Жұма, 26 Сәуір 2024
Саңлақ 5235 7 пікір 25 Қазан, 2018 сағат 10:37

«Көкпар» федерациясын енді Мұхтархан Ділдабеков басқарады

Биыл күзде басы дауға қалған «Көкпар» федерациясы мен республикалық «Аударыспақ» федерациясына жаңа басшы тағайындалды.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған қауымдастық құрамындағы республикалық «Көкпар» және «Аударыспақ» федерацияларының басшылық құрамына өзгерістер орын алған.

Құрылтайшылардың жалпы жиналысының хаттамасына сәйкес, республикалық «Көкпар» федерациясының президенті болып Ділдабеков Мұхтархан Қобыланбекұлы, ал республикалық «Аударыспақ» федерациясының президенті болып Қобыландин Данияр Жаңабайұлы тағайындалды.

Даңқты боксшы Мұхтархан Ділдабеков есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Екі Олимпиада ойындарында бақ сынаған, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, ХІІ Азия ойындарының жеңімпазы, ХІV Азия ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының  күміс  жүлдегері атанған атақты боксшының үлкен спортқа дейін додабұзар көкпаршы болғанын айта кетейік.

Мұхтархан Ділдабеков 1976 жылы Түркістан облысы Мақтарал ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.  Білімі жоғары. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ -түрік университетін тәмамдаған. «Парасат» орденінің иегері,  Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Бокс қолғабын шегеге ілген 2006 жылдан Мұхтархан Ділдабеков Шымкент қаласының №5 бокстан олимпиада резервінің мамандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, 2008 жылдан осы уақытқа дейін «Оңтүстік Қазақстан облысының бокстан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандырылған спорт мектебінің» директоры қызметтерін атқарып келді.

Алайда, ат жалын тартып мінгеннен көкпарқұмар болған Мұхтархан Ділдабеков осы жылдар аралығында оңтүстік өңірде жиі ұйымдастырылатын жаппай көкпардың додасынан да алыс кеткен емес. Сондықтан болар, атақты боксшының көкпаршылығы туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында көлемді мақалалар мен сұхбаттар  аз жарияланған жоқ.

Ал, республикалық «Аударыспақ» федерациясының президенті болып тағайындалған Қобыландин Данияр Жаңабайұлы 1984 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.  Білімі жоғары. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолын Ақтөбе облысы прокуратурасынан бастаған. ҚР Көліктік бақылау комитетінде, ҚР Президент әкімшілігінде, Алматы қаласы әкімдігінде қызмет еткен. Қазіргі кезде жеке кәсіпкер.

Abai.kz

 

7 пікір