Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 5366 5 пікір 16 Қазан, 2018 сағат 14:20

«Насыбай сату» туралы...

немесе ақын Өтежан Нұрғалиевпен алғашқы жүздесу туралы баллада

 

Әлі есімде  сол кездерде елде едім,

Өлең еді «сырқатым» да, шөлдеуім.

Ауыл жаққа келе қалды  ақындар,

Өтежанды сонда алғаш көргенім.

 

Атақ-даңқы аңыз болып тараған,

( Етене-тін жырларымен сол ағам).

Жазғандарын іздеп жүріп оқушы-ем,

Ол туралы «сөздерді» де «бораған».

 

Даңқы жеткен – «Пушкині ол қазақтың»,

(Түс көргендей тамсанамын ғажап тым).

Киімі де, жүрісі де бөлекше,

Сөздерінен от шашырар  өжет тым.

 

...Сол ақындар жыр оқыды кезекпен,

Отан жайлы, махаббатты сөз еткен.

Өтекең де бастап кетті бір жырды,

Алыстатып,   жаттанды ойды  мезі еткен.

 

 

Жырларынан  «күн бұлттанып», «жел тұрды»,

Қас-қағымда  көңіл тасып, желпінді.

Ашық күнде ойнағандай найзағай,

Құлақ түріп, тына қапты  ел күллі.

 

Бір сәттерде  қыздар жайлы толғанды,

Жұрт көңілін сұлулыққа аударды.

Сорақысы – тасқа басқан таңбадай,

Санамызда өшпестей бір сөз қалды.

 

«... Таңдар қанша аруды ойлап ататын,

Кештер қанша аруды ойлап бататын...»

Дей келді де,  жай түсірді Аспаннан,

«Арулар бар «насыбайын» сататын...».

 

Үрписіп көз қададық біз оған,

Намыстандық жарылардай ызадан.

«Арулар бар «насыбайын» сататын...»

Былқ етпейді,  «қызармайды»  жүзі одан.

 

Арамызда ару да бар, ана да,

Ата-әжелер, болды бала-шаға да.

Ауыл деген алтын ұям, арлы жұрт,

... Бір түрлі ақын, бір түрлі екен сол аға...

 

Жылдар өтті...  тұрғынымын қаланың,

(Алматыға тиді ақыры табаным).

Қызметкері  болғам мұнда біраз жыл,

Тірек еттім  Жазушылар одағын.

 

Сол Өтежан ғажап ақын, сұрапыл,

Одақ жаққа жиі ат басын бұратын.

Әңгімесі мысқыл,  мазақ, табалау,

Астарында ащы  шындық тұратын.

 

... Көрмегенім көп екен ғой,  көргеннен,

(Кейде ойлайсың,  бұл тірліктен «безген жөн»).

Аруларды  «насыбайын» сататын,

Жиі көрем «көзді арбап», «езге» ерген ...

 

Біраз болды сол Өтекең  «қайтқалы»,

Одаққа кеп «бір түрлі сөз» айтпады.

«Арулар бар  «насыбайын» сататын»,

Шындық екен сол ақынның айтқаны.

 

Жағдайлар бар жанға аяздай бататын,

«Жел сөз де» көп «күйе жағып» жататын.

Жұртқа мен де жыр оқысам деп жүрмін,

«Ақындар бар Ар, Намысын сататын...»

 

Ақтөбе және  Ақындар

 

Қадам басқан баспаға  қара бала,

Жас ақын ем көрінген жаңа-жаңа.

Мұқағали елінен келдім деп ем,

«Ақтөбелік қазақпын»,  деген Аға.

 

Жайды құшақ жандай-ақ күткен мені,

Бәз біреудей «сырттансып» сырт бермеді.

Колжазбамды ап шықты бір сөреден,

Шаң-шаң басқан, сол қалпы  бүктеулі еді.

 

Жазды дағы беттерін  парақтады,

Жүзіме  де қояды қарап тағы.

«Сәті түссе бұл жолы жарық көрер,

«Қарлығашқа» ұсынам  санаттағы».

 

Мен отырдым белгісіз үмітке еріп,

(Тауым қайтқан сан мәрте үміттеніп).

... Қара Өлеңге «Қарлығаш»  қанат берді,

Жолымды ашты  «белімді» буып беріп.

 

Жұрт таныды Есағам арқасында,

(Жақсылықтың  өшпейтін нарқы осында).

Байтақ далам байлығым, дегенмен

Ақтөбе – ерек, көңілдің  қартасында.

 

Жанды көрсем қуанам Ақтөбелік,

Көңілдің де мұз-қары кеткен еріп.

Келін де  бар, күйеу бар осы өңірден,

Өкпелетпен, қимаспын  өкпеге түк.

 

Шаттығым да, қайғым да Өлең менің,

Айнымаспын тұрғанда төбемде Күн.

Ақтөбелік Мейірхан ақын ағам,

«Жырларыңа өміршең сенем деді».

 

Өтежан ба, ұлы ақын сол емес пе,

Тарпаң мінез, ғұмыры толы егеске.

Жетісулық жігітпін деп танысқам,

«Мұқағали – Сыр ұлы» дегені есте.

 

Баспасам да Ақтөбе топырағын,

Жан-дүниеме тым жақын аты мәлім.

Жерігенде мына лас дүниеден,

Ақтөбелік «заһарды» « сапырамын...

Серікжан Қажи

Abai.kz

 

 

 

5 пікір