Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Билік 2609 0 пікір 21 Қыркүйек, 2018 сағат 15:41

Бақыт Сұлтанов "Нұр Отан" партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы болып сайланды

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия Астана қалалық филиалының кезектен тыс ХXVI конференциясына қатысты. Іс-шара барысында партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жобалар және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын қоғамдық бақылау жұмыстары пысықталды.

Жиында қаралған басты мәселелердің бірі филиалдың жаңа төрағасын сайлау болғанын атап өткен жөн. Делегаттардың бірауыздан мақұлдауы­мен таяуда ғана Астана қаласының әкімі болып тағайындалған Бақыт Сұлтанов партияның Астана қалалық филиалының төрағасы болып сайланды.

Жаңа төрағаны құттықтаған Мәулен Әшімбаев оның қыз­метіне табыс тіледі.

– Бақыт Тұрлыханұлы – бұған дейін де жауапты қызметтер атқарып, Елбасы сені­мінен шыға білген білікті маман. Сондықтан алдағы уақытта да өзіне жүктелген міндет­тер­ді мүлтіксіз орындап, Президенттік бағ­дар­ламалар мен партиямыздың игі баста­маларын жүзеге асыруда зор еңбек сіңіреді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Бақыт Сұлтанов бұл Елба­сының үлкен сенімі екенін айтып, сол сенімнің үдесінен шығу үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.

– Елбасы – партия Төрағасы алдымызға нақты міндеттер қойып отыр. Атап айт­қанда, алдағы уақытта қаланы дамытудың жаңа үлгісін енгізу, инновацияға қолайлы орта қалыптастыру және креативті идеялар­ға қолдау көрсету сияқты бағыттарға басым­дық беріледі. Мемлекет басшысының ең басты жобаларының бірі ретінде Астана дәл осы мақсат-міндеттерді нәтижелі жүзеге асырудың көрсеткіші болатыны сөзсіз. Сондықтан көздеген межелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын, – деді Астана әкімі.

Сондай-ақ конференцияға қатысу­шылар «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мен жаңа партиялық жобалар­дың Астанада іске асырылу барысына назар аударды. Өз сөзінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары 1 маусымда өткен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының «Нұр Отанның» шын мәнінде нақты істердің партиясына айналғанын айтқанын және жаңғыру ая­сын­дағы бастамаларды жоғары бағалаға­нын жеткізді. Сондықтан нұротандықтар Елбасының артқан сенімін ақтап, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындауы тиіс.

Атап айтқанда, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асыры­луына қоғамдық бақылауды күшейтуге ерекше көңіл бөлінуі керектігін айтқан Мәулен Әшімбаев осы мақсатта республи­калық және өңірлік деңгейде Қоғамдық кеңестер құрылғанына назар аударды.

– Өңірлік Қоғамдық кеңестермен жүйелі әрі тұрақты кері байланыс орнауы тиіс. Сол арқылы біз аталған бастамаларға қатысты мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды өкілетті органдармен бірлесіп шешуіміз керек, – деген Мәулен Әшімбаев астаналық филиалға осы салада белсенді әрекет етуді тапсырды.

Жалпы, Астанада Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруда нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Сонымен қатар конференцияда Мәулен Әшімбаев партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселесіне де тоқталды.

– Қазіргі таңда партия елімізді цифр­ландыру үдерісіне үлес қосу мақсатында бірқатар тың бастамаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, балаларға бағдарламалау, робототехника және 3D модельдеу негіз­дерін үйрететін ІТ сынып ашу жобасын қолға алдық. Сондай-ақ халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру мақсатында ІТ орталықтар ашылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отандық кітапха­наларды жаңғыртып, заманауи білім орта­лықтары ретінде қайта құру ісі де қар­қынды жүргізілуде. Партияның бастама­сымен ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйрететін клубтар құрылуда. Онда негізінен ерікті жастар жұмыс істейтін болады. Одан бөлек, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын да қайта жаңғырту үшін нақты жобаларды қолға алдық. Осының барлығын жүзеге асыруда Астана қалалық филиалы да нәтижелі жұмыс істейді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Тегін 1000 ІТ-сынып партиялық жобасы аясында Астанада 85 IT-сынып ашу жоспарланған. Бүгінде олардың 26-сы ашылып, онда қазір 341 оқушы білім алуда. Бірыңғай геоақпараттық онлай-сервисін құру, дәстүрлі кітапханаларды жаңғырту жұмыстары да елордада нәтижелі жүзеге асырылуда.

Е.Мақсотұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1471
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1331
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1081
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1126