Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4543 18 пікір 1 Қараша, 2018 сағат 11:16

Қазақ балалары  техникаға неге қырын қарайды?

Бұрын кеңес үкіметінің «қырсық» саясатының салдарынан қаймана қазақ қалаларға бас сұға алмайтын. Өз елінің толыққанды азаматы болса да, оларды «тіркелімге тұру керек» (атақы «прописканы» айтамыз) деген сылтаумен шаһарларға мүлдем жолатпайтын. Қазір, Құдайға шүкір, кеңес одағы да келмеске кетіп, жағдай оңала бастады. Бүгіндері бас қала Астанамыздан бастап, облыс орталықтарында да қара көздеріміз молынан кездеседі. Енді тек қалалықтарға ғана тән, қазіргі заманның озық технологиясын жете меңгеру міндеті бас көтереді.

Жұрттың бәрі бірдей адвокат пен судья немесе әкім мен директор бола бермейді ғой. Демек, күнделікті тіршілікке қажетті мамандықтар да кім-кімнің де жұртқа жалынбай-ақ тіршілік етуге мүмкіндік берері сөзсіз. Тек ерінбесең болғаны. Оның үстіне күні ертең орыстар мен өзге ұлттың өкілдері де өз отандарын аңсап, елден дүре көтерілгенде олардың орнын еш қиналмастан атқара алатын білікті мамандарды осы бастап дайындай беруге әбден болары сөзсіз. Және бұларды бала кезінен-ақ баулыса нұр үстіне нұр.

Алайда көңілге кірбің түсіретін жайттардың әлі де молынан кездесетіндігін тағы да жасыра алмаспыз. Мәселен, біздің Қостанай облысында балаларға арналған автомектеп жұмыс істейді. Бұл бүкіл республика бойынша жалғыз ғана орталық. Мұнда сол көлік саласының мамандары мен жол полицицясы қызметкерлері дәріс беріп, жол ережесі мен көлік жүргізудің қыр-сырын үйретеді. Сабақ балаларға ыңғайлы болу үшін тек сенбі күні ғана жүргізіледі. Ол балардың ішін пыстырмас үшін ойын түрінде, қызғылықты жүреді. Балалар да оларды құмарта тыңдайды.

Бұл мектеп, біздіңше, қазіргі таңда аса қажетті дүние. Өйткені дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, «баланы бастан» қағидасы өте пайдалы. Өйткені бала кезінен көлікті меңгерген жан күні ертең мына көлік қаптаған жолда ережені қатаң сақтап, әртүрлі аварияға жол бермейді. Тәртіпті әрі мұқият болады. Бір ғана мысал. Анау Англия елінде көліктің саны бізден он есе көп көрінеді. Ал жол апаты бізден он есе аз тіркеледі. Мұның бір сыры - мына біздің өңірдегі секілді мектептердің көп болуынан деп түсіндіреді. Енді біздегі қазіргі таңдағы жол апатын айтпай-ақ қояйын. Күніне орта есеппен алғанда бірнеше адам опат болып немесе ауыр жарақат алып жатады. Демек, біз осындай игі тәжірибені тезірек қолдансақ, талай адамды ажалдан алып қаларымыз сөзсіз.

Біздегі балалар мектебінің бұл орайды үлкен іс тындырып жатқаны айдан анық. Алайда көңілді күпті етіп тұрған жайтты да айтпай кепсей болмас. Мұнда негізінен орыс ұлтының жеткішектері дәріс алып жатыр. Қаламызда қазақтардың қазір молығып отырғанын ескерсек, әлгі мектебімізде қара көздеріміздің мүлдем болмауын қалай түсіндіреміз? Бұл не, бойкүйездік пе? Әлде қанымызға сіңген немқұрайлық па? Күні ертең балаларымыздың қандай да бір көліктің құлағын ұстайтыны сөзсіз. Ендеше біз неге олардың болашағына жүрдім-бардым қарап жүрміз? Әлде «Е, не қылар дейсің. Жүре келе үйренеді ғой» деген бойкүйездіктен арыла алмай жүрміз бе?

Мұндай жаман әдеттен арылып, өзге жұртпен таласа жүріп, қандай да мамандықты балалырымыздың жылдам игеруіне осы бастан ат салыспасақ, күні ертең сан ұрып қалдарымыз сөзсіз.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

18 пікір