Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
Өмірдің өзі 3917 1 пікір 14 Тамыз, 2018 сағат 09:26

Шындықтың көпірінен өтпейтін өтірік

Тамыздың тамылжыған күндері әлі қара үзе қоймаған, сары күздің жаңадан басталған кезін біз жақта «шыбынсыз жаз» дейді. Су семірген, шөп піскен осындай күндері кешкі салқынмен ауа да қоюланып саумалға айналып кеткендей әсер қалдырады.  Осы жолы «шыбынсыз жаздың» соңғы күндерін тамашалаудың сәті түсті. Өрістен мал қайтып абыр-сабыр басталған кезде ауыл шетіндегі үйреншікті орныма қарай жылжыдым.

Әркімге өз туған өңірі қасиетті ғой. Дегенменде біздің өлкенің кең байтақ құнарлы даласы байлық пен берекенің ұйытқысы іспетті. Шөбі бітік, бұлақ- тұмасы көп. Мың бұралған ұсақ өзендер де өрнегімен осы өңірдің келбетін кіргізіп тұр. Дәл қазір көкжиектегі қызара батқан күннің сәулесімен аспан көк түсінен айрылып, теңіздей толқыған егін мен ауылдың малы өріп шығатын түкті дала сап-сары нұрға бөленіпті. Осындай әсем табиғатты тамашалауға келген жалғыз мен емес екенмін. Таяқ тастам жерде жанында иті бар бір адам отыр. Сәлем бермекші болып бұрылдым да оның көзі көкжиекте болғанымен көңілі мүлдем басқа жақта екенін, мұнда келу мақсаты табиғатты тамашалау еместігін байқадым. Ой ұрығын терең көміп екі кештің арасында екі дүниенің ортасында отырғандай күй кешкен осы адамның ішкі әлемін ашып көрсе деген қызығушылығым оянды.

Қызара құлақтанып батқан күнге тесіле қарап осы күнмен бірге мына жарық дүниедегі бар қызығы таусылатындай терең күрсінді. Қалың ойға шомылып қарауытып түскен түнді де байқамады. Ауылдың шетіндегі қалың қамысты ұйыған боз мұнарға көміп толыса төгіліп ақтаңдақ ай шыққан кезде ғана бағанадан жанында шоқиып отырған итін байқап мұңын бөлісер біреудің бар екені есіне түскендей мойнынан құшақтап өзіне тартты.

Жылт етіп көрінетін таңғы шықтай, жарқ етіп жоқ болатын найзағайдай тіршілік деген көзді ашып-жұмғанша екен. Қырық жыл қол ұстасып бірге өмір сүрдік. Таңдайдан кетпес дәм татыстық, көкейден кетпес сөз қатыстық. Жақсымызды асырдық, жаманымызды жасырдық. Енді міне бір сәтте дүние асты үстіне келді, бәрі естен шыққандай, есептен кеткендей күй кешіп отырғаным мынау.

Тілі таңдайына жабысып, үні көмейінде құмығып басына түскен ауыр қайғы омыртқасын опырып, қабырғасын қайыстырды ма итінің жанына бүкшиіп жата кетті. Ауыр ой жегідей жеп, жатқаннан жеңілдік таппады ма қайтадан шоқиып отырды.  

– Ақтөс, сен білесің бе? – деп тағы да итін әңгімеге шақырды.

– Махаббаттың өзі тәтті сезімнен гөрі кермек дәмімен есте қалады екен. Бұрын қалай байқамағанмын. Мен оған шынымен де ғашық екенмін ғой. Қара түнектей буған қасырет бұлты көңілімді күйзелтіп, фәни тірліктен бездіріп жібергендей болып тұрса да сол бұлттың арасынан махаббат деген сәуле жылт етіп көрінеді. Сен оның сыртқы сұлулығын ғана көрдің ғой. Оның жаны да сондай сұлу еді. Алла тағаланың нұрына жуынып, айдың сәулесіне сүртінгендей ерекше болатын. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. Ұмыта да алмаймын. Өйткені жан дүниемнің сарқылмас сазына айналып кетті. Тірлігіміздің бастауы мен талқанымыздың таусылар сәтін сезіну бізде жоқ. Өмір шуағының арасында өлім сәулесінің қатар жүретінін Жаратушы сан рет ескертсе де мәңгі өмір сүретіндей мән бермедік. Енді міне өзегімді өксікпен буып, өкінішке толтырып, жанымда жүрсе мәртебесін асырып, мерейін тасытып, мына жарық дүниеде төбеме көтеріп жүретін едім деп армандап отырмын. Жалғыз бала қалада, жалғыз жарым анау ауылдың шетіндегі зиратта, сенен басқа ермек етер, ербең етер енді ешкім жоқ .

Көз жасына иленгендей кермек сөздер әсер етті ме, әлде иесінің қайғысын түсінді ме иті де қыңсылаған дыбыс шығарып жақындай түсті.

– Ол адуынды әйелдердің бірі еді ғой – деп, біраз дүние есіне түскендей шалқайыңқырап отырды. – Бетіне келгенді бұқтырып, ырқына көнбегенді ықтырып жіберетін. Сүйікті болу үшін дәрменсіз болу керек екен. Сондықтанда оның алдында дәрменсіз едім. Телегей теңіз білімімді де пенделік өмірдің жыртысына салып жібергенім сүйіктімнің көңілінен шықсам деген тілектен болатын. Обалы не орынды ісімді жебеп, орынсыз ісімді тежеп отырды. Бір-бірінің қалтасына білдірмей шоқ салатын күндес әйелдердей өмір сүріп жатқан ерлі-зайыптыларды да көріп жүрміз ғой. Отбасына сөзін өткізе алмай отырып, отандық мәселеге шешім айтатындарын қайтесің. Аллаға шүкір барға ырза, жоққа сабыр күн кештік. Адамдығына мін, кісілігіне кір қондырмай өмірден өтті.

Ауыл шетінде түңліктері жабылған киіз үйлердей қарауытып күмбездер көрінеді. Тек төбесіндегі ай сәулесімен анық көрініп тұрған жарты айлар ғана бұл жерде зират бар екенін айғақтап тұрғандай.  Жұбайының зираты осы маңнан көрініп қалар деді ме орнынан тұрды.

Өксідің не, өкіндің не бәрібір өшкенді тірілте, өткенді келтіре алмайтының анық. Осы жұмаға дейін «құлхуалланы» жаттап алу керек - деп өзіне мақсат қойды. Осы сәтте құлазыған тыныштықты бұзып, көңілінің  күйін шертіп тұрған ішекті үзіп;

– Әй! – деген қатқыл дауыс естілді. Сондай етене таныс. Қырық жылдың соңғы жиырма жылында күнделікті естіп, құлағы үйреніп, етіп өліп кеткен осы бір өктем дауысқа қалай селк ете қалғанын өзі де байқамай артына бұрылды.  Қобыраған шашын жайып сайтандай сап ете қалған келіншектің  қазіргі пошымы қолқаңа қол салатындай қорқынышты еді.

Сәмбі тал сияқты сүмірейіп неғып тұрсың? Сен қайыршыны іздеймін деп ауылды екі айналдым ғой – деген таныс әуен, үйреншікті сөз үрейін басып жаңа ғана атша тулаған жүрегі сабасына түсе бастады.

– Өзіңдей елдің еркегін қарашы – деді де әңгіме мұнымен бітпейді дегендей екі қолын бүйіріне тіреді. Арғы жағын бұл жақсы біледі, жақсы емес жатқа білетін сияқты. Не айтар екен тыңдайын деген ниеті байқалмады. Жаңа ғана еміренген сезімін, тебіренген сырын бөліскен итінің алдында қайырымы қасаң тартып, мейірімі суалып кеткен әйелін ақтап алғысы келді ме «Сұлу әйелді – сұқтана-сұқтана сұмырай етіп жіберетін өзіміз ғой» деп күбірлеп кінәні өзіне аудара салды. Сөзінің зая кеткенін әйелі де сезген болуы керек

– Жүр былай, – деп кілт бұрылды да бұйрығының бұлжымай орындалатына еш күмәнданбастан, артына бұрылып қарамастан әрбір қадамын жұлқына басып, қобыраған шашы желмен желпілдеп ауылды бетке алып жүре берді.

– Қой, Ақтөс, біраз армандадық енді үйге қайтайық – деп жеті адам желкелеп, алты адам арқанмен сүйрегендей еш ықылассыз, жаңа ғана өзі айтқан «жан дүниесінің сарқылмас сазын» ыңырси ыңылдап, итін жетектеп, әйелінің соңынан ілесті.

Ал әйелі болса артына бір бұрылмастан ауылға жетіп көшедегі ағаштардың көлеңкесінде көрінбей кетті. Япырай, адам деген еріп келе ме деп итіне де бір бұрылып қарайтын еді ғой деген оймен мен де ауылды бетке алдым.

Жұмахмет Жайлаубаев

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1963
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2297
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1880
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1553