Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
4374 34 пікір 26 Қыркүйек, 2018 сағат 19:55

Мәулен Әшімбаев: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы идеологиялық мақсаттарды жүзеге асыруға жол ашып берді

Бүгін Қостанай облысына арнайы барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірде атқарылған жұмыстармен танысу барысында осылай деді.

Елбасы Саяси кеңес отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Нұр Отанның» идеологиялық платформасы болуы керектігін айтқан болатын. Сондықтан аталған бағдарламаның партия үшін маңызы жоғары. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Қостанай облысындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік жобалық кеңсесінің жұмысымен арнайы танысты.

Жалпы облыста аталған бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын аңғару қиын емес. Соның ішінде «Туған жер» жобасы бойынша орнатылып, Қостанай қаласының рухын асқақтатып тұрған Шақшақ Жәнібек батырдың ескерткішін ерекше атап өтуге болады. Осындай игі бастамаларды ерекше атап өткен партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұл бағдарламаның маңызы зор екенін айтты.

– Халқының азаттығы үшін күрескен қаһарман Кейкі батырдың сүйегі елге жеткізіліп, осы облысқа қайта жерленуі де тарихымыз үшін үлкен оқиға. Ұлт ағартушысы, халықтың білімге деген құштарлығын ояту жолында елеулі еңбек еткен Ыбырай Алтынсарин кесенесінің қайта жаңғыртылуын да ата-бабаларымызға деген құрметіміздің жарқын көрінісі деп қарастыруға болады. Осындай келелі істің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқаны көңіл қуантады. Бұл бағдарлама рухани, идеологиялық, тәрбиелік мақсаттарды жүзеге асыруға да даңғыл жол ашып берді. Жалпы облыста бұл бағдарламада бойынша көптеген тың бастамалар қолға алынып, ұлттық кодты сақтау мақсатында үлкен жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз. Бұл Елбасы бағдарламасының халықтың игілігіне бағытталғанын білдіреді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сапар барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары партияның «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ» аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен және кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Сондай-ақ «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» және партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобалардың аймақта жүзеге асырылу барысымен танысты.

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар