Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Қайраткер 5063 9 пікір 22 Тамыз, 2018 сағат 15:04

«Жас тұлпардың» Қытайдағы «Жас қанаты»

 

Жуырда Қазақстаннан Қытай Халық Республикасына Бұқаралық дипломатия өкілдері арнайы іссапармен барып қайтты. Осы топтың жетекшісі Омарәлі Әділбекұлының Жүңго мемлекетінің астанасы  Бейжің қалалық парламентінің кеңесшісі екенін біреу білсе, біреу біле қоймас. Сол Омекең Мәскеуде құрылған әйгілі «Жас тұлпар» ұйымына ұқсас Бейжіңдегі қазақ жастарының «Жас қанат» қозғалысының басында болып еді.

1985 жылы Бейжіңдегі ЖОО-да оқитын қазақ студенттері Орталық ұлттар университетінің жанынан “Жас қанат” деген ұйым құрды. Оның атауы сол тұстағы цензураға байланысты тіркеуден өтпей қалды да, “Шынжаң малшаруашылық өңірлерінің оқу-ағартуын дамыту қоғамы” деген шұбалаң атпен тіркелді. Қоғамды құрудың арғы көмейде құмығып жатқан аңсары –еркіндік пен азаттыққа деген сусау болса, бергі мақсаты – қарлығаштың балапанына су тасығандай болса да, туған ұлтқа қызмет көрсету еді. Ұйымның мақсаты мен сипаты, әді жеткенше жасаған қызметі сонау 60-жылдары Мұрат Әуезов, Бақтияр Тайжан ағаларымыз Мәскеуде құрған “Жас тұлпармен” қандай үндесіп жатқанына таң қаласың. Ұрыста тұрыс жоқ, ұйым болған соң бір жұмысқа ұйысу керек. Ойлана, екшей келе, қолдан келері де, ең пайдалысы да ЖОО-ға түсетін келешек студенттерге көмектесу деп шештік. Оған себеп те бар-ды: ол кезде Қытайда мамыр айында мектеп бітіруші түлектерден іріктеу емтиханы алынып, одан өткен оқушылар ғана жоғары оқу орындарына емтихан тапсыру құқын иеленетін. Ал бүкіл Қытай бойынша Бейжіңдегі Хайдиян орта мектебінде елден бір ай бұрын іріктеу жүргізілетін де емтихан сұрақтары тұтас ел бойынша іріктеу емтихандарының үлгісі болатын-ды. Біз осы Хайдиян мектебіндегі іріктеу өткен күні-ақ емтихан сұрақтарын қолға түсіретінбіз де, сол кештен кірісіп, топ-топқа бөлініп, күнді түнге жалғап (сабақ “дем ала тұратын”), Қазақ тіліне аударып, май баспамен басып шығарып, төртінші күні Шынжаңдағы 100 мектепке почтадан салып үлгеретін едік. Оған қаржы жинау үшін саудаға ебі барлар кәуап сататын. Араға үш ай салып, біздің жіберген сұрақтарымыздың қандай көмегі болғанын айтып, Бейжіңге іні-қарындастарымыз жететін! Ал осы шаралардың басында    есімдері елге танылған азаматтар:   Асқар Жәкулин (мархұм), Рақым Айыпұлы, Омарәлі Әділбекұлы, Айдын Оразанбайұлы, Базарәлі Әріпұлы жүретін-ді.

Тура сол жылы тағы осы жігіттер қазір Түркияда тұратын құрметті ұстазымыз Зейнеш Сымайылұлының бастамашылығымен Бейжіңде тұңғыш рет   бүтін Шығыс халықтарының басын қосып, Наурыз мерекесін ұйымдастырды. Сондағы ШҰАР-ды 30 жыл басқарған, сол тұста Бүкілқытайлық халық құрылтайы төрағасының орынбасары міндетін атқарған Сейфудин Әзиздің ортақ мерекені бәрінен бұрын қолға алған қазақ бауырларына ризашылығын білдіргені және құттықтағаны есте қалыпты. Біз ұлтты сүюді және оған қызмет етуді осылай түсініп, осындай шынайы, қарапайым істерден бастадық.

Ел тәуелсіздігін жариялап, қасиетті Қазақ топырағына дүркірей бет алған санасында жылты бар топтың ішінде Омарәлі Әділбекұлы болды. 1994 жылы Атажұртқа ҚР ҰҒА-ның аспиранты болып аяқ басқан ол, кейін елге қызмет қылудың басқа жолына түсті. Сол жылдардан бері Омекеңнің фирмасы тапсырған салықтан қаншама мұғалім мен дәрігер жалақы алып, бала-шағасын киіндіргені салық мекемелеріне ғана мәлім.

Әділбекұлының қоғамдық-әлеуметтік, игілікті-ізгілікті шараларда төбе көрсетпеген жері жоқ. Халықтың рухын жаңғыртып, намысын қайрайтын бабалар асында; өнер адамдарының еңбегін бағалап, қанаттандыратын шараларда; өмірде түрлі қыйындықтарға тап болып жәрдемге мұқтаж жандарға қол ұшын беруде – Омекеңнің азаматтық танытпаған, жомарттық білдірмеген кезін көрмедік, керісінше, осы бастамалардың ұйыстырушы-үгітшісі болып келе жатқанының куәсіміз. Ел ісіне, ортақ игілікке септесіп көмек етудің қарапайым үлгісі деген осы шығар.

Қайырымдылық қолғабысын сонау Қызылағаш апатында 20 тонна астық жеткізумен бастаған “Жебеу” республикалық қоғамдық бірлестігіне (РҚБ) 2015-жылдан бері жетекшілік етіп келе жатқан Омарәлі Әділбекұлы Ұзынағаш ісінде жауыздардың қолынан қаза тапқан қандастар өлімінің әділ заңдық-әлеуметтік бағасын алуына жұртты ұйыстыра білді, асыраушысыз қалған үш отбасына бір жыл бойы ай сайын 70 000 теңгеден қайырымдылық көмек беріп тұрудың тәртібін жасай білді. Ұйым басшылығына келгелі бері Омарәләнің жеке өзі, және “Жебеу” РҚБ-і Қытайдағы қандастардың 2016 жылдан басталған тауқыметті тағдырына араша түсіп-ақ келеді. Осы тұста сол елдің   Алматыдағы Қытай консулдығымен қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқаны тағы шындық. Бұл да болса, анау Оспан батыр Ісламұлы айтыпты дейтін “қазағым үшін шайтанмен достасуға дейін барамынның” кері. Онан нәтиже де жоқ емес! Мысалға, 2016 жылы қандастардың Қытайда ҚР ықтиярхаты мен паспортының алынып қойылуы, зейнеткерлер зейнетақысының тоқталып қалуы, ҚР-ға кепілдікпен ғана жіберілуі сынды мәселелер төңірегінде Омарәлі Әділбекұлы мен оның ұжымының табанды талап етуімен ШҰАР-дан Алматыға арнайы жұмыс тобының жіберілгенін айтсақ та жетер. Аталған топ Алматыдағы консулдықта қыйындыққа душар жандардың өкілдерімен кездескен күннің ертесі-ақ, шағымданушылардың ықтиярхаты қайтарылып, паспорттары үлестіріліп, зейнетақылары қайта жіберілгендігі және ақиқат. Серікжан Біләшұлы бауырымыз үнемі айтатынындай, күресте әркімнің құралы әрқилы болуы мүмкін, біреуде қанжар, біреуде айбалта дегендей. Омарәлі болса, өзі жақсы түсінетін халықтың біздегі құзырлы мекемесімен келісе-арбаса, тізелесе-тәжікелесе жұмыс жасау арқылы қандастардың жанайқайына жәрдем еткісі келсе, ол айыпқа саналмаса керек-ті. Өстіп жүріп Омекең ҚХР Бейжің қалалық саяси мәслихатының (заңдарға ұсыныстар дайындайтын кеңесші орган, парламенттің төменгі палатасы) шетелдік өкілі болды. Қазақтың бір ұлының Қытай сынды алып елдің парламентінде отырғаны еліміз үшін ұтыс па, әлде, ұтылыс па? Біз бұны дау жоқ ұтыс дер едік.

Реті келген соң айта кетуге тура келді. Қытай қатері деген алтын тапқандай азандататын жаңалық емес, әліппенің алфавитіндей анық нәрсе. Мәңгілік ел боламыз дейді екенбіз, ол мәңгілік бізбен бірге! Одан “жау шапты, жау шапты” деп отбасындағы күлді сабалаған қатынның тірлігімен құтыла алмаймыз. Көшіп кете алмаймыз, көшіріп жібере алмайтынымыз және айқын. Ендеше онымен, бұқаралық дипломотияны қамтыған, сауатты қарым-қатынас жасау арқылы ғана, өзімізді сыйлатуға, өзімізбен санастыруға, тең тұғырлы әріптестік жасатуға жол аша аламыз.

Құрмет Қабылғазыұлы

Abai.kz

9 пікір