Жұма, 17 Мамыр 2024
Әдебиет 4866 2 пікір 22 Тамыз, 2018 сағат 10:58

Қазақ сыншылары көңілшектіктен арылуы қажет

Мен Амангелдіні 1989- жылы, Кеңшілік бұ дүниеден озғанда, Амангелді әскери міндетін атқарып келгенде алғаш көрген едім. «Әкесінен аумай қалған екен» деген ой келген. «Кеңшілікке басынан бақайшағына дейін тартқан екен» десе де болады. Ең бастысы  Амангелдіге Кеңшіліктің Сөзі дарыған.

Амангелді Торғайда, Кеңшіліктің анасы Мәркүл апаның қолында өсіп, таза қазақы тәрбие көрген, бастауыш мектепті аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин мектебінде оқыған. Амангелдіні жігіт болған шағында ғана көруімнің себебі сол еді.

Амангелдінің алғашқы шығармаларын осыдан ширек ғасыр бұрын, республикалық басылымдардан оқыдым. Сонда оның білімінің тереңдігіне, сөзінің алмас қылыштың жүзіндей өткірлігіне таң қалғаным бар. Кейін жазған әдеби танымдық, қоғамдық әдеуметтік мәселелерді толғаған мақалалары, публицистикалары жалғыз мені ғана емес, қалың елдің көңілінен шығып жүрді. Содан бері Амангелдінің қаламынан талай әдеби танымдық  зерттеу мақалалар, әлеуметтік, қоғамдық  көкейтесті мәселелерге арналған публицистикалар, эсселер жарық көріп, өз оқырмандарын тапты. А.Кеңшілікұлының сол шығармалары республикалық баспалардан «Жүрек сөзі», «Сөз патшасы», «Қарлығаш дәурен» және т.б. кітаптарында жинақталып басылған.

2007-жылы «Сөз патшасы «Алматы» баспасынан басылып шыққанда, Амангелдінің өзі «Жұмат әкеме...» деп  автограф жазып қолыма ұстатқаны есімде.

Сондықтан, Амангелді Кеңшілікұлының мерей тойы күні «Сөз патшасы» атты кітабына бірер пікір айтуды парыз көрдім.

«Сөз патшасы» деген тақырыптың өзі қандай керемет! «Сөз патшасы» туралы СӨЗ қозғаудың өзі екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Ол үшін шешен, айтқыш болуың керек, Сөздің құдіретін тісіңмен тістеп, тіліңмен ұшыра білуің қажет. Сол қасиет Амангелдіде бар екен.

Баспадан осыдан он бір жыл бұрын жарық көрген «Сөз патшасы» кітабы «Бір анық» атты бөлімде «Гогольдің өлімі» деген эссемен басталған.

«Эссе» дегеніміз бір жағынан қарағанда публицистикалық жанрға жақын сияқты көрінгенімен, қара сөзбен жазылған өлең сияқты, көркем жанр.

Біріншіден, осы кітаптың беташары боп тұрған «Гогольдің өлімі» атты эссе, әдебиетіміздің  соңғы он жиырма жыл ішіндегі жазылған эсселердің ішіндегі жазылу стилі, айтқыштығы, еркін жазылуы тұрғысынан ең шоқтығы биік,  көркем эссе.

Екіншіден, Амангелдінің «Гогольдің өлімі» атты осы эссесі республикалық баслымдарда алғашқы жарияланған күні-ақ, қалың көпшіліктің назарын өзіне еріксіз аудартты. Кітап журналды ұмытып кеткен кей зиялылар осы эссені іздеп, тауып алып оқыды. Сөйтіп Амангелді Кеңшілікұлы  сол кезде ақ, танымал сыншы, белгілі жазушы болып елдің есінде қалған.

Баяғыда орыстың бір журналист жазушысы мынадай анекдот айтыпты:

«Пушкин Бонапарттан да, Ломоносовтан да, тіпті, Александр I- денде,

Александр II-денде, Александр III-тенде мықты. Ал, Гоголь Пушкинненде керемет, қайсысын жазсам екен, ә» деп өзіне-өзі әзілдейтін көрінеді.

Сол айтқандай, Гоголь туралы ойлы толғаулар жазу кез келген адамның қолынан келетін шаруа емес.

Бірақ, белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы Ұлы жазушы Гогольдің өлімі туралы жазды! Жазғанда Гогольді сынағандардың әруақтары жатқан орындарынан атып тұратындай етіп жазды.

Н.Гоголь өзінің «Ревизор», «Өлі жандар» атты шығармаларында  ХIХ-бас кезіндегі феодалдық патшалық монархияның бет бейнесін,қоғам образын суреттеген. Мұны, Ресейдің сол кездегі зиялы қауымы «Ресейді мазақ қылды» деп қабылдап, Гогольді қоғамдық қуғынға ұшыратты. Гогольге «Ревизор» мен «Өлі жандары» үшін сынап, жабылғандардың  ішінде  сыншы Белинскиий, басқа да Петербургтегі, Мәскеудегі жеке газеттер, басылымдар болды.

Н.Гоголь содан психологиялық зардап шекті. Сол кездегі Гогольге жабылған орыс қоғамы оны өмірден ерте, жас өтуіне де себепкер болды десек артық емес.

Белгілі сыншы «Гогольдің өлімі» атты эссесінде орыс әдебиетіндегі сол кездегі қайғымен біткен кез туралы ЖАҢА КӨЗҚАРАС, ЖАҢАША ОЙ ТҮЙІНДЕУЛЕРМЕН аяқтаған. Мәселе, Гогольдің «Ревизор» мен «Өлі жандарындағы Хлестаков пен Чичиковтардың бүгінігі заманымызда әлі «тірі» екендігінде.

Біз осы айтып отырған  170-жылдан кейін, феодалдық монархияны, крепостнойлықты жойып, капиталистік  монархияға көшкен Ресей тарихын, одан кейін дүниені қырып жойып өмір сүрген Большевиктік диктатураның дәуірлерін естіп, білдік, көрдік. Бірақ ертедегі феодалдық монархиядан басталған Бюрократия, алдап арбау, жемқорлық, хлестаковщина, чичиковщина біздің бүгінгі заманымызда да өркендеп, гүл жайып тұр.

Амангелді Кеңшілікұлы өзінің «Гогольдің өлімі» атты эссесінде  осы бір қайшылықтарды қайталанбас айтқыштықпен оқырмандарына жеткізе білген.

«Сөз патшасындағы»  келесі бір маңызды туынды «Кафканың үйі» атты ээсе.

Былай қарағанда әдеби танымдық мақала сияқты көрінгенімен, бұл Кафканың шығармашылығының ерекшелігін ғана емес, Кафка  шығамаларының бүкіл адамзаттың құндылығын сөз етеді және оны Амангелді бүгінгі қоғамның  саяси және әлеуметтік бейнесімен салыстырған. «Кафканың үйі» атты эссе сонысымен қастерлі.

Амангелді Кеңшілікұлы проза жанры мен поэзия жанрларын терең айыратын білікті сыншы. Мен сөз қылып отырған «Сөз патшасы» кітабында әйгілі прозаиктер Ә.Нұрпейісов пен Т.Нұрмағанбетовтың шығармаларына да талдау жасапты. А.Кеңшілікұлы Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Жұмаға қараған түн», «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», «Құпия кездесулер», «Ауған құстары» атты әңгімелеріндегі автордың кейіпкерлерін сомдаудағы жетістіктеріне тоқталып, тілінің стильіне, шеберлігіне назар аударған. Біздің бір байқағанымыз, сыншы автордың кемшін жақтарына тоқталмаған.  Т.Нұрмағанбетовтің  «Тоты құс аралы» атты ұзын сонар бір әңгімесі бар еді, сыншы жазушының сол әңгімесінің «Алаш партиясының жүз жылдығына» ұйымдастырылған байқауда «қалай бірінші орын алып кеткені туралы ашып айтқанда, әңгіменің қызығы сол болар еді (әзіл).

А.Кеңшілікұлы поэзия жанрларында жан жақты талдай алатын сыншы.

Осы кітапта Иранғайып туралы «Сөз патшасы», Ұ.Есдәулетов туралы «Құс қанатындағы жыр» атты әдеби танымдық мақала жазған екен. Оқып отырсаңыз, екеуі де мақтаудан ершігіне сыймай тұр.

Амангелді шетел, орыс әдебиетін жақсы білетін, әсіресе, орыстың әдебиет сыншыларын көп оқыған. Олардың әдеби сыни еңбектерінде асыра мақтау деген әсте болмайды. Мақтасада орнымен, дәлелмен көрсете кетеді.

Кемшін тұстарын қоса айтып отыру олардың  қалыптасқан дәстүрі. Бізде сол дәстүр жоқ,

«Әңгіме етіп отырған ақынымыз, не жазушымыз» ренжіп қалар» деген оймен, мақтауды ақыннан да, жазушыдан да аямаймыз. Қазақ сыншылары осы бір көңілшектіктен арылуы қажет.

Сонымен, алты ауыз сөзіміздің түйніне келсек, белгілі жазушымыз, сыншымыз Амангелді  50 деген мерейлі жасқа толды. Ол өз өмірінің ширек ғасырын әдебиеттің СЫН атты киелі жанрына арнап, шығармаларымен ел көңілен шыға білді. Ұғынықты сөзбен айтқанда, сонау ХХ-ғасырдың ортасында Әдеби сынды академиялық деңгейге көтерген сыншылар Мұхамеджанов, С.Әшімбаев, Серік Қирабаев және т.басқалар тұрса, ХХI- ғасырдың, яғни бүгінгі заманның бас сыншыларының бірі - Амангелді Кеңшілікұлы екенін жүрегімізбен сеземіз

Оны мерейлі туған күнімен құттықтай отырып, әлі де талай шығармаларды оқырмандарына ұсынатынына сенеміз.

Жұмат Әнесұлы

журналист жазушы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2107
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2520
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2214
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625