Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
2952 1 пікір 23 Қазан, 2018 сағат 10:42

Бақытжан Сағынтаев ҚР-дағы ҚХР елшісі Чжан Сяомен кездесу өткізді

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР-дағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо мырзамен кездесу өткізді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің ресми сайты.

Кездесу барысында екі ел арасындағы өнеркәсіп, машина жасау, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ, экономиканың түрлі салалары мен жоғары технологиялар саласында бірлескен жаңа және қазіргі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Бұдан өзге, ҚР мен ҚХР арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың жаңа драйверіне айналған, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының түйіндесуі аясындағы өзара іс-қимыл тақырыптары қаралды.

Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 3 қаңтарда орнаған. 2017 жылы Қытай Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесіне айналды. ҚР-ның басқа елдермен тауар айналымының жалпы көлемінде ҚХР үлесі 17,4% құрады (экспорт – 13,4%, импорт – 27,5%). Осы жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы $7251,2 млн құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11,3% жоғары. Экспорт 5,9% өсіп, $3753,7 млн құрады. Импорт $3498,2 млн құрады.

Экспорттың негізгі тауарлары арасында ауыл шаруашылығы өнімі — $157 млн (экспорттағы үлесі 5%), өсім – 48,4% ($51,2 млн-ға), мыс және мыстан жасалған катодтар — $862,4 млн (экспорттағы үлесі – 23%),өсім – 27,1% ($183,7 млн-ға), табиғи газ — $635,7 млн (үлесі – 16,9%), өсім – 7 есе ($544,2 млн), ферроқорытпалар — $511 млн (үлесі – 13,6%), кен және мысты концентраттар —$491,2 млн (үлесі – 13,1%) және шикі мұнай — $414,7 млн (үлесі – 11%).

Abai.kz

1 пікір