Жексенбі, 28 Сәуір 2024
46 - сөз 5531 1 пікір 1 Қараша, 2018 сағат 12:42

Әке махаббаты

Асқар кішкентай қызы Камиланы қатты жақсы көретін. Алдыңғы төрт баласынан да оны көбірек ойлайтын. Тіпті, әр ұйқыға кетер алдында да сол қызының болашақ өмірін көз алдына елестетіп, тәтті қиялдардың жетегінде кірпік ілуші еді. Маңдайынан мейірлене иіскеп «Ханшайым» дейді оған. Ал қызы болса әкесінің жүзіне аңтарыла қарап, үнсіз қалушы еді.
Камиланың бес жасар кезі. Балабақшаға баратын. Бірде Асқарды тәрбиеші салқын қабақпен қарсы алды:
–Сіздің қызыңыз мұнда мүлде тамақ ішпейді.
Шынымен солай боп шықты.

Сөйтсе, тәрбиешілер балаларға айқайлап, ұрсады екен. Асқар олардың басшысына барып:
–Менің қызыма айқайлауға болмайды ғой,-деп шағымданып, кетіп қалған. Сонан кейін Камиланы бақшаға апармай қойды. 

Ал қазір Камила 13 жаста. Бүгін ол әкесіне «далаға шықпаймын» деді мұңайып. Асқар қояр сауалының жауабын іштей біліп тұрса да:
–Неге, Ханшайым?-деп сұрады.
–Өйткені, олар менімен ойнағысы келмейді. Мазақтайды,-деді Камила кішкентай көздеріне жас толып. Әкесі үнсіз қалды. Ол қызын қатты жақсы көретін.

Ал, Камила Даун синдромы бар ерекше бала болатын...

Әсем Құлманованың facebook парақшасынан

Abai.kz

1 пікір