Сенбі, 4 Мамыр 2024
Ғибырат 5375 9 пікір 19 Қыркүйек, 2018 сағат 12:16

Дәуір көшіп барады, дәуір көшіп...

Біркөлік

Жуырда ҚазМУ-дің журналистика факультетін 1983 жылы бітірген түлектердің кездесуі болып өтті. Биылғы жазда біздің оқуға түскенімізге 40 жыл, бітіргенімізге 35 жыл толды.

Атап айтатын жәйт, бұл жолы алаулы жастығымызды өткерген Алматыда емес, Шымкентте бас қостық. Оның бірнеше себебі болды. Алдымен осы арқылы кездесу орнын еліміздің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан курстастарымызға біршама жақындаттық. Екіншіден, топырағы май, суы бал, күні шуақ оңтүстік өңірінің жер жағдайымен танысып, тарихи орындарын аралап, таным көкжиегін кеңейтіп қайтуды да ойладық. Үшіншіден, біздің бақандай алты курстасымыз осында тұрады. Оның үстіне дастарқаны да берекелі ғой бұл елдің.

Осы дәлелдерді алға тарта отырып ұсынысты курсымыздың ортақ чатына шығарғанымызда Шымқала таразы басын даусыз тайғанатты. Бұл оқиға жылдың басында, қыстың кезінде болған еді, ал жазда өкімет шешімімен Шымкент жан саны межеге толуына байланысты «миллионшы» қала болып жарияланып, бір күнде ақ түйенің қарны жарылды. Бұл сірә біздің әулиелігіміз деуден гөрі тағдырдың ретті кездейсоғы болар.

Неде болса, еліміз Атазаң мейрамына дайындалып жатқан қарсаңда қасиетті оңтүстік өңіріне, осында тұратын курстасымыз Қайырғали Медетов жазғандай, «көгершін көңілмен алып-ұшып» жеттік. Шымкенттік достарымыз дайындап қойған орын — «Біркөлік» демалыс аймағы сен жақындаған сайын іргесін әріге сала беретін Талас Алатауының оң жақ сілемінде, тарихи Ілеңгір жерінде орналасқан екен. Тау арасымен ирелеңдеген серпантин Американың атақты Гранд каньонынан бір де кем түспейтін керала жазық, кең аңғарды аралап келіп, одан әрі кезінде ата-бабамыз таудағы төржайлауға көшіп келе жатып көліктің басын бір тартатын бекет жер — Біркөлікке әкелді. Айнала — баурайын Альпі шалғындығы жапқан құба жон, одан әрі көкке мойын соза ұмтылған ақар-шақар шыңдар, сол тау-тастың арасымен көмейіне күлкі тығылғандай бүлк-бүлк аққан тұма бұлақтар, әлгі бұлақтарды бойлай өскен зәулім тал-дарақтар, дударбас каштан, көкпеңбек акация, мәужіреген гледичий, катальп, маклюр... сияқты неше түрлі экзотик ағаштар, шыныдай мөлдір, кәусардай тап-таза ауа. Қазақстанның 37 кереметінің бірі деуге әбден лайық жер екен.

Біз бірінші курсқа түскенімізде қатарымызда  36 жігіт, 12 қыз бар еді. Арада өткен жемір уақыт сол қатарымызды кәдімгідей селдіретіп кетті: жоғарыдағы 48-дің 13-і бұл күнде ортамызда жоқ. Шымкенттік Абдул-Хамид Досыбаев, семейлік Ғабдолла Бұланов, ақтөбелік Мырзабек Бақытов, қарқаралылық Бейбіт Ахметов, түркістандық Мұратбек Дүйсенбеков, жамбылдықтар Талғар Сейталиев пен Рысбек Ыбыраев, атыраулықтар Кенжебай Жармұхамедов пен Ілес Жолдиев, кеше ғана марқұм болған жезқазғандық Айтқадыр Тілеуов және қыздардан Мәншүк Бағжаева. Біразы өмірден жайнаған туы жығылмай ертерек кетсе, бірқатары көмбеге жетпей қиылды. Қақас қазаға ұшырағандары да бар. Бір шүкіршілігі, барлығының да (Кенжебайдан басқасының) фәниден өзі кеткенімен соңдарында өріктей ұлдары, алмадай қыздары қалды. Және тасқа бастыртқан сөздері қалған. Біз тұлпар ізі жоғалмайтынына сенеміз. Арамыздан шыққан бір ақын жазғандай, «Таққа міндік, атқа міндік, шеп бұздық, / Бұзды біздің шепті де... Содан қалған лек, міне». Санап қалсақ, 35 екен әлгі лек. Алайда оның да бірқатары ұлды аяқтандыру, қызды ұзату, соларға үй салып беру... сияқты күнделікті өмірдің қажетті шаруаларынан босай алмады. Сонда Біркөлікке ойдағысы бар, қырдағысы бар барлығы 24 курстас жиналыппыз. Қалыптасқан дәстүр бойынша бірнеше жігітіміз «медсестраларын» —  зайыптарын ерте келді: Ақтөбеден Ертай Ашықбаев  Күләйін, Қарқаралыдан Рымбек Смағұлов Русланасын, талдықорғандық Жомарт Игіманов Сайрашын, алматылықтар Құрманхан Нұрымбетов пен Алтынбай Дәуренбеков Үрзадасы мен Күләйшасын, шымкенттіктер Қайырғали Медетов Оразгүлін, Талғат Орманов Ләззатын, Серікқали Жексенбаев Қызбаласын... дегендей. Бұлар алдымен курсымыздың келіндері ғой, соған сай олар тұтас алғанда келіндік ізетті сақтады.

Бұл жолғы басқосудың бір ерекшелігі — марқұм курстастарымыздың отбасы мүшелерінің арнайы шақырылуы еді. Осы орайда Біркөлікке Мұратбек Дүйсенбековтің үйіндегі Гүлжан Әбілдаева, Талғар Сейталиевтың зайыбы Шолпан және Рысбек Ыбыраевтың ұлы Рауан мен ағасы Рысқали келді. Кездесу шарасы осы топтың қатысуымен, Шымкенттен арнайы алдырған молдекеңе мұсылмандық ишарасын жасатып, марқұмдардың рухына бағыштап Құран оқытумен басталды. Айта кетейік, кезінде бізбен бірге абитуриент болған, бүгінде Парламент депутаты Дархан Мыңбай және бізбен алғашқы курсты оқу бақытына ие болған, қазірде «Айқын» газетін басқарып отырған Нұртөре Жүсіпке де шақыру жіберілген-ді. Бірақ екеуі соңғы сәтте қызметтерінен шыға алмай қалғандарына ғафу өтініп, жырақ жерден, жақын көңілден кездесуімізге құтты болсын айтқан жүрекжарды сөздерін жолдады. Африн лебіздеріне!

 

Кітап

Сөзіміздің басында Шымкентте кездесуіміздің бір себебі — қашанда шүлен таратып жататын күнгей өңірдің дастарқан берекесі деп едік қой. Білгендей-ақ айтыппыз. Шымкенттік курстастарымыздың тапсырысымен ала топылы ағайын дайындап қойған пісулі ас — сүбесінен майы сорғалаған жайдары қойдың етіне өрік-мейіз қосып, бөдененің жұмыртқасымен тұшпалаған нағыз шашпа палау, шишке шаншып қақтаған кәуап, балық шашлығы, жергілікті сабақтастарымыз тартқан сый табақ — жеті түрлі ет дәмі және осылардың соңында берілген Бұхардың бүйірінен қарс-қарс айырылған аш-шак қарбызы, Самарқанның исі танау қытықтаған мүскәт қауыны, Фарғонаның қызсаусақ жүзімі... И-и, несін айтасың, «Өй, Шымкенттің қаласы-ай, от пен судан жаралған».

Иә, шындығында да, күнгейдегі ботқаластарымыз 35 жылдықты, өздері айтатындай, рәтті өткізді. Бұрынғы 20 және 30 жылдық кездесулеріміз де күнде естіп жүрген «бойдайталай» әңгімемен яки құр ас ішіп, аяқ босатып кетумен шектелген емес еді. Дегенмен, бұл жолғы басқосуымыздың сойылдай тағы бір себебі және оның шырайын шығарған себебі болды. Ол — курстастарымыз жазған естелік-мақалалардан тұратын жинақтың тұсауының кесілуі.

Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын Ертай Ашықбаевтың өлең жолдарынан алынып, «... көп жыл өтті. Алматымды қайтып бер!» деп ат тағылған, барлығы 44 мақала топтастырылған, жалпы көлемі 25 баспа табақ болатын бұл жойқын кітапты «жаратылысы мөлдір шыныдай» (курстасымыз, «Егемен Қазақстанның» Қостанай облысы бойынша меншікті тілшісі Нәзира Жәрімбетованың метафорасы) Өлмесхан Болатбеков өз есебінен шығарды. Кездесудің ресми бөлігі жиналғандарға тандырдан жаңа шыққан ыстық нандай алдымызға келген сол кітапты таныстырып, таратып беруге арналды. Әлбетте, қазақпыз ғой, сәлем-сауқат, шапан-шапқытсыз да тұра алмадық. Мысалы, марқұмдардың зайыптарына орамал сыйлап, әркім өз жақтарының жеңсік астарын ұсынды. Айталық, Күләй Бекетова әкелген Ойылдың ақ тарысы мен балқаймақтың дәмін татқан бірқатар қыздарымыз сол жерде Ақтөбеге көшетін болып «аттандап», арқан керіп әрең тоқтатқанымызды қайтерсің. Әсіресе Ертай мен Күләйдің Ерекеңмен бес жыл бір бөлмеде жатып оқыған, яғни «бір үзім нанды бөліп, қара құртты жарып жеген» достары — қызылордалық Жолдасбек Ақсақалов пен шымкенттік Аманғали Әбуовке жағалы киім кигізіп, құрмет көрсетуі айта жүрерліктей өнегелі іс болды. «Қарияларымыз» қазына боп қартайып келе жатыр екен. Кездесуге «қайырлы қадам болсын» айта келген Рысбектің ағасы, белгілі сот саласының ардагері Рысқали Ыбыраев өз сөзінде осының бәрін толқып тұрып атап өтті. Кітап таныстыру рәсімі қырық жыл курсымыздың Бас дұрыстаушысы болып келе жатқан «болмысы бөлек Болатбековтың» үшбу мәртебесін ресми бекітумен, яғни Өмішті курстың құрметті президенті етіп сайлаумен аяқталды.

 

Баққандары — пырақ, жаққандары — шырақ

Негізінде естелік кітабымыз көргендер мен көңілдегілердің жай ғана жиынтығы емес. Ол танымдық жағы, тағылымдық мәні мол, әрі заман тынысын, дәуір шындығын сағыныш сезімдерімен әдіптеп жеткізе алған туынды, әдебиеттің сүт кенже жанры — эссеге таласы бар дүние болып шықты. Басқаша болуы мүмкін емес еді ғой, сіздер жегені жантақ, арқалағаны алтын қалам шеберлері емессіздер ме?! дерсіз. Иә, дәл солай — осы жинаққа әдейілеп мақала берген Нұртөре Жүсіпов (кітапқа Нұраш «Жетпіс сегіздің жазы мен күз» дейтін әдемі материалымен атсалысты), Нәзира Жәрімбетова, Темір Құсайынов, Жомарт Игіманов, Айткүл Шалғынбаева, Рымбек Смағұлов, Аманғали Әбуов, Қырықбай Алдабергенов, Жолдасбек Ақсақалов, Мақсот Ізімұлы, Аманғазы Жұмағазиев, Талғат Орманов, Базаргүл Қалбырова, Қайырғали Медетов, Айгүл Мамытова, Мұрат Талдыбаев, Серікқали Жексенбаев, Иманбай Жұбаев, Исатай Балмағамбетов, Айтқадыр Тілеуов және осы жолдарды жазып отырған пақырыңыз журналистиканың «шөпке тышарлары» ретінде танылғанына ешкімнің дауы бола қоймас. Мені таңғалдырғаны ол емес, мені таңырқатқаны — ішкі істер қызметінің доғарыстағы подполковнигі Гүлнәр Сахаеваның,  Алматыдағы Француз үйінің бойын ширатып, қанын жүргізген PR-маман Гүлбағдат Балқыбаеваның, ұзақ жылын ұстаздыққа арнап келе жатқан Пернегүл Қаржаубаеваның, архив ісімен айналысатын Салтанат Сабырбаеваның, тіпті үй бибісі Зәуреш Садыханованың қалам сілтестері, журналистік байқағыштығы. Дәл осы сөздерді, естелік кітапқа арнап мақала жазбаса да, қарулы күштер полковнигі Алтынбай Дәуренбековтің және филология докторы Сәрсенгүл Тасымованың да адресіне айтар едім. Апыр-ай, бес жыл бірге жүргенде қалай байқамағанмын — қолаңшаштары аш белдеріне оралған, бейне бір гортензия гүлі секілді дала сұлулары — курстастарым, әттең қыз бала болып туылмағанда тоғаға тіл болғандай екен-ау! Дәл сол сияқты өзім бұрын ішкі істер қызметінің полковнигі және ұрымтал сөздің ұстасы ретінде көбірек білетін Құрманхан Нұрымбетовты тамылжытып өлең жазатын нағыз ақын ретінде жаңадан ашқаным мен үшін әйдік жаңалық болды (кездесу барысында Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған Қанат Айтбаевтың «Астана вальсі» әнімен қатар композитор Мақсат Жәутіков Құрманханның сөзіне шығарған «Елуден асып барамын..» әні орындалды). Сонда деймін-ау, біз неге бір-бірімізді қажет болғаннан да аз білеміз және көпшілік қауым да біздің курсты жеткілікті тани алмай келеді? Әлде біз шынымен де базбіреулер айтатындай «бес бақайы алты жаққа қарап тұратын біртүрлілеу» курспыз ба?! Осындай қарыммен, әлгіндей әлеуетпен тас қопарып, арна бұзбасақ та, өзіміздің алдымыздағы және соңымыздағы жампоздар сияқты тоғызыншы таутолқын тұрғызуға не кедергі болды? Әлде Жомарт жазғандай, «ақыл айтып жүріп, ақылдан ажырап қалған кездеріміз» көптеу болып кетті ме?

Бұл сұрақтардың жауабын іздеп жүрген жалғыз мен емеске ұқсайды. Сайып келгенде «Алматымды қайтып бер!» кітабының оқырманға айтары мен берері көпқабатты, көпмағыналы, сондықтан болар оның авторлары да кітап сырын әр тұрғыдан келіп ашуға талпыныпты. Құрманханша қайырсақ, «адам өр-ылдиы, қырқа-қырат, асу-белдері бар ұзақ жолға шыққанда қай шамаға келдім, қандай жолдарды еңсердім деп жан-жағын бажайлайтын кезеңдер болады». Қырқаңның (Қырықбай Алдабергеновтың) жазуынша жіберсек, «бұл еңбек тек біз сияқты бір топ адамдардың ғана емес, тұтас бір ұрпақтың, қазақ қауымының бетке ұстар ұл-қыздарының да тарихы». Осының екеуі де дұрыс, себебі осының екеуін де біздің кітаптағы көптеген естеліктерден тауып алуға болады: біздің жігіттер мен қыздар өз жазғандарында кейбіреулер сияқты қазірде сәнге асқан дискурсты сынампаздыққа желігіп, өздерінің жастық шақтары тап келген дәуірге орынсыз топырақ шашпайды, қайта оған объективті бағасын беруге тырысады. Осы орайда бір-бірінің жазғанын білмей тұрып қағазға түскен қос пікір — Ж. Ақсақалов пен Г. Балқыбаеваның осы жөніндегі ойларының бір жерден шығуы әдемі таңдандырады. Қара башайына шейін дегдар Жөкең: «30-шы жылдар  зобалаңын, соғыстың қасіретін көрген ұрпақтың балалары мен немерелері — біздер 70-80-ші жылдары мұңсыз өмір сүрдік» десе, оны «қанжармен шашын тараған» Гүлбағдатымыз: «Біздер бақытты жастар санатынан болдық деп ойлаймын, себебі, тегін жоғары білім алдық, бізді маман ретінде теориялық білім мен өндірістік тәжірибеден қатар өткізе отырып даярлады», — деп толықтыра түседі. Осылайша курстастарымыз «су ішкен құдығыңа түкірме» деп келетін қазақы қымбат тәрбиеге және «заман — Алладан» дейтін ислами ұстанымға ақадал беріктігін танытады. Осының өзі бір ғанибет.

Әрине, бұл тоқырау өзінің соңғы заңды сатысына жеткен 1978-1983 жылдары университетте оқыған біздер, Аманғали жазғандай «коммунизм деген қиялдың жетегіне ілесіп», аққұла саяси көрсоқыр болдық дегенді білдірмейді. Оң-солымызды ажыратып қалған біз сол кездің өзінде жалпы қоғамдық санадағы қалыпқа қатырылған канонның төркінін ойша шамалап, білім беру жүйесіндегі сартап тұжырым, біржақты қағидалардан іштей жиіркенетінбіз. Әлгіндей рефлексиялар, қағаберіс қалтарыстар кітапта қат-қат ашылған екен. Біздің естеліктер бұл жағынан да дәуірдің жазба дерегі десе лайық.

Біз өзгерісті күттік. Ерекеңнің (Ертай Ашықбаевтың) КазГу-дың 5-жатақханасында бір секцияда тұрған бес жігіт жайлы мына бір өлең жолдары: «... Біз дегенің — бұлттан асар бес қыран, / Көк аспанға мың сәлем. / Уа, жойылсын көне дүрмек, ескі ұран / Ояна бер, / тың тіршілік, / тұмса әлем». Өлеңнің жазылған уақыты — 1981 жыл. Араға екі жыл салып біз еліміздің түкпір-түкпіріне тарап, жеделдету, қайта құру ісіне араластық. Одан әрі Қазақстанның мемлекет ретінде аяғынан тік тұруына қаламмен атсалыстық, тіпті «Азат» қозғалысына Аманғали Әбуов сынды тасшайнар қайраткер бердік. Қазірде Қайырғали Медетов «Бүгінгідей көлденең көк атты журналист атанып, қасиетті мамандықтың қадірін кетіре бастаған заманда халықтың әділ сөзін сөйлер, оның мұң-мұқтажын билікке тайсалмай батыл жеткізер, қоғамдық дұрыс пікір қалыптастырар нағыз журналистің қадірі артып тұр» десе, ол алдымен өз тұрғыластарын, соның ішінде курстастарын айтқаны. Мұны біздің қай қызметте, қай биікте жүрсек те өзімізге әуелде тағдыр болып жолыққан қалам қызметінен танбағандығымыз, тіпті жазбай кеткен күннің өзінде де өзіңді, айналаңды өсіретін қаламгерлік ойлау жүйесінен, азаматтық позициядан ажырамағандығымыз деп түсіну жөн. «Біздің курстастарымыздың қатарында өзгелердей министр, әкім секілді қызмет сатысына көтерілгендер болған жоқ, — депті Жөкең (Жолдасбек) тағы бір шығып сөйлеген сөзінде.  — Бірақ өз басым мұны курстастарымның осалдығы деп есептемеймін. Себебі бүгінгі және кешегі номенклатуралық қызметтің ерекшелігі жер мен көктей екенін білемін. 90-жылдарда мәселе түйінін көп жағдайда қабілет-қарымнан гөрі жай ғана кездейсоқтық, интрига майданындағы күрес барысы шешіп жатты... Ал менің бірқатар курстастарым мұндай жиіркенішті әрекеттен бойларын аулақ ұстады, ар-ұяттарына қылау түсірмеді. Оларды сол үшін сыйлаймын, сол үшін құрметтеймін».

Соны айтам-ау! Және реті келіп тұрғаннан кейін біздің курстың әлгіндей мінез қырының бір елеулі себебін қозғап кетейін. Дұрысы, әлгі себепті марқұм Айтқадыр бұл дүние тіршілігіндегі соңғы жазғаны — кітабымызға үлгертіп кеткен «Оның аты Ілес еді» деген естелігінде жан досы Ілес Жолдиевтың өмір жолынан шығара отырып, бір сөзбен түйіндепті: «Пәленше не биікті бағындырды деген сұрақ туа қалса, әр адамның шығар өз төбесі бар дер едік». Шынында да, біз білетін Ілес үшін тілектің ең үлкені — жақсы адам, нағыз маман болып, әке-шешені қуанту және ақыл-есті ұрпақ өсіру еді, ол сол тілегін орындап кетті. Дәл осы сөзді басқа да курстастарымызға қарата айтуға болады: олардың қай-қайсысы да өмір жолында өз бетімен, өз соқпақтарымен, жалғанның жарығына тура қарап келе жатыр. Әгәрәки Өміш сияқты ауқатты болсам соларға арнап «Өз сорабың» дейтін сыйлық тағайындар едім. Себебі олар жақсы адамдар және жоғарыдағы Жөкең сияқты мен де қазақтың осындай қарапайым да қаһарман ұл-қыздармен бірге оқығанымды және үшінші рет кеп оқуға әрең түскенімде құдай дәл осы жандарға тап келтіргенін әркез мақтаныш етемін. Қаһарман да қаһармандығын ел ішіндегі қарапайымдарға сүйеніп барып жасайды. Аман болыңдар, бар болыңдар, Мақсот Ізімұлы айтқан «атылмай қалған жанартаудай сестілерім!» — елімнің елеулілері, халқымның қалаулылары.

Сәттер-ай!

«Атылмай қалған жанартаулар» презентация аяқтала салысымен толқын тоғысқандай бірін бірі иіскеп тауып жатты. Қазақтың ғадетінде телефонмен құтты болсын айтылса да, қаза түскен орынға «сотовыймен» көңіл айтпайды. Кездесуге бас-аяғымыздың түгел жиналуын құнттағанымыз да халқымыздың осы бір ұлағатын есте ұстағандықтан еді. Төс түйістіріп алып қуанышты бөліскенге, қайғыға ортақтасқанымызға не жетсін! Міне, сол ойымыз жүзеге асқан сияқты.

Күн нұрын да, жылуын да аямай төгіп тұр. Оңтүстіктің шәй қайнататын ыстығы да, пеш аузынан лапылдағандай аптабы да, кешіне деміге соғатын керімсалы да артта қалған. Сарша тамыздың ғана дер шағы емес, сағыныштың сарығын басатын да дер шақ. Ең ғажабы, Пернегүл Қаржаубаева жазған «айбарлы ата, келісті әжелер» дейтін тіркес Ақпернештің қағазына сымдай тартылып түскен әшейін әдемі сөз болды да қалды: отыз ата мен әже әп-сәтте сәулеңке алаңда кешегі тәлаба қалпына түсіп, тіпті бала болып кетті. Әне, бассейн жанында бір сылыңғыр қара жігіт қақ алдында қарны бір құшақ боп қасқайып тұрған Абуянды (Аманғали Әбуовты) шыңғырып келіп төмпештеп жатыр. Жайдың оғындай жарқылдаған лоукик, мидлкик, хайкик... Абуян шыдап бағуда, бірақ қарын капилляр тамырларының бырт-бырт үзіліп жатқаны тіпті сонадайда нарттанып, парттанып тұрған қыздардың да құлағына жетіп жатты, ал жігіттер жағы болса делебелері қозып, кеу-кеулеп, бүйрек үсті бездерінен адреналин гормондарын бөлуде. Ақыры қыздар өздері алыстан сағынып келген Абуянның көз алдарында «тірі грушаға» айналғанына шыдамай, ұрыс алаңына сенімді өкілдерін жіберді: нәтижесінде Алтекеңнің Катинкасы «атырауски» қаны ойнап кеткен ілмиген қара жігітке тұтқиылдан шабуыл жасап, шотакан стиліндегі мавашигири әдісін қолданды. Мұнан соң аралас жекпе-жек өнерінің тарлан ашқан шебері көгілдір сулы әуіттің түбінде есеңгіреп жатты...

Адамның жүрегінің жартысы жастық шағы өткен жерде қалып кетеді деседі. Сол рас па? Сірә, рас. Жүректің жартысы шын достықтың ғаламаттары болатын майдан даласында және студент аудиториясында қалатынына өмір турашы. Нәзира осы жағдайды өз мақаласында былайша түптейді: «Жүректе мейіздей қатқан студенттік шақ — айналдырған бес жыл бір ғұмыр секілді болған екен. Жыл он екі айда бір-ақ рет келетін көктемдегі қыр төсінің гүлдеген сәтіндей адам өмірінің де әдемі кезеңі екенін кейіндеу ұғасың». Құрманхан Нұрымбетов ақын дәл осы сезімді поэзия тіліне бөлейді: «КазГУ-дың қалашығын, / Сағындым бала сынды. / Жастық шақ еске түсіп, / Жүрегім аласұрды. / Таңдарды таңға қосып, / Бір қызға болғам ғашық. / Айға да қол созғанмын, / Армандар таудан асып. / Бақытқа мүлгіп аспан, / Жұлдыздар жымыңдасқан. / Қайыңдар сыбдыр қағып, / Жұмбақтар сырымды ашқан... / КазГУ-дың қалашығын, / Сағындым бала сынды...»

Мен Нәзираны да, Құрманханды да түсінемін. Адамның қадірі ортамыздан кеткеннен кейін білінетіні сияқты, жастық шақтың да қадірі ол сенен ұзаған сайын көбірек біліне түсетіні осы жолы анық байқалды. Сірә мұның бір сыры алаулы жастық шақта кісінің санасына өшпестей болып таңбаланып қалатын сәттердің көбірек болатындығында ма екен. Человеческая память удивительно  избирательна. Әлгі сәттер несімен ыстық, несімен ерекше, бұл өреде Гүлнәр Сахаеваға сөз берейік: «Өмірдің ешетеңе өшіре алмайтын, естеліктер арасынан ескіріп, көмескі тартпайтын сәттері болары анық. Мүмкін ол — сенің туған күнің, анаңның ыстық құшағына мейірлене бөленгенің, ең алғаш мектеп табалдырығын аттап, қолыңа әліппені ұстағаның, жүрегің еркіңе көнбей лүпіл қағып, махаббат деген керемет сезімді алғаш сезінгенің. Достардан қымбат ештеңені керек қылмай олармен алаңсыз бірге өткізген қызығы мол күндерің... алайда жүрегіңді тулатып, санаңа сәуле құяр жастықтың асыл мұрасындай студенттік шаққа не жетсін. Қадірін білгенге бұл — ғажап кезең. Қулық-сұмдықтан ада, арман қуған, мақсат жетелеген таза балаң көңілдердің есеп-қисапсыз танысып, табысатын уақыты. Оның ұмытылмайтыны да сол тазалықтың қасиеті болар».

Гүлнәр дәл айтады. Біз студенттік шақтың өзін ғана емес, сол шаққа тән таңғы шықтай мөлдір тазалықты сағыныппыз. Жомарт Игіман: «Жайдары ашық аспаным, / Көңілде шуақ, көзде арай. / Қабағын бақпай басқаның, / Риясыз күлген кездер-ай.../ деп аңсаған сәттерге шөліркеп қалыппыз. Мына қым-қуыты мен жалғандығы көп боп тұрған нарықты заманда... «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кетіп, бәріміз текеметтің түріндей тұйықталып қалған утилитарлық-прагматтық заманда... «Дружок» дейтін ит жоғалған кісәпірлеу заманда... Есепсіз дос, күншілдіксіз бауыр болып қалу сынға айналған пітнәтемірдің заманында...баяғы Тазалықты, баяғы Бәкиза көңілді, баяғы Көркемниетті аңсаппыз...

Сол үшін де асығыппыз Біркөлікке. Сол үшін де ондағы екі күн екі сағаттай болмай зу етіп өте шығыпты. Сол үшін де Шымқалада Базеке (Базаргүл Қалбырова) жайған дастарқанда кездесуіміздің соңғы нүктесін қойып, артымызға қарайлай-қарайлай кетіппіз. Жомарт айтпақшы, «жыл дегенің жылғадан аққан су сияқты алға ентелеп барады». Ендігәрі көрісеміз бе, жоқ па, оны бір Алла біледі...

Рухани ағам, қазақ мәдениетінің үлкен жанашыры Қуат Есімханов жиі айтатын бір сөз бар еді. «Өмір өтіп барады, ештеңе емес. Сәттер өтіп барады, сол өкініш».

Әттең, дарих! Өмірімнің сәттері-ай...

Мақсат Тәж-Мұрат

 

35 ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ...

 

(КазГУ-дің журналистика факультетінің 1983 жылғы түлектерінің кездесуінде оқылған әзіл өлең)

 

Уа, жігіттер!

Уа, қыздар!

Осыдан 35 жыл бұрын біздер қандай едік —

Ағарып атқан таңдай едік,

Ильич жаққан шамдай едік.

Төбемізбен көк тіредік,

Темірбек Қожакеевтің[1] сатирасындай өткір едік.

Леонид Брежневтен[2] қалған сарқыншақ едік,

Әбілфайыз[3] ағайдың сөзіндей алпыншақ-салпыншақ едік.

КазГУград-тың тоғайындай жасыл едік, көк едік,

№5 жатақхананың бөлмелеріндей көп едік.

Тұрымтай[4] апайдың машинкасындай сақылдап тұратынбыз,

Жақындамайтын нәрселерге де жақындап тұратынбыз.

Әрине, тоқ болатынбыз, анда-санда аш болатынбыз,

Ұйымдаспаған түрде сау болып,

ұйымдасқан түрде мас болатынбыз.

Ешкімнің ала жібін аттамайтынбыз,

Абай Құнанбаевтың өзін Ертай Ашықбаев секілді мақтамайтынбыз.

Бізден артық ешкім де жоқ сияқты болатын,

Көңіліміз — жалын,

сезіміміз шоқ сияқты болатын.

 

Енді, міне, кім болдық —

Қарлығыңқырап шығатын Үн болдық,

Анда-санда тұтылып тұратын Күн болдық.

Ретро әндерге билейтін Сауық болдық,

Біразымыз айдары жұлынған Қораз,

біразымыз қауырсыны түскен Тауық болдық.

Неше түрлі Кәсіп болдық,

сегіз сағаттық Жұмыс болдық,

Дегенмен негізінен дұрыс болдық.

 

Ал енді кім боламыз —

Жұлдыздары сиремейтін Аспан боламыз,

Сөздері өшпейтін Дастан боламыз.

Тамағы таусылмайтын қазандықтың Күйесі боламыз,

Орындалған армандардың Иесі боламыз.

Үніміз ғасырлардан ғасырларға жететін Жаңғырық боламыз,

Басқа жұрт кім болса, ол болсын,

Мына біз — Қазақстан секілді Мәңгілік боламыз!

 

Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.

 

[1] Темірбек Қожакеев — факультет деканы, қазақ сатирасының теоретигі

[2] Леонид Брежнев — КСРО басшысы

[3] Әбілфайыз Ыдырысов — газетті безендіруден дәріс берген ұстазымыз

[4] Тұрымтай Дүйсебаева — машинка басу пәнінен сабақ берген ұстазымыз

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1208
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1105
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 842
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 984