Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Әттең... 5750 25 пікір 2 Қараша, 2018 сағат 11:08

Комсомол-қасқырға қой бақтырған  заман-ай...

Комсомолдың 100 жылдығын дүркіретіп тойлаған лауазымды тұлғаларды  көргенде жағамызды ұстадық. Қазақта «Сенген  қойым  сен  болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын» деген сөз бар.. 27 жылдан бері жылы орнын суытпаған биліктегі әпке-көкелеріміз дені әлі  күнге комсомол екенін білдік.

Ғұлама  Сарышолақ  Боранбайұлы:

«Би болмас, белін  жалпақ  буғанменен,

Тазармас  әсілі  арам  жуғанменен» демекші, сонда  Елбасының  «Рухани Жаңғыру» деген бағдарламасы қайда? қалды.

Кезінде  ақиқатты айтқан арыстарымыз  айыпты болып, алды  атылып, артындағылар  итжеккенге  айдалып, көмусіз қалған еді. Соның  салдарынан 1991 жылы тәуелділіктен құтылып, замана  көшіне  дербес ел  болып  қосылған алғашқы  күннен бастап, тәуелсіз өмір  сүрудің  қалай  болатынын және  оған  қалай  қол  жеткізу  керектігін  ел  болып ойласып, нақты  шешкен жоқпыз. Ортақ  мүддені  көздеген  ұлттық  бағдарламаның  болмағанының  айғағы  міне, комсомолдың 100 жылдығында анық көрінді.

27 жыл бұрын "Тәуелсіз елміз"  деп  жабыла ұрандағанымызбен, іс  жүзінде  бұрынғы  қалыптасқан  тәуелді  тірлігіміздің  қаймағын бұзбай, сол  күйі  қалдырып, отарлаушылар  орнатқан жүйені  ешқандай  өзгеріссіз  әрі қарай жалғаған екенбіз. Елде  жаппай  сананы  отарсыздау ісі  қолға  алынбапты. Қалың  бұқара бұрынғысынша  орындаушы қалпында  қала беріпті. Тәуелсіздік  алып берген  мол мүмкіншілікті  орнымен  пайдалана  алмай отыр екенбіз.

Бәріміз де  Ресейге  құлдық  ұрған, сол  саясаттың  қамшысы  өтіп  кеткен, сонымен  күн  көріп, қалыптасқан  жалтақ  екенбіз.

Одан  қала  берді  қарапайым  халық екі  қолға  бір  күрек жұмыс таба  алмай, базар  мен  вокзалды  жағалап жүр. Қолында  азын-аулақ  қаржысы  барлар  жапатармақай  билікке  ұмтылып жатыр.

27 жылдан  бері  жас  ұрпақтың  бойына ұлттық  рух сіңіре алмадық. Бұған сапалы  білім беруге  тиісті  оқу  орындардың  оңтайландырудағы  орашолақтықтары мен санасын  оятатын ақпарат  құралдарының  әлдекімдерге  тәуелділігін  қосыңыз. Әр бірден  соң, Әділет  туын  көтеріп, өз  идеясы үшін  талмай  күресіп, төңірегіне  ұлтшылдарды  топтастыра  алатын  саясаткер ірі  тұлғалардың болмауы - тағы қасірет.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Ең жаман  адам әкесін өлтіргенмен дос  болады, ең азғын адам өз әйелімен ашына болған  адаммен  дос  болады» деген  екен. Осыдан  кейін  не  айтуға  болады? Тәуелсіз елде өзге идеологияның тойын тойлау барып  тұрған  сорақылық. Есіл дерті  Ресейдің  айтқанымен  жүретін соның шырмауынан шыға  алмайтын  опасыз үрдіс. Желөкпе  көбікке белшесінен  батқан қазақ  елі ата-бабамызды  қынадай  қырған  КСРО-ның  қолшоқпары  болған  комсомолдар  тойын  атап  өтуі Тәуелсіздікті  мойындамау деген сөз. Осындай  өлшеусіз  де  шектеусіз  әділетсіздік  пен  жүгенсіздік  ТМД  елдерінің бір де біреуінде жоқ.

Ұлттық  сананы улауға  ерекше  құштарлықпен алдына  жан  салмайтын белсенділердің не ойы  бар  екені  ақылға  қонымсыз. Әрі  қарай  не  болатыны  бір  Аллаға   аян.

Жұмамұрат  Шәмші

Abai.kz

 

 

25 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1587
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1479
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1229
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1208