Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 6147 21 пікір 7 Қараша, 2018 сағат 11:38

Ресей құрдымға кетсе, біз де қоса  батуға міндетті емеспіз...

8-9 қараша күндері  Қазақстан мен  Ресей басшылары Қызылжарда бас қосып  екіжақты  қарым-қатынасты  айқындап  алмақшы. Санкция салдарынан Ресей экономикасы күн санап  құрдыраған үстіне құлдырауда. Ресей Президенті  В.Путиннің күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалғанына  біраз уақыт болды. Әлемде  маңдайының соры бес елі екі ел болса, бірі  - Қазақстан, егер  жалғыз ел болса, тап сол ел - Қазақстан. Алла тағала  сорымызға  орыспен  көрші болуды жазған екен.

Кезінде Бұқар жырау «Батыстан  келер бір кәпір, аузы-басы жүн кәпір. Санаққа  алар  малыңды, бауыздамай  сояр  қаныңды, суырып алар  жаныңды» деп еді. Алаш  Орда үкіметін құрушылардың бірі Халел Досмұхамедұлы  «Қазақтың  батыс  өңірі  250 жыл қанмен  жазылды. Сол  қанды төккен орыстар» десе, ғұлама Сарышолақ  Боранбайұлы «Би болмас, белін жалпақ  буғанменен, Тазармас  әсілі арам  жуғанменен» деген сөздерінен талай дүниені аңғаруға болады.

Қазір  заман  өзгерді, өзгергенді көз көрді. Бірақ, Тәуелсіздік алғанымызға  27 жыл өтсе-дағы  сол  Ресейдің  артынан  сүйретіліп  жүргеніміздің  ақыр соңы неге  алып келетінін  түсінетін уақыт  болды. Басқа  былай тұрсын, бір  емшекті  бірге  емген  Беларусьтың  Президенті  А. Лукошенько Ресейге  нақты  талаптарды  орындамайтын  болсаңдар  «24 сағатта  Еуразиялық  одақтан шығып  кетеміз» деп  сес  көрсетті.

Біз олай айта алмаймыз. АҚШ  тарапынан  Ресейге  салынып  жатқан  кез  келген санкцияның  мақсаты - қарсы  тараптың  тынысын  тарылту, сағын сындыру, аяғына  тұсау салу, дамуын  тежеу  болып  табылады. Санкцияның  соры бес  елі. Экономиканы іштен  ірітіп, іргетасын  біржолата   бұзады. Ресейге салынған  санкциялары  біріншіден, тұтас  экономикаға  емес, жекелеген  тұлғаларға, кәсіпорындарға, қаржылық  құрылымдарға  бағытталып отыр. Бұл тізімге  енгендердің қатары  күн сайын  толығып  келеді. Әсіресе, Ресейлік кәсіпорындарға, банктерге, өндіріс ошақтарында біте қайнасып жұмыс істейтін Қазақстандық компанияларды  теңселтіп жатыр.

Ең алдымен  Ресей  жылдың басында  өз өнімдерін  басқа елдерге сатып жібереді, жылдың  соңына қарай  Қазақстанға рұқсат етеді. Осыған көніп жүрген қазақтардан  басқа ешкім жоқ. Ресей нарығын  «жаулаймыз» деп  дәметкен біздің  біраз кәсіпкерлер  Мәскеуге дейін барып «тауымыз шағылып қалды, өткізбейді, өткізбеудің мың түрлі  амалын  меңгерген. Жоқ жерден ілік іздейді,   дау шығарады» деп зарлап отыр. Еуразиялық одақтың  еркін сауда принципі мүлде  жүрмейді  деген сөз.

Өз нарығын қорғауға келгенде Ресей  бұл одақтың кез келген  заңын  іске  алғысыз етуге әзір. Бұлардың  өз заңы бар. Бұдан кейін  Ресей нарығына кіріп көр. Қай жерде болмасын, орыстардың шовинизм заңы алда тұрады. 2014 жылдың  қазан айында  Ресейде  автокөліктер арзандап  көлік сатып алуға  келген  қаншама қазақтарды  тонап, бірнешеуін  орыстар  өлтіріп  жібергенін  көкірек көзі ашық  қауым  әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан  төрткүл дүние орыстармен қарым-қатынасқа  түскісі келмейді. Тауарлары  мың жерден  сапалы әрі арзан болғанына қарамастан, басқа елдерден  алуға тырысады.

Өзге  әлемнен  іргесін  сөгілткен  елдің  қандай  күйге  түсетіні  бесенеден белгілі. Сырт  көзге  мұндай саясат жаңа жұмыс  орындарын  құрып, отандық  өндірісті қолдайтын  секілді  көрінгенімен, іс жүзінде бәсекелестікті  бесігінде  тұншықтырып  өлтіреді. Ресей  өзге әлемнен оқшаулана түссе, соншалықты  сорын  тартатын  болады. Мұның  кесірін  сөзсіз  Қазақстан да тартады. Өйткені, сайқымазақ  Еуразиялық одақ  деген  ұйымның  бір мүшесіміз. Билік «Ресей-Қазақстанның  ең ірі саяси  һәм  экономикалық  тең әріптесінің  бірі» дейді. Егер де расында тең  әріптесі болса, Қазақстан неге Кедендік одақтан 15 миллиард, Еуразиялық одақтан  20 миллиард  зардап  шегеді?

Ресей - Беларусь - Қазақстан «барлығы  тең» деген қағиданың  шеңберінде қалып қойды. Әлемдік экономикасының  сипаты жыл  санап өзгеріп  жатқанын санатқа  алмады біздің  билік. Соның салдарынан  мемлекет  тарапынан  қолдауды қажет ететін салалар  кенжелеп қалды. Бастапқы  кезеңде  бұлар  мемлекет  көмегіне  зәру-тұғын. Мемлекет  мән бермеген соң, Қазақстандағы мұнай өндіретін  төрт зауыт әлі күні іске қосылмады,  IT саласы, көлік құрастыру, туризм және спорт, инженерия  дамымай қалды.

«Қазақстанда жасалған» деген  жобалардың  өзіндік  құны  тым қымбат. Өйткені, шын мәнінде  «өзіміздікі» емес. Соларды құрастыруға қажетті  тауардың бәрін  сырттан  алдыртамыз. Басқаны былай қойғанда, 18 миллион  халықтың  ішер тамағы  мен  киер киімі  95%  басқа елдерден келеді. Өз  ішімізде  түк өндірмейміз. Қазақша айтатын болсақ  «таза нан соғармыз».

Біздің елдің нарығы Еуразиялық  одақтан  басқа ешкімге керегі жоқ. Себебі Ресейдің есіл-дерті  ортақ  экономика құрып, ортақтасып өркендеу емес, Қазақстанды  ашса алақанында, жұмса  жұдырығында  ұстағысы келетін саяси мүдде ғана. Қазақта  «Жуас  түйе жүндеуге жақсы» демекші, орыстар  жылдар бойы  бізді  пайдаланғаннан басқа ештеңе  істемейді. Батыстың мақсаты айқын - әпербақан  ұрда жықтан басқа білмейтін  Ресейді біржолата тұқыртып тыну. Аяқ астынан  өзгеріс болмаса, АҚШ та, Батыс та бұл  мақсатынан тайынбайды.

Сондықтан  жарты  әлемнен жырақтану  түптің түбінде  мемлекеттің ыдырауына  алып  келеді  КСРО  тап осылай   күйреп еді. Ресей  АҚШ-пен араздасса да, басқалардан бөлектенбейтін  саяси ойын ережесін  ойлап табуы керек. Әйтпесе, осылай  сорлағаны сорлаған. Ресей құрдымға кетсе, онымен бірге  біз де қоса  батуға міндетті  емеспіз. Өз-өзімізді ойлайтын, өз экономикамызға  көңіл  бөлетін  кез  әлдеқашан  келген. Кедендік  пен  Еуразиялық  одақтан бас тартып, «Ортақ өгізден  оңаша бұзау артық» дегендей, өз алдымызға  отау  тігіп, басқаша  сауда  нарығына кіруді қарастырған абзал.

Жұмамұрат Шәмші

Abai.kz

 

21 пікір