Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
3054 0 пікір 17 Қыркүйек, 2018 сағат 11:26

Республикада газдандыру деңгейі шамамен 50 процентті құрайды

5 наурыз күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жетілдіруге бағытталған 5 әлеуметтік бастамасын жариялады. Елбасы ұсынған бастаманың 5 бағыты, елді газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды қарастырып отыр.

Бүгінде республикадағы газдандыру деңгейі шамамен 50 процентті құрайды. Батыс пен оңтүстіктегі 9 облыс газбен қамтамасыз етілген. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз қалып отыр. Осыған байланысты Елбасы Қызылорда облысындағы Қараөзек жерінен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана арқылы өтетін магистралды газ құбырын салуды жоспарлады. Бұл алдағы уақытта 2 млн. 700 мың адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, еліміздің экологиялық ахуалына жақсы әсер етеді деп болжануда.

ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, 2014 жылы Үкімет Қазақстанды 2015–2030 жылдарға дейін газдандырудың бас схемасын бекітті. Осы схемаға сәйкес газдандыру деңгейін ағымдағы 47%-тен 2030 жылға қарай 56%-ке дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл 3 млн адамды немесе 1,6 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытудың еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және республика экономикасы үшін стратегиялық мәні аса зор. Сондай-ақ, бұл ел халқының экологиялық және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға жол ашады», — деді вице-министр.

Спикердің берген мәліметіне сәйкес, тәуелсіздік жылдары газды ішкі тұтыну 1,5 есеге өскен (1991 жылы 9 млрд м3-тан 2017 жылы 13,8 млрд м3-қа дейін). Коммуналдық және тұрмыстық кәсіпорындар мен халықтың газды тұтыну көлемінің өсуі ҚР газдандырудың бас схемасында қарастырылған шаралар кешенін жүзеге асырумен байланысты.

«Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Теміртау — Астана — Көкшетау — Петропавл» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральді газ құбыры жобасына «ҚазТрансГаз» АҚ техникалық–экономикалық негіздеме әзірлеген болатын. Оған «Мемсараптама» РМК оң бағасын берді. ТЭН-ге сәйкес жобаның жалпы құны — 370 млрд теңгені (ҚҚС-мен) құрайды. Жобаны кезең-кезеңімен іске асыру көзделген.

М. Мырзағалиевтің айтуынша, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұзындығы 1081 шақырым, құны 267 млрд теңге болатын «Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Астана» бағыты бойынша бірінші кезең әзірленіп жатыр. Газ құбырының осы учаскесі Астана, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының тұрғындарын және магистральді газ құбыры трассасы бойына жақын орналасқан елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ететін болады.

«Сарыарқа» жобасын іске асыру Астанада ауаға тасталатын зиянды қалдықтарды жылына 36,1 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы барысында шамамен 800 жұмыс орны және оны пайдалану кезеңінде 225 жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр.

Сонымен қатар, Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктері газ тарату желілерін жобалау мен салу мәселелерін пысықтап жатыр. Осылайша тарату желілерінің бірінші кезеңі газ құбырының құрылысы аяқталысымен 2019 жылдың желтоқсанында қосылуға дайын болуы тиіс.

Еске сала кетейік, биыл 5 наурызда Елбасы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде бір жарым жыл ішінде, яғни 2019 жылдың желтоқсан айына дейін Астананы, Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз ету мақсатында «Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Теміртау — Астана» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы жобасын жүзеге асыруды тапсырды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1595
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1497
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1246
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1214