Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Билік 3859 0 пікір 24 Қыркүйек, 2018 сағат 12:37

Бесінші бастама. Бағдарлама аясында атқарылған шаруаларға шолу

Елбасының қазақстандықтарға арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде елімізді дамытудың жаңа бағыттары нақты көрсетілген. Үндеудегі бесінші бастама – елді одан әрі газбен қамтамасыз етуді жалғастыру мәселесі.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында елді-мекендерді газбен қамту жоспарын әрі қарай жалғастыруға ерекше ден қойған болатын. Сонымен, Үндеуде не айтылды?

«Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі.  

Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген.  

9 облысқа газ тартылған.

Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр.

Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек.

Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да.

Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, экология жақсарады.

Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады.

Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Президенттің бес бастамасы – осы.

Оларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашады.

Үкімет пен Ұлттық Банкке бастамаларды іске асырудың егжей-тегжейлі тетіктерін жасауды тапсырамын.

Парламент депутаттарынан заңнамаға қажет өзгерістерді уақтылы енгізуді өтінемін.

Бастамалардың айрықша маңызды екенін ескерсек, оларды тиімді жүзеге асырудың жолдары кеңінен талқылауды қажет етеді.

Халық пен бизнес өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды.

«Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алады.» 


Осыған сәйкес, 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін республика көлемінде ауқымды жобалар іске асырылуда. Бүгін солардың бірсыпырасына шолу жасаймыз.

Қостанай

Облыста газдандыру мәселесі жоспарға сай орындалуда. Биыл ауыл-аймақты көгілдір отынмен қамту жобаларына 5 млрд. теңге бөлінді. Мамандардың мәліметінше, Тобыл елді мекенінен Әулиекөл ауданына дейінгі аумаққа жоғары қысымды магистралды газ құбырлары орнатылыпты. Енді көп күттірмей ауылдықтар көгілдір отынға қол жеткізетін болады.

2010 жылы Қазтрансгазаймақ, Қазмұнайгаз және облыс әкімдігі  3 жақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Маңызды құжат негізінде Қазтрансгазаймақ акционерлік қоғамы инвестициялық бағдарламаны іске асыруға кірісңп кетіпті.  Ол 2020 жылға жоспарланған. Бүгінде ауыл- аймақтарды көгілдір отынмен қамту мақсатында 7 млрд теңге бағытталды.

Осыдан 2 жыл бұрын Қарабалық ауданындағы Тоғызақ ауылы мен  Әулиекөл ауылына газ тарату желілерінің құрылысын бастауға жобалық-сметалық құжаттар  әзірленді.  Көгілдір отынмен  Денисов ауданына қарасты Антонов және Алчанов ауылын ың тұрғындарын қамту жоспарланған. Былтыр Қазтрансгаз аймақ 6 нысан бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтады.

Тобыл ауылынан Әулиекөл селосына дейінгі аумаққа магистралды газ құбырын салу - меморандум аясында Қазтрансгазаймақ қолға алған ең ірі жобалардың бірі.  Негізгі құрылыс аяқталды. Ұзындығы 130000 метрлі жерасты газ құбыры тартылды. Бұл жұмыстарға 5 млрд теңге көлемінде қарджат жұмсалды. Аталған жобалар сәтті жүзеге асса, өркениеттің жайлылығын жақын арада мыңдаған  отбасы сезінетін болады.  Бұл өз кезегінде елді- мекендердің әлеуметтік, экономикалық ахуалын  жақсартыға ықпал ететіні талас тудырмайды.

Батыс Қазақстан облысы

Президент үндеуіндегі  бесінші бастама – елді одан әрі газбен қамтамасыз етуді жалғастыру мәселесі екенін жоғарыда айттық. Бұл бойынша батыс қазақстандықтардың тұрмысын көтеріп, әл-ауқатын жақсарта түсетін болады.

Ақ Жайық өңіріндегі әлеумет­тік-экономикалық дамудағы ба­сым бағыттардың бірі – елді ме­кен­дерді газбен жабдықтау. Облысты табиғи газбен жабдықтау негізінен төрт «Орталық Азия – Орталық», «Орынбор – Ново­псков», «Қарашығанақ – Орал», «АГРС Жымпиты, Қаратөбе» магистралды құбыры арқылы жүзеге асырылады.

Өңірді газбен қамтамасыз ету жұмыстары 2006-2007 жылдардан бастап қарқын алды. Сол жылдары «Батыс Қазақстан облысының елді мекендерін газдандырудың 2006-2008 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасының» әкімшісі об­лыс­тық құрылыс басқармасы болды. Аталмыш бағдарлама аясында 21 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, сәйкесінше елді мекендердің газбен жабдықталу көрсеткіші 26%-ды немесе 137 ауылдық елді мекенді құрады. Сонда ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 45%-ды, ал облысқа шаққанда 68%-ды құрады. 2008 жылдан бастап елді мекендерді газдандыру жұмыстарын БҚО-ның энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы іске асырып келеді.
Қазіргі уақытта Орал мен Ақсай қалалары, облыстың 12 аудан орталықтары тұтастай көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, же­лілік газ құбыры тартылған және аймақтағы барлық елді мекенді газдандыру жұ­мыстары одан әрі жалғасуда.

– 2008-2017 жылдар аралы­ғында өңірдегі 153 елді мекенге табиғи газ жеткізілді, оған 25,4 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Өткен жылдың қо­рытындысы бойынша облыс тұр­ғын­дарының газбен қамтылу үлесі 94%-ды, оның ішінде ауыл халқының саны бойынша 88%-ға жетті, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Шарафутдин.

Оның айтуынша, биыл Бөкей ордасы ауданының 11, Ақ­жа­йық ауда­нының 11, Жәнібек ау­да­нының бір елді мекенінің тұр­­ғындары газдың рақатын көреді деп күтілуде. Сонда облыс тұрғындарының табиғи газбен қамтылу үлесі 95%-ға жетеді.

Сонымен қатар ҚР Энергетика министрлігіне және БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жалпы құны 3,2 млрд. теңгені құрайын бюд­жеттік өтінім жолданған. Бұл өтінім не­гізінде бюджеттік қаражат бө­лін­ген жағдайда, қаралған қаржыға Зеленов ауданының бір, Қазталов ауданының 13, Теректі ауданының 13 елді мекені газбен қамтылмақ. Сонда облыс тұрғындарының та­биғи газбен қамтылу үлесі 97%-ға, оның ішінде көгілдір отынмен қамтылған ауыл халқының саны 92%-ға жетеді. Жалпы газдандыру жұмыстарының арқасында тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсара түседі.

Сонымен қатар облыстың көгілдір отынмен қам­тамасыз етілу көрсеткішінің өсуі орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына, экологиялық жағдайға оң әсер етері анық.

Елорда

Астанаға тартылатын газбен ең алдымен қаладағы жылыту қазандықтары мен Оңтүстік – Шығыс ауданының тұрғындары қамтылатын болады. Бұл туралы  ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев айтқан болатын.

Елбасы бастамасы аясында салынатын «Сарыарқа» магистральді газ құбыры еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етуді көздейді. Ол «Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Теміртау — Астана — Көкшетау — Петропавл» бағыты бойынша жүргізілмек.

Вице-министрдің айтуынша, Астанаға дейін газ жеткізу энергетика министрлігіне жүктелген. Ал ол газды тарату қала әкімдігінің жауапкершілігіне берілген. Сондықтан бұл жұмыстар бірнеше кезеңге бөлініп отыр. Қазіргі таңда Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қаласының әкімдіктерімен газ тарату желілерін жобалау және салу жұмыстарын жеделдету міндеті тұр.

«Бұл жұмыстар басталып жатыр. Келесі жылы магистральді газ құбыры тартылған бойда елорда әкімі оны тарату желілері бірінші кезеңге әзір болады деп сөз берді. Бірінші кезеңде газға жылыту орталықтары көшірілетін болады. Бұл үшін қажетті жобалық құжаттар әзірленді, қала әкімі жылыту қазандықтарын газға қосуға әзір. Екінші кезеңде Астанадағы Оңтүстік Шығыс аталатын ауданға газ тартылады», — деді М. Мырзағалиев.

Жобаны іске қосу үшін қолданыстағы «Орта Азия — Орталық» магистральді газ құбырының инфрақұрылымы пайдаланылатын болады.

«Бұл құбыр Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырына қосылып, оның бойымен Қызылорда облысындағы Қараөзек кен орнына қосылады. Сол Қараөзектен газ Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытына кетеді. Алдымен Астанаға дейін құбыр жүргізіледі. Кейін Көкшетау мен Петропавлға дейін газ тарту қарастырылған», — деді ол.

Сала басшысының мәліметінше, құбыр тартылатын бағыт бойындағы елді мекендерде 2,7 млн адам тұрады.

«Тұтыну көлеміне келсек, газ құбыры өзінің максималды жүктемесіне жеткенде, ол жылына 2,5 млн текше метрді құрайды деп шамалаймыз», — деп нақтылады вице-министр.

М. Мырзағалиев жобаны қаржыландыру көздері мәселесінің әлі пысықталып жатқанын айтты. Бұл орайда, энергетика министрлігінің төрағалығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Қаржы тартуға жауапты болып «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі белгіленген.

«Бұл жобаны іске асырудағы «Қазтрансгаз» ұлттық компаниясының рөліне келсек, ол газ жеткізу саласындағы ұлттық оператор болып отыр. Сонымен қатар ол газ құбыры бойынша оператор компания болады, бұған «Қазтрансгаздың» магистральді газ құбыры бойынша «Интергаз Орталық Азия» компаниясы тартылады», — деді М. Мырзағалиев.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1463
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1317
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1071
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1119