Сенбі, 4 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2769 0 пікір 9 Наурыз, 2011 сағат 04:29

Дәулет Төлендіұлы. Таразда колледж көп пе, келемеж көп пе?

Соңғы жылдары елiмiзде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен орта арнаулы оқу орындарының санатына жататын аты атан, заты тұтам колледж атаулылардан аяқ алып жүргісіз жағдайға жеттік. Тiптi, облыс орталықтары тұрмақ, шағын аудан мен қалалардан өзiнiң филиалдарын ашып алып, техникалық дейсіз бе, гуманитарлық дейсіз бе, қала берді медициналық мамандықтарды оқытып-шоқытып, артынан оқыған мамандары елді «қорқытып» жүргендері де жыртылып-айырылады.

Соңғы жылдары елiмiзде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен орта арнаулы оқу орындарының санатына жататын аты атан, заты тұтам колледж атаулылардан аяқ алып жүргісіз жағдайға жеттік. Тiптi, облыс орталықтары тұрмақ, шағын аудан мен қалалардан өзiнiң филиалдарын ашып алып, техникалық дейсіз бе, гуманитарлық дейсіз бе, қала берді медициналық мамандықтарды оқытып-шоқытып, артынан оқыған мамандары елді «қорқытып» жүргендері де жыртылып-айырылады.

Әйтеуiр, қалтасына ақша түсiп, күмпие қалған қазақ жекеменшiк оқу орнын ашып, тәуелсіз Қазақстанның білімі мен ғылымын «ұшпаққа» шығаруға шындап кіріскендей. Осындай колледж ашқыш ағайындар қатары Әулиеата жерінде де сап түзеп келеді. Қазір қаламызда құжаты қожыраған, ғимараты қаңыраған оқу орындары көптеп ашылып, балаларды «супер» студент атандырып жатқан жайы бар. Осындай аты ұлық, заты күдік оқу орындары талапкерлерді қабылдап жатқанда, өңірдегі білімге жауапты органдардың, турасы базбір адамдардың көзін жұмып, бейжай мүлгіп отырғаны да таң қалдырады. Оған дәлел керек десеңіз, жуырда ғана Жамбыл облыстық прокуратурасы «Білім туралы» Заң талаптарының орындалу барысына және орта арнаулы оқу орда­ларының лицензиясының дұрыстығына тексеру жүргізгенде барлығы сүт бетіндегі қаймақтай қалқып шықты. Әсіресе кейбір атынан ат үркетін (ата-бабасының атын қойып алған оқу ордалары) жекеменшік оқу орындары тек ақша табуды ғана көздеп, сапалы біліміңіз былай тұрсын, студенттердің басын қосып, күніне үш-төрт сағат жинауды да ұмытқан ба дерсің. Тіпті, білім саласындағы басты тұлға оқытушы десек, осы оқытушыларға қойылатын қарапайым талаптардың сақталмағаны, Жамбылда білім саласының «өзім білермендікке» салынып кеткендей ойға жетелейді.

Жалпы, білім беру жүйесінде Үкіметтің №452 қаулысына сәйкес, оқу орындарында жоғары және бірінші категориялы оқытушылар құрамы 40 пайызды құрауы керек. Ал бұл талап қаламыздағы «Өркениет» атты өркениетке жетелер колледжімізде керісін­ше, 10-ақ пайызды құраса, Тараз кәсіптік колледжі мен «Қазбизнес» колледжінде жоға­ры категориялы оқытушылар құрамы - 15 пайызды, информатика, байланыс және технологиялар колледжінде - 20 пайыз, Тараз политехникалық колледжінде - 14 пайызды ғана құрап отыр. Мұндай жағай Тараз гуманитарлық-техникалық колледжі мен көпсалалы «Әулие ата» колледжінің басына да «бақ» болып қоныпты. Ал, ең сұмдығы «Қазбизнес» колледжінде екен. Қандай сұмдық дейсіз ғой? Онда штаттық оқытушылар мүлде жоқ. Студенттер білімді жан-жақтан келген «келімсек» мұғалімнен, келмеген күні «ауадан» алып, әйтеуір дипломды қалтаға салып отырған. Ары қарай ол білім ордасынан қандай мамандар даярланғанын ойлай беріңіз... «Ақыры айттым ғой, аяғына дейін айтайыншы» депті бір бейбақ, Білім және ғылым министрлігінің №673 бұйрығы бойынша, еліміздегі барлық оқу орындары мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес, білім ордасының материалдық-техникалық базасы да сай болуы тиіс. Бірақ, кейбір оқу орындары бұл жауапкершілікті ұмытып, турасын айтқанда заң мен зәкөніңізге қырын қарап отыр. «Өркениет» колледжінің ғимараты 4 қабатты жайға орналасқанымен, осы ғимараттың бірінші және үшінші қабаттарында Жамбыл политехникалық колледжінің жатақханасы орын тепкен. Сонда бұл не болғаны? Астында білімгер «өліп-тіріліп» білім алып жатса, төбеңде базбір студенттер тамақ істеп, кірін жуып, алшаң басып жүре бере ме? Әлде, «өркениеттік жастарға бәрібір болғаны ма? Одан кейін тағы бір түсініксіз жайт Тараз политехникалық колледжінде зертхана, шеберхана кабинеттерін «Өрт сөндіруші» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен қалалық №5 емханаға жалға алған. Сонда бұл колледждің студенттері зертхана мен шеберханаға кіріп, керек жұмыстарын істей ме, әлде, ЖШС мен емхана­ның адамдары кеткен соң, түнделетіп қана зерттей ме? Не де болса, күлкілі жағдай. Күлкілі деуге келмес, барып тұрған масқаралық емес пе? Бұл қаладағы колледждердің мүшкіл халі, ал аудандағы бірлі-жарым колледждеріміз тіптен есіріп кеткен бе дерсіз? Бұлай деуіміздің себебі, Шу теміржол колледжінде «Білім туралы» Заңның 51-бабын өрескел бұзу фактілері анықталды. Онда оқытушылық қызметке арнайы педагогикалық немесе кәсіптік білімі сай келетіндер қызметке алынуы тиіс болса, аталмыш колледжде денешынықтыру пәнінен «Локомотив және вагондар» мамандығы бойынша бітірген Н.Қалынғараев және физика пәнінен Қазақ көлік және коммуникация академиясын «Автоматика, телемеханика және байланыс» мамандығы бойынша тәмамдаған Е.Васильева деген «бесаспап» мамандар сабақ беріп келген. Прокурорлық тексеруден кейін олар жұмыстан босатылыпты. Ал тексеру болмаса, ол «бесаспап» бейбақтардың қанша жүретінің бір Алла білсін?.. Әйтеуір, «Бәрін айт та бірін айт, колхозды ауыл жырын айт» демекші, заң талаптарын орындамай, белден басқан колледждерге дәл бүгінде оның ішінде Жамбылда тек ескерту мен айыппұл ғана салынатын сияқты. Қазақта «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөз бар... Бұларға ең бастысы тоқтам керек. Елбасының өзі сапалы да, саналы ұрпақ тәрбиелеуді алға тартып жатқан заманда осындай «сырты бар, іші жоқ» оқу орда­ларының кесірі кері әсерін бермесе, оң әсерін бермесі айдан анық.

Айтпақшы...

Ғимарат тауып, бір-екі партасын қойып, колледж ашса, оған білім басқармасы лицензия бере беретін болса, оқудың құны не болғаны, кие деген ұғымның қайда кеткені деп те ойлайсын. Бизнестің түрін тапқан жақсы шығар, алайда, ақша табудың жөні осы екен деп ессіз аласұра беру кімге опа берер екен? Өйткені, Жамбыл облысында білім саласына байланысты лицензия алу, ауруханадан анықтама алудан да оңай болып тұр...

Жамбыл облысы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1084
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 977
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 718
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 829