Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Масқара! 9023 22 пікір 22 Тамыз, 2018 сағат 10:10

Пушкинге ескерткіш қойған Орал Махамбетке бюст те орнатқан жоқ

                                   БҚО әкімі А.Көлгіновке,

                                   Орал қаласы әкімі М.Мұқаевқа,

                                   БҚО мен Орал қаласы мәслихат депутаттары назарына!

Тәуелсіздік алғалы 27 жыл ішінде Оралда Нарын – Жайықтың ерен ұл­дары, өр батырларымыз  Исатай-Махамбет ескерткішінің бой көтермеуі – облыс жұртшылығына да, оның бас­шылығына да үлкен сын.

Былтыр ғана М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің алдындағы Миша Гавриловтың ескерткішін алып тастағанда, орнына Исатай мен Махамбет ескерткішін қояды деп ойлағанбыз. Себебі, қоғамдық ұйымдар, зиялы және өнер адамдары, т.б.  өз есімі берілген жоғары оқу орны алдына  Исатай - Махамбет батырдың ескерткішін қою туралы  ұсыныстарын көп жылдар бойы  айтып, әкімдік пен депутаттарға  хаттар  жазып келеді.

2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Орал қаласының қақ төрінде, Құрманғазы мен Дина көшелерінің қиылысындағы демалыс бағына күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаға сәулетті ескерткіш қойылған болатын.

2 жылдан кейін  66,9 млн. теңге қаражатқа салынған, биіктігі 5 метр болатын композициялық ескерткішті БҚМУ-дың алдына әкеліп орнатыпты. Сонда деймін-ау,  ескерткіштің тұрған жерінен су шықты ма? Достық даңғылына және жоғары оқу орнына екі күйшінің қатысы қанша? Өз тұрған жері өте қолайлы еді. Кезінде сол ескерткіш ашылғанда  тұрған жері керемет, орталық көшеге есімдері берілген екі көшенің қиылысы деп мақтап жазып еді. Енді бұл жерге асығыс-үсігіс аяқ астынан алып келуге не себеп болды? Қомақты қаржыға салынған ескерткішті үлкен техникамен ауыстырып-көшіргенде бүлінген жерлеріне азын-шоғын өңдеу жұмыстарын жүргізуде.  Өз есімімен аталатын жоғары оқу орнының дәл қарсы бетіндегі демалыс бағына неге Исатай мен Махамбет ескерткішін орнатпасқа?!

Облысымыздағы ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орны - БҚМУ-дың маңы қос батырға ескерткіш орнатуға өте қолайлы және тәрбиелік маңызға ие. Өйткені, көптеген оқу орындарының, студенттер жатақханаларының, мемлекеттік мекемелердің тоғысқан  жері және 1 мамыр мен 9 мамыр т.б. жалпыхалықтық мереке кезіндегі шерулер осы жерден өтеді. Сол себепті  бұл жерге  жастар да, студенттер де, үлкендер де және қонақтар да  жиі келеді.

Исатай мен Махамбеттей қос батырдың тұлғасы Орал қаласының төрінде, қасиетті қара шаңырақ алдында  асқақтап тұрса, барша адамға рух, күш-жігер беріп тұратыны хақ.

Ендеше, аталмыш  оқу орны алдына Исатай-Махамбет ескерткішін орнатуға кім кедергі немесе не кедергі болды?  Оқу орнына 2003 жылы 30 мамырда ҚР Үкіметінің қаулысымен  М.Өтемісов есімі берілгенді. Содан бері 15 жыл өтсе де, қасиетті қара шаңырақ  алдында Исатай -Махамбет батырдың ескерткішін салмақ түгілі, Махамбет батырдың  бюстін орната алмай отырғаны өкінішті.

Керісінше, жоғары оқу орнының  есімі өзгертілсе де А.Пушкиннің бюсті әлі күнге дейін  тұр және сол маңайда  А.Пушкиннің ескерткіші тағы орнатылған. Неге Пушкиннің орнына өршіл ақын Махамбеттің бюстін салмады.  Кезінде Жәңгір хан атындағы  БҚАТУ-дың алдында Жәңгір ханның ескерткіші сол оқу орнына есімі берілген кезде дереу орнатылып еді. Тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде   облыс пен қаламызды басқарған әкімдер  мен мәслихат депутаттары   Иса­тай мен Махамбеттің аруа­қтарына  қиянат­шыл­дық жасап келгендерін қалайша түсінеміз?!  Халыққа мүлде таныс емес адамдарға  бюст, ескерткіш ашқанда, Исатай-Махамбет батырға арнап ескерткіш орнатуға жергілікті бюджеттің қаржысы бітіп қалған ба, әлде халықтың рухы көтеріледі деп сескенгендері ме?! Исатай мен Махамбет біздің өлкеміздің ғана емес, бүкіл Қазақ халқының айбынды символы емес пе?! Бұл жазғаным жеке ғана ойым емес, қала тұрғындарының ұсыныс-талаптары. Жергілікті әкімдер мен депутаттар жазғанымыздан қорытынды шығарады деп ойлаймыз және жауаптарын күтеміз.

Талғат  Қатауов

қоғам белсендісі  

Орал қаласы

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1477
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1336
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1086
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1127