Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Асқанға - тосқан 8139 3 пікір 23 Тамыз, 2018 сағат 12:55

Ұйғыр ауданы. Аппарат басшысы Исламов ҚР заңын пысқырмайды

Ұйғыр ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Сұлтан Исламов мемлекеттік мекемеге тиесілі көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарып келген, - деп хабарлайды Абай-ақпарат "Время" басылымына сілтеме жасап. 

Қазір Шухрат Нурахунов басқаратын Ұйғыр ауданы әкімінің аппарат басшысын Сұлтан Исламовты жол полицейлері 4 тамыз күні таңғы сегіздер шамасында ҚР Әкімшілік кодексінің 612 бабын бұзғаны үшін тоқтатқан.  Көлікті аппарат басшысының өзі жүргізіп отырған.

Қызығы, Сұлтан Исламов 2015 жылдың 6 желтоқсанында мемлекеттік мекеменің В 178 ВВ көлігін мас күйінде жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен 3 жылға айрылғаны белгілі болған.

Қазақстан Республикасының Заңдарына пысқырып та қарамайтын Сұлтан Исламов аудан әкімі аппаратының басшысы болып жуырда тағайындалған көрінеді. Сонда аудан әкімі Шухрат Нурахунов әкімшілік жазасының мерзімі аяқталмаған адамды аудандық деңгейдегі аса жауапты лауазымға қалай тағайындаған?

Біз мемлекеттік автокөлікті куәліксіз, заңсыз айдаған шенеунік жайлы даудың анық-қанығын білмек болып, Алматы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат Жүкелге хабарластық.

Ғалыммұрат Жүкел, Алматы облыс әкімінің баспасөз хатшысы: 

- Бұл мәселе бойынша қазір тексеріс жүріп жатыр. Ұйғыр ауданы әкімінің аппарат басшысының шындығында мемлекеттік көлікті жүргізіп келе жатты ма, жоқ өзінің жеке көлігімен болды ма, оны жауапты адамдар МАИ қызметкерлерінің видео-дәйектері арқылы анықтайтын болады. Және шынында заң бұзылса, мемлекеттік қызметкер жазасыз қалмайды деп ойлаймын. 

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

3 пікір