаларымыздың бұлай билегенін көрмейміз. Рөлді жас қыздың сомдағаны көрініп тұр. Өзге елдің туындысына «жарасса» да, бұндай би қазақтың көшпелі дәуір мәдениетін танытатын қойылымдарға жараспайды. Оның үстіне, қазақ сахнасында ең алғаш пьессасы қойылған Мұхтар Әуезовтың қаламынан шыққан туындыға қол тигізер тұста аздап ойланған жөн. Онда артық дүниеге орын жоқ.

Көрерменнің шамына тиген әртістердің тағы бір ерсі әрекеті – Қарагөздің Сырымның  үстіне шығып, көрермендерге қарай ұзын көйлекпен секіргені. Сахнаға ұзын етек көйлек киіп шыққан соң етек-жеңін жауып жүрген дұрыс. Бірақ, бас кейіпкердің секіргенінде көйлегінің етегі көтеріліп, балтырына көрінді. Онымен қоймай, кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалысты көрсетемін деп жерге аунап-аунап алды, етегін басына көтеріп оранды. Осыны көрген түрік ағайындар ұлы жазушының «Қарагөзі» туралы қандай ой түйгенін болжай беріңіз... Жан арпалысын жеткізу үшін міндетті түрде етегі түрілгенше жерге аунау керек пе екен? Театрдың тұрақты көрермені ретінде осындай сәттерді режиссерлердің өзге тәсілмен ұтымды әрі шебер жеткізе алғанын көрдім. Бұнымен қоса, спектакль соңында Сырым мен Қарагөзді сомдаған әртістер көйлегін шешіп, жұқа, денеге жабысқан қысқа майка, шортымен билегені көзге түрпідей көрінді. Орыс халқының «Көрсеткен емес көрген ұялады» дегеніндей бұл көріністен көрермен қауымы көздерін алып қашып, беттерін басып, қатты састы.

Дәл осы қойылымды 2014 жылы «Ай-Қарагөз» атымен белгілі режиссер Талғат Теменов те қойған. Ол да жаңа стильде. Бірақ, өз орнымен енгізілген толықтырулар қойылымға сән беріп, ескі дүниені жаңғыртты. Қойылым  бірден-ақ театр сыншыларының мақтауына, көрермендерің ыстық ықыласына ие болған еді. Аталмыш фестивальдегі қазылар алқасының мүшесі Т. Теменовтің осыған қатысты пікірін сұрап білдік.

– Бірер жыл бұрын сіз де М. Әуезовтің «Қарагөзін» қойдыңыз. Ал Ф. Молдағидің «Қарагөзді» мүлде басқаша сипатта көрсетті. Қарагөздің қысқа майка, шортымен сахнада билеуі тым ерсі емес пе?

– «Сөзіңе толықтай қосыламын. Қарагөз -  Домалақ ананың, Зере әжеміздің символы. Осы тұрғыдан алғанда, әрине, ашық сахналар қазақ көрерменіне ұнамайды. «Қызға қырық үйден тыйым» дейді. Қарагөздің жаңағыдай эротикалық сахналарға барғанына, жалаңаштануына «әттеген-ай» дейсің. Бірақ, бұл театр. Жас режиссердің бұл қойылымына кешіріммен қарауымыз керек. Әр кәлләда бір қиял. «Ананы қойма, мынаны қойма» демейміз, әлбетте. Өнер өзі іріктейді. Дей тұрғанмен, Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзі» іспетті қазақы қойылымдарды жаңартуда «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал. Мәселен, Қазақстандағы өзбек және кәріс театрлары біздің «Толғанай», «Қарагөз» атты классикалық туындыларымызды сахналай отырып, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін әдемі жеткізгенін ерекше атап өтер едім», – деп режиссердің жастығын ескере кешірген аға буын өкілі  Қарагөздің мұндай бейнесін халық қабылдамайтынын ашық айтты.

Ал театр сыншысы Анар Еркебай болса, бұндай жаңашылдықтарға тек оң көзқараспен қарайды екен.

«Жас режиссер драматургияны қысқартып, ықшамдап бір сағатқа сыйдырған. Тағы бір артықшылығы қойылымда режиссер Қарагөз бен Сырымның емес Наршаның трагедиясын көрсетіп отыр. Спектакльден басқаша екпін байқалады.  Атап өтетін бір кемшілік спекткаль жанрын «саунд драма» деп шешкен. Бұл саунд драма емес. Ал Қарагөздің кейпіне келер болсақ, ол режиссердің шешімі. Оған біз ақыл айта алмаймыз.»

Театр қойылымдарын қалт жібермейтін Аймарал Дәулетбек қазақ сахнасында мұндай қойылымдарды мүлде қоймау керек деп есептейді.

Театр біздің ұғымымызда мәдениеттің ордасы. Ал мына қойылым мәдениетімізге қайшы. Онсыз да телеарналардан көрсетілетін киноларда осындай сорақылықтар шаш етектен. «Театр – өнердің ошағы» деп мақтап спектакльге сіңілдерімді ерте келіп едім, олардың алдында қатты ұялдым. Менің ойымша, режиссер тым артық кетті.

Көрермен қабылдамаған «Қарагөзді» әділ-қазылар алқасы жақсы бағалап, рөлін сомдаған Мадина Өсербаева зор үміт артып, «Үміт» номинациясын берді. «Ең үздік екінші пландағы әртіс» атанған Мөржан әжейдің рөліндегі актриса да номинациясыз қалмады. Театр ұжымы, тіпті, Алматы облысының арнайы сыйлығын да иеленді.

Пьессаны ықшамдаймын деп Қарагөздің жан қиналысын да, сырымның махаббат азабын тартқанын да толық жеткізе алмады. Көрермен қойылымнан биші, ашық-шашық Қарагөзді көргенімен, Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзін» көре алмады.

Әсем Жұмақан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2172
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2572
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2458
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1672