Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Алаң 3725 3 пікір 13 Қыркүйек, 2018 сағат 11:16

Ақышев сылтау таппаса кінәні журналистерге аудара салудан тайынбайды

Біздің ұлттық мақтанышымыздың бірі - теңгеміз екендігі барша жұртқа мәлім. Осы ақшамыздың тұғыры нығайып, өзгелермен иық тірестіріп тұрса көкірегімізі қуаныш кернейтіндігі анық. Ал енді ол аяқ астынан құлдилап кетсе, «бұл не болып қалды, оның салдар-себебі қандай, мұны қайткенде қайта тұғырына қондырамыз?» деп түн ұйқымызды сан бөлеріміз сөзсіз.

Өйткені теңгенің құнсыздануы қарапайым халықтың одан сайын сорлауына, кедейліктің қамытының одан сайын жанына батары сөзсіз. Ал енді сыпайылап айтқанда дабыл көтерерлік жағдайды халыққа ешбір бүркеусіз ашық айтатын, сөйтіп жауапкершілікті бірге бөлісетін жан бар ма? Өкінішке қарай бұл орайда ауыз толтырып айтатын дүниеміз жоқ. Біздің билік халықты әлі есі кіре қоймаған бала көре ме, кім білсін, бұл мәселеге келгенде «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» етіп, мәселеден айытқып кетуден алдына жан салмайды. Басқасы басқа, бір кездері теңгеміз алғаш рет қатты құнсызданғанда сол кездегі Ұлттық банкінің төрағасы Келімбетовтың «Бұл инфляцияны мен таң ертең ұйқыдан оянған соң» білдім деп беті шіміркеспен өтірікті соға салды. Ау, сонда құнсызданудың қашан басталарын білмек түгілі, сол инфляцияның қандай деңгейде болатындығын аталмыш банкінің өзі есептеп сараптамай ма? Әлде біздің банктің қызметі шетелдің ЦРУ, ФСБ секілді алпауыт барлау басқармасының меншіігіне толық беріліп қойылған ба?. Егер бұл құпияны осы банкінің басшысы білмейтін болса, біз амалсыздан осылай жобаладық.

Біздің биліктің тағы бір құпиясы бар. Ол теңгеміздің құнсыздануын өздерінше түсіндіретін, алайда ол сөздерді өздерінен басқа ешкім білмейтін шетелдік терминдерді пайдаланып жұртты әбден адастыру, Мәселен «Теңгенің волатандырылуы» дегенді естігеніңіз бар ма? Немесе «Таргеттандару» деген сиқырлы сөзді ше?  «Бақсақ, бақа екен» дегенді халықты шатастыратын бұл сөздердің өзіндік қарапайым ғана түсінігі бар болып шықты. Онысы былай. Әлгі «волаттандыылру» дегеніміз теңгенің бірте-бірте құнсыздануы екен. Ал «таргеттандару» деген құпия сөздің мәні «ақшамыз шектен тыс құнсызданып, бой бермей жатса,Ұлттық банкі оны тоқтатата тұру үшін қолданатын әдісі» көрінеді. Егер осы аса құпия екі сөзді қарапайым тілмен «теңге құнсызданып береді» немесе «Теңге құнсызданса Ұлттық банкі қарап қалмайды» десе тағынан түсіп қалмайтын шығар. Әлде теңгенің бүгінгі пролбасын түпкілікті шеше алмағасын ойлап тапқан өздерінің тамаша әдісі ме екен. Біз де осылай ойладық.

Теңгеміздің құнсызданып бара жатқандығы туралы ешкім де ләм деп ауыз ашпайды демейміз. Инфляция туралы баспасөзде ешкімде иландармайтын қызыл суды судай сапырасыз. Ал егер әуде бір жанашырлық та шынайы сөз естілсе оған бәрінің де дүрсе қоя беретіндігін қайтерсің. Мәселен, бірде Мәжіліс депутаты,қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің мүшесі Аманжол Жамановтың: «2009 жылдың ақпан айында девальвация 18 пайызды құрады (122 теңгеден 144 теңгеге дейін), ал 2014 жылдың сол айында ол 19 пайызға көтерілді. (155 теңгеден 185 теңгеге дейін). Қазір мұны Ұлттық банкіміз теңге бағытының тек құбылыуы ғана деп есептейді. Шындығында бұл еш бұлылу емес, ол барып тұрған нағыз девальвация.Теңге бірте-бірте құнсыздана ма, әлде ол бір күнде опырылып түсе ме, бәрібір ол девальвацияның нағыз өзі. Адамдар бүгінгі күні мұндай құбылудан қатты қорқады. Біздің импортқа тәуелді болған осындай кезеңде кез-келген аз ғана девальвацияның өзі тауарлардың құнының шарықтай түсуіне әкеліп соғады»,-шандықты шырылдатып бетке айтты. Бір қарағанда дәлелді сөзге тоқтап, осы жағымсыз құбылыстың алдын алуға билік атаулы бел шеше кірісіп кепес пе еді. Жоқ, бізде мүлдем басқаша. Экономиканы шемішкедей шағамыз дейтін биліктің бұлбұлдары бұл азаматқа дүрсе қоя берді. Ойлары қайткенде де Жамановтың сөзін жоққа шығару.

Алдымен атқа қонған ұлттық министр Тимур Сүлейменов болды. Ол «Девальвация дегеніміз бірте-бірте құлдырау емес, бірден жаппай құнсыздану» деп өзінше жаңалық ашты. Бейне бір халық теңгеміз бірден құлдыраса қуанып қалады екен де, бірте-бірте құлдыраса тіпті сезінбейтін көрінеді. Министріміздің уәжі осындай. Әрине министрлік пен парламенттің асханасынан ғана тамақ ішіп, аз ғана ақшаға қарнын тойғызатын мұндай лауазымды жандар базардағы бағаларға көз салып қайтсын. Министріміз мұнымен қоймай осы теңгені үнемі уысында ұстап, оның тағдыры үшін жауап беретін Ұлттық банкімізді жан сала қорғап баққандығы бізге қызық көрінді. Бейне бір біздің банкіміз қандай да қорғаушы мұқтаж секілді. Керек болса, ол өзі де ешкімге маңдайын сипатпайды. Жә, әлгі банкі қорғаушының айтуына қарағанда Ұлттық банкі бүгінгі таңда  теңгенің жыл басына бері небәрі 4,3 пайызға ғана құнсызданғанын хабарлады деп қатты қуанды. Баяғыда біреу «Мен не деймін, домбырам не дейді?» деген екен. Сол сияқты депутатымыз «теңгеміздің не себепті сонау 2009 жылдан  ешкімге әл бермей құлдырай береді. Содан халық қатты жапа шегіп отыр ғой» десе, әлгі банкінің қорғаушысы былғы жылғы девальвация дейгейін айтып жұртты шатастырады. Ал енді түсініп көр, біздің биліктің қисыны мен уәжін.

Жалпы біздің Ұлттық банкіміздің ұстанған бағыты да қызық. Бірде олар доллардың қымбаттауын халықтың жазда жаппай демалысқа шетелге шығуымен түсіндіреді. Бұл кезде халық долларды жаппай сатып алатын көрінеді. Екінші бір дәлелсымағы ештеңенің мәніне бармайтын, мемлекеттің жағдайын (Ұлттық банкінің жағдайын деп ұғыңыз) түсінбейтін, демек қамқорлық көрсетпейтін таяз ойлы адамдар «ойбай ертең доллар қымбаттайды екен деп байбалам салады» екен. Міне содан кейін қойындарына теңгелері сыймай жүрген қазақстандықтар валюта ауыстыру пункттеріне қарай ағылады. Мұндай қалың нөпірге шыдаған «әлсіз» доллар тағы да аспандап кетеді. Ғажап, біздің банк осыншама бай қазақтарды қайдан тауып алған? Ал біз болсақ жаз болса тайлы-таяғы қалмай шетелге ағылатын қазақтарды көре қойған жоқпыз, Әлде Ақышев мырза өзі араласатын байлардың балаларын ғана есепке ала ма екен? Ал Ақышев бөтен сылтау таба алмаса бар кінәні журналистерге аудара салудан да тайынбайды. Ол бірде баспасөз бетінде «Осы тілшілер қауымы доллар қымбаттайды деп алдан-ала байлам салады да жүреді. Сосын девальвация бастамай қайтсын»,-деп айда аспанға бір-ақ шығарды. Е, баяғыда атам қазақ «Сенгем серкем сен болсаң...»дегенді бекер айтапаған-ау деп қаласың осындайда.

Жалпы,теңгеміз әлемдегі кез-келген құбылысқа басы-байлы тәуелді дегенді естігенде «алдағы күніміз не болар екен» деп ойлаймыз. Бізде сонау мұхиттың аржағындағы АҚШ-тың Федералдық резерв қызметі өз ставкасын көтерсе теңгемізден береке қашатын көрінді. Ал Американың Ресейге қарсы енгізген санкциясы да аяққа шырмау екен. Сонымен қатар Ресейдің рублі әлсірей бастаса бізден де маза кететін секілді. Сонда біз теңгемізді бір қалыпты ұстап тұра алмайтын сонша бейшара ма едік. Ал егер біз Ресей ақшасымен байланып қалсақ, оған істер қайрамыз жоқ болса, онда өзіміздің Ұлттық банкіні Ресейдің Федералдық банкісінің бір бөлімшесі деп қарағанымыз жөн шығар.

Жалпы біздегі мүйізі қарағайдай экнкомистеріміз, әсіресе биліктің сойылын соғып жүргендер «Енді біз не істей алайық. Дүние жүзіндегі үрдіс осындай . Қай елде де девальвация ушығып тұр» деп жауапкершілікті мойнына алудан тайсарып кетеді.

Бұл енді шып-шылғи өтірік. Біз енді мықты дамыған елдерді алмай-ақ, қоялық, мына көршіміз айыр қалпақты ағайындарға бір сәт көз жіберіп байқадық. Сәл ғана тарих. Осыдан 25 жыл бұрын олардың 4 сомы бір доллар болатын, Біздегі жағдай да осы тұрыптас еді. Ал қазір ше? Оларда бұл күндері бір доллар 67 сомнан аспастан мызғымай тұр, ал бізде бұл көрсеткіш 380 теңгеден асып кетті. Енді мұны бізде қалай түсіндірер екен? Ешбір мұнайы жоқ, өзге қазба байлықтан онша бай емес көршіміздің ақшасы қандай инфляцияға бой бермей қасақайып қарсы тұрса, бізде көршіміздің түшкіргеніне талып қалатын күйге түстік.

Бір ғана нәрсе айқын, өз өндірісімізді өркендетпей ешқашан алға да жылжымаймыз, теңгеміз осылайша құлдырай береді. Оны түсіну үшін керемет экономист болудың қажеті жоқ. Ал бұл іспен айналасуға қалтасы параға толы шенеуніктеріміздің қолы тие қояр ма екен?

Қайда барасың, қайран халқым! Неге мұнша бейшара болдың, қайран билік?

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1569
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1460
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1208
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1191