Жұма, 17 Мамыр 2024
Әдебиет 6271 0 пікір 20 Тамыз, 2018 сағат 13:23

Ұлы дала перзенттері

Ислам-Ғали Үркімбайұлы

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын, Республикалық  «Жігер» фестивалінің лауреаты.

«Егіз қалам» - 1992 ж,, «Бір құсым бар...» - 2008 ж., «Уақыт өрнектері» - 2008 ж., «Ілтипат» - 2011 ж., «Ойтолғақ» - 2012 ж., «Дала жыры» - 2014 ж. «Алтын кездік» - 2016 ж, «Сыр сандық»- 2017 ж, атты жыр жинақтары жарық көрген.

...Ағарды шашым сан құлаш,

Орауға жетер ме қайғымды.

            Елібай (701-762 ж.ж.)

Салқам дала төсінде алай-дүлей шаң ұшқан,

Сан тағдырлар ажырап,

сан тағдырлар табысқан.

Дала перзенттерінің даналығын мойындап,

Сан ғұлама ойларын ортаға сап жарысқан.

 

Хақ Тағала о баста тегін Сақ қып жаратып,

Дұшпандары жүрсе де

«Ғұн» деген сөз таратып,

Ұлы Дала ұлдарын өлтірсе де сан атып,

Тамырынан

қазақтың шығады екен қаны атып.

 

Мына жарық әлемнің ашылғанда есігі,

Құла дала, боз дала болған оның бесігі.

Алты емшекті Көк Бөрі анасынан сүт еміп,

Бөлінбеген бүгіндей Алты Алаштың еш ұлы.

 

Алты Алаштың ұлдары түбіміз бір Еменбіз,

«Бір тамырдан нәр алған бұтақтармыз»

дегенбіз.

Тағдырлары сан қилы болғанымен, қаны бір,

Бір желіге байланған алты құлын, көгенбіз.

 

Даналары Шығыстың сол көгеннен тарады,

Ұлылықтың басы деп,

Үмітпен  жұрт қарады.

Жусаны мен ерменін аңсап өткен Ерлерім,

Біз білмейтін сырларың, армандарың бар әлі.

 

Жат өлкеде ойларын дамытқаны қаншама,

Жат топырақ ораған табыттары қаншама.

Тағдырлары жатжұрттық,

тамыры бір болса да,

(Құпиясын құмығып іздеуден жан шаршама!)

 

Даналықтың бастауы, ойы сергек, қырағы,

Самұрық боп самғаған  поэзия  пырағы.

Алқа бидің баласы, Шу бойының  құрағы,

Елібайдай кемеңгер –

ол да Алаштың ұланы.

 

Либай деген есімін, ұлылығын танып көп,

Тасқа жазған жырының

әрбір жолын қаріптеп.

Ұлы Дулат  бабаның тоғызыншы ұрпағын,

«Періште ақын» дейді екен

қытай елі дәріптеп...

 

Бейбарысқа бағынған

Мысырдың бар  қаласы,

Мамлюктер Сардары –

ол да Алаштың баласы.

Алтын тақта отырып, аңсап өткен өмірден,

«Көке» деген сөзбенен жусан исін санасы.

 

«Египедтің еңселі болғанымша Сұлтаны,

Армандаған болсам деп өз елімнің ұлтаны».

Көк Бөрінің сүтінің сүйегінде исі бар,

Жүрегінде от болып қазағымның тұр қаны!..

 

Кәрі Тарих мүжілді аярлықтан жерініп,

Үзбесе де елінің  ертеңінен Ер үміт.

Жарты Әлемді билеген

көреген де, көбеген,

Шыңғыс қаһан мұңғылға келіп еді телініп...

 

Аты шабан Ақиқат кештеу келді демесең,

Дала перзенттерінің ерліктері ересен!

Алтын кездік қап түбін

жарып шығар сәт туды,

Алты Алаштың арысын

Жаппар Ием жебесең!

 

...Боз Даламда бозамық,

көктен түскен нұр  екен,

Әруақтар нұр болып келіп-кетіп жүр екен.

Ғасырлардың қатпарлы қалқасынан қарайды –

Ұлы Бабаларымның Рухы асқақ, тірі екен!

 

 

Сыналар бүгін келді күн 

Зарым деп ұққан қара халықтың қайғысын,

Ар – сауыты, тұлғасы берік  - қарлы шың.

Жүрегі күннен, тілегі нұрдан жаралған,

Ұлы Даланың ұл-қызы бүгін бармысың?

 

Бармысыңдар! Нармысыңдар бауырлар,

Баяғы өзен-көлдерің, ақ бас тауың бар.

Еркіндік алдық...

Ерлерім бірақ, қалғыма,

Күн туған сынды, нардың да жүгі ауырлар.

 

Бар Әлем бізге таңдана мойын бұрғандай,

Сындарлы сәтте сыналар енді, кім, қандай?

Ұлы Даланың  даңқына қанық мына жұрт,

Ұрпағы бізге сынай да қарап тұрғандай.

 

Дейді Рух бізге: өзіңмен-өзің егеспе,

Ақыл-ойы озған өзгелермен теңес те,

Көтерілмесең қарыштап Ғарыш, белеске,

Ұлы Далаңның даңқына сын емес пе!!!

 

Күншілдік қалсын, елесі болып өткеннің,

Береке тапты өшпенділік пен кектен кім?

Бар қазағым – бір қазақ болып жұмылсақ,

Жоқ болмай, дәйім тоқ болып жүрер бөктергің.

 

Өз көсеміңе бұйырсын алтын тағымыз,

Өмір – дәрия, кемеде бірге жанымыз.

Әлем жұртының алдында қалмай ұятқа,

Баянды болғай тәңірім берген бағымыз!

 

Дала мінез

Ой толғасам жеткенінше ақылым,

Өзің болшы сырласатын жақыным.

Осы бізге не дейді деп бір уақ,

Тыңдап көрші ауылдың да ақынын.

 

Мінгеніміз автокөлік – ат емес,

Интернетпен сөйлесеміз – хат емес,

Түк білмейді деп ойлама, ағайын,

Өркениет ауылға да жат емес.

 

«Ауылбайлау» көрінгенмен түріміз,

Қаламен тең үйіміз де, күйіміз.

Сергиін деп келдіңіз бе у-шудан,

Мамыражай ауыл міне, жүріңіз.

 

Машиналар ию-қию, қанша адам –

Жүйкеңіз де шығар бәлкім, шаршаған.

Көктерімен, қыратты бөктерімен,

Ауыл міне , жүрегіңіз аңсаған.

 

Көгімнен күн маңдайымды сүйіп тұр,

Жаз- жайлауым қол созымда тиіп тұр.

Қымыз бен ет, құрт пен майдан алыңыз –

Қалаңызда бағасы оның күйіп тұр.

 

Балық аулап жағасында өзеннің,

Жүргендегі бақытты шын сезер кім.

Иен даладан «сүйем» қалаға барғанда,

Кешіріңіз, әзер-әзер төзермін.

 

Мекен болған бар қазаққа бір өзі,

Жүрегінде күмбірлеген күй - өзі.

Жөргегінен исі сіңген ауылдың,

Ақынында даланың бар мінезі.

 

Орбұлақ туралы толғау

          Көгінде бұлт ойнаған,

Күні жоқ нөсер шаймаған.

Қосқолаң таудың қойнауы,

Арқары құзда ойнаған.

Қозықандары бұлтылдап,

Ойынға ешбір тоймаған.

Көркімен көзді тұндырып,

Беткейі гүлмен жайнаған.

Қарақат, арша ішінен,

Құстары әсем сайраған.

Қызылқияның қырқасын,

Үйірлі қасқыр жайлаған.

Асартөбеге ту байлап,

Сабырмен түбін ойлаған.

Ордалы менің мекенім!

Еңсегей бойлы Ер Есім,

Дұшпанын қойдай айдаған.

Бүгілмесіне қоймаған,

Жүгінбесіне қоймаған!

Желкілдеп келіп байрағы,

Жеңісін елі тойлаған.

Қасқыр да аман, қой да аман –

Бейқұтшылық орнаған.

 

Есім ханның Жәңгірі,

Күш-қайраты мол еді.

Қанжоса елін көрген соң,

Жүрегі кекке толы еді.

Салқам Жәңгір атанған,

Айтулы батыр сол еді.

Қапыда шапқан жоңғардың,

Қосқолаң тауы жолы еді.

Жәңгір хан өзі бастаған,

Мың қаралы қол еді.

Ел басына күн туып,

Етікпенен су кешіп,

Амалдап қырға қаздырған,

Оқпана болған ор еді.

Қырамын деп қазақты,

Көрсетем деп азапты,

Батұр хонтайшы келеді.

О да бір асқан ер еді.

 

Алты алаштың ерлері,

Ел үшін басын қосқан жер.

Қарасай мен Ағынтай,

Жиембет жырау, Сарбұқа,

Көксерек, Көтен, Жақсығұл,

Қомпай мен Суан Елтінді,

Айбыны жаудан асқан жер.

Он мыңынан айырылып,

Батұрды марту басқан жер.

Жалаңтөс жетіп көмекке,

Қырық мың қалмақ қашқан жер.

Жеңістің басы – Орбұлақ,

Дүркіреп тұрды аспан-жер,

Алтау ала болма деп,

Ынтымақ жолын ашқан жер.

 

«Ақсақ құлан» - Кетбұға

Қос ішегі күйден сыздап дертіп шын,

Тобылғыдан тиек жонып, кертіпсің.

Ырғай мойын домбыраңды қолға алып,

Естен танған елдің зарын шертіпсің.

 

Қайғырғанда қабырғасы сөгіліп,

Боздағанда боздағы үшін егіліп.

Әкеліпті хан көзіне елесін,

Қу шанақтан құлдырап күй төгіліп.

 

Болған істі күй тілінен шын біліп,

Көз жанарын  көлегейлеп мұң кіріп.

Ханзадаға қарсы атылып ғайыптан,

Ақсақ құлан кісінепті шыңғырып.

 

Дауысы хан құлағына келгендей,

Талтүсте күн қарауытып сөнгендей.

Зарлайды ана ханзадасы өлгендей,

Ұлиды жел құммен бетін көмгендей.

 

Күй сарыны құлағына келеді:

«Өледі адам, ажал жетсе өледі –

дейді өксіп,- нең бар еді құланда,

құлан сияр құла дала кең еді»

 

Тәңір жазған дала аңға тиесі,

Сен емессің, солар еді иесі.

Өрісін де, бөрісін де қорғайтын,

Құла жалды құландардың киесі.

 

«Теңіз бастан былғанды,

Кім тұндырар, а, Ханым?

Терек түптен құлады,

Кім тұрғызар, а, Ханым?...»

 

Егіз ішек осылай деп зарлады,

Соққан дауыл шанақ бетін шаңдады.

Қаһарлы хан қабырғасы қайысып,

Күйден әлсіз екендігін аңдады...

 

Көсембісің, шешенбісің Кетбұға?!

Күйлеріңнен құт дарыған текті ұлға.

Алқа топта «Ақсақ құлан» күмбірлеп,

Рухыңа тағзым етті көп тұлға.

 

Қазақ елі арай нұрға боянып,

Алаулайды таң да атуға таянып.

Құла далам өзіңді іздеп тұрғандай,

Құландардың дүбірімен оянып.

 

Ілемен сырласу

Қайран өзен, неліктен тұнжырайсың?

Шежіресін тағдырдың мың бұрайсың.

Шыңғыс қаһан жағаңнан пана іздеген,

Күндеріңді еске алып шын жылайсың.

 

Ой-хой, онда орғып бір тасар едің,

Өткел бермес жөбішендіге асау едің.

Дария деп даңқыңды аспандатқан,

Жолаушыға жоныңды тосар едің.

 

Өр рухты өзіңше пайымдадың,

Шұлығыңнан келмейтін уайым да,

мұң.

Пенделердің пенделік шөп-шаламын,

Жұтып қойып жататын жайындарың.

 

Қадіріңді ел білді ме, білмеді ме,

Атыңды естіп құмартқан бір көруге.

Ілкі күндер сырларын іліп алып,

Іле өзенім, жылжисың ілгеріге.

 

Екпініңді көргендер ұғар мықтап,

Тал-тоғайың жағаңда тұрар құптап.

Адамзаттың алыбы Райымбек,

Көріп еді-ау, өзіңді бұғалықтап.

 

Құшағына ап толқының

өпкендердің –

саған қосып көз жасын төккендер

мың.

Разы боп батырдың рухына,

Қақ жарылып бір рет өткел бердің...

 

«Ой-хой уақыт!

Сол күнді сағындырдың,

Арманы едім, аңызақ, сағым қырдың.

Дәл үстімнен көлбетіп көпір салып,

Құйттай-құйттай пендеңе

бағындырдың...»

 

Деп арнаңда Ұлы өзен, ойлап жатып,

бұлқынасың кетпек боп ойрандатып...

Наданға да, күлкі етіп, заманға да,

тереңдерді тәлкек қып қойған уақыт...

 

Парасат құндылығы

Мәнсап емес, өссін деп парасатым,

Кездерім көп жақсымен таласатын.

Әлгі игі жақсылар осы жолда,

Пара емес, берер ем қаласа құн.

 

Жердемісің игілік, көктемісің?

Арда ұлдарың өзіңе жеткені шын.

Ұлтымның ең асыл құндылығы –

Құн берер ем,

құнсыз боп кетпеуі үшін!

 

Тұлпар мінген жібекпен тұсап барып,

Ардақтаған асылын құшаққа алып.

Тұлпар едік, тұлпардың ұрпағы едік,

Кетпедік пе жабыдай ұсақталып?

 

Көрсететін үрдістен үдеріп бой,

Тірі едік қой, Абайдай ірі едік қой.

Мұхтар, Сәкен, Бейімбет, Ілиястар,

Шыққан қазақ ұлының бірі едік қой.

 

Кесірлік пен керліктің күйігінен,

Төмендесем парасат биігінен.

Ұстатпай кет киелі киік өлең,

Күйігіңнен өзім-ақ күйіп өле!

 

Үндемей қалай шыдайын?!

Айып етпе ағайын,

Бүгінгіден безінсем.

Бұрынғыны сағынсам.

Өткенімді дәл өзімдей сезінсем.

Жүрегіме бағынсам.

Бүгінімнің былығынан жиренсем,

Өткенімнен үйренсем –

Айып етпе ағайын,

осындай бір күйге енсем.

Бүгінімнен өткенімнің

саналылығын іздесем –

шалалығын көремін.

Даналығын іздесем –

балалығын көремін...

Мол мұрадан сән кетті,

домбырадан ән кетті.

Қара қобыздан күй кетті.

Эстрада есті алып,

тыр жалаңаш билетті.

Ұлымнан еркек сын кетті.

Бұрымын түйіп желкеге,

Боянып жүру – міндетті.

Ер мінезінен айырылып,

Қадыр-қасиеті шын кетті.

 

Асу-асу бел қайда,

Аса бір соққан жел қайда?

Арысын іздер ел қайда?

Намысын іздер ер қайда?

Аруың түнгі клубта,

Күйе жағылды тұныққа.

Ұмытып тілін, ділін де,

Көнуден кетті ырыққа.

Ұлына әке тілі өтпей,

Сақалы болып күйектей.

Өліге иман келтірмей,

Намыстан тірі-өлтірмей.

Дауыс салып жыламай,

Аруаққа иман сұрамай,

Таңба салды-ау сүйекке-ей.

Теріс ағымға телініп,

Әдет-ғұрыптан жерініп.

Анасы берген адал ас,

Дәретсіз харам делініп.

Бөтен ақшаға семіріп,

Бөтен қиялға беріліп.

Жастарым кетті, өз жірі,

Өзіне тозақ көрініп.

 

Тұз сепкендей жарама,

У сепкендей санама.

Өткенімнің өрнегі,

Тоз-тозы шығып қалама?!

Өскен соң ұрпақ осындай,

Өткен соң жылдар арада,

Бәрі әдіра бола ма?!

 

Осыған көңіл бұрайын,

Үндемей қалай шыдайын.

Ата-салтыма қылаудай,

Дақ сала көрме құдайым!

Өзіңнен көмек сұрайын,

Жалбарынайын, жылайын.

Жарқырап тұрған күн-айым,

Ата дәстүрден айырсаң,

Барыңның аузын ұрайын!

 

Жақсының құптағаны...

Онда біздер жылға ма, өзен бе едік,

Ақынбыз деп әйтеуір, өзеуредік.

Ақын болу, жәй ған өлең жазу,

Еместігін ол кезде сезер ме едік.

 

Дода көрсек, білекті түруші едік,

Емен жығар екпінмен кіруші едік.

Есіміміз аталса, кәдімгідей,

Ақын болып қалғандай жүруші едік.

 

Барлық ақын осылай бастады ма,

Бұлақ көзін кім білсін, ашқаны ма.

Арқамыздан қағатын «боласың» деп,

Қолдау беріп ағалар жас дарынға.

 

«Болмайсың» деп айтпайтын

жарықтықтар,

«Анық Абай,- деуші еді,-

анық Мұхтар».

Жақсы  адамның аузымен айтқан сөзде,

Кім біледі, шынында, анық құт бар?!

 

Жаны жайсаң жандардың құптағаны,

Әлсіз тұсын шегеңнің мықтағаны,

екендігін түсіндім...

жебейді екен,

болсыншы деп осының нық қадамы.

 

Сабасына түскенде жастық желік,

Аға жолын інілер басты келіп.

Дуалы ауыз соларды есіме алам,

Жасты көрсем, өлеңге бәс тігерлік.

 

Мақтымқұлы мақамымен

Биік таулар бойшаңмын деп шіренбе,

Бір күн құлап, сен де типыл боларсың.

Терең теңіз тәкәппарсып түнерме,

Суың кепсе, сен де бір шөл боларсың...

                             Мақтымқұлы ПЫРАҒЫ

 

Ашық аспан, көңілімді алдама,

Бұлт басса кімге кінә тағарсың?

Алғыр қыран көкті босқа шарлама,

Шау тартқанда тасқа өзіңді соғарсың.

 

Көкжал бөрі көкке қарап ұлыма,

Қақпан бассаң, тулақ болып қаларсың.

Шұбар жылан, жалғыз тамшы уыңа,

Тап келгенді, көр түбінен табарсың.

 

Қайран жүрек, күйіп-жанып, тулама,

От кеудеме ойран салып соғарсың.

Өмір жырын жырлаймын деп жындана,

Кезі келсе, сен де тыным табырсың.

 

Көңіл-дөнен, бағыңды тек байлама,

Додаға түс, озып бәйге аларсың.

Қызық дәурен – мәңгімін деп ойлама,

Ажал жетсе, сен де әдірә қаларсың.

 

Сұрақ-жауап

Жауап тілеп көп сұрақ көңілдегі,

Мазалайды. Сынайды өмір мені.

Дұрыс жауап тапсам деп қиналамын,

Жаңылысу соншалық жеңіл ме еді?!

 

Қай бағытты көздейді көшің енді,

Өмір – ұстаз, сүрінсең кешіреді.

Дегенменен қиын-ақ. Сенің бәлкім,

сол сұрақтан тағдырың шешіледі?

 

Көп сүрінген, түбі бір құлар депті,

Көрсетпейді адассаң, мұнар көпті.

Аристотель ғұлама: «Өмір деген,

қателікті түзеуден тұрар» депті.

 

Хатқа түскен ақыл-ой көнермейді –

әл-Фараби одан да тереңдейді:

«Қателікті жасап ап, түзеткеннен,

жасамауға ұмтылған, жеңер» дейді.

 

Ұстаздардан ұлағат сабақ алып,

Келе жатыр дүние жаңаланып.

Пенде болып өзің де жаралған соң,

пенделігін өзгенің санамалық...

 

Шығу қиын құдайдың талғамынан,

Қайысамыз сұрақтар салмағынан.

Бес миллиард тұрғыны Жер бетінің,

Дұрыс жауап тапса деп жалбарынам.

 

Осы жайлы не ойлайды бүгін ел?!

Қызыл тілім – көмейімде сайрайтын,

Мұң-зарымды, шаттығымды толғайтын.

Ағылшын мен орыс тілі ортаға ап,

Үмітіме сызат түсті, жалғайтын.

 

Үмітіме ілік таппай ілінер,

Көкірегімнен күйінішім білінер.

Дүбәрә  ұрпақ өсіруге бет алдық,

Осы жәйлі не ойлайды бүгін ел?!

 

Май орнына су құйғандай алауға,

Сәби сана түсіп жатыр тонауға.

Ана тілдің уызына жарытпай,

Екі  алып тіл ұрпағымды «талауда»

 

Сансыраса санам, қалай жәй табам.

Кеше ғана «қара орыс» боп байқағам.

Тәуелсіздік, сенен енді не қайыр,

Бодандыққа түссе тілім қайтадан.

 

Өзіміз ғой, кімге кінә тағайын,

«Үштілділік» деп шулайды маңайым.

Алты жастан тықпалайды жат тілді,

«Шаш ал десе, бас алатын» ағайын.

 

Деп жүргенде, Қабанбайдай батырмыз,

Деп жүргенде, Абай сынды ақынбыз.

Енді өзіміз, тіл нәріне қанбаған,

Дүбәрә ұрпақ өсіргелі жатырмыз.

 

Сұлтан біреу, біз секілді «ұлтан» мың,

Елдің әнін елім-ай-лап шырқар кім?

Үш Жүз, басы біріге алмай жүргенде,

Үш тілді боп тозар ма екен ұрпағым.

 

Қаржы мен қарттың қақтығысы

Икеміне көндіріп қаржы нарды,

Күнә күліп, күйініп ар жылады.

Шырылдатып торғайдай арбайтұғын,

Әркімнің бір, ішінде бар жыланы.

 

Нар жігіт те нарыққа тірелгенде,

Пайда үшін күмілжіп, күлер пенде.

Ар мен ұят, күнәнің арасында,

Жәдігөйдей жәудіреп жүрер теңге.

 

Шырылдаттық шыңғыртып шынды бүгін,

Біліп алған аярлық сынның ығын.

Қаржы алдында қанатсыз құстай болды,

Рухани құлдырап құндылығың.

 

Патшайымы жүректің, теңге болып,

Періште де қалғандай пенде болып.

Көбелек те гүлге емес, қайран дүние-ай,

Көлбеңдейді теңге бар жерге қонып.

 

Бала-шаға қаржы деп қаңқылдайды,

Айтып бекер кісілік хақың жайлы.

Көк қағазды көзіне көлбеңдетсе,

Жанын сатып, сайтанды мақұлдайды.

 

«Не боп кетті бұ заман?-  деді қартым,

күрсінумен аяқтап сөздің артын,-

Қаныпезер тексіздік төрге шығып,

сығалайды есіктен ата-салтың...»

 

Ғазалдар

Бағынбаған тәлкегіне тағдырдың,

Ғазалдарын Низами мен Сағдидың.

Жүрегіңе тамшылатып сан құйдым –

Балдай батып

тыңдаушы едің жан құрбым.

 

Тыңдауменен шайырларын

шығыстың,

Емірене еліктеуге тырыстық.

Бәлкім содан, махаббатпен тым ыстық,

Сейфіл-Мәлік –  Жамал болып ұғыстық.

 

Ғазалдарын жазушы едік хатпенен,

Сөйлетуші ек өзіміздің атпенен.

Содан бәлкім, ақынжанды қыз болдың,

Содан бәлкім, мені іздеп тапты өлең?

 

Ғашық бола жүріп ғазал өлеңге,

Тәтті сезім тартты бізді тереңге.

Отау құрдық, өзімізше қарсы боп,

«Шын сүйгендер қосылмайды» дегенге.

 

Отауымыз орда болды еңселі,

Сен мені іздеп, жүруші едік, мен сені.

Бәрін жеңді жүректегі махаббат,

Артық-кемін уақыт өзі теңшеді.

 

Мейіріммен жебеді де Жаратқан,

Бәрі қалды тістегендер балақтан.

Ғазалдарға қарыздармыз аяулым,

Біздегі ұлы махаббатты оятқан.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2120
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2530
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2250
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1637