Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2859 0 пікір 4 Сәуір, 2011 сағат 02:44

Ғаббас Қабышұлы. Мен дауыс бермей-ақ, дауыс бердім!

Сықақ

Айналайын қазекемнен сөз атаулы қалған ба: тыңдап отырасың ба, оқып отырасың та, әйтеуір, керек еткен сөзің өзінен-өзі естіліп, көрініп, құлағың мен көзіңді қарық қыла береді ғой, шіркі-і-і-ін!  Мәселен, мынау сөздері ше: алағанға - береген; іздегішке - табылғыш; сұрағанға - құраған; суайтқа - суқит; ұрыға - қары; адасқышқа - жолыққыш; алаяққа - қуаяқ; өсекшіге - сыбырлақ; сәттіге - тәтті...  толып жатыр ғой-ау, толып жатыр, қайсыбірін айта берейін, тіпті үрім-бұтағыммен жабыла санап айтсам да, 2030-жылға дейін тауыса алмаймыз, иә, тауыса алмаймыз! Соны ескеріп, орта жолда ат шалдырайын да, 3-көкекте өзінен-өзі өткен мерзімсіз президент сайлауын қайтіп өткізгенімді, кімге дауыс  бергенімді уақытым барда баяндап тастайын. Мен ғана ма, бәрің де көріп-біліп, барып-келіп, беріп-бермей, аунап-қунап, бір рахаттанып  қалдыңдар, несін жасырасыңдар.

Сықақ

Айналайын қазекемнен сөз атаулы қалған ба: тыңдап отырасың ба, оқып отырасың та, әйтеуір, керек еткен сөзің өзінен-өзі естіліп, көрініп, құлағың мен көзіңді қарық қыла береді ғой, шіркі-і-і-ін!  Мәселен, мынау сөздері ше: алағанға - береген; іздегішке - табылғыш; сұрағанға - құраған; суайтқа - суқит; ұрыға - қары; адасқышқа - жолыққыш; алаяққа - қуаяқ; өсекшіге - сыбырлақ; сәттіге - тәтті...  толып жатыр ғой-ау, толып жатыр, қайсыбірін айта берейін, тіпті үрім-бұтағыммен жабыла санап айтсам да, 2030-жылға дейін тауыса алмаймыз, иә, тауыса алмаймыз! Соны ескеріп, орта жолда ат шалдырайын да, 3-көкекте өзінен-өзі өткен мерзімсіз президент сайлауын қайтіп өткізгенімді, кімге дауыс  бергенімді уақытым барда баяндап тастайын. Мен ғана ма, бәрің де көріп-біліп, барып-келіп, беріп-бермей, аунап-қунап, бір рахаттанып  қалдыңдар, несін жасырасыңдар.

«Жасырасыңдар» демекші, қазекем: «жасырғанға - тауып алған» да депті. Бұл енді - көрмеген нысанаңды  көздемей-ақ қағып түсіретін сөз. Солай екеніне сайлаудан үш ай бұрын мына мен тірідей куә болдым. Өскемен қаласында әлгі «Референдум» деп алтын айдар тағылған құрылтай өткен күннен кейін. Ой-пой-по-о-о-ой...  ол  Референдум...  1991-жылы ғана шекарасы белгіленіп, туы тігіліп, шаңырағын осы өзіміз жабыла көтеріп, еркін ел  болған Қазақстан үшін бұл сөз - Конституциямызға қапылыста ілінбей қалған ірі, қасиетті, киелі ұғымның көкесі, сол себепті барлық жерде, қашанда Референдум деп бас әріппен жазылуы керек!

Осы ойымды айғақтар алдында бұл Референдумның не пәле екенін біле салайыншы деп ой салмақтап, «Словарь иностранных слов» дейтін үлкен кітапты парақтап, «Р» әрпінен басталатын сөздеріне үңіле жөнелсем, «іздегішке - табылғыш» рас екен, тауып алдым! «Референдум - лат. сл., - всенародное голосование по какому-л. важному вопросу государственной жизни» деп, біздің Референдумның тарихи құндылығын қазақшаламай-ақ айтып тұр! Өй, жаса! Бізде өзі бұл Референдум дегенің бұрын да екі  рет пе, үш рет пе, өткізілді емес пе?! Е, мейлі, неше рет болса да, күшті сөздің аты - күшті сөз! Ал Өскемендегісі өте күшті болды! Оны сол маңдағы бір маңызды институттың маңғаз ректоры ойлап тауып, өзі тапса да, біреу таптырса да, содан кейін оны билікшілдер бассалып құптап, Референдумның көркін келтіретін шенеуніктерді барлық облыстан отыз-қырықтап таңдап, тізімдеп, Өскемен қаласына ұшақпен тегін, яғни мемлекеттің, анығында - халықтың ақшасымен бір-ақ күнде жиып-теріп жеткізіп берген соң қалай өте күшті болмасын?! Әсіресе сонау Парижден менің құрдасым, қаламдасым... жә, өзімді қоя тұрайын, біздің 1991-жылдан бергі президентіміздің - Референдум мен сайлаудың талайын көрген Нұрекеңнің бозбала кезінен бергі досы Олжас Сүлейменовті алдырғандары ғасыр жетістігі болды! Ал Олжекең ешбір орыстан ешқашан сөз сұрап көрген жоқ  және дауысы қандай, - мемлекеттік диктор десем де, әй, жеткізіп айта алмаған болар едім! Ол сонда «сайлау» дегеннің не екенін түп-тамырымен қопара көлденеңдетіп  өтіп:

«...Это же наносит ущерб всем планам,  реализуемым госпрограммам! Казахстану в этой байге участвовать не надо. У нас есть проверенный  демократический способ избежать двухгодичной гонки:  нужно провести референдум...

...Речь лишь о том, сколько процентов наберет глава государства: 85 или 95. Нурсултан Назарбаев в отличной деловой и спортивной форме. Поэтому считаю, что тратить миллионы тенге и миллиарды  нервных клеток и самого кандидата, и других конкурентов не нужно!..» деді ғой! Қарасөз емес, поэзия! Да-а-а!..  Десем де, бізде поэзияның парасатын түсінетіндер президенттің  сайлауы мен Референдумы сайын азайып барады. Биыл болуы керек-ақ өте күшті Референдумымыздың дертесін қайырып, оның орнына сайлау өткізуді талтүсте талап еткендер - поэзияны проза деп жүрген сол пәтуасыздар! Не істерсің оларға?! Билік байғұс та қайтсін-ай, президент сайлауын мерзімінен бір жыл бұрын өткізуге мәжбүр болды. Олжекеңнің: «Поэтому считаю, что тратить миллионы тенге и миллиарды нервных клеток и самого кандидата и других конкурентов не нужно!» деген  «аталы»  сөзі сол Өскеменде қала берді.

Ну и что же, президентті Референдумнан алу, сайлауға салу керек деген екен, біз оған да көндік. Біз  неменеге  көнбей жүрміз?!.  Бірақ, шынымды айтайыншы, бұл жолғы - 3-көкектегі сайлау бізге, маған өте жеңіл болды. Президенттікке Нұрекеңнен өзге үш-төрт шененунік иек артыпты деп естіген едік, алайда көшелердің өнебойына ілінген көдедей көп суреттердің ішінен: «Біз Елбасымен біргеміз! Мы вместе с Лидером!» деген әшекейлі сөзі бар Нұрекең суретінен бөтенді көрген жоқпыз. Басымызды қатырған бейнет болмады. Оның үстіне «Нұр Отан» партиясының өкілдері қолды-аяқты балаша ерекше елгезектеніп, ұжымдарды апта сайын аралап, жиын жасап: «Нұрекеңе дауыс бермеу - Қазақстанды кері кетіру» дегенді ұқтырып бақты. Ол ол ма, сайлау алдындағы соңғы күні біздің ұжымға келген нұротаншыл өкіл сандуғаштай сайрап-сайрап, ақырында бәрімізді құдды әскерге алатындай тізімдеп, айлық жалақымыздың неше доллар екенін, ұжымға қайдан, қашан келгенімізді, зейнетке  шығуымызға неше жылымыз қалғанын да тергеушіден бетер түгендеп жазып алды. Өжеттеуіміз ол жаңалығына жармасып: «Мұнша мағлұматтың керегі не? Кім сұраттырды?» деп едік, өкіл сұқс аусағын безеп: «Бұл тізімде барлар  Нұрекеңе дауыс бергендер болып есептеледі!» деп көзін алартты. Біздің бастығымыз біз үшін жауап беріп: «Конечно! Әрине!» деп басын екі рет шұлғыды.

Бізде: өкілдің аты - өкіл және бастықтың аты - бастық. Оларды мен де бесіктен белім шыға бере  сыйлап үйренгенмін. Өкілдің: «Бұл тізімде барлар Нұрекеңе дауыс бергендер болып есептеледі» дегенінің, бастығымның бас шұлғығанының маған да тікелей қатысы барын ұмытпасқа ұғып алдым да, сайлау учостогымызды іздеп әуре болмай, үйде отырып, президетімізге дауыс бермей-ақ дауыс бердім!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2119
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2231
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1632