Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
3599 0 пікір 11 Қыркүйек, 2018 сағат 09:54

Академия курсанттары ант қабылдады

Мен, Қазақстан Республикасының азаматы Мырзашев Думан Маратұлы  Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егемен мемлекетімнің Конститутциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін.

Бұл түркістандық Думан Маратұлының Отан алдында берген әскери анты. Кішкентайынан шекарашы болуды армандаған жас жігіт бүгінде қолына қару алып қасқайып тұрып 28 гвардияшыл панфиловшылар саябағында мәңгілік от алауының маңында ант қабылдады. Осылайша, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының бірінші курсына оқуға түсіп, шекарашы атанған ол алдағы уақытта өзіне жүктелген жауапты міндетті абыройлы атқаруға тырысып, сабағын жақсы оқуға бел буды.

Бұл аталмыш оқу ордасына оқуға түскен болашақ шекарашы офицерлердің Қазақстан халқы алдында берген әскери серті болатын. Кеше ғана мектеп бітіріп келген шекарашылардың бұл толқыны шеттерінен сайдың тасындай іріктелген мықты азаматтар екені көрініп-ақ тұр.

Әскери антты салтанатты түрде қабылдауға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Шекара қызметі академиясының ардагерлері, курсанттардың ата-аналары мен жақындары шақырылды.

Академия бастығына бірінші курс курсанттарының ант қабылдау рәсіміне дайын екенін баяндаған полковник Әлібек Бектұрлы «Түзел тік тұр, назар ортаға » деп жеке құрамға пәрмен берді. Содан кейін  әскери бөлімнің жауынгерлік туы шығарылып, сап түзеп тұрған курсанттардың қатарына барып орнықты.

Шара барысында алғаш болып сөз алған академия бастығы полковник Поливанов Павел Константинович мәңгілік алау маңында әскери ант қабылдау үшін сап түзеп тұрған 200-ден астам  шекарашыны бүгінгі есте қалар айтулы сәттерімен шын жүректен құттықтап, олардың алдағы оқуларына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлер ұйымы қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл:  «Бүгінгі таңда Елбасының назарындағы негізгі басымдықтардың бірі  - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы орайда Отан қорғаушыларға жүктелген міндет зор. Шекарашы офицер боламын деп оқуға түсіп, бүгін ант қабылдап жатқан курсанттарға қиын да күрделі әскери қызметті адал орындауға әрдайым дайын болуы қажет. Сондықтан әскери білімді жетік меңгеріп, өз мамандығының хас шебері болуға ұмтылған курсанттың  әрқашанда айы оңынан туары анық. Олай болса, құрметті шекарашылар сіздерді бүгінгі ант қабылдау мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», - деді.

Ал Шекара қызметі ардагерлерінің атынан сөз алған «Застава тарландары» шекарашы-ардагерлердің Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Академияның жедел-тактикалық факультетінің профессоры, запастағы генерал-майор Асылов Нұрғали Жұмажанұлы да өзінің жүрек-жарды лебізін білдірді.

Кеңес Одағының батыры, Ауған соғысы ардагерлер ұйымы қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Кремениш Николай Иванович әскери антта  - Қарулы Күштердің негізгі міндеттері және жауынгерлердің маңызды қасиеттері қандай болуы керектігі көрсетілген. Антты бұзған сарбаз немес курсант Отанға опасыздық етіп, мемлекеттің әскери қуатына нұқсан келтірсе, барып тұрған жауыздық болып есептеледі. Ол бұл әрекеті үшін заңның ең қатал күшімен жазаланатынын ескертті.

Әскери ант – сап түзеген әр курсанттың өміріндегі ерекше әрі маңызды рәсім. Кеше ғана оқуға түсіп аз уақыттың ішінде әскери тәртіпке үйреніп қалған жас курсанттар осынау жауапты сәтте толқығандарын да жасыра алмады. Алматы облысының Нарынқол ауданынан келген Диханбаев Ербосын айтулы күнгі қуанышын бізбен бөлісті. Алдағы оқуын жақсы оқуды сөз етекен курсант өзіне зор сеніммен қарайтынын бірден білдірді. Оның қуанышы бұл күні екі еселене түсті, себебі  ата-анасы дәл осы сәтте қасынан табылды. «Ұлымызға әскери қызметші болуды мақсат тұтқан екенсің, енді осы шекарашы мамандығын меңгеріп шығу парызың деп айтуды жөн көрдік. Ер баланың әскери тәртіпті көргені маңызды. Осы оқуға түскенде ұлымыз қатты қуанды. Енді бұйыртса оқуын аман-есен бітіріп, өз мамандығы бойынша жұмыс жасап, еліміздің мемлекеттік шекарасын қорғауға бір кісідей ат салысып жатса одан артық қандай бақыт керек», - дейді Ербосынның  анасы Элмира қуанышын жасыра алмай.

Саябаққа жиналған курсанттардың туған-туыс, бауырларының жүздерінен қуаныш белгісі анық байқалады. Болашақ шекарашы офицерлердің көгілдір аспанымыздай көк байрағымызды желбіретулері де асқақ даңқ, мәртебесіндей деп айтсақ артық болмас.

Жанат Жабырбеков,

ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының

баспасөз хатшысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2066
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2495
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2104
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1608