Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2802 0 пікір 12 Наурыз, 2011 сағат 09:47

Қарлыға Ибрагимова. Енді қалғаны Мағауинді меншіктеу еді

Жақында Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласындағы өзінің үйінде қазақтың үлкен жазушысы, «Қылмыс» романының авторы Қажығұмар Шабданұлы дүниеден өтті. Жазушының аруағына қайыр-хош айта отырып, мына бір жайтқа назар аударғанды жөн көрдік. Соңғы уақытта шетелде тұратын осы үлкен қаламгерді бөлектеп, меншіктеп, оппозициялық көзқарастағы топтардың өкілі етіп көрсету әрекеті белең алды. Шын мәнінде, Қажығұмар билікке де, оппозицияға да көңілі құлағанын білдірген жан емес. Әшкерелесе Кеңес өкіметінің ұрдажық саясатын әшкереледі, Қытайдың қаһарына ұшырады. Ол баршамызға ортақ, жалпыхалықтық сипаттағы жазушы. Былайша айтқанда, халық жазушысы. Ол туралы әңгімені кезінде «Қазақ әдебиеті» газеті бастаған. Қажығұмар ақсақалды сол деңгейде бағалағанымыз дұрыс еді. Себебі, ол: «Мен Қазақстандағы билікті қолдаймын», - деп, немесе «Белгілі бір топтардың тарапындамын», «Оппозицияның жағындамын», - деп хат жазған жоқ қой. Әрі-беріден соң, ол кісіде мұндай ой болмаған болуы да мүмкін. Кейде осындай халықтық жазушыларымызды өз деңгейіміздегі бақастықтың құрбанына шалып жіберетініміз бар. Қажығұмардай интеллектісі жоғары, өмірдің ащы-тұщысын көрген, халықтық сипаттағы жазушыны азғантай топтың «күрес құралы» тәрізді меншіктеп, тау тұлғаны аласартқанда не ұтамыз? Одан ұлтқа, халыққа не пайда?

Жақында Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласындағы өзінің үйінде қазақтың үлкен жазушысы, «Қылмыс» романының авторы Қажығұмар Шабданұлы дүниеден өтті. Жазушының аруағына қайыр-хош айта отырып, мына бір жайтқа назар аударғанды жөн көрдік. Соңғы уақытта шетелде тұратын осы үлкен қаламгерді бөлектеп, меншіктеп, оппозициялық көзқарастағы топтардың өкілі етіп көрсету әрекеті белең алды. Шын мәнінде, Қажығұмар билікке де, оппозицияға да көңілі құлағанын білдірген жан емес. Әшкерелесе Кеңес өкіметінің ұрдажық саясатын әшкереледі, Қытайдың қаһарына ұшырады. Ол баршамызға ортақ, жалпыхалықтық сипаттағы жазушы. Былайша айтқанда, халық жазушысы. Ол туралы әңгімені кезінде «Қазақ әдебиеті» газеті бастаған. Қажығұмар ақсақалды сол деңгейде бағалағанымыз дұрыс еді. Себебі, ол: «Мен Қазақстандағы билікті қолдаймын», - деп, немесе «Белгілі бір топтардың тарапындамын», «Оппозицияның жағындамын», - деп хат жазған жоқ қой. Әрі-беріден соң, ол кісіде мұндай ой болмаған болуы да мүмкін. Кейде осындай халықтық жазушыларымызды өз деңгейіміздегі бақастықтың құрбанына шалып жіберетініміз бар. Қажығұмардай интеллектісі жоғары, өмірдің ащы-тұщысын көрген, халықтық сипаттағы жазушыны азғантай топтың «күрес құралы» тәрізді меншіктеп, тау тұлғаны аласартқанда не ұтамыз? Одан ұлтқа, халыққа не пайда? Шабданұлына шын жанашырлық жасасақ, «билік жаман болған соң, Қажығұмарға назар аудармады», - деген сыңайдағы әңгіме айтып, оның атын саяси саудаға айналдырып жібермеуіміз керек еді.
Бұлай деуіміздің себебі, оны елге қайтару туралы әңгіме біздің зиялылардың аузымен осыған дейін де талай айтылған. Жазушының өзі атажұртқа оралуды ойлап, елге хат жазған да. Алайда, ол кісіге Шәуешек қаласының топырағы бұйырды. Жазушыны елге әкелмегенімізге өкініп, «кезінде билік селт етпеді», тіпті «Қылмысты» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанда сыйлық жөніндегі комиссия әртүрлі сылтаулармен сызып тастады», - деген әңгімелер әлі де айтылып жүр. Соңғы кезде Қажығұмарға кездескен кедергілердің бәріне «билік жаман болған соң, оған назар аудармағандықтан», - деген сыңайдағы сөздер айтылып, топырағы суып үлгермеген жазушының атын саясатқа әкеп «салып» жатырмыз. Өйтуге болмайды ғой. Қажығұмарды бағаласақ, оны халықтық, ұлттық тұрғыда қорғауымыз қажет. Әңгімені сол тұрғыда айтуымыз керек емес пе? Жазушының сөзін билік сөйлесе де, оппозиция болмаса белгілі бір топтар айтса да, мәселе кімнің айтқанында емес. Кім айтса айтсын, бірақ өз мүддесіне пайдаланбай айтса дейсің. Өйткені, саналы ғұмырында сан түрлі қиындық көрген жазушының есімін егеске салып жіберуіміз мүмкін ғой. Қажығұмарға әлдеқандай жақсылық жасай қалса, соны өздерінің жобасына кіргізіп, сөздің есесін жібермеудің, әйтеуір ол жайлы бірдеңе айтып қалудың қарекетін жасап жатқандардың ойланғаны жөн шығар. Тау тұлғаны, ұлттың жазушысын аласартпаған абзал.
2007 жылы аса көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин Чехияға қоныс аударды. Ешбір ың-шыңсыз, дау-дамайсыз, дабырасыз шетелге кетті де қалды. Кететіні жайлы ешбір мәлімдеме жасамай-ақ, туыстары мен қаламдас-қатарластарымен қоштасып, үн-түнсіз кете барды. Содан бері баласы Едігемен Чехия Астанасы Прагада тұрып жатыр. Естуімізше, жағдайы жақсы. Екі қабатты үйде өмір сүріп жатқан көрінеді. Қайбір жолы ғаламторда Мағауиннің қалпақ киіп, көкпеңбек көлдің жағасында қармақ салып отырған суреті жарық көрді. Интернетте жұрт тыныш отырсын ба? Жазушының суретін көріп, түрлі пікір жазды. Пікір білдірушілердің бірі «Көрдіңдер ме, Мағауиннің жағдайы жақсы. «Жармақты» жазған жазушы енді «Қармақ» деген роман жазады», - деп кекесін білдіріпті. Бірақ бұл назарға алатын әңгіме емес. Жақсының артынан сөз ереді. Қаңқу сөз қашанда айтыла береді ғой. Мағауиндей үлкен жазушының беделіне одан кір жұға қоймас. Ол - қалай дегенде де, қазаққа құнды дүниелер берген қаламгер. Сыншы Әмірхан Меңдеке айтпақшы, арғы-бергі тарихты қамтып, сығымдап жазатын жазушы. Қазақты «Қазақ хандығы дәуiрiндегi әдебиетпен» сусындатқан, «Бес ғасырды жырлап», «Қобыз сарынына» басқан адам. Оқырмандар оның қаламымен «Аласапыранға» түсiп, «Көк мұнардай» қалықтады. Жасы отызға толмай-ақ, әдебиетке «Тазының өлiмi» атты тамаша туынды сыйлады. Шетелде жазған «Жармағының» өзі неге тұрады? Праганың «Арт-Фокус» баспасында жарық көрген сол роман қолымызға тиіп үлгермей, жабылып интернеттен оқыдық. «Жұлдыз» журналының бірнеше санына да қатар шығып, тайлы-таяғымыз қалмай оқымап па едік? Бірақ айтпағымыз ол емес.
Естуімізше шетелге кеткеніне төрт жылдай уақыт болған жазушы аралықта елге келіп кетіпті. Онда да дабыра қылмай, өзі араласатын үш-төрт қаламгермен ғана хабарласқан. Жидебайды аралап, туған жері - Шығыс Қазақстан облысы, Шұбартау ауданының Баршатас аулына барып, ата-бабасының әруағына тәу етіп қайтыпты. Биыл 70-ке толған жазушының мерейтойы Праганы қақ жарып ағатын Влтава өзеніне бауырын төсеген «Еуропа» кемесінде өтіпті. Жазушының бала-шағасы қонақтарды тік тұрып қарсы алған көрінеді. Мағауиннің тойында елден барған қонақтармен бірге қырғыз, түрікмен, чех, ағылшын, орыс өкілдері де болған екен. Жетпіс жылдыққа көкке жетпіс мәрте от шашу атылыпты. От шашудың түйіні жетпіс деген санмен жарқырапты. Сонда бір американдық мейман мерейтойын Мұхтарша өткізгісі келетінін айтып армандаған екен. Мұны Мағауиннің Прагадағы мерейтойына барып қайтқан журналист Базарбай Әлеуханұлының мақаласынан оқығанбыз. Бірақ айтпағымыз бұл да емес.
Айтқымыз келгені, Мұхтар Мағауин шетел асып, Чехияға кеткенде біреулер оны диссидент жазушы етіп көрсеткісі келді. Диссидент - латын тілінен аударғанда келіспеуші, шегінуші деген мағына береді. Диссидент көзқарастағы адам, диссидент жазушы дегеніміз өз елінде, өз ортасында қалыптасқан көзқарасқа қарсы тұрушы. Былайша айтқанда келіспейтін, өзгеше ойлайтын адам. Диссидент термині 1960 жылдары Кеңестер Одағы мен Шығыс Еуропада қолданылған. Мұндай көзқарастағы адамдар, жазушылар көбіне өз мемлекетіндегі саяси жүйемен, көзқарастармен, ортамен келіспейді. Диссидент жазушылардың ұстанымы, өмірлік көзқарасы қоғамға қайшы келгендіктен, Кеңес Үкіметі кезінде мұндай жазушылардың шығармаларын жариялауға тиым салған. Сол себепті де, олар қоғаммен келіспей, шетел асып кеткен. Ал енді Мұхтар Мағауинді диссидент етіп көрсетудің қажеті қанша? Оның шетелге кетуін - iрiлiкке балап, кешегі Буниндердің ерлiгi деп баға бергендер де бар. Тіпті «Мағауинді Қазақстанға қай бетiмiзбен шақырамыз?» «Аға, сізді Алматы да сағынды» деген мақалалар жарық көрді баспасөз бетінде. «Мағауин - диссидент жазушы емес» деген мақалалар да жазылды. Кім қалай ойласа да өз еркінде ғой. Әйтсе де Мағауинді диссидент етіп көрсеткенде біз не ұтамыз? Осы тұрғыда ойланып көрейікші... Рас, Мағауин табиғатында келісімпаз жазушы емес. Ол - өз ортасына сыймай жүретін жазушы. Шығармалары да, пікірлері де қалыптасқан пікірлерден оқшау. Әрі оның қарсыластары да (тіпті жаулары десек те болады) көп. Саясаттағы қарсыластары (жаулары) емес. Өз ортасы, рухани ортадағы дұшпандары. Мағауиннің келіспейтін, келісе алмайтын тұстары, өзгелермен пікір қарама-қайшылығы өз ортасында болды дейік. Ал енді ол бүкіл қоғаммен, тіпті елдегі билікпен сыйыса алмай кеткен жоқ қой. Әрі Қазақстанда оның шығармаларын жариялауға тыйым салынбаған. Ендеше Мағауиннен диссидент жасап, ол халық үшін, ұлт үшін арыстандай алысып, қуғын-сүргін, қудалау көріп жүр деп даурығысқан топтың мүддесі не? Бұдан не ұтады? Қажығұмардың да тәуелсіздік алғаннан кейінгі біздің қоғаммен ешбір пікір қарама-қайшылығы туындаған жоқ. Әрі-беріден соң, елге келуді аңсап кеткен қаламгер. Оның аруағын өзімізбен егестіріп қайтеміз? Одан да бұған дейін де шыққан кітаптарын қайта баспаймыз ба? Атын әспеттеп насихаттай түспейміз бе? «Менікі», «сенікі» деп бөліп алғаннан ол кісіге не абырой?
Диссидент дегеннен шығады, кезiнде «Комсомольская правданың» бетінде Александр Солженицынның «Бiз Ресейдi қалай жөнге келтiремiз?» деген публицистикалық толғауы жарық көрді. Толғауды Ре-сейдiң үлкен-кiшiсi, парла¬ментi бастап, зиялылары бәрі талқыға салды. Талдады. Біздің Мұхтар Мағауин де «Ұлтсыздану ұраны» атты зарлы толғау жазды. Осындайда сыншы Әмірхан Меңдекенің Мағауиннің шығармасы жайлы айтқан мына бір пікірі ойға оралады. «Ұлтсыздану ұраны А.И.Солженицынның «Бiз Ресейдi қалай жөнге келтiремiзiн» он орап алады. Мазмұны жөнiнен де. Мәнi жөнiнен де. Тереңдiгi жөнiнен де. Өтiмдiлiгi мен өткiрлiгi жөнiнен де. Зәрулiгi мен құндылығы жөнiнен де. Бiрақ Мұхтар Ма¬ғауиннiң сараптамалық ыңғайда жазылған зарлы толғауы билiк тарапынан да, қазақ зиялылары тарапынан да қолдау тапқан жоқ. Жарайды, әбден орыстанып, мейлiнше орысшаланып кеткен билiктiң жайы мен жағдайы түсiнiктi-ақ болсын. Ал Мағауиннiң жетер жерге жеткенiмiздi қадап айтып, ұлтсыздануды дәл осылай жалғастыра берсек ұлттан айырылатынымызды, «қазақ» деген ұлтты бiржолата жоғалтып алатынымызды тиянақтап, саралап берген және тығырықтан шығудың жолын көрсеткен «Ұлтсыздану ұранын» қазақ зиялылары неге қолдап, қостап-қуаттап кетпедi?», - дейді Меңдеке. Шынында ойлантатын сауал. Әмірхан Меңдеке мұның жауабын қазақ зиялыларының алтыбақан алауыздығы, жаппай бойкүйездiгi мен бейдауа дәрменсiздiгiнің салдарынан деп түсіндірген екен. Алайда, «Халық сөзі» газетінен жақында Солженицын жайлы қызықты пікір оқыдық. Журналист Мақат Садық Александр Солженицынның осыдан 20 жыл бұрын жазған «Бiз Ресейдi қалай жөнге келтiремiзін» «шатпақ» деп бағалапты. Оның айтуынша, Солженицынның айтқандарының бірде-бірі өмірге сәйкес келмей айдалада қалған. Социолистік білім мен спортты жамандап, Ұлы Отан соғысын еске алмауға шақырған ол, билікте партиялық жүйе болмасын деп көкіген. Сол Солженицынның сандырағы керісінше болып шықты», - дейді Мақат Садық. Бұл нені көрсетеді? Солженицынның саясаттың адамы емес екенін көрсетеді. Біздіңше Солженицынның тұлғасы басқа, Мағауиндікі басқа. Бірақ әңгіме онда емес. Екеуін біріктіретін нәрсе ұлттық тұрғыда жазған толғаулары, ұлтқа қатысты айтқан ойлары. Солженицынде шовинистік көзқарас басым болды. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін еліне қайтып оралған оны Ресей ұлттық тұлға ретінде бағалады. Ресейдің мұнысы дұрыс болды. Бірақ Солженицынның ұлтқа қатысты айтқандарының бәрі саясатта «саяси сандырақ» болып шықты. Бір елдің сыртқы және ішкі саясаты, халықаралық саясат - мұның бәрі кәсіби маманның айналысатын ісі. Ақын-жазушының, қалам ұстағандардың тек ұлттың мүддесін қорғап сөйлеуге мүмкіншілігі бар. Ұлттың мәселесін айтпасын емес, айтсын. Тек олар ұлт мәселесін қозғағанда әсіре көркемдікке салып, өсіріп, байбаламға салып жібермесе дейсің.
Байқасақ, кейбір қарекеттерімізбен біз де Мұхтар Мағауинді яғни руханияттың адамын әкеп саясатқа «салмақ» болыппыз. Руханияттың адамы дегеніміз де таршылық етер, бәлкім. Мағауин - ҰЛТТЫҢ АДАМЫ, ұлттық деңгейдегі ТҰЛҒА. Ал енді ұлттың адамы болу - белгілі бір САЯСИ ТОПТЫҢ МҮШЕСІ БОЛУ ЕМЕС қой. Ұлттың адамы саяси топтың деңгейінен жоғары тұрады. Оппозициядағы болмаса әлдебір топтағы «бесіктен белі шықпаған» кейбір азаматтар Мағауиндей кесек тұлғаны өз тарапындағы, өз қолындағы шоқпар етіп пайдаланам десе қателеседі. Біз Мұхтар Мағауиннің ҰЛТТЫҢ АДАМЫ, ҰЛТТЫҢ ТҰЛҒАСЫ екенін ескеруіміз керек. Сол деңгейде сөйлетуіміз керек. Мағауин ғана емес, қазір бізде үлкен жазушыларымызды болмайтын істерге араластырып, солардың беделі мен фамилиясын пайдалану үрдісі белең алды. Ұлтымыздың тұлғасы Шерхан Мұртазаны қазір анда да мында да сүйрейтін болдық. Тіпті ескерткіштің ашылу салтанатында өзіміз сөйлей салатын сөзді де Шерхан Мұртазаға айтқызамыз. Осылайша шығармалары арқылы да, былайғы өмірде де кесек ойлар айтып жүрген ірі жазушыны әлдебір ұсақ істерге сүйрелеп, өз мүддеміз үшін пайдаланып, таудай тұлғасын аласартып жатқанымызды байқамай да жүрміз. Қазір журналистердің көпшілігі не мәселеге болсын пікір айтуға жазушыларға жүгіретін болды. Қит етсе жазушы, драматург Дулат Исабековке жүгіреміз. Ол кісі де пікір білдіруден жалықпайды. Дұрыс қой, ұлт жанашыры ретінде ойын айтсын. Бірақ әр іске Дулат Исабековті араластыру арқылы үлкен драматургты да «әр нәрсеге араласқыш» етіп көрсетудің қажеті қанша? Жазушыларды, олардың сөзін өз мүддемізге пайдаланғаннан не ұтамыз?
Сөзіміздің әлқиссасын Қажығұмар Шабданұлынан бастадық қой, сол жазушымен түйіндейікші. «Саясат деген не десем, сасық қулығым екен», - демекші, сол мекенге руханияттың адамдарын «тықпалағанымыз», әлдебір саясаттың бодауына байлап жіберетініміз жөнсіз болар. Жалпы Қажығұмар Шабданұлы, Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза болсын, басқа да қай жазушыны болса да уақытша пиғылдарымыз бен уақытша мүдделеріміз үшін аласартып алмағанымыз жөн шығар. Өйтсек, жазушылар ұлттың емес, белгілі бір топтың ғана адамы сияқты көрініп қалуы мүмкін ғой. Қажығұмар Шабданұлынан тарқатып, Мұхтар Мағауин туралы сөз қозғағанда біздің айтқымыз келгені осы болатын.

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2115
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2527
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2226
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1629